Жұма, 19 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 11129 37 пікір 30 Қараша, 2021 сағат 18:27

Ресей: Қазақстан билігінде ұлтшылдар көбейді

Ресей билігінің ақпараттық шабуылы соңғы екі жылда үдей түсті. Аумақтық тұтастыққа күмән келтірген Ресей шенеуніктері, биыл «елімізде орыс тіліне қысым бар» деген желеумен түрлі ақпараттық шабуылдарды арттырды. Аталмыш ойдан шығарылған мәселе арқылы ішкі саясатымызға да араласуды шығарды. Енді міне, Ресейлік ақпарат көздері тағы да байбалам салып жатыр. Бұл жолғы тақырып қазақ тілінде көше, мәзір, елді-мекен атауларын ілуге қатысты.

«Газета.ру» сайты «Русские здесь не дышат»: как Казахстан отдаляется от России» деген мақала шығарып, Ресей аумағында тағы да ақпараттық шу тудырды. Қазақстан билігін жерден алып, жерге салуда.

Қазан айында Қазақстан Парламентінде нұсқаулықтарды, көше аттарын, мәзір мен жарнамалық баннерлерді және басқа да нысандарды қазақ тілінде жазуға қатысты ұсыныс айтылған еді. Орыс тілін тек қажет болған жағдайда ғана қолдану айтылған болатын. Бұл әрине, Тәуелсіз елдің өзіндік құқығы және мемлекеттік тілді дамытуға қатысты бір қадам. Алайда Ресей билігі бұл ұсыныстан орыс тілінің деңгейін төмендетуді көретіндей.

«Газета.ру» сайтына Ақ жол партиясының басшысы Азат Перуашев пікір білдіріп, былай деді:

«Мысалы Парламенттегі көптеген баяндамалар орыс тілінде жасалады, әрине бұл біздің, қазақтардың арасында сұрақ туындатады. Неге өз тіліміз екінші орында тұр? Қазақтар елдегі саны басым ұлт қой! Мысалы, орыстар Ресейде орыс тілінде сөйлейді және онда тұрған ешқандай мәселе жоқ. Мен жеті жыл Ресейде тұрдым, ешқашан менімен орыс тілінде сөйлесті деп шағымданған емеспін. Қазақстанда да өз тілінде сөйлескісі келеді, бұл қалыпты жағдай. Ал түрлі ілінетін нұсқаулықтарға келетін болсақ, елімізде қазақтың үлесі 80%-90% болатын өңірлер бар, онда қазақ тілінде сөйлейді. Керек болса орыс тілінде де ілсін, бірақ оны міндетті ету қажет емес». 

Азат Перуашев Қазақстанда көптеген этнос өкілдері тұрса да, мемлекеттік тілді алға жылжыту маңызды екенін айтады.

«Мен фракция отырысын мемлекеттік тілде өткізуге тырысамын. Және біз мемлекеттік тілді мемлекеттік саясатта қолдану қажеттігін түсінеміз», - дейді Мәжіліс депутаты.

«Газета.ру» сайтына пікір білдірген ТМД елдері бойынша институттың Орталық Азия және Қазақстан бойынша бөлімшесінің басшысы Андрей Грозин болса қазақ тіліне қатысты реформаларды, мемлекеттік саясатқа күмәнмен қарайтынын жеткізіпті.

«Бұл нағыз сандырақ. Қазақстан өзін орыс әлемінен барынша аз байланыстыру үшін осылай етуде. Бұл әрине ол жақта қалған 3 млн орысқа да әсер етеді», - депті Грозин.

Грозиннің ойынша Қазақстан билігінде ұлтшылдар саны артып келе жатыр және ол оны үреймен қабыл алатынан айтады.

«Олар көптеген кеңістіктерді алып жатыр. Президент Тоқаевтың тұсында олар билікке шығып, үндері жарқын бола бастады, ал Назарбаев тұсында олай емес еді, ол кезде оларды тек қана қолданатын. Олар Назарбаев тұсында қарғыбауда болды, бақыланды. Ал қазір олар Президент әкімшілігінде, Үкіметте, Парламентте отыр. Әзірге олардың саны көп емес, бірақ бұлар өз соңынан идеяластарын ілестіреді. Біреуі пайда болған жерде, екі жылда оны пайда болады», - дейді сарапшысымақ.

Шовинист Грозиннің ойынша Тоқаев әлсіз және елдегі жағдайды толық бақылауда ұстап отырған жоқ. Оның өз аузымен сөйлетсек былай:

«Ол осал тұлға және елдегі жағдайды толық бақылауда ұстамайды. Ал түрлі топтар ұлтшылдарды өзара күресте қолдануда. Назарбаев ұлтшылдарға тым көп еркіндік беру солтүстік көршінің титығына тиетінін білді. Мүмкін оны Тоқаев та түсінеді, алайда мардымды ештеңе істей алмайды», - депті Андрей Грозин.

Қазақстандағы мемлекеттік тілді дамыту бойынша реформа Ресейді алаңдататыны анық. Мәскеу ең соңғы сенімді одақтасы өзінен алыстап кетеді деп ойлайды. 2025 жылы латын әліпбиі негізінде жаңа алфавитке өтуді олар орыс тіліне жасалған қастандық деп түсінеді. Еліміздегі көше мен қала аттарын ауыстырып, тарихи атауын беруді де солай қабылдайды. Ал тарихи әділеттілік орнату мақсатында комиссиялар құруды тіпті қолдамайды.

Abai.kz

37 пікір