Жұма, 19 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 5758 9 пікір 6 Желтоқсан, 2021 сағат 12:20

Шеттегі қазақтың оралуына қаламгерлер ықпал етті

Мен ежелгі түркі даласының кіндікті өлкесі Өр Алтайда туып өстім. Балалық шағым «мәдениет төңкерісі» аталған соқпалы кезеңде жүдеу өтсе де, қарияларға құлақ түріп, ел тарихына елеңдеп есейдім. Үлкендер бір-бірімен күбірлесіп: «Біз Қазақстанның Зайсанынан келгенбіз», - дейтін. Қазақстан қай жер, Зайсан қай жер? – көрмеген тауды көксеген бала арманы мені қарттар шежіресіне, ескілікті кітаптарға көп бұратын.

1979 жылдың қаңтары: «Сәбет одағы Шынжаңға шабуылдайды екен», - деген дақпырт елдің үрейін алды. Шынжаңдағы қытайлардың шамасы келетіндері Қытайдың ішкі өлкелеріне қашты. Қыстың қақаған аязында әкем есік алдына киіз үй тігіп, ортасына от жағып, ағам Жанатбек екеуімізді туырлыққа орап сонда жатқызып жүрді. «Соғысқа» дайындығы болса керек. «Ханзулар қашып жатыр екен, таныс досымнан әкелдім», - деп ішкеріге қашып кеткендердің үй жиһаздарын әкелгені есімде. Сонда мен ойлайтынмын: «Сәбет одағы шабуылдаса, біздің тегіміз Қазақстаннан болса, бізге тиіспейтін шығар», - деп. Бұл он екі жастағы кезім.

1982 жылы Алтай аймақтық педагогика мектебіне қабылдандым. Осы жылдар көп кітапқа қолым жетті. Мұхтар Әезовтың «Абайы», Сәбит Мұқановтың «Ботакөзі», Ғабит Мұсірептің «Ұлпан», «Кездеспей кеткен бір бейне»,«Қазақ солдаты», Есмағанбет Ысмайыловтың «Сын мен шығарма», Бақыт Сарбаланың «Ақиқат алдында», т.б. көптеген кітаптарды оқыдым. Қазақ әлеміне, Қазақ қаламгерлеріне жақындай түстім. Қазақстан ұғымын санама әбден шегеледім.

Мен үшін 1989 жыл ерекше маңызды оқиғаларға толы болды. Әсіресе, қазақстандық қонақтар – Мақсұт Қыдырханұлы, Базархан Сүлейменов, Роза Рымбаева хикаялары осы жылдың еншісіне бұйырды.

Тамызда ауылымыздағы ұстаз  Түсіпбек Мұхаметқалиұлының үйіне қазақстандық қонақ Мақсұт Қыдырханұлы келді. Ауыл қарттары бірге болып, не бір тарихи әңгімелердің тамырын қопарды. Мақсұт отырыста 1986 жылғы желтоқсан құрбандары болған қыршын жастар жайында аянышты әңгімелер айтты. Мақсұт айтады: «сол желтоқсан оқиғасына қатысқан, қазақшадан дым білмейтін бір жігітке: «жұрттікі жөн-ақ, қазақтың жоғын жоқтап жүр. Сен болсаң атың қазақ болғанмен затың орыс, саған не жоқ?!», - деп тиістім. Сөйтсем анау айтады: «тілім орыс болғанмен жаным қазақ, қаным қазақ» деп». Ұлттық рух үні бізді де бір сілкілеп өтіп еді.

Осы жылы қыркүйекте Шынжаң оқу-ағарту институтына түстім. Үрімжіде болдым. 11 қыркүйек күні Амантай деген сабақтасымыз екеуіміз институтқа жақын «Быймын» базарына тамақтанғалы кіріп, кездейсоқ Базархан Сүлейменов деген кісімен танысып қалдық. Өзін әнші Хамит Сқақұлының қазақстандық інісі Базархан Сүлейменов деп таныстырды. Семейдің Абай ауданында тұрады екен. Шүйіркелесе кеттік, қазақ елі жайлы талай-талай әңгіме айтты. Ағасы Мәукеннің Алтайлық қыз Кәбирамен табысып, одан айрылып арғы бетке асып кеткенін, ағасы әнші Хамит Сқақұлының қалай қалып қойғанын, бәрін ақтарды. Қазақстан ұғымы тағы жаңғырды.

