Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 5331 10 пікір 30 Қараша, 2021 сағат 19:07

Ресей пропагандасынан кім қорғайды?

«Қазақстанда орыс тілі қудалауға ұшырауда», «Қазақстанның солтүстік аумағы Ресейге тиесілі» деген тақырыптағы кремльдік пропагандаға толы материалдар ресейлік БАҚ-та жиі айтылып жүргеніне біраз болды.

Ақпараттық басылымдарды қойғанда, Ресейдің мемлекеттік «Первый каналында» РФ Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы әрі «Большая игра» бағдарламасының жүргізушісі Вячеслав Никонов «Қазақстанның территориясы – Ресейдің сыйы» дегенді ашық айтты. Мұндай шовинистік көзқарастағы пікірлер көршілес елдің қарапайым тұрғынынан бастап, биліктегі шенеуніктерінің аузынан шығып жүргеніне құлағымыз үйренді. Жириновскийдің Қазақстан туралы айтқан сөздеріне тіпті мән бермейтін болдық. Ресей тарапынан айтылған мұндай арандатушылық пікірлерге Қазақстанның ресми билігі тұңғыш рет Никонов мәлімдесінен соң, нота жолдап қуантқаны бар.

Көбінде көршілес елдің тарапынан айтылған мұндай даулы, арандатушылық пікірлерге санаулы ғана шенеуніктер мен қоғам белсенділері ашық пікір білдіріп, қарсы аргументтер айтып жүр.

Осы орайда Dalanews.kz редакциясы Қазақстанды Ресей пропагандасынан қорғайтын тұлғаларды түгендеп көрді.

Айдос Сарым

Белгілі саясаттанушы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Кремль пропагандасына екі тілде де, сауатты да ашық пікір білдіріп жүргендердің бірі.

Айдостың пікірлерін ұната қоймайтын Ресейдің мемсайттары саясаттанушыны «нацпат» деп айыптап, Американың мемлекеттік департаментінен «қаржы алады», «батысшыл» деп сипаттап жүр.

Ал саясаттанушының өзі қазақстандық журналистерге берген сұхбаттарында Ресейдің шовинистік көзқарасына қарсы иммунитет қалыптастыру қажеттігін және мұндай үлкен мәселелер көтерілген тұста үндемей қалуға болмайтындығын айтады.

СҚО-ны сақтап қалу үшін солтүстікті қазақыландыру мәселесін де депутат жиі көтереді.

«Ең үлкен проблема СҚО орыстың жері, қазақ деген бейшара, ондай ел болмаған» деген сынды әңгімелер. Осы тектес пікірлер тек қана саясаткерлердің емес, қарапайым Ресей тұрғындарының империалистік көңіл күйінен, философиясы мен дүниетанымынан туындайды. Проблема осында. Никонов қазақтың қытығына тиейін деп айтқан жоқ, олар үшін бұл стандартты дүниеге айналған. Кейде осындай үлкен шындықтар үшін айтатын нәрсені айтып, жасайтын нәрсені жасап қалу керек», – дейді саясаттанушы.

Досым Сәтпаев

Саясаттанушы Досым Сәтпаев та ресейлік мембасылымдар үшін «ұлтшыл». Қазақстандағы орыстілді аудитория көп оқитын сарапшы Ресейдің ықпалынан құтылу үшін Еуразия экономикалық одағынан шығу қажеттігін жиі айтып жүр.

«Өкінішке қарай, Ресейдің сыртқы саясатынан ішкі саяси тренді айқын көрінеді, мен оны «ретроспективті патриотизм» деп атаймын.

Ол өткенді аңсайтын күшті идеологиялық қоспаға негізделген. Қазақстан Еуразия экономикалық одағының (ЕЭО) мүшесі ретінде өзіне көп міндеттер алған. Өз басым республикамыз үшін сол жоба үлкен қателік болды деп санаймын. Бұл іске аспайтын өлі жоба, бірақ Ресей экономикалық емес, геосаяси мүддені алға қойып, оған жан бітіруге тырысып жатыр», – деп санайды саясаттанушы.

