Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2802 0 пікір 15 Тамыз, 2012 сағат 10:50

БІР ӨЗІ – БІР ИНСТИТУТ

VІІІ -тарау

БІР  ӨЗІ - БІР  ИНСТИТУТ

Ғалым Қайым Мұхамедханұлының мұрағатжайында сақтаулы кітаптары мен монографияларын, мақалаларын көріп, оның ғылыми еңбек бағытын ұғындыратын жүздеген папка жазбаларын шолып отырып, бір адамның тұтас бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын тындырғанына қайран қаласың!

Ғылымға алғаш қадам басқанынан іргелі істерге құлшынулы Қайымда кездейсоқтық дер дәнеңе болған емес, бәрі де жүйеленген. КСРО Ғылым акдемиясының Қазақ бөлімшесі ашылған 40-жылдардың басында-ақ  оған ғылыми жазба еңбегін тапсырушылардың бірі болған Қайым үлесі ерекше мол еді. Оның: «Қабанбай батыр»  және  «Бөгенбай батыр» (әрқайсысы 4 баспатабақ, 1943-жыл); «Әріп ақын» (25 баспатабақ, 1944-жыл); «Абайдың әдеби мектебі» (32 баспатабақ), сондай-ақ:  Абайдың жарияланбаған өлеңдері мен шешендік сөздері,  Шәкәрім мен Әріп туралы пайымдау еңбектері жоғары бағалана қабылданыпты.

VІІІ -тарау

БІР  ӨЗІ - БІР  ИНСТИТУТ

Ғалым Қайым Мұхамедханұлының мұрағатжайында сақтаулы кітаптары мен монографияларын, мақалаларын көріп, оның ғылыми еңбек бағытын ұғындыратын жүздеген папка жазбаларын шолып отырып, бір адамның тұтас бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын тындырғанына қайран қаласың!

Ғылымға алғаш қадам басқанынан іргелі істерге құлшынулы Қайымда кездейсоқтық дер дәнеңе болған емес, бәрі де жүйеленген. КСРО Ғылым акдемиясының Қазақ бөлімшесі ашылған 40-жылдардың басында-ақ  оған ғылыми жазба еңбегін тапсырушылардың бірі болған Қайым үлесі ерекше мол еді. Оның: «Қабанбай батыр»  және  «Бөгенбай батыр» (әрқайсысы 4 баспатабақ, 1943-жыл); «Әріп ақын» (25 баспатабақ, 1944-жыл); «Абайдың әдеби мектебі» (32 баспатабақ), сондай-ақ:  Абайдың жарияланбаған өлеңдері мен шешендік сөздері,  Шәкәрім мен Әріп туралы пайымдау еңбектері жоғары бағалана қабылданыпты.

Қайым 1945-жылы «Қазақ әдебиеті тарихының» 1-томын дайындауға қатысқан. Мұхтар Әуезов оған қазақтың өткен дәуірлердегі ұлттық батырлары жайын баяндаған  дастандар бөлімін тапсырыпты. Ғалым қолда барды сұрыптап (Қабанбай, Бөгенбай және басқа батырлар туралыны), қолда жоқты іздестіруге кіріскен.  Өзінің, өзге ғалымдардың еңбектерін екшеп, көлемді қолжазба жинақ әзірлеген де, ол 1948-жылы кітап болып шыққан. Қайым одан өзінің мақаласын... таба алмапты. Ол қалай, қайда кетті?! «Мен таңданып, Мұхтар Әуезовке бардым. «Менің қолымда не бар, жоғарыдағы басшылар: қабанбайлар мен бөгенбайларды насихаттамаңдар деп  алдырып тастапты, деді» деп еске алған-ды  Қайым аға. Мұхтар Омарханұлының дәл сол кезде «жұмысты ақсатты» деген айыппен қызметінен босатылғанын екінің бірі білген жоқ еді.

Әйтеуір, Қайымның ол ғылыми-зерттеу мақаласы түбегейлі жылы жабылып қалмады, ондаған жылдардан кейін жарық көрді.

Атап айтар бір жәйт: Қ. Мұхамедханұлының қаламынан шыққан зерттеу еңбектердің көбі қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңалық болды. Мәселен, Бұхар жыраудың  қайда, қашан туғандығын нақты дәлелдеп, өзіне дейін сан жылдар бойы  жасалған  долбарларды тиянақтады. Немесе             Ф. Достоевский мен Ш. Уәлиханов  суретке бірге түскен жыл 1856 делініп келсе, Қайым ол екі тұлғаға қатысты құжаттарды: өмірдеректерін, жазысқан хаттарын ғылыми тәсілдермен мұқият зерттеп, суреттің екі жыл кейінде түсірілгенін анықтады. Ф. Достоевскийдің Семейдегі әдеби мұражайының қызметкерлері оның ізденімпаздығына дән риза болды.

