Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3252 0 пікір 24 Шілде, 2012 сағат 17:15

«Ордабасы» озып тұр

Шымкент қаласында өнеркәсiптi кешендi дамытудың үлгiсi саналатын «Ордабасы» индустриялды аймағының директоры, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаев іргелі өнеркәсіптің аймақтағы саланың зор мүмкiндiктерi мен жетiстiктерi жөнiнде біздің тілшімізбен төмендегідей ой бөліседі.

- Нұрғазы Бақтыбайұлы, Қазақстан Үкiметi арнайы экономикалық аймақтарды құру арқылы белсендi жұмыс жүргiзу үшiн елiмiздiң 13 өңiрiнде индустриялды аймақ ашуды қолға алғаны белгiлi. Айтыңызшы, бұл шын мәнiнде нәтижелiлiгiн көрсеттi ме?

Шымкент қаласында өнеркәсiптi кешендi дамытудың үлгiсi саналатын «Ордабасы» индустриялды аймағының директоры, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаев іргелі өнеркәсіптің аймақтағы саланың зор мүмкiндiктерi мен жетiстiктерi жөнiнде біздің тілшімізбен төмендегідей ой бөліседі.

- Нұрғазы Бақтыбайұлы, Қазақстан Үкiметi арнайы экономикалық аймақтарды құру арқылы белсендi жұмыс жүргiзу үшiн елiмiздiң 13 өңiрiнде индустриялды аймақ ашуды қолға алғаны белгiлi. Айтыңызшы, бұл шын мәнiнде нәтижелiлiгiн көрсеттi ме?

- Егер Үкiмет индустриялды аймақтарды дамыту iсiне баса мән берсе, оның нәтижелiлiгiнен күмәндануға болмайды. Елiмiзде қуатты экономиканы жолға қою үшiн алдымен оған жақсы жағдай жасалуы тиiс. Индустриялды аймақтар осындай мақсатта құрылды және бұл жеткiлiктi деңгейде қордаланған мәселелердi шешуге мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтып өткендей, индустриялды аймақтар өнеркәсiптi жаңғыртуда жетекшi тәсiл болып саналады. Бiрiншiден, мұндай аймақтарды дамыту арқылы өңiрдiң экономикасына инвестиция салуға жол ашылады және аймақтардағы өнеркәсiптен түсетiн табыстың жоғары межесiн қамтамасыз етедi. Екiншiден, кәсiпкерлiктi қолдау iсi қарқынды жүргiзiлiп жатқан өңiрдегi  осындай аймақтарды таңдаған өнеркәсiп иелерi инфрақұрылым ресурстарын жүргiзудегi шығындарын да азайтады. Бiздiң облысымыз осы бағытта жұмыс жүргiзiп жатқан бiрден-бiр өңiр. Үшiншiден, АЭА құру өнеркәсiптi ынталандыру iсiне әсер етедi. Iшкi нарықта тауарларды интеграциялауға мүмкiндiк бередi, сонымен қатар қосымша жұмыс орындары да ашылады. Нәтижесiнде бiз қосымша инвестиция тарту арқылы жоғары сапалы, бәсекеге қабiлеттi өнеркәсiп өнiмдерiн жасап шығарамыз, озық технологияларды игеремiз. Сондай-ақ, индустриялды аймақтар өңiрдiң экологиялық мәселелерiн де шешуге ықпал етедi. Бұл дегенiмiз, өнеркәсiп орындарын қаланың шеткi бөлiгiнде орналастыру арқылы  халық көп шоғырланған жердегi  ауаның ластануынан сақтандыру болып табылады. Қазiргi таңда елiмiзде бiрнеше индустриялды аймақтар жұмыс iстеп жатыр және олар нақты нәтиже көрсетiп жатыр деуге негiз бар.

- Облыс орталығында «Оңтүстiк» және «Ордабасы» индустриялды аймағы жұмыс iстеуде. «Ордабасының» өзiндiк ерекшелiгi неде?