Арман Шораев

Арман Шораев – жер мәселесі, тіл мәселесі кезінде Кремль шовинистеріне видеосәлемдеме жолдап, оларды ашық пікірталасқа шақырып жүрген қоғам белсендісі.

Қазақтілді және орыстілді мектептерге қатысты да Шораев қоғамда қызу пікірталас тудырып жүр.

«Дәл қазір Мәскеудің орталығындамын. Қарапайым ғана нәрсені түсіне алмай отырмын, құрметті ресейліктер! Сіздердің іні-қарындастарыңыз үшін біздің елде 1500 орыс мектебі бар. 1 мектепте 2400 славян білім алады деп есептесек, 3 млн 600 славян орысша оқып жатыр. Енді 900 мың Ресейдегі қазақтарды есепке алып, математикалық пропорцияға салсақ, онда ең аз дегенде 360 қазақ мектебі болуы шарт.

Сіздер бұндай құқықты қазақтан басқа Ресейде тұрып жатқан татар, кавказдарға да бермей отырсыздар. Қайда сіздердің көпұлтты мемлекет болғандарыңыз?

Мен сіздердің үкіметке 360 қазақ мектебін ашуды сұрай алмаймын. Алайда өз елімдегі биліктен Қазақстандағы 1500 орыс мектебін жабуды талап ете аламын.

Әрине, сіздер ол кезде маған «фашист», «ұлтшыл» деп атыласыздар. Енді осыдан кейін өздеріңіздің кім екендеріңізді өздерің айтсаңыздар. Ұлы орыс шовинизмі болып қалсаңыздар, сіздердің болашақтарыңыз жоқ. Мемлекеттеріңізде осындай үлкен сұрақ тұр!», – дейді ол.

Мұхтар Тайжан

Соңғы кездері қоғамды дүрліктірген Сбер дауы, Жер дауында қазақтың мүддесі үшін күресіп, әлеуметтік желілерде өз пікір жазып, қоғамдық резонанс тудырып жүргендердің бірі – Мұхтар Тайжан.

Қоғам белсендісі қазақтың мүддесі туралы сөз қозғағанның бәріне «ұлтшыл» деп айдар таққан орыстілді басылымдардың өздерін не себепті ұнатпайтынын да жасырмай айтады.

«Бір кездері бізді жазғырған еді. «Ұлтшыл, ұлтшылдықтың жолында жүр» деп. Ресейшілдер, орысқұлдар осылай көкіген-тұғын. Ұлтшыл деп айыптай отыра біздің кімге, неге қарсы шыққанымызды аңдағысы келмеген.

Бірінші. Біз Кедендік одаққа кейіннен Еуразиялық одаққа қосылуға қарсы шықтық. Қарсы сөйледік. Банкротқа ұшырауы, тауар алмасудың құлдырауы соның айғағы.

Екінші. Біз Ресей полигондары мен гептилге қарсы шықтық. Ресейшілдер, орысқұлдар осқырынды. Бізді жаманатты қылмаққа тырысты.

Үшінші. Украинаны ақтап шықтық. Жақтап шықтық.

Төртінші. Жеңістің белгісі деп желеулететін – Георги лентасына қарсы шықтық. Өтірік. Ойдан шығарылған аңыз еді бұл.

Бесінші. Жерді шетелдіктерге сатуға қарсы шықтық. Басқан ізімізді аңдып отыратын ресейшілдер, орысқұлдар тағысын тағылар тасада қалды бұл жолы. Жұмған аузын ашқан жоқ. Қазақстанның жері тек «нацпаттарға» керек екен, түсінгеніміз.

Алтыншы. Үштілділікті енгізуге үзілді-кесілді қарсы шықтық», – дейді Тайжан. Мұхтарды да ресейлік БАҚ «қазақ ұлтшылдарының көшбасшысы», «мемлекеттің Ресейге қарсы жобасы» деп сипаттайды.

Қазыбек Иса

Белгілі журналист, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазбек Иса БАҚ-та болсын, депутаттық мінберде болсын, қазақ тілі мәселесін жиі көтереді. Шенеуніктің Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавл, Павлодар қалаларын қазақ хандарының атымен алмастыру туралы ұсыныс білдіріп келе жатқанына біраз уақыт болды.