Тізе берсек, ғалымның  зерттеушілікке үлгі мұндай еңбектері аз емес. Ол әп деп шұғылдана бастағанынан беріде: К. Рылеев, В. Даль, Л. Толстой,  Ф. Достоевский,  А. Чехов, М. Горький, Вс. Иванов, Т. Шевченко, Ғ. Тоқай, К. Насири, У. Ғаджибеков, М. Налбандян, С. Стальский, Я. Райнис, Лу Син, А. Мицкевич, Е. Юрандет және басқалардың шығармашылық қырларын зерттеген  әдеби мақалалар жазды. Бұл оның  әдебиетке қатысты әңгімеде ұлттық оқшаулықта қалып қою рухани тынысты тарылтатынын жақсы біліп, басқалардың озық туындыларынан нәр алып отыру қажеттігіне жүгінгенін көрсетсе керек.

Әрине, ол ең алдымен қазақ мәдениетінің, әдебиетінің тарихын, тағдырын білуге, егер әсірелеп айтсақ, ғашықтыққа бергісіз құштарлық сезіммен  кіріскен. «Бұхар жыраудың өмірбаяны және шығармаларының текстологиясы», «Махамбет шығармаларының текстологиясы», «Мұхтар Әуезовтің ғылыми-шығармашылық өмірі» деп аталған еңбектері бірден бір дәлел. Абайдың шәкірті Уәйіс Шондыбаевтың туындылар жинағын баспаға әзірлеуі де - сол сезімінің және бір көрінісі.

Қайымның қаламынан туған ғылыми еңбектерге тағы бір үңілсек, онда: Әміре Қашаубаев, Естай Беркімбаев,  Садыр мен Бейсенбай ақын, Шоқан мен Мақы Уәлихановтар, М. Өтемісов, М. Дәулетбаев, Жамбыл, Ж. Шанин,        К. Байсейітова, Ш. Мусин, Ж. Саин, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин,  Ы. Алтынсарин, Т. Жомартбаев, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, С. Торайғыров, Т. Хасенов, Б. Момышұлы, Б. Қалиев, Т. Жароков, тағы басқалар жайындағы деректерге қанығамыз. Мұхтар Әуезов, Жамбыл, Естай, Ж. Саин, Вс. Иванов, Қажымұқан  турал естеліктері - қазақ әдебиеті тарихының қорына қосылған нағыз сүбелі үлес. Ұлттық театр өнеріміздің тууы, қалыптасуы хақындағы толғаныстары өз алдына бір төбе...

Шынында, тізе берсең, тауысқысыз емес пе? Иә, бұл бір бөлігі ғана болуы да мүмкін. 1977-жылы тұңғыш Қазақ совет энциклопедиясының 12 томы жарыққа шықты. Соның әрқайсысында Қ. Мұхамедханұлы қаламының ізі бар! Халық өмірінің барша саласын қамтыған материалдардағы көптеген фактілерді сұрыптау, салыстыру, анықтау, түзету, толықтыру және соның бәрін мұрағатжай қорларындағы деректер негізінде жазу қаншама уақытты, құмарлықты, күш-қуатты керек еткенін бір құдай білсін! Қайым аға зейнетке шыққанына қарамаған, тыныш тірлікті қаламаған. Абай энциклопедиясын шығаруға қам жасаса жүріп, қазақстандық мәні бар тарихи-әдеби тақырып атаулының бәрінде қалам тартқан.

Оның ғылыми еңбектеріне берілген ең жоғары баға қазақ әдебиетінің абызы Мұхтар Әуезовтің пікірі болғаны аян. Тағдырлары тоғысып, жолдары қиылыс келеді. Шәкіртінің кандидаттық екі диссертация қорғағанына куә ұстазы бір әңгіме кезінде: «Сенің екі диссертацияң да - ғылымға қосылған мол үлес. Мазмұндылығы мен жаңашылдығы жағынан екеуі де докторлық диссертацияның талайына татиды. Шектеулі ереже шіркін болмаса, докторлық дәрежені  алар едің» депті.

Иә, саяси астарды сылтау етпегеннің өзінде, оның текстологиялық еңбектеріне әділ бағаны М. Әуезовтен басқа  бере алар ешкім жоқ та еді. Диссертациясын орыс тіліне аударып, Мәскеуге, БАК-қа (Бүкілодақтық аттестация комитетіне) жіберу шарт болды. Ал одан шарапат күтудің қисыны жоқ. Құнарлы да бай өз тіліңдегі дүниені өресі жетпес өзге тілге аударту бос әурешілік қой. Өзге тіл жазба еңбегіңнің мазмұнын, рухын жеткізсе де, қазақ тілінің дыбыс үндестігі мен сөз үйлесімділігі жарасып, көңіл пернелерін дөп басатын талғамды  көркемдігін, нәзік те қуатты нақышын игере  де таныта алмайды.  Ал жалпы советтік  әдебиеттануда текстологиямен айналысып жүрген маман екеу-ақ: Д. Лихачев пен И. Жирмунский. Олар да орыстілді авторлардың ғана еңбектерін күйттейді. Қазақтілді  Қ. Мұхамедханұлының ғылыми жұмысын жан-жақты талдаушы бола алулары екіталай.

