Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 6295 1 пікір 6 Желтоқсан, 2021 сағат 14:44

«Сен мұхитсың қапияда қос жақұтын жоғалтқан!»

Басы: Бүгінгінің Біржаны...

Енді сол мен тамсанған айтысты түгелімен Сіз де тыңдаңыз:

Аманжол:
Нұр жұтып топырағы аспан емген
Алла деп атқа міндім қасқа белден.
Ақын боп ортаңызға келіп тұрмын,
Өнердің арқасында басқа берген,
Жыр тойы құтты болсын, Жүрсін аға,
Ердің жасы – елу бес жасқа келген.
Сендей ерлер шықпауы мүмкін бе еді,
Өнері өзгелерден асқан елден.
Досқа − ырыс, дұшпанға қылыш болған,
Бас иіп амандастым асқар елмен.
Есілдің толқынында жүзіп едім,
Маржанын талай көлдің сүзіп едім.
Қасымдағы сұлуға бұрылайын,
Ал енді, рұқсат болса, ұзын елім.
Бұлаң басып жайғасқан бұл кім десем,
Кәдімгі Қарауылдың қызы ма едің?
Аңшының аңға қосқан құмайындай,
Апыр-ай, түседі екен ізіңе кім?
Алтайдың уылжыған жидегіндей,
Бір күні белгілі ғой үзілерің.
Саңлақ Тастанбектің Сарасының
Өнерін жалғастырған ізі ме едің?
Тоқтамыстың қызына сәлем бердік,
Ай қабақ, найза кірпік, қызыл ерін.

Елеңдеп тұрса-дағы қарай-қарай,
Кетуші ем хан қызына қарайламай.
Қасымда күлімдеген Сара қызды
Өтудің өзі күнә абайламай.
Өнеріміз тоғысса тегін емес,
Дөңгелек өмір атты шарайнадай.
Қылығыңмен қыттықтап жүрегімді,
Назданып жымиясың маған қарай.
Аң іздеген тазыдай жорта бермей,
Атымның басын бұрдым саған қарай.

Дидарың Сарыарқаның ақ таңындай,
Көңілің Алатаудың ақ қарындай.
Аршын төс, бота көзді, алма мойын,
Сырлысың Сегіз сері Мақпалындай.
Ақанның Қадишасы емес пе деп,
Қараймын кірпігіңді қаққаныңда-ай.
Қимылың Әйгерімге ұқсайды екен,
Керіліп жүріп келе жатқаныңда-ай.
Еңлікті көргендейін елеңдеймін,
Үкіңді үлпілдетіп таққаныңда-ай.
Тастанбектің қызынан кемдігің жоқ,
Төгілтіп тереңнен сөз тапқаныңда-ай.
Қызғалдақтай құлпырған осы қызды,
Менен басқа жігіттен сақта, Құдай!

Еркесі елеңдеген даламыздың,
Аққудай айдыныңда дара жүздің.
Бұл үйде Сара болса «кірсем» деймін,
«Шықсын!» деп сөзін айтпай бабамыздың.
Біржанға айтқан сыны сол емес пе,
Айтыста сенің апаң Сара қыздың.
Ендеше, шапанды іл керегеге,
Байқайын биіктігін санаңыздың.
Сонан соң өз қолыңмен қымыз ұсын,
Жолымен әжелер мен анамыздың
Қабағың ашық болса қона кетем,
Екі-үш күн уақыты бар ағаңыздың.
Ақ отауда айтысып емін-еркін,
Өнерін бір байқайын қара қыздың.

Сара:
Бісміллә, ерін салып Кертөбелдің,
Жолымен Теккене мен Бөртелердің.
Абай мен Мұхтар туған топырағынан,
Байрағын биіктетіп мәрт өнердің.
Мұхтар атам атындағы кең сарайда
Жүрекпен сезім сырын шерте келдім.
Қызырын күткен мына қалың елге
Қызыңдай мен де бүгін еркелермін.
Наурызда Алатау баурайына
Қыз-ғұмыр көктемімді ерте келдім.
Киелі бұл сахнада ізі қалған
Қанабек, Серәлідей серкелердің.
Күләш, Бикен, Шолпандай апаларым
Өнерін гүл жайнатқан көркем елдің.
Өнердің ордасында той өткізсең,
Жүрсін аға, мен де сіз деп тер төгермін.
Өйткені, өзіңізбен айтыс деген,
Мұқалмас алдаспаны серт өнердің.
Тұнығы шайқалмаған текті жұртым,
Тұғыры биік болсын мәртебеңнің.

Келелі сөзін айтсам кемеңгердің,
Өрені деп біліңдер өнерлі елдің.
Айбынды алты алашым аман тұрса,
Қалайша тұғырымнан төмендермін?
Бүгінгі қыз бен жігіт айтысында,
Бұйыртса, өнерімді дәлелдермін.
Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ,
Маржан еді түбінде терең көлдің.
Құлтума, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса,
Шыңдағы шынары еді кемел жердің.
Солардың үлгісіндей азаматсың,
Белгісін бабалардың сенен көрдім.
Кешегі серілердің салтыменен,
Ырғалып сахнаға әрең келдің.
Басыңа бір тал үкі тағып алып,
Көзайымы боп жүрсің көрерменнің.
Сарамен сайысуға келіп тұрған
Салдардың сарқытына сәлем бердім!

Тілдескен жымыңдаған жұлдызбенен,
Тас бұлақ сылдырынан сырды іздеген.
Семейдей қалың елдің ақыны едім,
Жұртым бар жөргегінен жырды үзбеген.
Маңдайыма шыбын да қондырмаған,
Іргемнен құмырсқа да жүргізбеген.
Келе салып төріме кіремін деп,
Қайнап тұр от секілді қыз-қыз денең.
Білесіз, баяғының серілері
Барыстай басқан ізін білдірмеген.
Қалың ел жатқан кезде шарт ұйқыда
Оятпақ түгілі итін үргізбеген.
Ал сен болсаң «кірем» деп айқайлайсың,
Айтайын сескенгенін бұл қыз неден.
Дәстүр білер ақынның бірі емес пе ең,
Қырандай тілдесетін шың-құзбенен.
Өзіңіз әп-әдемі болғанменен,
Сөзіңіз біртүрлі екен «кіргіз» деген.

Мекенің – Қарағанды маң даласы,
Жайылған алты алашқа жарнамасы.
Айқайлап осы ауылға «кірем» демей,
Сараның бол одан да арлы ағасы.
Аспаймын ибам менен иманымнан,
Қазақтың көз салса да бар баласы.
Отауыма кіретін кім едіңіз,
Құр мақтап, сөзіңізбен алдамашы.
Қайсар рухты қазақтың қызы емес пе ем,
Болсаң да кіргізбеймін хан баласы.

Аманжол:
Өнері кейін қалмас бүгін менен,
Қырмызы бір гүл едің бүлінбеген.
Нұр төккен алтын шапақ күн секілді,
Көзіңнен айналайын күлімдеген.
Ән салған пейіштегі хор қызындай,
Көңілімді елеңдеттің үніңменен.
Ұрын келер бозбала емеспін ғой,
Қара түнде келгені білінбеген.
Керегеден қол созу қиын емес,
Ол үшін кінә таппа, күнім, менен.
Қызды ауылға келгенде Біржан бабам,
Ауыл түгіл, кең дала дүбірлеген.

