Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әкім мен халық 4648 6 пікір 3 Желтоқсан, 2021 сағат 14:42

Әкім бол да, миллионер бол!

Биыл бірінші шілдеден бастап жергілікті атқарушы орган қызметкерлері алатын жалақы мөлшері 1,9 есеге өсті.

Премьер-министр Асқар Маминнің мәліметінше, орталық мемлекеттік органдар қызметкерлерінің еңбекақысы 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін 30 пайызға жоғарылап отырады.

2021 жылғы көтерілген жалақы көлемі бойынша кейбір облыс әкімдері өз айлықтарын ашып айтты. Ендеше қарап көрейік…

Махамбет Досмұхамбетов – Атырау облысының әкімі.

2019 жылдың 18 желтоқсанынан бастап Атырау облысының әкімі қызметіне кірісті. Ол 1960 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысында дүниеге келген. Әне-міне 61 жасқа толады.

1983 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Геология және мұнай-газ кен орындарын барлау» мамандығы бойынша бітірген.

Мамандығы: геолог. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Әкім болғанға дейін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ өндіріс-техника сараптамасы департаментінің директоры, Геология және өңдеу департаментінің директоры, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ ірі операциялық емес активтар мен теңіз жобалары бойынша бас вице-президенті болып, Қазақстан Республикасы Энергетика бірінші вице-министрі болып қызмет істеген.

Айлығы – 1 млн 954 мың теңге.

Оңдасын Оразалин – Ақтөбе облысының әкімі. 1963 жылы туған. 58 жаста.

1985 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын, 1991 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Ақтөбе педагогикалық институтының оқытушысы болып еңбек жолын бастап, «Облтрансгаз» ЖАҚ, «Ақтөбегаз» ЖАҚ басқарма төрағасы, Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының әкімі болып сайланады.

2017 жылғы 22 наурызынан бастап ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. «Құрмет» орденімен, «Парасат» орденімен және 3 медальмен марапатталған. Әкім қызметіне  2019 жылы сайланды. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Айлығы – 1 млн 856 мың тенге.

Гүлшара Әбдіқалықова – Қызылорда облысының қазіргі әкімі. 1965 жылы 15 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Сұлу-Төбе ауылында дүниеге келген.

1987 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген.  Экономика ғылымдарының кандидаты.

Ол бұған дейін:

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы, ҚР Президентінің кеңесшісі, Премьер-министрдің орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты қызметтерін атқарды. 2020 жылдан бастап Қызылорда облысының әкімі болып сайланды.

Айлығы1 млн 800 мың теңге.

Әбілқайыр Ысқақов – Павлодар облысының әкімі.

Бұл қызметке 2020 жылы тағайындалды. 1974 жылы Павлодар облысында туған. 47 жаста. Экономика, қаржы саласында білім алған.

2012-2014 жылдар аралығында қаржы министрлігінде салық комитеті төрағасының орынбасары болған. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болған. Нұр-Сұлтанда мемлекеттік кірістер департаментін басқарған.  2019 жылдың сәуір айынан бері қаржы министрлігінде қаржылық бақылау комитетінің төрағасы болды.

Айлығы – 967 670 тенге (үстемесіз есептегенде).

Жеңіс Қасымбек - 2019 жылдан бері Қарағанды облысының әкімі.

Ол 1975 жылы 7 қаңтарда Жамбыл облысы Шу қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының сәулеттік орта дизайны факультетін және Еуразия университетінің мемлекеттік және муниципалдық басқару ісі факультетін экономист мамандығы бойынша бітірген.

2000 жылдың желтоқсанынан ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде Су көлігі департаментінің директоры, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК директоры, ҚР көлік және коммуникациялар вице-министрі, 2014 жылғы наурыз-маусым айларында ҚР Көлік және коммуникациялар министрі қызметтеріне тағайындалған. ҚР Инвестициялар және даму министрі,  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметтерін атқарған. 2019 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған.

Айлығы – 1 млн 900 мың теңге.

Өмірзақ Шөкеев – Түркістан облысының әкімі.

2019 жылдың ақпанынан бері Түркістан облысының әкімі болып жүр. Жасы 57-де.

Өмкең де көп қызметтен өткен адам. Президент әкімшілігінде, Үкіметте, облыс әкімдіктерінде түрлі қызметтер атқарған. 3 мәрте министр, 5 мәрте Премьер-министрдің орынбасары болған. Қостанай облысы, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласында әкім болған.

Өзінің жалақсы туралы: «Менің жалақыма байланысты сұрақты бәрі қояды. Бұл Үкімет қаулысымен реттеледі. Ол жерде өзінің есептелетін алгоритмі бар. Әкімдердің айлығы байланысты болуы керек деп... сіздер жаңалық қылып жүрсіздер. Мен мұны түсініп тұрған жоқпын. Жалақыны жоғары органдар белгілейді. Барлық әкімдер жалақысының қанша екенін ашық айтты», - дейді.

Айлығы - 1 млн 900 мың теңге.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, 2022 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі айлық көлемі көбейеді. Көбейедіні дәуейтіп сөйлегенімізбен, оның жалпы сомасы – 60 мың теңге болмақ. Ал қазір еліміздегі ең төменгі айлық – 42 500 теңгені құрайды.

Президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мынадай өзгерістер енгізілген.

Ең төменгі айлық – 60 мың теңге (141 доллар),

Ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 19 450 теңге (46 доллар),

Ең төменгі зейнетақы – 46 302 теңге (109 доллар),

Айлық есептік көрсеткіш – 3 063 теңге (7,2 доллар),

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 36 018 теңге (85 доллар).

Ал облыстың деңгейдегі әкімдердің орташа жалақысы 2 миллион теңгенің шамасын құрап отыр. Ал еліміздегі орташа жалақы сомасы 230 мың теңге шамасында екен. Сандар арасындағы алшақтықты өздеріңіз көрдіңіздер. Біздегі жалқы сұрақ: миллиондап айлық алатын әкімдер алпыс мыңды ас-тұзына талғажау еткен қараша халықтың мұң-мұқтажын ести ала ма? Бұрын ел ішінде: «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деуші еді. Енді: «Әкім бол да, миллионер бол», дегелі тұрмыз.

Айжан Темірхан

Abai.kz

6 пікір