Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық-қанығы 6144 5 пікір 30 Қараша, 2021 сағат 18:56

Fact check: Kaspi-ге де тықыр таянды ма?..

Таяуда Сенат отырысында ҚР Салық заңнамасына енгізілген түзетулер бекітіліп, «мобильді төлем» ұғымы пайда болды. Бұл ұғымның сипаты: Қазақстанның кез-келген азаматы онлайн аударым жасағанда, ақшаны алған кәсіпкер салық төлейді. Жеке кәсіпкердің есепшоты тексеріліп, салық комитетіне мәлімет беріліп отырады. Билік өкілдері  бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін жасалып отырған шара деп есептейді.

Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев «мысалы, тұрғындар тауар сатып алғанда мобильді қосымшадағы «нөмірге аударма»  арқылы алған затының ақысын төлесе, ендігі кезекте «төлем жасау» белгісін басып барып тауар ақысын төлейді. Бұл ешқандайда бизнеске әсерін тигізбейтінін, салықтың көлемі, салық төлеу уақыты бұрынғыдай өз қалпында қалатынын» айтты.

Мобильді қосымша арқылы жасалатын ақша аударымына салық салу туралы заң өзгерісі 2019 жылдан бері көтеріліп келеді.

Қаржы министрі Әлихан Смаилов екі жыл бұрын:

«Әрине, Қаржы министрлігі қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсуі көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ықпал ететінін түсініп отыр. Қаржы министрлігі мұндай аударымдардан қандай да бір қосымша төлем алуды немесе салық салуды жоспарламайтынын атап өткім келеді. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарын тексермейді, банктермен бірлесіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру бойынша ыңғайлы және заманауи инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс істейтін боламыз», - деген болатын Министр.

Әлихан Смайловтың айтуынша, бұл өзгеріс кәсіпкерлерге қатысты. «Заңнамаға сәйкес кәсіпкерлер фискалдық чектер беруге, ал, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап онлайн – бақылау кассалық машиналарды пайдалануға міндетті» екенін айтып, ақша аударымдарына арналған қосымшаларды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану бизнесмендерді салықтан босатпайтынын атаған.

2019 жылы Abai.kz ақпараттық порталында аталған мәселеге қатысты «Салықтан қашқан миллионерді халықтың қалтасынан іздеудің қажеті жоқ» атты мақала жариялаған едік.

Салық кодексіндегі өзерістер ел арасында кең талқыланып, көпшілік арасында түсінбестік болған еді. Бүгінде осы заң жобасы Президенттің қарауына жіберіліп, қол қойылуын күтіп отыр.

Белгілі заңгер Жангелді Сүлейменов «ақша аударымдарын тексеру» идеясын жүзеге асыруда техникалық мамандар қате бағдарламалық өнім жасап шығаруы мүмкін деген болжамын айтты.

«Қисық» заң жасайды да, банктердің бағдарламалық жүйесін одан әрі «қисайтады». Бағдарлама жасаушылар идеяны одан әрі құрдымға кетіреді, нәтижесінде ештеңе жоқ. Кез-келген электронды төлем жасағанда банк автоматты түрде бюджеттің пайдасына 10 не 20 пайыз ұстап қалады. Енді осының әсерінен, 11 не 25 пайызға дейін барлық тауар қымбаттайды», - дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша шенеуніктер салық салу жүйесін түсінбейді. «Аударым» дегеніміз ақшаның бір шоттан екінші шотқа қарапайым ғана «орын ауыстыруы», ал, «төлем» бір нәрсе алғанда соның ақысын беру. Бірақ барлық аударымдар төлем болып саналмайды.

Оның айтуынша, салық: ол – тауарды, жұмысты, қызметті сатқаннан түсетін кіріске салынатын  есептеу әдісі, ол ақша түсіміне қатысты есептелмейді. Заңгер ақша қозғалысы салықтармен байланысты емес дейді.

«Шенеуніктер табыстың не екенін түсінбейді. Заң бойынша, кіріс-бұл бір нәрсені сатудан түскен ақша. Басқа да кірістер бар, бірақ олар аз. Олардың үстінен салық төлемейді. Олар салық салынуы тиіс табысқа салық төлейді, бұл кірістер мен шығыстар арасындағы айырмашылық. Заң бойынша, компаниялар мен азаматтар өздерінің кірістерін декларация тапсыру арқылы көрсетеді. Мұндай жүйені бұзудың қажеті жоқ», - деді Жангелді Сүлейманов.