Баураған Айшадайсың Қараханды,
Жолыңа қатарлайын нар атанды.
Жігітке бұл дәуренде өкініш жоқ,
Қарсы алса сұлуменен ала таңды,
Кешегі сал Біржанның бауыры едім,
Жиенқұлдан құтқарған Сара апаңды.

Бері асып қонақ келсе қызыр белден,
Ел едік төрде дәмін, тұзын берген.
Құстан да жүйріксің-ау, қайран көңіл,
Арыны асып түсер қызыл желден.
Қарқаралы – Шыңғыстау арасынан,
Ділданың ұзатылған ізін көргем.
Бұл кім еді демей-ақ, құдаша қыз,
Жөн болар алдан шығып, жүзін көрген.
Алшынбай ауылының баласы едім,
Құнанбайдың ұлына қызын берген.

Сіңіріп өсиетті атамдағы,
Үңілдім ақиқатқа жаһандағы.
Алла берген несібем өнер еді
Бес күндік өмір атты сапардағы.
Ханның да, әкімнің де баласы емес,
Өнердің өкілі едім қатардағы.

Шыңғыстау мекен болған дана жұртқа,
Сарыарқа қоныс болған сан алыпқа.
Құс жолындай ізі бар ер жігіттің,
Тал бесік – жер бесіктей аралықта.
Жараймын құда десең құдалыққа,
Тұрармын аға десең ағалыққа.

Сара:
Ақылың өнеріңе дос деймісің,
Болмайтын жігіт едің бос кейде ісің.
Арқаның төрінен сен келіп тұрған
Мәди ме, Шашубай ма, Доскеймісің?
Ентелеп келе салып кірем демей,
Осылай сөз түйінін шешпеймісің.
Е, айтпақшы сіз құдам екенсіз ғой,
Құда болсаң шыда деп кешпеймісің,
Аңқылдап Құдай қосқан құдам болып,
Есілден соққан желдей еспеймісің.
Құда болсаң есігім әр кез ашық,
Жөніңе бағанадан көшпеймісің.
Құда болсаң күндей қып күлгізейін,
Қуантып бетіңе қан жүргізейін.
Жолымен құдалықтың келе алсаң,
Кермеге ат шылбырын ілгізейін.
Қолтықтап атыңыздан түсіріп ап,
Қошеметтеп төріме кіргізейін.
Қарсы алған Біржан салды құрметпенен,
Абайдан қалған қалай жырды үзейін?
Тектілікті сақтаған ұлы Абайдың
Ұрпағы екенімді білгізейін.

Ұлытау, Қарқаралы киелі еді,
Киеліге жақсы сөз жиі ереді.
Қаз дауысты Қазыбек бабаңыз бар,
Ұрпаққа үлгі болған би өлеңі.
Тәттімбеттей дәулескер күйші атаңыз,
Шертпеге негіз болған күй өнері.
Сайдалы Сары Тоқадан қалған күйді,
Көкейге бүгінгі ұрпақ, түйеді елі.
Шалқытып Мәди салған асқақ әндер
Жаныңа мұң мен рухты жиі егеді.
Шашубай атаңыз бен Доскей бабаң
Толқындай толғаулардың тиегі еді.
Қасымдай Аманжолов атаңыз бар
Ең асқақ поэзияның иегері.
Осылардың ұрпағы болғаннан соң,
Аманжол, айтқан сөзің жүйелі еді.
Бұл өнер – тектілерден қалған негіз,
Өнерге өнегелі ұл сүйенеді.
Сүйінуге жарайтын ер болған соң,
Аманжолдай ақынды сүйеді елі.

Білуші ем жігітке сай ерлігіңді,
Ең басты қонағымсың сен бүгінгі.
Екі-үш күн уақыт болса қонақ болып,
Байқаңыз қазаққа сай кеңдігімді.
Ұйықтағанда домалап жүрмейсіз бе,
Қаңбақтай маған қарай желді күнгі?
Құдашадан құр қалмас ойың бар-ау,
Сара қыз түп төркінін енді білді.
Құда жігіт әдептен аспасын деп,
Ортамызға тастайын белдігімді.

Аманжол:
Жеткенде Сарыарқадай белден абат,
Ақиқат сөйлеуші едім елге қарап.
Құдаша өңірімді мақтағанда
Шарықтап бітеді екен ерге қанат.
Ауылымды кемсітпей мадақтаған,
Ақылды қыз екенсің сен де манат.
Сара қыздың ауылын мен де айтайын,
Қалмайын жолдан тайып, жерге қарап.

Дегендей, кең ғаламзат, таны мені,
Шығыстың жұлдыздары жарық еді.
Ақтамберді, Сабырбай, Дулат ақын
Шын дүлдүлдер екені анық еді.
Ақыл ойдың асқары ұлы Абай
Адамзаттың данасы, алыбы еді.
Әдебиеттің заңғары Мұхтар ағам
Мәңгілік «Абай жолын» салып еді.
Шәкерім мен Шәкірдің арасында
Дәстүр боп ірі мектеп қалып еді.
Қайым мен Рымғали, Тұрсындардан
Жұртымыз ғылым сырын танып еді.
Әміре, Бибігүл мен Мәдениет бар,
Кәрменнің бұлбұл еді-ау Жәнібегі.
Өзің де тегін жердің қызы емессің,
Семейім, міне, осындай халық еді.

Қасымның батырлығын ел біледі,
Оралхан, Марат ағам тұрды ілгері.
Әзілхан, Мұхтар, Қабдеш, Қалихандар
Әдебиеттің тұтқасы бұл күндегі.
Орақ тілді Ұлықбек, Несіпбектің
Жыр төгіп көмекейі бүлкілдеді.
Осыншама асылдар туған жерден,
Сара, сенің шықпауың мүмкін бе еді.

Алтайдың марал шығар орманынан,
Арқаның арлан шығар жолдарынан.
Жалыны жүрегімді шарпи ма екен
Сараның бір ұстасам қолдарынан?
Ортамызға тастайтын белдігіңіз
Қытайдың қиын болды-ау қорғанынан.

Жігіт ем арғымағын жетелеген,
Айтпаймын сұлу қызға бекер өлең.
Қасыңа ақ жеңгеңді шақырып ал,
Қонуға қорықсаңыз жеке менен.
Байлаулы қол-аяғым жатса-дағы,
Домалап қызға қарай кете берем.

Бір Алла жеткізсе деп тілегіме,
Ер салып шығып едім күреңіме.
Сопы да тәспісінен жаңылады,
Сара қыз бір қараса реңіне.
Теңіздей асау сезім тулағанда,
Қиын-ау әмір ету жүрегіңе.
Айыпқа бұйырмассыз, құдаша қыз,
Саусағым тиіп кетсе білегіңе.