1989 жылдың айтақалсын елеулі оқиғасының бірі Роза Рымбаеваның «Арай» ансамбльімен Қытайда консерттік сапарда болуы еді. 3 қазан күні Үрімжі қаласындағы «Халық құрылтайы сарайында» 3 күн концерт берді. Роза Рымбаева, Қайрат Байбосын, Мұрат Ахмадилер ән шырқады. Әбдіхамит күй тартты. Роза «Атамекен», «Түнгі Алматым», «Аралдан ұшқан қос аққу», «Қызыл құмда ауылым» секілді әндерді шырқады. Қайрат «Інжу маржан», «Ағаш аяқ», «Қызыл асық», «Жиырма бес»-ті орындады. Әсем ән, тәтті күйлер «құлақтан кіріп, бойды алды». Әсіресе, Розаның орындауындағы «Атамекен» әні ішімізге шоқ салып, «ұшарға қанатым жоқ, не қылайын» деген күйге түсірді. Қазақ еліне – атажұртқа деген белгісіз сағыныш үдей берді. «Атамекен-ай» деген үн құлақтан кетпеді.

1989 жылы Үрімжі қаласына баруым Мұқағали «ауруымен» ауырған жылым болды. Бақыт Сарыбалаұлының «Ақиқат алдында» деген жинағындағы «Райымбек, Райымбек!» дастаны арқылы Мұқағалиды ерте танып едім. Қарашада қолыма тиген «Қаздар қайтып барады» жинағын бірнеше мәрте аударып-төңкердім. Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Əбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Марфуға Айтқожина, Қадыр Мырзалиев, Төлеген Айбергенов, Қалихан Сқақ, Оралхан Бөкей, Жанат Ахмади, Жәркен Бөдеш шығармаларын бірінен соң бірін оқитын едік. «Жер жұмағы – Қазақстан» деген бір ой бізді алтын қазығына мықтап матады.

1991 жылдың маусым айында (Тәуелсіздік жарияланбай тұрып) қолымызға жазушы Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» атты мақаласы тиді. Хат өзіміз пайдаланып жүрген Ахмет Байтұрсын үлгісіндегі төте жазуда шығатын «Шалқар» гезетінде басылған екен. Ол кезде көшірменің (ксерокопия) табылуының өзі қиын. Ашық әңгімеге баруға қорқатын кезіміз. Соған қарамай әлгі хаттың көшірмелерін жасап, оны сандығымыздың түбіне сары майдай сақтап, кештерде қызу әңгімеге кірісетін едік.

Шын мәнінде, қаламгерлер қауымы Тәуелсіздіктен бұрын-ақ бізді Отанға қайтуға дайындайтын рухани мектептің әліппесімен мейлінше сусындатқан екен.

Сол тұста біз үнемі жасырын тыңдайтын «Азаттық» радиосының қызметі де ерекше болды. Хасан Оралтай бастаған топ азаттық үнін, Тәуелсіз Қазақстан хабарын үзбей таратты. 1991 жылы ҚР президенгті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Түркияға ресми сапармен барғанын, ондағы қандастармен кездесіп, әлем қазақтарының басын қосу туралы алғашқы ойларын ортаға салғанын, 1992 жылы қыркүйек-қазан айларында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткенін, Моңғолия қазақтарының көші басталғанын – біз бәрі-бәрін «Азаттық» арқылы біліп отырдық.

Тәуелсіздіктің ақ таңын сарғая күткен шетелдегі бес миллион қазақтың алғаш егемендік жариялағандағы қуанышын айтып сұрамаңыз. Өзге ұлттың отарында отырып-ақ бірінен-бірі сүйінші сұрап, көздерінен ыстық жасын төкті. Талай қарияның сақалынан су тамшылап: «қайран елім-ай, жерім-ай, сенің де жақсылығыңды еститін күн болады екен-ау», - дегенін ет-құлағымызбен естідік. «Шіркін-ай, атажұртқа қашан жетер екенбіз», - деген алып-ұшпа көңілмен талай таңды ұйқысыз атырдық.