Ол шенеуніктердің бұл әдісі салық төлеушінің адалдық принципіне негізделген Салық кодексіне қайшы келетінін айтады.

Бұған дейін Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов электрондық ақша аударымдарының бір бөлігіне салық салынуы тиіс екенін, себебі оның табыс әкелетінін айтқан болатын.

«Барлық төлем туралы айтудың керегі жоқ. Балансыңызды толтырған болсаңыз немесе жақындарыңызға көмек берген болсаңыз, бұл есептелмейді. Бәрі жеке қарастырылады. Бұл барлық электронды транзакцияға қатысты. Коммуналдық қызмет ақысын төлесеңіз немесе ұялы телефон баллансын толтырсаңыз, ол сомаға салық әуелден салынған. Жеке аударымдарды, қаражатты алушы бар. Оны салық қызметі бақылайды. Бұл барлық банкке қатысты. Салықты табыс тауып отырғандар ғана төлейді», - деді Шолпанқұлов.

Кодекстегі онлайн төлемдерге байланысты өзгеріс кәсіпкерлердің заңды жұмыс істеуіне алып келеді. Яғни, жолаушы тасып нәпақа табатын жүргізуші немесе базарда сатумен айналысатын адам зейнетақы жарнасын төлеп, медициналық сақтандыру ала алады. Кәдімгі тіркелген кәсіпкер ретінде жұмыс істейді деген сөз. Нарықтағы көлеңкелі ақшаның шығуына көмектеседі.

Ел ішінде бұл заңға қатысты алып-қашпа әңгімелер жайылып, әлеуметті желілерде де әртүрлі ақпараттар таралған. Тұрғындарды «қолма-қол ақшаға көшеміз бе» деген сұрақ мазалайды. Сондықтан да аталған мәселе қазір қазақ қоғамында қызу талқылануды. Сарапшылар өз пікірлерін ортаға салып, мәселенің мән-жайын түрліше бажайлауда.

Нақтылық үшін:

1. «1 желтоқсаннан бастап Kaspi аударымдарына салық салынады екен», - деген сөз шындыққа жанаспайды.

Kaspi аударымдарына деген сөзді ұмытыңызшы. Бұл барлық банктердің мобильді қосымшаларындағы әзірше аударымдарға қатысты. Әзірше деп отырғанымыз, мұнда екі түсінік бар, біріншісі аударым, ол жеке адамдардың бір-біріне аударымдары. Оған салық та салынбайды, қадағаланбайды да. Екінші түсінік - төлем. Ол жеке адамдардың кәсіпкерлік қызмет не тауар ақысы үшін аударым арқылы жасаған төлемі. Бұл бақыланады, салық төлеуді сұрайды.

Уақытына келсек, білуімізше бұл заңға Президент әлі қол қойған жоқ. Мәжіліс, Сенат бекітті. Қол қоюға жіберілді. Қол қойылып, ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.  1 желтоқсан немесе 1 қаңтар деген нақты мерзім жоқ.  Әзірше, жауын жауған жоқ, қолшатыр іздеп дүрлікпеңіз.

2. «Кез-келген адам ұялы қосымша арқылы аударым жасаса салық ұсталады екен», - деген сөз. Бұл нағыз аңыз.

Жоқ, бұл өзгерістің жеке адамдардың аударымдарына еш қатысы жоқ. Дос, туыс, жақындарыңызға бұрынғыдай ары-бері еркін аударым жасай бересіз. Сізден ешкім «не үшін қабылдадың, не аудардың» деп сұрамайды. Жеке тұлғалардың аударымында ешкімнің шаруасы жоқ. Бұл өзгеріс тек мобильді қосымшадағы аударым қызметі арқылы қызмет не тауар ақысын қабылдап, салық төлемейтін кәсіпкерлерге қатысты. Негізі әу баста аударым тек жеке тұлғалардың өзара ақша аударымына арналған. Оңай, жылдам, жеңіл болғандықтан кәсіпкерлер қызмет не тауар ақысын қабылдай бастады. Адамдар оған үйреніп алды. Кез-келген кәсіпкерлік қызметтен түскен табысқа салық салынады. Мемлекет бұған дейін ескертіп келген, енді  Заң жүзінде бекітті. Кез-келген адамның аударымынан салық, комиссия ұсталмайды. Бұл өзгеріс тек кәсіпкерлерге қатысты.

