Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 6534 1 пікір 30 Қараша, 2021 сағат 16:54

«Кешіктім бе... кешір мені, Мекенім!»

Патша көңіл, сұңғыла қазақ оқырмандарының назарына өзімізге бауырлас, тілі бір, тілегі бір көршілес қырғыз елінің аққан жұлдыздай ғұмыры қысқа болған жас ақыны, журналист, публицист Зайырбек Ажыматовтың шығармашылығы жөнінде қысқаша жеткізуді ұйғарып отырмыз.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы барлық одақтас республикалардың әртүрлі салалардағы ұйымдарын, болмаса жекелеген өкілдерін біріктіріп, басын қосып тұрған құрылымдардың да жоқ болғаны белгілі. Алайда сол кезеңнің өзінде мұндай бірлесу, әсіресе әдеби, идеологиялық салада тек қана бір орталықтан, Мәскеу арқылы жүзеге асырылып, ноқталы бақылау мен мақсатты шектеулерден аса алмағаны аян. Тіпті, этникалық, мәдени дәстүрлік, тілдік жағынан әбден жақын елдердің, соның ішінде туыстас орталықазиялық республикалар арасындағы байланыстың өзі тікелей емес, үшінші тараптың, өзге тілдің араласуына мәжбүрліктен шыға алмады. Мұның нақты көрінісі деп одақтағы республикалардың барлық орта және жоғары оқу орындарында орыс тілі мен әдебиеті міндетті түрде оқытылғанымен, ең жақын бауырлас халықтардың тілі, әдебиеті, мәдениеті ресми түрде өзара оқытылмай, тікелей аударылмай, жеткізілмей келгендігін айтуымыз лазым. Бәлкім, сондықтан да болар, тіпті, күні бүгінге дейін біздер бір-бірімізді жатырқамай жақын біліп, іштен түсініп, тілекпен, ниетпен қабылдап отырмыз деп айтуға әлі ерте. Ендеше, осынау маңызды тақырып соңғы кезеңдері елеулі оң қадамдар жасап отырған бауырлас түркі елдерінің арасында күн тәртібіне әлі-ақ қойылары күмәнсыз. Өйткені қалай болмасын, экономикалық, саяси білестіктер идеялық, рухани негізбен қамтылмаса, келешекте баянды болуы екіталай.

Бір тауды бөлісіп, бір бұлақтан су ішісіп отырған қырғыз жұртының талантты ұлы Зайырбек Ажыматов елінің егемендік алған сәтіндегі бозбала, одан кейінгі сан түрлі кезеңдерді үмітке толы ұшқынды жастық шағында, атқа мінер азаматтық отты жылдарында өткізді. Қырғызстанның бірқатар республикалық  басылымдарында, телевидение мен радиода журналист, публицист болып еңбек еткен Зайырбектің өз халқына қатардағы тілші емес, ең алдымен қаламы ұшқыр талантты, азулы ақын ретінде танылып мойындалғанын байқаймыз. Оның тым ерте үзілген шығармашылығының көзге оттай басылатын белгісі - ерекше ұлтжандылық, елжандылық, отансүйгіштік,  өртеніп тұрған патриоттық деу қажет. Әрі мұның барлығы жалаң, бос ұрандармен емес, ел шежіресінің, ұлыс болмысының, ер Манас рухының өзінен алынып, бүгінгімен бірге ұштастырылуында. Рухы жоғары мұндай жырлары әсіресе егемендіктің мол үміттерге толы алғашқы аңғал жылдары дүниеге келгені қапысыз сезіледі:

Көтер басты, ұлыстасым, қандасым,
Көкіректе ұлы намыс қайнасын.
Әрбір қырғыз аманаты Манастың,
Хан тұқымы құлға айналып қалмасын.

Көк тәңірге, кең әлемге түйіскен,
Байғұс болма басты төмен иіп сен.
Бізге тәңір берген ұлы тауларды,
Бар дүниеге қарасын деп биіктен.

Тәуелсіздіктің күрделі жолына түсіп, тәжірибесіздікпен адасудың, ел үміт артқан енді біреулердің әзәзілдің артынан еріп өз халқын, отанын опасыздықпен алдаулары салдарынан туған жұртының талай тығырықтарға тірелуіне, ақшаның, дүниенің, дарақылықтың құлдығына айналған замандастарының кейпіне күйзеле отырса да жас ақын бір сәт үнсіз қала алмайды. Ондайда «Нөлге толы жылдар» жырында шамырқанып:

Ақыл – нөл, жан дүние - нөл, санам да нөл,
Сүю – нөл, достығы - нөл, адам да нөл.
Жылдар  – нөл, даму болмай шегерінген,
..Ырлар  – нөл, оқырман - нөл, заман да нөл.

Пикет - нөл, митингтер - нөл, жалған бәрі,
Ел толқыды екі рет, пайда алмады.
Көлігінің нөмірін нөлден бастайды,
Президент – нөл, нөл демек қалғандары, - деп, өзегі өртенеді.

Әріптестері З.Ажыматовтың әрдайым мәдени, рухани саладағы журналистиканың деңгейін көтеруге еңбек еткенін, демек, сол арқылы журналистиканың өзінің интеллектуалдылығын биік ұстауды мұрат тұтқанын толқып тұрып еске алады. Әсіресе қазіргі қауырт заманда бұл ахуалдың барынша өзекті болып отырғаны белгілі.