Сол жылдардағы тағы бір ерекшелік – Шынжаңдағы кітапханар мен жоғары оқу орындары Қазақстанның қазақ тілді басылымдарын пошта арқылы жаздырып ала алатын. «Жұлдыз», «Ақжелкен», «Парасат», «Қазақ әдебиеті», т.б. басылымдарды оқу мүмкіндігіміз болды.

1992 жылғы 26 маусымда қабылданған «Көшіп келу туралы» Заңы негізінде қандастарымыздың елге оралуына мүмкіндік жасалғаны, Елбасы Н.Назарбаевтың алыстағы ағайынды Отанына оралуға шақырғаны, 1992 жылдың 15 желтоқсанында ҚР Еңбек министрлігінің Көші-қон департаменті құрылғаны, 1993 жылы 17 желтоқсанда Қазақтардың Дүниежүзілік қауымдастығының Алматыдағы тұсаукесер салтанатында  Н.Ә.Назарбаевтың өз қолымен Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік сынды бірнеше азаматқа Қазақстан азаматтық куәлігін бергені сынды ақпарлар бірінен соң бірі жетіп тұрды. Аңыз бен ақиқат арасындағы Халифа Алтай мен Мұстафа Өзтүріктің дабырасы да аз болған жоқ.

1992 жылы Шынжаңнан шет жатқан Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы жазушы Қабылқақ Күлмесханұлы бастаған қазақтар Қазақстанға көшкелі жатыр екен деген хабар жетті. «Тұманды дала» бастаған сүбелі шығармаларымен танымал болған Қ.Күлмесханұлын да арғы беттегі бар қазақ тани бастаған кез.  Ел ішінде Қазақстанға кету жөніндегі күбір-сыбыр көбейді.

1993 жыл сәуір айының басында Үрімжі қаласынан жазушы Жақсылық Сәмитұлы, Армиябек Сағындықұлы, Ғалым Қалибекұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы қатарлы қаламгерлер Қазақстанға өтті. Жақсылық арғы бет қазағына танымал тұлға еді. Қалған азаматтар да өз ортасында атақ-абыройы қалыптасып келе жатқан зиялы қауымның жас буын өкілдері болатын. Жақсылық Сәмитұлы көп өтпей «Азаттық» радиосында сөз сөйледі. Сол тұстағы төрт бірдей азаматтың бала-шағасымен атажұртқа көшуі – сең бұзғандай ерлікке тең болды. Қазақстанның еркіндік алғанын естіп елеңдеп жүрген жас қаламгерлер осы оқиғалардан кейін тіпті де байыз таппады. Ата жұртқа кету байламы көптеген көкірекке ұялады. Бас қосулардың қай-қайсысы да Қазақстан тақырыбын тұздық ететін-ді.

Біз сол тұстарда Қазақстан тарапының ақпаратына, қаламгерлер ауанына ерекше назар аударып отыратынбыз. Жақсы дүниелер, сүйінші хабарлар қолымызға тисе, көшірмесін жасап бір-бірімізге тарататынбыз. 1994 жылғы Қазақстанда шығатын «Парасат» журналының 4 санында, С.Оспанов атты журналистің Республика ішкі істер министрлігі төлқұжат және рұхсат беру мен тіркеу басқармасының бастығы, милиция полковнигі Өмірбай Мұсаевпен «Отанымыз Қазақстан» деген сұхбаты және «Ағайын көшіп келді, ал оған көрсетілер көмек қандай?» атты мақала басылды.

Сүлтанәлі Балғабаев, Уәлихан Қалижанұлы, Шерхан Мұртаза сынды қаламгерлердің ақпаратта жариялаған жазбалары да қолдан қолға тарап жүрді. Біз көші-қон және шетелдегі қазақтарға қатысты әр бір ақпаратты ата мұрасындай ардақтап, бойтұмардай сақтайтынбыз.

Осы мақаламызда аты аталған тұлғалардың, әсіресе, қаламгерлер қауымының ұлттық рух пен отанға шақыру мақсатындағы әр түрлі айтқандары, жазбалары, көші-қон үрдісіндегі елеулі қызметтері жалпы шеттегі қалам ұстаған жастардың назарынан қағыс қалған жоқ. Олардың отанға кетсек екен, елге жетсек екен деген арманын қанаттандыра түсті.