Сара:
Шабытың сыймай отыр кенереге,
Қонсын деп айттым екен неменеге?..
Домалап қызға қарай кетем дейді,
Қарай көр ағамдағы делебеге.
Әдейі белдігімді қоям дегем,
Сүйеніп ата дәстүр, өнегеге.
Домалайтын болсаңыз маған қарай,
Қолыңнан байлап қоям керегеге.
Шырағын жеңгелерім жағып тұрар,
Шолпысын бұрымыма тағып тұрар.
Алдыңда жеңге болған қандай жақсы,
Қашан да қайын сіңлісіне бағыт қылар.
Қасымда жеңешем бар, байқа, құда,
Әр басқан қадамыңды бағып тұрар.
Білсеңіз, ерегеске тым құмарлық,
Түбінде шекеңізді жарып тынар.
Шекеңнің жарылғаны ештеңе емес,
Мойныңда өмір бойы қамыт тұрар.

Жайлауы Жетісудың келгеніміз,
Екеуміз екі ауылдың береніміз.
Өткен жолы айтыста, есіңде ме,
Алатауға қыдыртам дегеніңіз?
Алма теріп беремін деп едің ғой,
Қытайдың алмасы әзір жегеніміз.
Сахнада қойдыңыз айттыңыз да,
Былай шыға ештеңе демедіңіз.
Тау жаққа барам ба деп күтіп едім,
Болмады хабар-ошар, дерегіңіз.
Әй, бірақ жеңгемізге жеткеннен соң,
Сізге болмай қалды ғой керегіміз.
Ал, енді қашан тауға апарасыз,
Белгісіз оған сенбес-сенеріміз.
Ар жағымнан айналып, бер жағымнан,
Тағы да келіп отыр не дегіңіз?

Аманжол:
Саражан, дауысыңыз жарқын еді,
Әр сөзің ат басындай алтын еді.
Өзіңмен айтысамын дегенімде,
Сарыарқа маған үміт артып еді.
Жігітті керегеге байлап тастау
Найманның қыздарының салты ма еді?

Сара қыз қолыма оңай қонар емес,
Көңілім басқа қызға толар емес.
Салтанатың жарасса ойна да күл,
Заман өтсе мынау сәт болады елес.
Қасында құдашаның жеңгесі бар,
Келмесең, Жүрсін аға, болар емес.

Тұрғанда тартынбайық арман күліп,
Күтпейді жастық өмір, жалған тұрып.
Қызды ауылда қаперсіз жату қиын,
Атыңды ерттемесең таңнан тұрып.
Ініңнің басындағы сері дәурен,
Өзіңдей ағалардан қалған ғұрып.
Сара мен екеумізге бөгет болар,
Жеңгесін ап кетіңіз алдандырып.

Уағдасын берді деп арай қызға,
Жолыма жаутаң-жаутаң қарайсыз ба?
Тауға апарам дегенім рас еді,
Қол ұстасып жүруге жарайсыз ба?
Тау жақта «арыстандар» көп дейді ғой,
Бізді де атып кетпесін абайсызда.

Саражан, ақыл айтар ағаңдаймын,
Сұңқардай қанатымды саған жайдым.
Емеурін білдіргенде сұлу қалқа,
Ер болып қарекетсіз қала алмаймын.
Еркек тоқты құрбандық болар едім,
Өзіңнің тағдырыңа алаңдаймын.

Жұлқынып ұмтылғанмен алға бекер,
Алма терем дегенім арман екен.
Алма бақтың барлығын күреп тастап,
Орнына бір-бір вилла салған екен.
Көздің жауын алатын алма бақтар
Ресторан, казино боп қалған екен.
Маған серт айтқан сөзім жалған болса,
Тәуекел жанарыңыз талған болса.
Бұлжытпай тез орындау жігітке сын,
Сұлудың жүрегіне арман қонса.
Өзім іздеп келейін тауға барып,
Бір алма Алатауда қалған болса.

Сара:
Көңілің неге, аға, мазаланды?!
Қойсаңшы пердеме көз қадағанды.
Байлап қоям дегенім әзілім ғой,
Құдаларым болған соң Қарағанды.
Дегенмен сабырсыздық танытқандар
Найманның қыздарынан жазаланды.
Жүрсін аға, көмекке келіңіз деп,
Мазалап отырсың-ау әз адамды.
Жеңгемді айтсаң намазы бұзылады,
Азғырмай тыныш отыр қажы ағамды.

Туғансыз қазақ деген жыр елінде,
Өлеңнің тілеп жүрсіз тілеуін де.
Айтыстың аспанында күн тұрғанда,
Түн құсап хақыңыз жоқ түнеруге.
Ұлттығы қазағымның жойылса егер,
Дайынсыз соныменен бір өлуге.
Жүрсін аға, жасаған еңбегіңіз,
Халықтың мәңгілік тұр жүрегінде.

Апайтөс, атан жілік азаматсыз,
Батырдың қайраты бар білегінде.
Батырлар жайлы кино түсірсе егер,
Сарыарқа, байтақ жатқан ұлы елімде.
Сонда сіз ойнасаңыз жарасар ед
Махамбет бабамыздың рөлінде.

Семейдей кең жазира белеңде өстім,
Айтыстың арнасына көлем қостым.
Елімнің атын бүгін шығармасам,
Ешқашан ақын болып еленбеспін.
Алма үшін өлтіртсем мына сізді,
Ешқашан көктемеспін, көгермеспін.
Сөз бастар азаматтар аман болсын,
Басында келе жатқан кемел көштің.
Оларды «арыстандар» атпаса екен,
Жұртыма осылай деп өлең қостым.
Аманжол, ағатайым, сен де аман бол,
Қимайды өзіңіздей өренді ешкім.
Қазақтың тұлғалары аман болса,
Қытайдың алмасын жеп мен өлмеспін.

Аманжол:
Еңсесін талай ғасыр көтергелі,
Жалғасып киелі айтыс көнермеді.
Жүрсіндей ағалардың арқасы еді
Айтыстың қайта жайнап көгергені.
Өмірін айтысқа арнап келе жатқан
Қайратты ер сіздей болсын өнердегі.

Шапағат-нұрын төгіп арайыңның,
Айтыста бағын аштың талай ұлдың.
Арқаңды осқыласа мыңқ етпеуші ең,
Кей кезде қисық сөзі ағайынның.
Бір қазақтың ұлы деп қарай білдің
Баласын Арғын, Дулат, Адайыңның.
Біздердің де бар шығар үлесіміз,
Бір тал шашы ағарса самайыңның.

Таңдадың таланттарды іздеп елден,
Үлгілі өнегең көп бізге берген.
Талшыбық ақындарың орман болды,
Ағасының нұрымен гүлдеп өнген.
Өзіңді, ұрпағыңды көгертеді
Қалың елдің батасы сізге берген.
Айтысты өркендетіп, жүргізе бер,
Жамбылдай шал болғанша жүзге келген!

Сара:
Жүрсін аға, біз үшін нарқыңыз кең,
Жүреміз өзің берген шартыңызбен.
Аманжол – Сара болып біз айтыстық,
Біржан – Сара сап кеткен жарқын ізбен.
Осыменен тәмамдап біз айтысты,
Бас иіп қоштасайық халқымызбен.

* * *

«Тал бесік пен жер бесіктің арасы
Атқан таң мен батқан күндей, қарашы...»
А. Әлтаев

 

«Сен мұхитсың қапияда қос жақұтын жоғалтқан!»

«Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы жылғы №7 санынан (15-21.02.08) қазақтың аяулы ұлы, айтыскер ақын Аманжол ӘЛТАЕВТЫҢ «Теңіз едім, жылап аққан арықпын...» атты өлеңдер топтамасын оқыдым да ойға қалдым. Ормандай ойлардан өз көкірегімдегі жарты жыл бойы шайқап жүрген өрттей өксікті шығармай құтылмасымды сездім... Айтпағымның асқарын осы толғауымның тақырыбына шығардым.

Қателеспесем, 2007 жылы қан көп ақты. Қанды жыл болды ит жылы. Иттей ырылдасып, бір-біріне азу басып, адамның ғана емес, қара жердің де қақ жүрегіне қару ұрып, ұлы ғалам қан қақсап жатты өткен жылы. Бір ғана Ирактың денесіндегі дал-дұл болған жарақат, жүрегіндегі дір-дір қан сорғалаған жара, Палестина мен Израиль қақтығысындағы жазықсыз қырылған жүздеген, мыңдаған адамның қанын мойнына артып жоғалды ол жыл. Адам ата мен Хауа анаға осы аталған елдер бесік болды демеуші ме едік. Сол ата-анамыздың бесік жерлеріне өрт қойған Америка атты алпауытқа, соны арқаланып, көршісіне, отандастарына оқ жаудырған қанды қолдарға лағынет. Лағынет! Лағынет! Тағы да лағынет!..

От уыстап, оқ бүріккен Америка, өкінішке қарай, жалғыз емес. Олардың айтағына ит қосып отырған елдер едәуір. Бұлар да түбінде алып жемей тынбайтын тажал – жаһанданудың улы жемісі. Ұлыдан ұсаққа, көпшеден жекешіге көшсек, Ит жылы ит әрекетке барып, елі азаматын, тумасы туғанын оққа байлап берген оқиғалар қоғам аспанын түнгі найзағайдай жарқ-жұрқ тілгілеумен болды. Сұмдық! Бұрын адамы қоғамынан үлгі алып жатушы еді, енді, керісінше, қоғамы адамының аяусыз әрекетінен үйренгендей, соншама тасбауыр, ерекше қандыкөз, тастай қатал боп алды. Сол қоғамға қонақтаған адам Тағдырының да жүзі сұрланып, жанары қан тартып, тырнақтары жездене бастағанына куә болған шығар көз неге шықпайды осы?!.

 

«Тағдыр маған лақтырып қара тасын,

Құлап түсті көгінен ана қазым.

Жиреншедей көңілді кемел еткен,

Өзің едің ақылшым – Қарашашым.

 

Өткен күнді оралмас ертегі етіп,

Үзілді арман, сыңарым ерте кетіп.

Жанымды ұққан аяулым, ардағым-ай,

Бесінші баласындай еркелетіп.

 

Тұншыққандай тереңге батып кемем,

Ащы дәмін тағдырдың татып келем.

Тоқтауы жоқ өмірде отбасыңның

Амандығы екен ғой бақыт деген...» –

дейді бір-ақ күнде аспанын бұлт торлап, терезесіне қара перде тартылған азамат ақын Аманжол Әлтаев көкірегінен жалын атып. Тағдыр шіркінді бәріміз ұлы бастаушыға балап, оған үнемі бас иіп, бейнесіне қылау түсірмей, құдіреттей көріп жүреміз.

Тағдырмен таласпаймыз, алдына да түспейміз, өкпелесек те тікелей тас атқылап, «соғыс» ашқан күніміз жоқ тағдырға. «Сол Адамзатқа алақаны жылы болуға тиіс тағдыр шіркін бүгінгі екі аяқтылардың мұз оранған ниетіне куә бола-бола жүрегі де суып, пендесіне енді тастай қатты, мұздай суық болашақ тарата бастағандай ма өзі?.. Әнімен ғана ел есінде жүретін Аманжол бұл күндері неге көкірегі шерге толып, жылай береді?»

...Аманжолдың қос аяулысының қазасына қырық күн толған құдайы тамақ күні Қарағандыдағы аузы-мұрнынан шыға толған, бас-аяғы атшаптырым дәмханада ақын інімнің ең жанашырлары, ең аяулылары жиналды-ау, мұндай игі жақсылардың басын қосып, өтініш айта алуым енді қашан деген болуым керек, үлкендерден кейін кезек тигенде тізерлеп тұрып тілегенім мынау болды: «...Қатты кетсем кешірерсіздер, бүгінде адамдар ғана арамза, әділетсіз, қара ниет емес, біздерден үйренген бе, қоғам да, тіпті тағдыр да тастай қатты боп бара жатқан секілді. Дәл осындай күн басқа туғанда біз бір-бірімізге қорған бола білейікші, ағайын! Дәл бүгінгі үстелге қара дастархан жайылған аста айтарым – Сіздер мен біздер енді Аманжолды сақтайық! Соңында үш баласы, алдында бүкіл ғұмыры – екі қол, екі аяғынан төрт жаққа темір шынжырмен керіп байланған Аманжолдың тағдыры аса ауыр-ақ. Мұндайда қазақ «басқа бермесін» дейді емес пе?!»

Құдайы тамақ дастарханынан жұрт тарай бастады. Жаңа ғана осыншама адам қайғысына ортақтасып, дастарханына жиналғанына тәубе етіп жүрген Аманжол еңселі кең сарайдың салтанатты тұсынан орын тимегендей, терезе жаққа шеттеп, состиып тұрып қалыпты. Азаматтың қайғысына шын қамыққан туыс та, дос та «аруақтарға тие берсін» айтып, одан әрі жылғадағы судай жылжып кетіп жатыр. Жанында Ғабит, Саят бар, өзге де достары айналсоқтап жүрсе де, Аманжолдың өзек талдырар жалғыздық тағдыры басталып келе жатқанын соқыр көз де көрер еді осы сәт. Батылсыз, аяғымды санап басып жанына таядым. «Ой, аға-а-а... – деді деміндегі жалынымен қас-кірпігімді өртеп. Айтпағын жан тереңіне жасырғысы келіп арпалысып, біраз тұрды. – Неге екенін білмеймін, аға, Ханзадам, тұлымдым, бұрымдым, кішкене ғана ақ лағым, сол сапарға барғысы келмей, анасы отырып жатқан көлікке мінбей, үйге қаша берді. Жұдырықтай «жүрегімді» мәшинеге өз қолыммен көтеріп салып жібердім-ау, жалған-ай...»

Өкініштің қалың тұманынан жол таппай тұрғанын сездім. Тағдырына қара тас лақтырған кінәліні табуға тырысады қамкөңіл жан. Тапса – қолында өлуге бар. Бұл жерде қалқайып тұрған бойы ғана, ойы шексіз ғаламды шарлап кеткен. Жарын іздейді, ет жүрек, бауыр еті баласын іздейді, сыбырласады, сырласады ойша, шақырады, жылайды, жалынады. Киімінен көрінбейді, болмаса, дірілдеген жүрегінен тамшылап қан кетіп тұр...

«Жауап берші, мұңлы аспан, шерлі дала,

Неге тағдыр қайғысын берді қара?

Анасымен бірге ұшқан балапаным

Қағып еді-ау қанатын енді ғана!

 

Құс жолындай ақ еді сапарымыз,

Қас қағымда бұзылды қатарымыз.

