Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2832 0 пікір 15 Тамыз, 2012 сағат 13:04

ДИПЛОММЕН БАЗАРҒА

«Алтын орда» базарындағы саудагерлердің 70 пайызы жоғары білімді екен деген ақпарды естіп, Алматының төменгі кіреберіс жеріндегі алып базардың «ауа райын» аңдауға аттандық. Мұндай мәліметті «Алтын орда» басшысының орынбасары Алтай Маусымбай айтпаса, біз де ол жаққа асықпас едік. Анау-мынау емес, базардағы сатушының 70 пайызында жоғары білімнің болуы - ойланатын мәселе.

«Алтын орда» базарындағы саудагерлердің 70 пайызы жоғары білімді екен деген ақпарды естіп, Алматының төменгі кіреберіс жеріндегі алып базардың «ауа райын» аңдауға аттандық. Мұндай мәліметті «Алтын орда» басшысының орынбасары Алтай Маусымбай айтпаса, біз де ол жаққа асықпас едік. Анау-мынау емес, базардағы сатушының 70 пайызында жоғары білімнің болуы - ойланатын мәселе.

«Алтын орданы»  бейне бір  Алматыдағы тоғыз жолдың торабы дерсіз. Кім келіп, кім кетпейді бұл маңайға?! Бұл базардың тауары әрі арзан, әрі тиімді болғандықтан, қарақұрым халықтың қарасы көп. 
«Базарда екі ақымақ бар: бірі - сатушы, бірі - сатып алушы» дейтін баяғыдан қалыптасқан қағида бар. Бірақ бүгінгі сатушыны ақымақ деп айтуға аузыңыз бармас. «Біздің базарда жұмыс істейтіндердің 60-70 пайызы жоғары білімді. Бұл жоғары оқу орындары дайындаған дипломды мамандар жұмыс таба алмағандықтан, базарға келіп өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді», - деп бастады сөзін «Алтын орда» ЖШС директорының орынбасары Алтай Маусымбай. 
-  Ел-жұрттың басым көпшілігі «Базарда ауылдан келген «ауылбайлар» жұмыс істейді» деген пікірде. Олардың ойынша, айтқан сөзді ұқпайтын, айдағанға жүрмейтін есерсоқ, бір ұрты май, бір ұрты қан, заңға бағынбайтын қараңғы халық екен базардағылар. Мен өзім базардың әкімшілігінде жұмыс істегендіктен, күн сайын базардағы сатушылармен бетпе-бет сөйлескендіктен, кімнің кім екенін ажырата аламын. Иә, ондай сөз түсінбейтін адамдар баршылық. Бірақ, мұнда  жоғары білімділер де жұмыс істейді. Қалада туып-өскен, оқыған азаматтар. Ол - дәрігер не мұғалім, болмаса медицина қызметкері, инженер, т.б. Базардағының бәрі бірдей заң бұзып отыр деп ешкім айта алмайды. Анау жайма базарда тұратындардың шын мәнісінде ақшасы жоқ.  Сосын лаж жоқ, далада сауда істейді. Жалға орын алуға шамасы жетпейді. Жоғары білім туралы айтпай тұрайық. Міне, мұндай саудагер заңмен «жүрмейтін» дөрекі болып келеді. 
Ал мұндай келеңсіздікті реттейтін кім? Мемлекет осының бәрін қадағалауы тиіс. Сондықтан, әйтіп-бүйтіп нәпақасын айырып жүрген қарапайым халықты бас салып балағаттай беруге болмас. 
- Сіз мұндай мәліметті тек «Алтын орда» базарының шеңберінен алып айтып отырсыз ба?
