Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4352 0 пікір 21 Тамыз, 2012 сағат 08:32

Абай Құнанбайұлы. Қарасөздер

ОН ЕКІНШІ СӨЗ

Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.

 

ОН ҮШІНШІ СӨЗ

ОН ЕКІНШІ СӨЗ

Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.

 

ОН ҮШІНШІ СӨЗ

Иман деген - алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі - не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел - испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі - кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз.

Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде құдай тағала кеңшілігімен кешеді дағы демесін, оның үшін құдай тағаланың ғафуына яки пайғамбарымыздың шафағатына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын.

 

ОН АЛТЫНШЫ СӨЗ

Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң - ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?

 

ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ СӨЗ

(Сократ хакімнің сөзі)

Бір күні Сократ хакім бір Аристодим деген ғалым шәкіртіне құдай табарака уа тағалаға құлшылық қылмақ турасында айтқан сөзі. Ол өзі құлшылық қылғандарға күлуші еді.

- Әй, Аристодим, ешбір адам бар ма, сенің білуіңше, қылған өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты? - деді.

Ол айтты:

Толып жатыр, қазірет.

Бірінің атын аташы, - дейді.

Гомерге бәйітшілігі себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сыйпатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын, - деп, соған ұқсаған неше онан басқа өнерлері әшкере болған жандарды айтты.

Олай болса, кім артықша ғажайыптануға лайықты: жансыз, ақылсыз, құр пішінді жасайтұғын суретші ме? Я жан иесі, ақыл иесі адамды жаратушы ма? - дейді.

Соңғысы лайықты, - дейді, - бірақ ол жаратушы жаратты, өздігінен кез келіп, солай болып кетпей, басынан біліп істеген хикметімен болса, - дейді.

Жә, пайдалы нәрсе дүниеде көп, бірінің пайдасы көрініп, білініп тұрады. Кейбірінің пайдасы анық білінбейді. Соның қайсысын хикмет көресің? - деді.

Әрине, әшкере пайдаға бола жаратылғанын хикмет десек керек деймін, - дейді.

Жә, олай болса, адамды жаратушы хауаси хамса заһри бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі әшкере тұр ғой. Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік? Ол көз өзі нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып тұруы үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болуы үшін кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қағып тұруға керек болғандығынан, басқа тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір, дауыс, жақсы үн, күй, ән - ешбірінен ләззаттанып хабар ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе?

Көзді, мұрынды ауызға жақын жаратыпты, ішіп-жеген асымыздың тазалығын көріп, иісін біліп, ішіп-жесін деп. Бізге керегі бар болса да, жиіркенерлік жері бар тесіктерді бұл бастағы ғазиз білімді жерімізден алыс апарып тесіпті, мұның бәрі хикметпен біліп істелгендігіне дәлел емес пе? - депті.

Сонда Аристодим тахқиқ ойлап тексергенде, адамды жаратушы артық хикмет иесі екендігіне һәм махаббатыменен жаратқандығына шүбәсі қалмады.

Олай болғанда және не ойлайсың, һәмма мақұлыхатты жас балаларына елжіретіп, үйірілтіп тұруын көргенде уа һәмма мақұлыхаттың өлімін жек көріп, тіршілікте көп қалмақшылығын тілеп, ижтиһад қылуын көргенде, өсіп-өнуінің қамында болудан басқа істі аз ойламақтары - бұларының бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін. Солардың бәрін жаратқанда көңілдерін солайша ынтықтандырып қойғандығы һәм мұның бәрі жақсы көргендігінен екенін білдірмей ме? - дейді.

Ей, Аристодим! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқада ақыл жоқ деп ойлайсың? - еді. - Адамның денесі өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес пе? Денеңде болған дымдар жердегі сулардың бір тамшысындай емес пе? Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың. Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен
жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осылардың бәрі де кез келгендікпен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл есебіне, өлшеуіне
ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бір-біріне себеппен байланыстырылып, пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылды, - дейді.

Ол айтты:

Тахқиқ бұл айтқаныңның бәрі рас, жаратушы артық ақыл иесі екендігі мағлұм болды. Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ. Бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады? - деді.

Ей, Аристодим! Қате айтасың. Мұқтаж болмағанда да, біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе? - деді.

Аристодим айтты:

Ол менің қамымды жейтұғынын мен қайдан білем? - деді.

Жә, олай болса һәмма мақұлыққа да қара, өзіңе де қара, жанды бәрімізге де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, осы күнін - үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара. Адам екі аяғына басып тік тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һәм өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп жүр, бір өзіңдей хайуанды құлданарлық лайығы жоқ. Адам өзі өзіне сенбесе, адамды да хайуан секілді қылып жаратса, ешнәрсеге жарамас еді. Хайуанға адамның ақылын берсе, мұнша шеберлік, мұнша даркарлік, бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік салахият ол денеге лайықты келмейді. Қай өгіз шаһар жасап, құрал жасап, неше түрлі сайман жасап, сыпайылық шеберліктің үдесінен шығарлық қисыны бар? Бірақ адам баласы болмаса, бұл ғажайып ақылды және ғажайыппен жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны хиқметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе? Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? - депті.

 

ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ СӨЗ

Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді - бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: құдай тағаланың жаратуынан яки бұйрығынша болған іс деп. Жә, олай болса, біз құдай тағаланы айыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік. Енді құдай тағала бір антұрғанға еңбексіз мал береді екен. Бір құдайдан тілеп, адал еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай, кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайда бір ұры, залымның денін сау қылады екен. Әке-шешесі бір екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен. Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті бейішке шығарамын деп, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жамандылыққа бұрып жіберіп тұрады екен. Осының бәрі құдай тағаланың айыпсыз, мінсіз ғафур рахимдығына, әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те - бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз? Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді. Оны айыпты болады дей алмаймыз десең, ол сөзің құдай тағаланың айыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қылдырушы өзі екен. Пенде пендеге өкпелейтұғын ешнәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылса дағы құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен дейміз бе? Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады. Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан - құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан - құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан - құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе - жоқ.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3601