Өз сыңарын іздейді сәні кетіп,

Көл бетінде мұңайған Саһарыңыз», –

депті өлеңімен өз жарасын өзі жалап жазған жолбарыстай азаматым. Қазақ жұртына сөзі балдай, әні шекердей әз өнерлім, кірпік қағысымен-ақ үлкенге іні, кішіге қамқор құрыш топшылы қыраным.

«...Аға-а-а, Ақмаралымды қайдан табамын?!.» Жүрегімді дір еткізді. Кенет мен үшін жауабы жоқ сұрақ беріп, тұрған жерімде бір аунатып алды. Ақылдымсып өлім мен өмір, жалғандық пен бақилық, тағдыр мен талайы жайлы сөз қозғаған жоқпын. Үнсізбін. Саңырау, мылқауыңыздың өзі менің бұл түрімнен шошыр еді. Өзінде жоқ жауапты менен де таппаған соң, қасында жоқ жарының санасында қалған суретіне қарап тұрып, ешкімге айтпас сырларын жұлмалап жеткізе бастады маған: «...Ақмаралым ақылшым, қараңғыда жолымды жарық етер алауым, мына өмір-майданда мені қорғап жүрер сауытым еді, аға. Ару боп өсіп, алтын алқадай жан-жағын таңдандырып жүруші еді жұбанышым, мен секілді үнемі аты ерттеулі тұратын жолаушының жолына қарап отырудың өзін бақыт санаған аяулым, бірде-бір рет дос-жаранның алдында «Әттең, мына Аманжолдың алған жарын-ай!» дегізіп, жерге қаратқан күні жоқ күміс кеуделім, мен деп табалдырық аттаған жан иесіне жайылып жастық, төселіп көрпе бола білген алтын шаштым... Уһ-һ, аға-а-ай, Құдай тағала да сол сұмдықтың болатынын білдірді-ақ өзіме... Сол күні түнде түс көрдім. Түсімде азу тісім түсіп қалыпты. Ояна сала бірден таяуда ғана асқазанын кестірген кәрі әкеме жорыдым. Білгенімді оқып, сол кәрі бәйтеректің амандығын тіледім Алладан.

...Ақмарал болса өзіммен бірге Қарағандыға жүрмек болған. Екі баламыз сонда оқуда ғой. Аяқ астынан менің жоспарым өзгерді де, балаларына келемін деп қойған ана-көңіл артық бір күнге шыдамады. Қарағандыға өзі-ақ көлік рөліне отырып жүре беруге сұранды. Жібермедім. Ақмарал көлікті осы Астананың айналасында ғана жүргізіп жүретін. Екінші күні қатты қиналған түрін көріп, жүрегім езілді де: «Жарайды, бара ғой», – дедім өзім барып. Ол бірден: «Папасы, кеше ғана жібермеп едің ғой, бүгін не білгенің бар?» – деп жымиып күлді. Сөйтті де маған бір қырымен бұрылып еді, жүзінен бір сұп-суық сәулені, сұмдық бір жансыз бояуды көріп, селк ете қалдым. Ақмаралдың жүзінде үнемі алаулаған жымиыс, өмірсүйгіш жанның жарқылдаған күлкісі жүретін. Дәл мұндай, күн тұтылғандай суық сәулені көрмеппін ешқашан. Себебін сұрағалы жүрдім де, көлік ерттеу, тағы басқа ұсақ-түйек шаруалар шілденің аптабында тоңдырар ол суық бейне табының шыққан тегін білдірмеді ақыры. Бүгін ойлап тұрсам, есіңізде ме, сіздің Бекзат Саттарханов өлімі жайлы жан дірілдетер қазанамаңызда айтылатын сәт бар ғой, аға... Бекзаттың Астанада кездескенде сізді де танымай, бұл өмірдегі жанға ұқсамай: «Жүзінде жалған дүниеден ұшып кеткен адамның мағынасыз бояуы қалған Бекзатты көрдім», – деп жазып едіңіз ғой, аға... Ақмаралда да тура сол сурет қайталанды, аға! Ғаламда бір құдірет болмаса ол бояуды менің аяулымның жүзіне кім кестеледі, аға? Қай құдірет алды менің жанымның жапырағын?! Қайда жіберді?! Қайда?! Қайда?! Қайда, аға?!.»

«Жұрт сүйсініп сыртынан тамсанатын,

Бақытты еді өзіңмен әр сағатым.

Берекесі сен едің шаңырағымның,

Хан келсе де қысылмай қарсы алатын.

 

Сертсіз өмір пендеге бағынбайды,

Ұзақ таңға шертеді жаным қайғы.

Мені сендей енді ешкім түсінбейді,

Мені сендей енді ешкім сағынбайды», –

деп қан жылайды әні мен үні жұртын қуантуға ғана жаралған, маңдайына жұлдыз қадалған бауырым. Жан дауысы жарықшақ араласа шығып, енді құлақ естімейтін, дауысы тек ғалам арқылы, ғаламдағы әлі біз ашпаған құпия-құдірет арқылы ғана жететін жары мен бүлдіршін ботасына Аманжол ақын арыз-арман толы ыстық ойын өлеңмен кестелеп, оны көз жасына шылап айтып барып тынышталады:

«Алла қосқан адал жар, Ақмаралым,

Сен кетіп, торлап алды қап-қара мұң.

Екеуіңнен қапыда айырылып,

Үш ботаммен жаутаңдап қап барамын», –

дегенін шыдап оқу да, шыдап тыңдау да мүмкін емес. Тыңдамауға, оқымауға құдірет жоқ, аяулы азаматпен бірге қан жоса жаралы болып сен де қаласың осы бір қапалы сәтте...

«...Аға-а-а, ...Осы мен неге жалғыз қалып барамын?!» Шыңыраудан шыққандай әлсіз үн құлақ жарғағын жарып барып, миыма лақтырған тастай қатты тиді. Жалт қарадым. Аузына бүкіл қазақ қараған ақын бауырыма жалғыз еместігін, еліміздегі бүкіл айтыс жанкүйерлері Аманжол дегенде ішкен асын жерге қойып тыңдайтынын, ол ғана емес, бүгінгі құдайы асқа да қаншама халық жиналғанын, небір тұлғалы аға-апалардың келгенін, қаншама достары қолдап-қоршап жүргенін, тіпті сонау Алматыдан, Астанадан, Өскеменнен, ауыл-ауылдан топ-тобымен ағайын-туыс, жанашырларының келгенін... мына мен де өзімен бірге қан жұтып тұрғанымды айтпақ боп оқтала бердім де, Аманжолдың жүзінен мен айтқалы тұрғаннан жүз есе салмақты сұраудың суретін көріп, тілімді тістей қойдым.

«...Бұрын айтыста кеудемнен ағалар көп итеруші еді, енді тағдырдың маңдайымнан мұншама қатты тепкені несі, аға? Осындай сәтте неге олар жоқ жанымда?..»

«Ағаларың кім?» деп сұрамадым. Аузыма құлып ілдім. Тіліме бұрау салдым. Үнсізбін. Не де болса өзі айтсын дедім. Жетелемедім. Айтқысы келмегені болса түртінектеп айтқызбайын дедім. Нені болса да өзі айтсын. Кімді атаса да өзі атасын. Тыңдаушы болайын. Арзан сұрақпен арандатушы болмайын.

