Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 3161 0 пікір 30 Қараша, 2021 сағат 16:44

Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: «Құйылсын көшің, жиылсын досың»

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.

Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер ұсынады.

Миллиондаған қазақтың ішінен: Елбасының шақыртуы бойынша Отанға оралу

Асылбек Байтанұлы, «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ, «Әдебиет порталы» интернет-жобасының шығарушы редакторы:

Мен – шетелде туып-өскен миллиондаған қазақтың бірімін. Тағдырдың тәлкегімен, ата қонысымыз шекараның арғы бетінде қалып, жат жұртта өсіп-өнсек те ұлттық бет-бейнемізді жоғалтпай, таза сақтауға тырыстық. Бұл тұрғыда Атажұрт Қазақстанның рухани, мәдени ықпалы қашанда зор болғаны – бөлек тақырыптың өзегі. Бізде, Моңғолияда өмір сүретін қазақтар, Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстанды үлкен пана тұтатынбыз. Мәскеуден хабар тарататын теледидардан кей-кейде Роза Бағланова, Роза Рымбаева, «Дос-Мұқасан» тобы қатарлы өнер жұлдыздары ән салғанда көңіліміз көкке көтеріліп, қазақ спортшылары қатысқан халықаралық бәсекелерді қанымыз қызып тамашалайтынбыз. Бұл – біздің бабалар мекеніне, Атажұртқа деген ыстық пейіл, сағыншымыз еді. Кеңес Одағы мен Моңғолия социалистік мемлекеттер ретінде достық қарым-қатынаста болғанымен, жеке адамдардың барыс-келісі еркін емес еді. Сондықтан да түрлі жолмен, Қазақстанға, Алматыға сапарлау бақыты бұйырған қазақтарға қызыға қарап, армандайтынбыз. Тұтас Кеңес Одағының іргесі біртіндеп сөгіле бастағанда: «Қазақстан тәуелсіздік алса ғой!» - деген ізгі арман-үміт шеттегі қазақтар, біздердің де көкірегімізде ояна бастаған еді.

Ақыры бұл арманымыз да орындалды-ау! 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы азат ел атанды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік алғаннан кейін екі аптадан соң қазақ радиосынан шетел қазақтарына арнаған сөзі Ұлы көшке дем берді. Сөзінде Мемлекет басшысы шетелдегі барша қазақты отанына оралуға үндеп, тәуелсіз жас мемлекеттің іргетасын бірге қаласуға шақырған болатын. «Құйылсын көшің, жиылсын досың», - деп әуелер асқақ ән осы бір үндеудің саз тілінде шырқалуы еді.Тәуелсіз атамекенге көш басын алғаш түзеген – Моңғолия қазақтары болғанына да тарих куә.

Сол жылы орта мектепті бітірген мен де болашақ өмірімді ата-бабамның байырғы мекенімен мәңгілікке байланыстыру үшін Ұлы көшке ілесіп, Қазақстанға бет түзеген едім. Жер шоқтығы Көкшетауға келіп кереге жайдық, елге араласып, еркіндіктің ауасымен бірге тыныстадық. Өзім қалаған қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын игеру үшін жоғары оқу орнына түстім. Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықтарды елмен бірге бастан өткере жүріп, мұның бәрі уақытша екендігіне сендік. Оқу-білімнен қол үзбедік. Университетті үздік дипломмен тәмамдаған соң еңбекке араласып, мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруге өз үлесімді қостым. Отбасын құрып, отауымның түтінін түтеттім. Он сегіз жыл бойы педагогика саласында жұмыс істеу барысында мыңдаған шәкірттерді ана тіліміздің қадір-қасиетін түсінуге, қастерлеуге, туған елін, жерін, оның бірегей дәстүрі мен салтын сүюге, көзінің қарашығындай сақтауға баулуды басты мақсатым ретінде ұстандым. Сондай-ақ журналистика саласында да еңбек етіп, тіл, діл, мәселелерін көтерген мақалалар жазып, ұлттық руханияттың көкжиегі кеңеюіне өзіндік үнімді қостым. Ширек ғасырға жуық саналы ғұмырымды жер жаннаты, Арқа аралының кіндік қаласы Көкшетауда өткізіп, мұндағы әдеби, мәдени үдеріске шамамша араластым, ел көріп, жер таныдым. Тәуелсіз Қазақстанның көркейіп, нығаюымен бірге, астаналық облыстың бас қаласы Көкшетау да жыл өткен сайын гүлденіп дамуы – менің көз алдымда өтті. Ең қарапайым мысалды айтқанда, 1991 жылдары алғаш көргенде негізінен бетон қабырғалы «хрущевтік» болып келетін қалада заманауи көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынды.

Арман алға жетелейді. Астаналық облыстың орталығында тұрған біздерге күн санап жасарып, жаңғырып, Есілдің екі жағалауына қатар қанат жайып келе жатқан, жасампаз еңбектің алып көрігі елордаға барып еңбек етіп, қызмет жасау – әркімнің де арманы ғой. Осы арман-мақсаттың жетегінде 2015 жылы елордасы Астанаға, қазіргі атауымен Нұр-Сұлтан қаласына отбасыммен қоныс аудардым. Азияның жүрегіндегі ару қалада журналистика саласында өз бағымды сынағым келді. Журналист ретінде жұмысқа орналасып, отандық қазақша контентке арналған сапалы да қызықты, оқылымды медиаөнімдер ұсынуға өз үлесімді қосып келемін. Бұл да болса менің мемлекетіміздің, халқымыздың рухани жаңғыруына, ана тіліміздің туын биік ұстауға қосқан аз да болса үлесім деп білемін. Жылдар жеміссіз болған жоқ. «Қазақстан ақпарат саласының үздігі» атанып, төсбелгісін кеудеме қададым. Бұл – менің осы саладағы жиырмадан астам жылдық еңбегімнің жемісі деп білемін. Қазақстандағы ең байырғы, бір ғасырлық тарихы бар «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің «Әдебиет порталы» интернет-жобасында шығарушы редкатор болып жұмыс атқарудамын. Мамандығым, жұмысым – жан қалауым, шығармашылық әлемім.

Міне, кешегі шетелде туып-өсіп, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде отанына оралған бозбала, бүгінгі азат елдің жігіт ағасы жасындағы менің өмір соқпағым – мың-мыңдаған азаматтардың жүріп өткен тағдыр жолы. Жеке өмірімізде өзіндік өзгешеліктер болса болар, бірақ ең бастысы, қолға келген ТӘУЕЛСІЗДІК атты баға жетпес байлығымызды жат көзден қорғап, егемен елімізді нығайту жолында түрлі салада еңбек етіп, тер төккендегі мақсатымыз бірдей еді. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетіміздің күш-қуатын одан әрі нығайтып, келешегін кемел етуге барша күш-жігерімді аямай үлес қосу – менің өмірлік ұстанымым. Мемлекеттің іргесін қымтап, қауіпсіздігін нығайтуда ақпарат саласының да рөлі зор деп білемін. Осы жолда қызмет етіп жүргенімді өзіме зор бақыт санаймын. Тәуелсіз еліміз, сүйікті Қазақстанның ашық көк аспанында көк туымыз желбірей берсін! Есіл мен Нұраның екі ортасындағы еңселі елорда, Нұр-Сұлтан қаласы гүлденіп жайнай берсін! Азат елдің азаматы болу – шын мәртебе.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553