- Жоқ, Барахолканы, қаладағы базарларды да көріп, біліп айттым. Мәселен, мен өзім 1992 жылы «Рахат» базарында сауда істедім. Негізі, сол базарды бірінші болып ашқан біз едік. Ол кезде ел экономикасының тұралап тұрған кезі. Халықтың күйі болмады. Базарға келген көптеген дәрігер, мұғалімдерді білемін. Керек десеңіз, араларында доценттер де кездесті. Саудамен айналысып, отбасын асырады. Басқалай жол қалмаған еді. Сөйтіп жүріп олар  2000 жылға жетті. Сауда айналымы көбейіп, бизнестері аяғынан тұрып, жұмысшы жалдап тірліктерін түзеді. Олар тек көтерме сауданы дөңгелетіп жүрді. Жағдайларын дұрыстап алған соң, қайтадан өз салаларына кетті. Осылайша, еңсесін тіктеп алған біраз кісілерді жақсы танимын. «Алтын орда» базарында да кәсіпкерлер бар. Базарда бір-екі, тіпті көптеп сауда орындарын ашып қойған. Сатушы ұстайды. Өзі би, өзі қожа. Ал оның несі жаман?!  Мамандықтары - заңгер, экономист, т.б. Ал қазіргі таңда екінің бірі - заңгер, екінің бірі - экономист. Сосын оларға қалай жұмыс табылсын?! 
Бұлай айтқан себебім, қазір жоғарғы оқу орындары жоспарсыз, сосын сапасыз кадр дайындауда. Жыл сайын пәленбай мың студент қолына диплом алады. Ал оның қанша пайызы жұмысқа орналасады? Әсілі, жұмыс жоқ оларға. Сосын базарға бет бұруға тура келеді. Мұны бейресми  статистикада «өз-өзін жұмыспен қамтығандар» дейді. Жаңадан ЖОО бітірген түлек те халықтың сол бөлігіне кіреді. Олардың нендей іспен айналысып, қалай күн көріп жатқанын ешкім білмейді. Базарда жоғары білімі бар кісілер өте көп дегенім де содан. Бірақ олар статистикаға тіркелмейді. Бұлар туралы мәліметті ешқайдан кездестірмейсіз. Мұндай тығырықтан шығар жол қайсы?! ЖОО сапасыз кадрдың көлемін азайтуы тиіс. Бұл енді мемлекеттің жұмысы. Егер мемлекет өндіріс орнын салып, жұмыс орнын ашса, базарда жұмыс істейтіндер өндіріске барады. Ал мұны ешкім қозғағысы келмейді. 
Осы жерде сұхбатымыз тәмамдалғандай. Диктофон сөндірілді. Қарсылы-берсілі жүргіншінің дауысы мен автобустың ара-тұра гүрілдеген даусы базардың қақ ортасында орын тепкен әкімшілік ғимараттының ішіндегі біздің құлақтың түбіне жетеді. Алтай аға аз ғана ойланып отырып, қайтадан сөз алды. Тыңдап отырсам, базардың біраз шындығы көлденеңдейді. Ресмилік, салтанаттылық еркіндікке кедергі келтіреді деген рас қой. Диктофонсыз біраз әңгіменің басын шалыппыз. 
Алтай Кәрімбайұлы базардың нақ қыж-қыж қайнаған ортасында қайнап жүріп, қоғамның кеселді көріністеріне әбден «қанығыпты». «Алтын орда» басшысының орынбасары 90-жылдарға дейін 21 жыл дәрігер болып жұмыс істеген екен. Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысында хирург болып бастаған ол кейіннен Алматыдағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің (ол кезде - институт - авт.) қабырғасында табаны күректей жылдар бойы ел медицинасына еңбек сіңірді. 