3. «Кәсіпкерлер (дүкендер, бутиктер) қолма-қол ақшамен ғана аламыз», - дейді.

Көп кәсіпкерлер қолма-қолға көшсек салық төлемейміз деп ойлайды. Бұл қате. Қолма-қол төлемге де салық салынады. Кез-келген кәсіпкерлік қызметтен түскен табысқа салық салынуы керек. Төлем ақысын қолма-қол не онлайн алса да, кәсіпкер төлем түбіртегін беруі керек.

4. «Зат сатып алу кезінде аударым арқылы төлесек +3% сұрап жатыр», - дейді.

Бұл заңсыз. Өйткені Заң әлі күшіне енген жоқ. Кәсіпкерлерді ешкім әлі бақылап жатқан жоқ. +3% алғандар түбіртек беріп жатқан жоқ. Кәсіпкерлердің көпшілігі патент негізінде жұмыс жасайды. Ол жерде салық 1% ғана. Әрі кәсіпкерлер микро, шағын бизнес 2023 жылға дейін салық бойынша жеңілдік алған. 3% салық төлемейді, оларды дәл қазір ешкім тексермейді. +3% қазіргі жағдайды пайдаланып, ақша алып қалу. Салық органдарына шағымданыңыз.

5. «Бұл өзгеріс тек Kaspi-ге арналған», - дейді.

Жоқ. Заңда Kaspi туралы бір сөз жоқ. Заң барлық банкке ортақ, яғни барлық банктердің мобильді қосымшаларындағы әзірше аударымдар, жалпы төлемге қатысты. Кейбір кәсіпкерлердің Kaspi аударымды тоқтатып, басқа банктің аударымына көшсем, салық төлемеймін деген қате. Барлық банк заң талабын орындауға міндетті.

6. «Kaspi Gold-пен төлем қабылданбайды», - деген ақпарат тарап жатыр.

Бұл қате ақпарат. Кез-келген жерде Kaspi Gold-пен төлем қабылданады. Kaspi Gold жұмыс істеп тұр. Тек кәсіпкерлер жаңа өзгерістерге байланысты аударым арқылы төлем қабылдамайтынын айтып тұр. Бұрынғыдай қолма-қол қабылдауға көшпекші. Бұл салықтан жалтару. Сіз онлайн, қолма-қол қабылдаса да, түбіртек талап етіңіз.

7. «ИП, ЖШС» бар, бірақ күнделікті аударымға қатысы жоқ кәсіпкерлер де бақылана ма?

Күнделікті аударымға қатысы жоқ ГПХ негізінде айлық, қаламақы, қызмет ақысын алатын кәсіпкер ретінде тіркелуге мұқтаж болғандарға алаңдауға негіз жоқ. Бұл күнделікті қызмет не тауар ақысын, мысалы: дүкендер аударым арқылы қабылдайтын кәсіпкерлерге қатысты. Күнделікті қызмет не тауар ақысын қабылдамасаңыз алаңдамаңыз.

8. Заңды салығын төлеп, қызмет не тауар ақысын онлайн қабылдағысы келетін кәсіпкерлер не істеуі керек?

Кәсіпкерлер тауар не қызмет ақысын бұрынғыдай жылдам, онлайн қабылдай алады. Ол үшін Kaspi Pay мобильді қосымшасын тегін жүктеп алып, пайдаланса болады Бұл  Kaspi.kz қосымшасының бизнеске арналған түрі. Тауар айналымы үлкен болса, банк 2 айдан кейін  тегін POS терминал орнатып береді. Игілігі көп. Мысалы: тауар айналымы үшін қосымша арқылы несие алса болады.

9. Банкоматқа кезекке тұрамыз ба, қолма-қол ақшаны қайта алып жүреміз бе?

Алып жүрмесеңіз де болады. Кәсіпкерден мысалы: дүкен иесінен онлайн төлеу мүмкіндігін қарастыруды талап етіңіз. Бизнесін дамытқысы келген адам төлем алудың барлық түрін қарастыруы керек. Егер қолма-қол төлеуді талап етсе, онда түбіртек талап етіңіз. Түбіртек талап етсеңіз, бәрібір салық төлейтіндіктен, онлайн қызметтерді де қосады. Мемлекеттің талап етіп отырғаны қолма-қол немесе онлайн қосымшалар арқылы бизнес мақсатта төлем қабылдадың ба, табыстан салық төле. Тек осы ғана.

Айжан Темірхан 

Abai.kz

5 пікір