«...Сол сапарға мәшинемді көлік, өзімді делбеші етіп сайлаған аға қос топшымды қиып түскен қазаны көріп тұрып, айтыс өтетін сонау Қарқаралыға бармай-ақ жанымда қалса қайтеді? ...Мына бүгін де қарыс сүйем жерде тұрып, құдайы асқа келмеді. Сонда біз алдарында құрдай жорғалайтын сол ағалар кім болғаны, аға-а-а?!»

Пойызбен осы асқа Қарағандыға келе жатып «Жас қазақ» апталығынан өзім іштей жақсы көріп жүрген жас та ойлы қаламгер Амангелді Кеңшілікұлының «Кафканың үйі» атты эссесін оқығанмын. Сол жаныңды қуырар адал әңгімеде Амангелдінің өзінің бүгінде тірі жүрген «әкелерінің» әділет қауызына сыймайтын мінез, тірліктерін ашына айтатыны бар. Бүгінгі ағалардың көбін мен де Аманжолмен келісіп, сол Амангелдінің «әкелерінің» қатарына қосып тұрмын. Өз басым осы тұғырдан тайған 3-4 жылда солардың қаншасының үнсіздігінен, маған шығарылған «өлім жазасымен» келісушілігінен, мына досың мен жанашырың, адал аға, намысқой іні, әділеттен асқанға алмас көтеруге дайын азамат атағын арқалаған жандар үн қатуға тиіс кезеңде бүкіл қазақ қоғамының (оның өзім тани алған, өзімді таныған бөлігін айтамын – Н.Ж.) аузына су толтырып алып, өңешін ғана бүлкілдетіп, үнсіз жатқанынан жазаның ең ауырын тартып келемін...

Аманжол айтқан ағаны жақсы білемін. «Шынында ол аға осы ауыр күндері Аманжолдың жанында болып, басын сүйесе жөн емес пе еді? Өлім Алладан болғанымен, себеп адамдардың өзінен емес пе?! Құдай-ау, неге осы ғасырдың адамдары тастан қатты, мұздан суық боп барады?!»

«...Аға-а-а, дәл бүгін «қан майданда» да, ойын-тойда да қатар жүрген ақындардың неге бірі жоқ? Мен олардың, олар менің қуанышыма талай ортақтасып едік қой. «Бір қайғыда, бір қуанышта» деген қайда? Қайғымды бөлісуден қашқаны ма сонда? Бәріне хабар берілді. Не Жүрсін аға, не өзге ақындар төбе көрсетпегені қалай, аға? Ал қайталап айтудың өзіне тіл байланатын қазалы күндерге өзіңіз куәсіз...»

Аяқ-қолымды тіреп тартынсам да бұл сөз мені ит жылының қыстан суық күзіне сүйреп тастады. Көрмесем дегенім сол суреттер еді, болмасын дегенім сол оқиға еді, естімесем дегенім сол сырлар еді...

Қарқаралыда айтыс өтеді дегенді естіп, елдеңдеп жүргенмін. Талай айтысқа куә болып, бірнеше рет қазылар алқасына кіріп, өлең өнеріне баға да беріп, айтыс жайлы мақала да жазып, өз әлімше қазына жинап жүрген мен үшін әрбір айтыс ат шабысындай елең еткізер оқиға болатын. Бұрындары Жүрсіннің өзі шақыратын. Араға қара мысық жүгіргелі ол үшін менің барымнан жоғым. Осы айтысты қалайда көргім келді. Оның үстіне, Америка, Африка, Австралияда бірнеше рет болсам да, өз халқым үшін тарихи өлке саналатын Қарқаралы топырағында болмаған екенмін. Аманжолға хабарластым. Арманымды айттым. Аманжол сөзге келмей Қарқаралыға шақырды. Араға күн салып қайта хабарласты. Менің келетіндігімді айтысты ұйымдастырушылар – облыстық мәдениет басқармасына да білдіріп, Қарқаралы ауданының әкіміне де айтып, мені ресми қонақтар тізіміне қосқызғанын жеткізді. Үстімнен жүк түсті. Шақырусыз барып, әркімге жалтақтап қалудан қорқып, «жоқ» дегелі жүр едім, енді Мәди бабамыздың «атыңнан айналайын Қарқаралысын», дәм татса, көретін болғандаймын. «Бәленше күні Қарағандыға келіп түсіңіз, өзім қарсы алып ары қарай Қарқаралыға бірге кетеміз», – деді Аманжол. Қатты риза болдым. Балаша қуандым. Жұмыссыз қалған күндердің төрт қабырғаға қамаған азабынан, оның үстіне ешкімге керегім болмай, ұлы дүниеге терезеден ғана қарап қалған қасіреттен аз күнге болса да құтылатынымды ойлап, бақыттан бас айналды. Келісілген күні қолтығыма қанат байлап Қарағандыға ұштым. Кеншілер қаласының түтіні сыздықтаған мұнарасы көрінді-ау деген сәтте қалта телефоным шырылдады. Аманжол екен. «Аға, мен бүгін Қарағандыға жете алмадым. Ренжімеңіз. Сол айтысқа баратын академик ағамыз Рымғали Нұрғалиев менің көлігіммен бірге шықпақшы еді, сол кісінің шаруасы болып қалып, бүгін жүре алмадық. Сізді менің достарым қарсы алады. Бүгін Қарағандыға қонасыз. Ертең, амандық болса, мен де жетіп қалармын. Ары қарай бірге кетеміз, аға».

Даусынан кінәлі жанның кібіртіктеуі сезіледі. «Мен үшін алаңдама, Аманжол, – дедім өзі ертең додалы айтысқа түсетін жанды жан-жағынан жұлмалағанымызға енді мен сасып. – Мұнда Саят досың бар ғой, сол азамат мені далада қалдырмайды».

Ертеңіне түс кезінде Аманжол тағы телефон шалды. «Аға, біз Рымағаның шаруасымен шыға алмай жатырмыз. Қазір облыстық мәдениет басқармасынан ақындар үшін арнайы автобус жүреді. Сізді ақын ініңіз Айтбай Жұмағұлов сол көлікке апарып, салып жібереді. Қарқаралыда кездесерміз. Кешіріңіз, аға, өз еркім өзімде болмай тұр...»

Аманжолдың қиналғанын сезіп, өз-өзімнен қара терге түстім. Дәл осы күндер менің күй таңдайтын күндерім емес-тін. Қазақ қоғамындағы барлық тізімнен сызылып қалған өз басым Аманжолдың елп етіп «келе қойыңыз» дегенінің арқасында ғана ақындар ортасына түсіп, бәрі шетінен: «Несіп аға, амансыз ба?» – дегендерінен-ақ төбем көкке жетіп, өз бақытыма өзім сенбей бас айналды дерсіз. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Рымбала ханыммен бұрыннан таныс едім, ол кісі де келгеніме қуаныш білдіріп жатты. Бір сөзбен, түс ауа топ ақынмен судай тасып, Қарқаралыға тарттық да кеттік.

