Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3126 0 пікір 3 Желтоқсан, 2021 сағат 15:23

БЖЗҚ: Талап неге қатаңдатылды?

Жеткіліктіліктің ең төменгі шегі 2022 жылдан бастап өзгереді. 2021 жылы 20 жастағы қазақстандық үшін жеткіліктілік шекті мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 3 140 000 теңге болады.

БЖЗҚ-да шекті мәннің күрт көтерілуіне түсініктеме берілді. Ведомство үкімет қаулысымен бекітілген жеткіліктіліктің ең төменгі шегін анықтау әдістемесіне сілтеме жасады.

Әдістемеге сәйкес, ең төменгі жеткіліктілік шегінің мәндері әрбір жас үшін есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсімін ескереді. «Республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мәні сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады.

«Ең төменгі жеткіліктілік шегінің мөлшерін есептеу осы көрсеткіштердің өсуін ескере отырып, жыл сайын өзгертіледі» деп хабарлады БЖЗҚ.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша және ҚР Ұлттық экономика министрлігімен келісім бойынша жыл сайынғы негізде қабылданатын шекті мәнді анықтау үшін параметрлер қолданылады.

«2022 жылға арналған әлеуметтік көрсеткіштердің мөлшері ұлғайтылғандықтан, 2022 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегі де өскен. Атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшері 2021 жылғы 42 500 теңгеден 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін (немесе 41 %-ға) ұлғайтылған» делінген хабарламада.

Еске салсақ, 2021 жылдың қаңтарында азаматтарға жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін тұрмыс жағдайын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларды инвестициялық басқаруға беруге пайдалануға құқық берілді.

Бұл құқықты тұрақты және толық зейнетақы жарналарын аудару арқылы жеткіліктіліктің ең төменгі шегінен асатын жинақтарын қалыптастырған салымшылар пайдалана алады.

Abai.kz

0 пікір