90-жылдарда өріс алған дағдарыстың уақтысында 1200 теңге айлықты қанағат тұтуға тура келіпті. Үйде шиеттей бала. Сол 1200 теңге үшін күні бойы студенттермен жұмыс істеп, кешқұрым, тіпті түні бойы  такси айдап, тиын-тебен табатын кезең туды. Халық көрмеген көрімді көрді. Кедейлік төркінін «еңбек жоқ, харекет жоқ, қазақ кедей» деп ұлы Абай көрсеткен-ді. Жұмыссыздық жайы, қаржы мәселесі  жұртты базарға қарай жетеледі. Әңгімелесушіміздің өзі айтқандай, сол кезеңдерде базарға ағылғандар ар жақ, бер жағын бүтіндеп алды. Барахолкадағы «Рахат» базарында саудамен айналысып, екінші жоғары білімін алды. Заңгер мамандығын қосымша меңгеріп, бүгінгі қызметіне қол жеткізді. Қазір бір емес, қос дипломы бар қолында. 
Қош, базар басшылығы солай деді. Бұл ақпараттың рас-өтірігіне көзімізді жеткізу үшін «Алтын орданың» ортасына қойып кеттік. Аяқкиім сататын қатармен келе жатып, көзіне көзілдірік таққан келіншекпен тілдестік. - Жоғары білімім бар. Математикпін. Институтты бітірген соң, мектепке мұғалімдік жұмысқа кіргенмін. Көз көру қабілетімнің нашарлы­ғынан (-12) бала оқыту мүмкін болмады. Сосын бір таныстарым арқылы базарға сатушы болып орналас­тым. Егер денсаулығым дұрыс болғанда, мұғалімдікті алып жүрер едім», - деп ағынан жарылды Шолпан Сәндібаева. 
«Бұл базарда Өзбекстан, Қырғызстан, өзіміздің Оңтүстік Қазақстан облысынан келгендер көп. Олар сатушы болып жұмыс істейді. Ал егелері тауар жеткізумен айналысады. Нағыз оқығандар - солар. Сол үшін қазір оларды орнынан табу қиын-ау», - деп қалды өзін Жоламан деп таныстырған жігіт ағасы.  Дегенмен бизнесменмен бетпе-бет жүздесерміз деп ары қарай жылжи бердік. Арақ-шарап сататын қатарда  Ораз деген кісіні жолықтырдық. Кезінде Ауыл шаруашылығы институтын қызыл дипломмен бітіріпті. 20 жылдай мемлекеттік мекемеде инженер болып істеген. Үкіметтің аз-мәз айлығы шайлыққа жетпейді. Амал жоқ, саудаға тұрақтаған. Ораз Асанов та басшының сөзін растады. Айтуынша, бұл базарда «дипломды сатушы» көп. Бір байқағанымыз, дипломды сатушы 30 жастан асқан, бірақ 55-ке жетпеген. 
- Осы жерден жүрмесеңдер болмай ма?! Иии, өңкей атаңа нәлеттер! - деп бір ақ жаулықты апамыз тәшкі айдайтын ағаның адымын аштырмады. Аузына қара ит кіріп, көк ит шығады. Өзі ап-арық ағамыз бұл «құрметке» қарсы ешнәрсе көрсете алмай, тәлтірең-тәлтірең етіп кетіп барады. Көкөніс пен жеміс-жидек сататын қатармен мен де ұзай бердім. Ойыма Мұхтар Әуезовтің «Оқыған азаматы» орала берді. ХХ ғасырдағы «оқыған азаматтар» жайлы көркем  шығарма. Анам  «Оқығанның да оқығаны бар» деп отырушы еді. Қазір қалтада ақша болса, бәрін де сатып алуға болады. Ал базардағыларда ақша аз емес. «Алтын орда» қызметкерлерінің 70 пайызы жоғары білімді дегенге сенген көңілімді ақ қасты, ақ шашты анамыздың қылығы су сепкендей басты. Бұл кісінің дипломы жоқ болса да, өмірдің бірнеше дипломын алғаны аян. Мәселе көк немесе қызыл қағазда емес, адамның сана-сезімінде екен ғой деген ойымды «оқыған азаматтар» оқи қоймады. Өйткені, сауданың, қып-қызыл ақшаның соңындағы  олардың мұрын сіңбіруге уақтысы жоқ еді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

«Жас қазақ» газеті

0 пікір