Сол кеш... Ол кештің болмағаны жақсы еді. Жер биігі Қарқаралының қарағай-қайыңы қатар өскен, көкке тәкаппар өрлеген жақпар тастары мен жоны жылтыраған мөлдір көлдерінің саясына орналасқан шипажайға ат басын тіреген соң, кеш те тез түсіп, жүрек жалғауға барғанбыз. Ақындардың аңсары ертеңгі айтыста, біз алқа мүшесі Тұрсын Жұртбаймен бірге ересектер болып, ертең таңда аудан әкімінің қабылдауында болу, Құнанбай салған мешітке, Шайтанкөлге бару жайлы қызу әңгіме қозғап отырғанбыз. Бір кезде көршілес үстел басындағы бір ақын қалта телефонын құлағына апарды да: «Қайда? Қашан? Неге?!» – деп үрейлі сұрақпен бәрімізді жалт қаратты. Қасық-шанышқымызды тастай беріп, әлгі ақынға қарадық. «Маған Астанадан хабарлады, – деді ол демін үзіп-үзіп әрең алып. – Аманжол Әлтаевтың әйелі мен ең кіші қызы жаңа ғана жол апатынан қаза болыпты...» Шу етіп барып басылдық. Ішілмей ас қалды. Далаға беттедік. Әзірге бұл жерге жетіп қонғандар ішінде естияры Тұрсын, айтыс ақыны Айтақын Бұлғақов және мен едік. Мен Тұрсынға бірден: «Айтысты кейінге қалдыру керек, мұндай қаза үстінде дүбірлетіп той жасамас болар, сен осыны жеткіз», – дедім. Тұрсын да салмақты жігіт қой: «Асықпайық, айтыстың ұйымдастырушылары бар, солардан пікір күтейік, қаншама адам сабылып еңбек етті, халық та хабарланып қойды, айтысты тоқтату жөн бола қояр ма екен...» – деді. Оның сөзінде де жан бар еді. Менің мінезім белгілі, сұраған жан болса «Айтысты кейінге қалдыру керек» дегеннен танған жоқпын. Өзім кейін қайтатын көлік іздестіре бастадым. Ойымды Тұрсынға айттым. Жеті түнде тау арасындағы шипажайдан көлік табыла ма, таңды көзімізбен атырдық. Таң атысымен шипажай алдына жиналдық. Аудан әкімі Нихан Диханбаев келді ортамызға. «Мен бүгін сіздерді кеңсеме шақырып қабылдамақ едім, жағдай мынадай болды. Енді сіздерге көңіл айтуға өзім келіп тұрмын, «Қаза қайырлы болсын», – деді азамат. Риза болдық. «Ал енді сіздерге тастайтын сұрақ бар. Сіздер қалай айтсаңыздар солай болады – айтысты өткіземіз бе, кейінге қалдырамыз ба?» Мен бірден тоқтату қажеттігін айттым. Өзгелер бір ауыздан айтысты өткізу керектігін қолдады. Тұрсын ба, Айтақын ба, қиын жағдайдан жақсы жол тауып кетті: «Дәл бүгін айтыстың тізгінқағарлары Жүрсін Ерман мен Амангелді Ермегияев Балқаш қаласынан вертолетпен ұшып шығыпты. Солар жолдан Аманжол Әлтаевқа соғып, бәріміздің атымыздан қазаға көңіл айтып, жолымызды ашып келсін, айтысты тоқтатпаған жөн», – деді. Аса қисынды әрекет еді бұл. «Рақмет, сіздерге, – деді аудан әкімі, – шынында бүкіл халық айтыс жайлы хабарланып, алыс ауылдардан Қарқаралыға жетіп, дүмеп жатыр. Бүгін Алматыдан және Астанадан бір топ журналист, телевизия қызметкерлері, қонақтар жетеді. Айтысты тоқтатпайық. Ал жаңағы сәлемдеріңізді Жүкең мен Әужекеңе жеткіземіз. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы да үнемі телефон құлағында. Егер ол кісілер Аманжолға соға келсе, мойыннан жүк түсті дей беріңіздер».

Мен кейін қайту мәселесін көтеріп едім, тоқтатты. «Ең бірінші, Аманжол Астанада ма, Қарағандыда ма, белгісіз, екінші, Ақмарал мен бүлдіршінді қайда жерлеу жайында талас туып жатқан секілді. Сол белгілі болмай, Астанаға ма, Қарағандыға ма, Жаңаарқаға ма, қайда бармақсыз», – делінді. Бұл мәселеге қайта оралмау үшін айтарым: қайтуға көлік те табылмады, арада тағы бір күн өткенше мәйіттердің қайда жерленетіні белгілі болған жоқ, ең бастысы, аудан әкімі Нихан бауырымыз тоқтатып, айтыс аяқталған бетте өзімен бірге ала кетіп, бірге баратындығымызды айтты. Соған көндім.

...Айтыс аяқталар күні Нихан маған арнайы жолығып, облыс әкімінің хабарласқанын, ешқайда шыға алмайтындығын, Аманжолға кейін өзі баратындығын баян етті. Сол күні ақындармен ақылдасып, Аманжолға көңіл айтуға бара алатындарына бас-көз болып, Айтақын Бұлғақов, қарағандылық белгілі айтыскер ақын Қуаныш Мақсұтов үшеуміз Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылына аттандық. Қарағандыға түн жарымында жеткен біз қалаға қонып, облыс орталығынан үш жүз шақырым болатын ауылға таң ата бет алдық. Келсек, қазалы шаңырақ бізді күткендей боп отыр екен. Он шақты ақынға ауыл у-шу боп қалды. Көңіл айтып, дәм ауыз тиген соң ақындар аттанып кетті. Қуаныш Мақсұтов екеуміз қалдық. Аманжолдың да, ауыл адамдарының да елеңдеп отырғанын байқау қиын емес еді. Жерлеу рәсімі өткен, құдайы ас таратылған, ағайын-туған, алыс-жақынның аяқ жетерлері түгелдей келіп болған. Сонда да жолға қарай береді.

– Аманжан, күтіп отырған адамдар бар ма еді?

– Айтыс кеше аяқталды ғой. Бүгін таң атқалы Жүрсін мен Ермегияев ағаларды және ақындарды күтіп отырғанбыз...

Бұл жауапты Аманжолдың достарының бірі берді. Қайғы жұтқан ақын үнсіз.

– Мен кеше осылай жүрерде Жүрсін ағаға жолығып, осында айттым, «Сіздер не істейсіздер, бірге барайық» деп сұрадым, – деді ортамызда сөз тыңдап отырған Қуаныш Мақсұтов. – Жүрсін аға: «Онда менің шаруам жоқ, өздерің бара беріңдер», – деді.

«Сары тентек» ашынып айтып қалды осыны. Түс ауа әлдекім Жүрсінге телефон соғып, келу-келмеуін білуге ақыл берді. Аманжолдың Саят деген досы телефон соқты. Қысқа сөйлесіп, қасымызға келді де, «мен Ермегияев ағамен Ақсу-Аюлыда аста жүрмін, келе алмаймын» деп жауап берді», – деді кінәлі жандай жерге қарап. Бәріміз де әлгі сөзді өзіміз айтқандай, көзімізбен жер шұқыдық.