Сөйтіп, 1991 жылдан басталған көштің алғашқы легімен, 1992, 1993, 1994 жылдар көптеген қаламгерлер бірінен соң бірі ата топырағына жетті. Ғасырлар өларасындағы көш бір мүшел бойы қызу жүрілді. Маған атажұртқа жету бақыты 1997 жылдың қаңтарында бұйырды.

Алғашқы көш легімен ілгерінді-кейінді болып, қытай жағынан келген зиялы қауым өкілдерінен – Серік Қапшықбаев, Ыбырай Файзуллин, Нәбижан Мұхаметханұлы, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Ахметолла Қалиұлы, Оразанбай Егеубаев, Жұмаділ Маманұлы, Зейнолла Сәнікұлы, Сейітхан Қалиұлы, Меллат Рамет, Мұқаш Дайырбаев, Қазез Райысұлы, Рахмет Қойшин, Қабылқақ Күлмесханұлы, Керейғазы Нұрсадық, Сламхат Сейітқамзаұлы, Мұхтархан Оразбай, Майра Мұхаммедқызы, Қайрат Ғабитханұлы, Дукен Мәсімханұлы, Керім Елемесұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Тілеубек Қожанұлы, Алмас Ахметбекұлы, Ахметжан Қайбар, Ермұрат Зейіпханұлы, Жәди Шәкенұлы, Тұрсынбай Дәуітұлы, Ауыт Мұқибекұлы, Бекқожа Жылқыбекұлы, Иманғазы Нұрахметұлы, Жәнімхан Ошан, Халқазат Төлеуханұлы, Болат Бопайұлы, Адалбек Ахмәди, Серік Нүсіпұлы, Жігер Жанәбілұлы, Серік Нұғыманұлы, Әсемғазы Қапанұлы, Рақым Айыпұлы, Омаралы Әділбек, Райыс   Әріпжан, Әбдібек Әбдіманап, Уатхан Сәйфіл, Бақыт Еженхан, Қастер Сейітхан, Қайрат Құлмұхамет, Лаззат Игісінқызы, Еркін Ергенұлы, Асқар Жакулин, Шаймұрат Шаймардан, Сабыржан Мұхаметхан, Мерей Сіләм, Жеңіс Түркияұлы, Айбын Әубәкірұлы, Кенжебай Жарқайұлы, Мұхан Мамытхан, Бахаргүл Төлегенқызы, Фарида Мерхамитқызы, т.б. әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері еліне келіп, елеулі қызмет етті. Арттағы елдің қазақ жеріне жетуіне мұрындық болды.

Қытай жағы ғана емес Моңғолия қазақтарының көшінің басы-қасында да Зардыхан Қинаятұлы, Қаржаубай Сартқожа, Сағат Заханқызы, Жәмілиқа Шалұлы, Аятхан Тұрысбекұлы, Сейітхан Әбілқасымұлы, Қабидаш Қалиясқарұлы, Ботакөз Уатхан, Қайрат Бодаухан, Бабақұмар Қинаятұлы, Абай Мауқара, Бекен Қайрат, Ақеділ Тойшанұлы, Бақытбек Бәмішұлы, Есенгүл Кәпқызы, т.б. сынды зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер болып, көш үрдісіне түрліше ықпал етті.

Сөйтіп, 30 жылдан бері сырттан келген ағайын өсіп-өркендеп, қазақтың санына 3 миллиондық үлес болып қосылды.

Тәуелсіздіктің және қазақ көшінің 30 жылдық барысынан қарағанда біздің басымыздан өткен өтпелі кезеңнің өзі тарихқа айналды. Сол үшін де ел мен жерге еңбек еткен елеулі тұлғалар есімін ешқашан ұмытпауымыз қажет. Зиялы қауым өкілдері ішіндегі қаламгерлер шоғырының еңбегі ерекше болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Жалпы көші-қон үрдісі мен оның тарихы әлі де болса тереңдей зерттеуді қажет етеді. Мен бұл мақаламда өз басымнан өткен және менің төңірегімдегі жастарға өкілдік болатын естеліктер мен оқиғалар төңірегінде ғана ой өрбіттім.

Жәди Шәкенұлы,

жазушы

Abai.kz

9 пікір