Сбер дауы кезінде де Бағдат Мусинге депутаттық сауалнама жолдап, Ресейге Үкімет бюджетін беруге қарсы пікір білдіргендердің бірі.

«Бүкіл 19 млн қазақстандықтардың жеке мәліметі бар мемлекеттің электрондық үкіметін түгел шет мемлекетке – Ресейдің Сбербанкіне бере салуды қалай түсіндіресіз?!. Бұл биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе? Сіз «бұл келісімшарт емес, меморандум» дейсіз, бәрі меморандумнан басталады. Дауылдың алдындағы жел тұратыны секілді.

Өйткені бұл меморандумға Үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойып отыр ғой. Өзіңіз айтқандай, бұл қоғамда үлкен қарсылық туғызып, шу болуда. Бұны сіздің жауабыңыз да қанағаттандыра алмады», – деді депутат ресми сауалында.

Берік Әбдіғали

Мәскеу Тоқаевтың тұсында билікке келген біраз азаматтан қауіп күтетінін жасырмайды.

Солардың бірі – Берік Әбдіғали. Мәжіліс депутатының мемлекеттік тілге қатысты батыл ұсыныстары Кремль идеологтарының құлағына түрпідей тисе керек.

«Қазақтандыру саясатының бастауында тұрған бірден-бір тұлға осы кісі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының белсенді мүшесі. Оның сөздерінде Ресейге деген ыза, ызғар бар. Ресейді басқыншы, озбыр, астамшыл мемлекет ретінде дәріптегісі келеді. Түркістан легионын ақтау бастамасының басы-қасында жүрген де дәл осы – Берік Әбдіғали.

Қазақстандағы орыстілді аудитория ұлтшылдардың тегеурініне төтеп бере алмауда. Соғыс кезінде немістердің сойылын соққан «нацист» Мұстафа Шоқайды ақтау науқаны солардың қолымен жүзеге асты. Оған ескерткіш қойғаны аздай, қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға ретінде фильм түсіруде. Бұл қалай болғаны?!», – дейді ресейлік пропаганда.

Кремльге қарасты ақпарат құралдарының назарына іліккен тағы бір тұлға қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров.

«Орыс мәдениетінің стратегиялық қоры» бөгде елдің лауазымды қызметте отырған азаматын ұлтшыл, орыстандыру саясатын теріс тұрғыда көрсеткен арандатушы деп ашық айыптайды. Оның бұған дейін «Түркі академиясының» вице-президенті болғанын, Түркі елдерін бір тудың астына біріктіруге атсалысқанын бетіне салық қылады.

Ресейдің пропагандасының тұспалдауынша, ақпарат саласына мұндай тұлғаның келуі Ресеймен арадағы ақпараттық-идеологиялық жұмыстың тұралауына алып келеді. Омаров Мәскеумен ат құйрығын үзісіп, түркі елдерімен арада ақпараттық кеңістік қалыптастыруға тырысады.

«Оның орыстар туралы лас сөйлегенін ұмыта қойған жоқпыз. Қазақстандағы орыстілді аудиторияны диаспораға теңеп, дәрежесін түсіріп тастаған. Қазақстандағы орыстар ешкімнен құқай көрмей, бейбіт өмір сүргені үшін алғыс айтуы керектігін талап еткен», – дейді «Орыс мәдениетінің стратегиялық қоры».

Аталған тізімде еліміздегі қазақ мектептерін, қазақтілді оқулықтар санын арттыруды қолға алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен «Тіл патрульдерінің» позициясын қатты сынамауға шақырған президент көмекшісі Ерлан Қарин де бар.

Бұған дейін Асхат Аймағамбетовке қатысты ресейлік БАҚ-тың пропаганда мен жалған айыптауға толы материалдарына шолу жасаған болатынбыз. Ресейдің бірқатар ірі басылымдары Асхат Аймағамбетовті, жоғарыда аты аталған Айдос Сарым, Ерлан Қаринді ешқандай «кланға» кірмейді дей келе, АҚШ-тан «қаржы алып отырған» батысшыл шенеуніктер деп айыптайды.

Әзірлеген, Айжан Қалиева

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618