- Мәселен, «Ордабасының» жер аумағы  143 гектарды құрайды және бiрнеше бөлiкке бөлiнген, инфрақұрылымымен ғимараттар, кеңселiк мекенжайлар қарастырылған. Қазiргi таңда бiздiң аймақтың 200 жеке қызметкерi келген адамдарға өндiрiстiң тиiмдi шарттарын ұсынуға қызмет көрсетедi. Аймақтың басым бағыты  машина құрастыру, химиялық өнеркәсiп, тұрмыстық техника мен сауда құрал-жабдықтарын жасау болып саналады. Мұнда келгендер коммуникация мәселесiне бас қатырмайды, су, жарық, газ, жылу және жеке өрт сөндiру бөлiмi бар. Бұдан бөлек, бiздiң аймақ облыстағы iрi логистикалық орталық болып табылады. «Ордабасыдағы» коммуналдық қызмет құны Шымкентке қарағанда 30 пайыз арзан. Мәселен бiр килловат электр энергиясы 9 теңге тұрады, бұл қалада 16 теңгенi құрайды. Мiне, осындай тиiмдi жағдай жасау арқылы бiздiң аймақта қаншама өндiрiс орындары iске қосылып, жұмыс iстеп жатыр. Өз кезегiнде атқарылған жұмыстар өз нәтижесiн беруде. Бiзде жердi жалға алу құны да бiршама арзан. Өндiрiс қызметкерлерiне арналған жатақхана, асханаға арналған ғимараттар да қарастырылған.  Айтпақшы, жоба iске қосылғаннан бастап алғашқы тауар шыққанға дейiнгi мерзiм екi айдан кем емес. Жалпы айтқанда, iсiн өркендетемiн деген адамға мұнда  барлық жағдай жасалған.

- Бүгiнге дейiн қандай өндiрiс орындары iске қосылды?

- Қазiр индустриялды аймақта 1300 адам жұмыс iстейтiн 30 кәсiпорын iске қосылған. Машина құрастыру, металлконструкция өнеркәсiбi, автокөлiктердiң әйнектерi, пластикалық терезелер, ПВХ  өнiмдерi, құрылыс материалдары, мотор майлары, энергия үнемдегiш лампалар, тiптi жылыжай шаруашылығына қажеттi құрал-жабдықтар шығарылуда. Келешекте аймақта бес мың адам жұмыс iстейтiн жүзге жуық кәсiпорындарды iске қосуды жоспарлап отырмыз. Бiздiң мақсатымыз  кәсiпкерлерге көрсетiлетiн қызмет сапасын жетiлдiру және олардың нәтижелi жұмыс iстеуiн бақылау. 2011 жылы тауарлардың жүк айналымы 2929 вагонды, яғни 203074 тоннаны құрады. Қосымша пайдаланылмаған жерлердi игеру арқылы жаңа кәсiпорындар ашылып, нәтижесiнде 3000 вагонға, яғни 300 мың тонна түрлi өнiмдерге ұлғайтылды. Бүгiнгi таңда «Ордабасы» индустриялды аймағынан өндiрiлетiн тауарлар алыс-жақын шетелдерге жөнелтiлуде. Жуық арада бiз Түркияның «Ostim» өнеркәсiп аймағымен бiрлесiп қазақ-түрiк аймақтық өндiрiс орталығын құру жобасына дайындық үстiндемiз. Бұл Түркия, Египет, Ирак, Солтүстiк Африка, Оңтүстiк-шығыс Азия елдерiндегi индустриялық зоналарында дамыған жоба. Мұндай серiктестiк бiздiң өңiрдегi әртүрлi бағыттағы жоғары технологиялы өнеркәсiптiң есебiнен  индустриялды сектордың дамуына зор мүмкiндiк бередi.

- Демек, Сiз Шымкенттiң өнеркәсiптi жаңғырту iсiнде көшбасшы бола алатынына сенiмдiсiз ғой?

- Неге болмасын! Бiздiң қаламыздың географиялық жағынан тиiмдi орналасуы, оның Еуразияның орталығы болуы экономикалық қарым-қатынастардың дамуына үлкен септiгiн тигiзедi. Тiптi, Шымкент iрi транзиттiк жолдардың торабында тұр. Оның үстiне, Өзбекстан, Қырғызстан елдерiмен шекаралас болу көршi елдердiң нарығына өнiм өткiзу мәселесiнде айтарлықтай қаржылық шығын орын алмайды. Бұдан бөлек, Қазақстан экономиканың алыбы  - Қытаймен шекаралас. Сондықтан, Шымкент   мұндай серiктестiкке, өнiм шығару мен өткiзу iсiне өте ыңғайлы мәре алаңы үшiн зор мүмкiндiк болып табылады.

Сұхбаттасқан - Ерғали Қайыркен

0 пікір