Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3957 3 пікір 30 Қараша, 2021 сағат 17:13

Дәретханасы жоқ, бірақ шетелден блогер шақырғыш...

Пандемия саласы туризм саласына үлкен соққы жасады. БҰҰ мәліметі бойынша әлем елдерінің туризміне кемі 2 трлн доллар шығын келген. Экономикасы туризмге бағытталған мемлекеттер көп зардап шекті, олардың қатарында Мысыр, Түркия, Грекия сынды елдер де бар. Алайда бір қиындық екінші саланың тынысын ашуы мүмкін. Қазақстан үшін ол солай болды деуге негіз бар.

Пандемия туристерді сыртқа емес, ішкі туризмді дамытуға итермелеп отыр. Оған әлемдік шектеулер мен ай сайын шығатын коронавирус штаммдары да тікелей әсер етуде. Сыртқа шығу қымбат, түрлі тест тапсыру арқылы әуресі көп, ал ең бастысы қауіпті болған сәтте, ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік ашылды.

Әр мемлекет ішкі туризм саласын дамытуға барын салып жатыр. Жарнаманы ішкі нарыққа арнап жасауда. Өйткені қазіргі пандемиялық жағдайда сырттан турист келуі екіталай, сондықтан сыртқа емес, күшті ішке салу әлдеқайда ақталатын әрекет. Осындай сәтте Алматы қаласы туризмді дамыту үшін жобаларды іске асыруда, бір қызығы шетелдік танымал блогерлерді шақыртып, сырттан туристер ағымын арттыруға басымдық қойыпты. Пандемияда.

Бұл мақсатта Алматы бюджетінен 28,5 млн теңге қаржы бөлінген, оған шетелден 40 блогер шақыртылған. Алматы қаласының туризм басқармасы блогерлерді қалай таңдағанын айтып берді. Олар шетелдік блогерлерді әлеуметтік желідегі парақшаларына қарап таңдаған екен. Талап келесідей, блогердің 300 мың оқырманы, сапалы контенті болуы міндетті. Шетелдік блогерлермен қатар БАҚ өкілдері, травелл журналистер де шақыртылған.

«20 блогер Алматы қаласында бес күн болған. Олар Алматы қаласы мен қала маңындағы танымал туристік орталықтарды аралады. Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе, Іле Алатаауы және қала ішіндегі барлық танымал орындарға барды», – дейді туризм басқармасының басшысы Сабина Амангелді.

Барлығы 20 блогер келген, ал қалғаны жыл соңына дейін келмек. Түркия, Румыния, Катар, Оңтүстік Кореядан да келген блогерлер бар. Әкімдік блогерлердің жариялымдары мен посттарынан олардың аудиторияны қызықтыру деңгейін де қарап, мониторинг жасап отырғанын айтады.

Жалпы блогерлерге төленетін қаржы 28,5 млн теңге, ҚҚС (НДС) есептейтін болса, ол  25,5 млн теңге деген сөз. Яғни әр блогерге 712,5 мың теңгеден келеді. Бұл қаржыға гонорар кірмейді, тұру, тамақтану және әуе билеттері кірген. Жалпы мұндай шығын арқылы жарнама жасау қаншалықты ақталатыны белгісіз. Алматы қаласының әкім орынбасары Мақсат Кикимов Забиб Нұрмағамедовтың Алматыға келгені 900 мың лүпіл жинағанан айтты. Әрине, бұл нәтижені есептеу көрсеткіші бола алмайды.

Турист шақырмай тұрып, ішкі туризмның үйіліп жатқан мәселесін шешу керек емес пе? Қызмет көрсету саласына мәдениет енгізіп, елдің «визит карточкасына» айналатын дәретхана мәселесін шешіп, табиғи аймақтарға тақтайдай жол салып, ХХІ ғасырдың туризміне сай интернет жүйесін жасаса, сырттан турист өздігінен ағылары сөзсіз.

Ка Мырза 

Abai.kz

3 пікір