Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Бетбұрыс 4357 19 пікір 6 Желтоқсан, 2021 сағат 14:03

Сырдың суы, Аралдың құмы: Мирзиеев Қазақстанда

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев Қазақстанға келді. 5-6 қаңтар аралығында ел астанасында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы келіссөздер өтеді. Өзбек басшысын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы шақырған. 

Өзбекстан басшысын президенттің өзі әуежайда күтіп алды. Бұл жоғары құрмет пен келіссөздердің маңыздылығын білдіреді. Расымен екі ел талқылайтын тақырып та жетерлік.

Ауғанстандағы жағдай екі елді де алаңдатып отыр. Өзбекстан тікелей шекаралас болса, Қазақстан үшін аймақтың тыныштығы маңызды. Соңғы уақытта Ауғанстанда жағдай күрт нашарлап, террорлық қауіп артты. Тәлібтер билігі елдегі әлеуметтік жағдайды шеше алмайтыны белгілі болды, салдарынан босқындар саны артуда. Әзірге олар Пәкістан мен Иранға ағылуда, алайда Орталық Азияға да бет бұру мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан бұл мәселе де басшылар арасындағы келіссөзде айтылары анық.

Тәлібтерге қарсы өзге террорлық ұйымдардың шабуылы артты. ДАИШ (ИГИЛ) шабуылды үдете түсті. ДАИШ қазір елдің 34 аймағында да бар, сондықтан олар ендігі таңда тек қана Ауғанстанға емес, тұтас Орталық Азияға қауіпті деңгейге өтті дейді сарапшылар. Қазақстан-Өзбекстан өзара бұл мәселені де талқылайды, себебі Ташкент ҰҚШҰ ұйымында жоқ және қауіп сәтінде мемлекетаралық келісімдерге сүйенеді.

Аймақтық қауіпсіздіктен бөлек өзара мәселелер де жетерлік. Қазақстан Сырдария мәселесін шешуге мүдделі. Сырдың суы тікелей мағынасында сирақтан келмейтін сәтке жетті. Бұл тұтас Қызылорда аймағын сусыз қалдырмақ. Сондықтан Ташкентпен келісіп, бұл мәселені шешу маңызды, ал Ташкент үшін Ресейге өтетін мигранттар мәселесі мен Қазақстанда қызмет ететін еңбек мигранттарын жүйелеу маңызды. Сондықтан келіссөздер қызу болмақ деген болжамдар бар.

Екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру да күн тәртібінде. Коронадағдарыстан кейін тауар айналымы түсіп кетті. Коронавируспен бірлесе күресу де басты тақырыптың бірі. Арал мәселесін реттеуді де айтпай кету мүмкін емес, себебі Қазақстанға әлемдік қауымдастық жақсы баға берсе, Өзбекстан экологиялық жағдайды жақсартуға алған қаржыны тиімді игере алмаған.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен екі ел арасындағы экономикалық форумда құны өзара 5.9 млрд доллар болатын құжаттарға қол қойылды. Басты кездесулер енді болмақ.

Abai.kz

 

 

19 пікір