«Сіз куәсіз...» деп жатқаны сол Аманжолдың. Куә болмас тарихқа куә болып жатқаным да тағдыр-талайымнан. Әрі оны айтып беру салмағы да маған түсіп отыр. Тұзым жеңіл. Алыс күндердің жауған жапырақ, түскен қар, еріген мұзбен көлеңкеленген оқиғасын қоздатып бергенім үшін, аты аталған біраз жан мені құшағына тартпасы белгілі. Амал не, әйтеуір біреу айту қажет қой. Аманжолдай асылға:

«Дөңгелек Ай, түнгі аспанда сен жалғыз,

Жер бетінде сыңары жоқ мен жалғыз.

Кең жайлауда күндей күліп жүргенде,

Қаңыратып қайғы деген келді арсыз.

Саған медет жымыңдаған жұлдыздар,

Маған медет жанымдағы ұл-қыздар.

Қалың ойды түсінер ме біздегі

Жүректері сыздамаған мұңсыздар?» – дегізген қайғының жанында бұл үшін біз жейтін таяқ қанша қатты дейсің.

...Ит жылы қара жердің қаншама пұшпағын иттей ұлытты. Жақсылығы да аз болмаған шығар. Бірақ пенде сорлы жақсылыққа, бақытқа тәтті жегендей тез үйренеді де, қайғы шіркін қара таңбасын жылдар бойы кетпеспей етіп салмай ма адамға. Әрі әлемдегі жақсылыққа өз үйінде той жасап жатқан жанды да сирек көресіз. Қыстың қатал аязына тоңғанда сонау Африкадағы миы қайнаған ыстыққа жылынған жанды, елінде егін шықпай қалғанда түнеу Аргентинадағы бітік өскен астықты қанағат қылған пендені, өз отарын қасқыр қырып кеткенде бір жақтағы Австралияның миллион бас қойына тәубе деген қазақты кім көрген? Құдыққа түскен құрбақаға аспан бақырдай боп көрінсе, әркім-ақ өз қуанышын жаһанға паш еткісі келіп тұратыны да ақиқат. Ал қайғының жөні бөлек. Шаңырақ түгілі көрші ауыл, аудан, облыс, ел түгілі жердің екінші жартысында қанды оқиға болса: «Ой-бу, сорлылар-ай, Құдай қолдасын да!» – деп қайғырып жататын қазақпыз ғой, ай маңдайлы Аманжол жылағанда қоса жыламасақ кім болғанымыз?

Тас түскен жеріне ауыр. Біздің қоршап отырып жұбатқанымыз да арда ұлдың көз жасын кептіре алмапты. Ботасын іздеп боздаған, жарын жоғалтып жалғыз қалған ақиық ақын жыл іргесінде, адам мен Аллаға мұң шағудан жалыққан соң, ескі жылға арыз айтыпты:

«Ей, ескі жыл, «жарым» деп жоқтаттың-ау!

Орта жолдан үзілген соқпақ мынау.

Салтанатын көшімнің көпсінгендей,

Керуенімді оқ атып тоқтаттың-ау!

 

Ей, ескі жыл, «ботам» деп боздаттың-ау!

Мына маған сай ма еді боздап жылау?!

Қос шырағын сөндіріп шаңырағымның,

Қызыл шоғын қайғының қоздаттың-ау!» – деп кең дүниеге сыймайды ақын ініміз. Сөйтеді де ашынады:

«Созбадым ба қолымды құлағанға?

Бермедім бе барымды сұрағанға?

Асылымды қосақтап қатар алып,

Бұлай сынау керек пе сынағанда?»

Ұзамай бас ұрады. Ақыры болғанға болаттай берік болып, бірте-бірте басылады:

«Таусылмайтын санаға сұрақ тұнып,

Үш ботамды отырмын қуат қылып.

Ескі жыл-ай, қуанып қарсы алып ек,

Қоштасатын болдым-ау жылап тұрып!»

...Газеттің бір бетін алдыма жайып тастап, Аманжол өлеңдерінен сыр сүзгелі айдың жүзі болды. Айтпағым көп секілді еді, қолымды да, тілімді де ақын тартқан қайғы байлап отыр. Тек осы жазғандарымды жанашырлықпен қорытындыласам деген арман басым. Онда да алға ағайындықты салмай, сыр арнаған адамның шын талантына иген басымды ұялмай қайта көтере алатындай етіп айта алсам... Ол үшін де әуелі әлемге өзін-өзі сарқа жырлап жатқан жаралы ақынды тыңдап алайын:

«Егіз едім, елегізген сыңармын,

Қос бұтағын балта шапқан шынармын.

Өзегімді өкініш пен шер өртеп,

Езгілейді меңіреу түн – мұнар күн.

 

Теңіз едім, жылап аққан арықпын,

Көп ішінде жалғыздықтан жалықтым.

Көз жасыма қол орамал болмады-ау,

Көп естіген ақ батасы халықтың!» –

дейсің сен, Аманжол. Кешір, қателесесің! Күйініп айтқан шығарсың, күйіп жүрген боларсың, жанға түскен жараң тым терең, сол жараның аузы таяуда қарақотырлана қоюы да қиын. «Мен мұндаймын» дегенді жан-жағындағыларға жиі айтқызып, өздері соған сеніп қалған, санасаң екі қолдың ғана саусағы жетер жандарға ренжіп, таусылма. Сені жалғыздықтан арашалайтын ағайын емес – дос, жақының емес – жұрт, әрине, ұрпағың. Жалғызбын деме, өзіңді сүйген көпшіліктің көңіліне қаяу түсіресің, арық түгілі теңізбін деме, сенің талантыңның тамшысын татып көргендер айдының айға жеткенін, толқының тау шайғанын айтады. Мұндай кең құлаш көрініс тек мұхитта болады, Аманжан! Мен былай десем төрт жолым оқыла ма, көңілге тоқыла ма, жүрекке жаттала ма, ақын інім:

«Тағдыр қатал мына саған оқ атқан,

Адам болса орнын алсын тозақтан!

Теңіз... Арық... Сен – мұхитсың, Аманжол,

Қапияда қос жақұтын жоғалтқан!»

Енді жасыңды тый, басыңды көтер өренім! Сен тартар халқыңның жүгі тұрып қалды. Өзің үшін өмір сүруден оңай ештеңе жоқ. Бір жапырақ ұлтың үшін ұмтыл өмірге. Сонда ғана қайғың азаяды, қос жақұтыңның бейнесі де жарқырап, ақ жол тілеп тұрады саған, Аманжол!

Ел баласы едің, қапияда тап келген қазаға ел боп көңіл айтудың ретін кезінде келтіре алмай, өз ұятымды өзім көкпарлап жүруші едім, бүгін соның шешімі табылды: ұсынған теңеуімді сені тыңдаған-тыңдамаған жандардың берген бағасы деп қабылда, ал осы жазғанымды сені білетін-білмейтін тілеулестеріңнің, яғни бүкіл қазақ жұртының қайғыңа ортақтасып, көңіл айтуы деп біл. Сөйт, мұхит ұлым! Домбыраның шанағында сен қозғар саз, көкірегіңде сен тербер ән көп, ақиығым! Халқың соған шөлдеп отыр, ал сен өз қайғыңды сол көпшіліктің алғысымен басасың, сол алғыспен көгеріп, көктейсің, ақын бауырым!

Несіп Жүнісбайұлы

Abai.kz

1 пікір