Тағдырлары ұқсас, шығармалары рухтас қазақтың бард-ақыны, бірегей азамат Табылды Досымовтай Зайырбек те «от болып жанған жүрегі, өртеніп бір кетерін» сезгеніндей, «Ата жұртқа жолығу» деген өлеңінде:

Текке шашпай келген өмір кезегін,
Боламын,- деп – намысың да, беделің.
Кеткем сенің үмітіңді артынып,
Кешіктім бе... кешір мені, Мекенім!, - деп, туған топырағы, ағайын-бауырлары алдында арылғандай.

Иә, осынау қанша күткенмен таусылып бітпей тұрған «өтпелі кезеңнің» тас қамалдай өткізбес кедергілерін елімен бірге еңсеру жолында өз жалындарына өздері өртеніп кете барған посткеңестік түркілік әдебиетке, руханиятқа өлшеусіз үлес қосар талай бауырлас таланттардан, ең өкініштісі олардың өзімізбен әбден үндес, ойлы, терең, тағлымды туындыларын танып білместен көз жазып қалуымызда.

Ендігі сөз кезегін ақынның өзіне беріп, қолымыздан келгенше қазақ оқырманына, ана тілімізге бейімделген үш өлеңін ұсынып, ондағы рух пен ойды, бізге де жат емес жайттарды саралауды оқырманның өзіне қалдыруды жөн көрдік.

Зайырбек Ажыматов

         (1976 - 2020)

Патша ел

Көтер басты, ұлыстасым, қандасым,
Көкіректе ұлы намыс қайнасын.
Әрбір қырғыз аманаты Манастың,
Хан тұқымы құлға айналып қалмасын!

Көк тәңірге, кең әлемге түйіскен,
Байғұс болма басты төмен иіп сен.
Бізге тәңір берген ұлы тауларды,
Бар дүниеге қарасын деп биіктен.

Күң қылмасын келген-кеткен қонағы,
Қырғыз қызы күндей нарқы жоғары.
Ал, жігіттер мырзасыңдар әрбірің,
Тексіз, мәнсіз құр жүрісті қоялық.

Қарсы тұрып қиындықтар қылғынтса,
Қаймықпай ен тарихтарға тұрмысқа.
Бүтіндей бір тілің емес, ұлы жұрт,
Бір де сөзің ұмытылмасын қырғызша.

Бүкіреймей көтер басты жарқылдап,
Нұр төгілсін жан діліңе алтындап.
Сен патшасың, патшасың сен уа, қырғыз,
Ал, тауларың тәңір берген алтын тақ.

Мен-Қырғызбын

Мен-Қырғызбын, сатылмаған, сатпаған!
Мен-Қырғызбын, баба нарқын сақтаған!
Ата Жұртқа жасасам деп бір еңбек,
Әр күн сайын «Чоң казатка» аттанам.

Мен-Қырғызбын, аспан-жермен жастаспын,
Ежелгімін, келешекпін, мақсатпын.
Бір қылы да қисайғанын қаламан,
Қыршылдаған «ҚЫРҒЫЗ» деген жақсы аттың!

Мен-Қырғызбын, тығырықта түтеген,
Мен-Қырғызбын, жоқ боларда күшейген.
Мен-Қырғызбын, тарихым бар, тілім бар,
Мезгілдің де ой-шұңқырын түзеген.

Мен-Қырғызбын, қарапайым, ұлымын!
Ғасырларда желбіреген тұлымым.
Ықылымға ұласатын тағы да,
Қырғызбын мен, ер Манастың үнімін!

Нөлі көп жылдар

Ақыл – нөл, жан дүние - нөл, санам да нөл,
Сүю – нөл, достығы - нөл, адам да нөл.
Жылдар  – нөл, даму болмай шегерінген,
..Ырлар  – нөл, оқырман - нөл, заман да нөл.

Пикет - нөл, митингтер - нөл, жалған бәрі,
Ел толқыды екі рет, пайда алмады.
Көлігінің нөмірін нөлден бастайды,
Президент – нөл, нөл демек қалғандары.

Басым – нөл, білімім - нөл, ұят қалған,
Басшылар бір біріне аяқ шалған.
Қалта – нөл, аянышты онан дағы,
Намыс – нөл, тілендірген, сұраттырған.

Ісім – нөл, барым-жоғым білінбеген,
Ізім – нөл, нәтиже жоқ, шешілмеген.
Көңіл – нөл... ол, анығы, ештеңе емес,
Үміт – нөл, ділгірлік жоқ дірілдеген.

Дәуір – нөл, зар-мұңыңды естімеген,
Біз – нөлміз, барымызды ескермеген.
Нөлдікке айландырды тіпті елді,
Нөлі көп жылдар сыртта тентіреген.

Ата-жұртқа жолығу

Амансың ба, кіндік қаным тамған жер,
Амансың ба, балалығым қалған жер.
Асыл бойын қойыныңа сіңіріп
Амансың ба, қайран әкем жатқан жер.

Есенсің бе, күндер, саған қалтырған,
Бозбала кез, таңды арманмен аттырған.
Әзір басқа, басқа...болып жүрмін мен,
Көңіл қалып көпті күткен тағдырдан.

Текке шашпай келген өмір кезегін,
Боламын,- деп – намысың да, беделің.
Кеткем сенің үмітіңді артынып,
Кешіктім бе... кешір мені, Мекенім!

Тірлік ауыр, бірақ жақсы жағы бар,
Жарқыраған ұлы үміт шамы бар.
Кейімей тұр құлыныңа, Ата-Жұрт,
Келешектің тағы атар таңы бар...

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

1 пікір