Тындырымды ғалымның үлкенді-кішілі еңбектерінің бәрі де - отандық ғылымға қосылған  әдеби-тарихи мәні бар дүние. Диссертацияларына арқау болған тақырыптар да, марқұмның мұрасында қалған жүздеген материал да - оның шәкірттері  зерттер, өнеге алар  рухани байлық. Қайым дерек жинауға жауапкершілікпен қарап, мақалаларын зерлей жазған. Бір мақаланы жазу үшін оның көлемінен әлдеқайда көп дерек жинаған.  Бір тақырыпты жан- жақты игеріп жазған мақалалары бір папка десек, оған дайындық барысында жинаған  құжаттар он шақты папка екенін көреміз.  Ол қолына түскеннің бәрін сан көбейтуді қуып жаза бермеді, әңгіме арқауын мейлінше ширатып, дерек көзін тап баса  мейлінше сапалы, қысқа да нұсқа етіп  ұсынды.

Оның жазғандары жаңалық болушы еді дедік. Шын мәнінде солай. Ол бір жаңалықтың шетін көрсе, оны игілікке жарату үшін өзінің уақытын да, күш-жігерін де, тіпті қаржысын да аямайтын.  Соның түпнұсқасын таппай тынбайтын. Құдай біледі деп айтайын: кешегі кеңбайтақ еліміздің баспасөз, кітапхана, мұрағатжай атаулысында, жазушы-аудармашылардың біразының мұражайларында Қайым Мұхамедханұлынан алған мақала, хат, тапсырыс дегендей құжат бар. Өйтіп ізденбейінше қапысыз жазу мүмкін еместігіне мән берудің үлгісі.

Жаңашыл ғалымның сол қырынан бір мысал - Ілияс Бораганскийдің кім екенін анықтағаны. Абай өлеңдерін алғаш басып шығарған адамды іздеу жұмысын былайша баяндайды: «1966-жылы Мәскеуге, КСРО-ның Ленин орденді мемлекеттік кітапханасына Ілияс Бораганскийдің кім болғанын сұрай хат жібердім. Ондағылар ешқандай дерек таба аламаған да, менің хатымды  КСРО Ғылым академиясының Азия халықтары институтының кітапханасына жолдаған. Олардан да көп кешікпей келген жауапта І. Бораганский жайында ешқандай материалдары жоғы, менің өтінішімнің шығыстанушы профессор    Б. Данцигке  жіберілгені айтылыпты. Б. Данциг маған хат жазып, Азия халықтары институтының Ленинградтағы бөлімшесінде қызмет істейтін  профессор Кононовпен, сондай-ақ Ленинград мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіндегі Новичовпен хабарласуға кеңес беріпті. Ол келесі хатында бұл екеуінің әдрістерін жазып жіберді де, мен аталған екеуіне хат аттандырдым.

Кононовтан жауап хат келді. Оның тапсыруы бойынша іздеу жүргізген қызметкері Дулинаның жолы болыпты. Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетінің 1855 - 1905-жылдардағы шолу құжаттары арасынан: «Илияс мырза Бораганский с 20 августа 1898 года преподает турецкий язык...» деген  дерек қағаз табылыпты! Бірақ, амал не, ол жақ одан басқа ештеңе тауып бере алмады да, мен тығырыққа тағы тірелдім.

«Илияс мырза...»

Арада екі жыл өтті. «Қазақ тілі» гәзетінің тігіндісін қарап отырып, оның 1922-жылғы қазан айының 28-і күнгі санынан ірі әріпті: «Бораганский - ақсақал» деген тақырыпты көріп үңілсем, ол Башқұртстан үкіметінің оны 70 жылдығымен құттықтауы екен! Бәрекелді, енді Башқұрстанмен хабарласуым керек!

Қуанышым қойныма симай, Башқұрстанның орталық кітапханасы мен мұрағатжайына хат жібердім. Олардан қайыр болмады. Ешбір дерек таба алмапты. Сондада үміт үзбедім. Башқұрт ақын-жазушыларының бәріне хат жазып, сұрау салдым. Қарт жазушы Сайфи Құдаштан келген жауапта маған қажет деректің қай кітапханаларда болуы мүмкін екені айтылыпты. Содан соң  КСРО-ның сол кітапханаларына хат жаздым. Сөйтіп, 1970-жылы Бораганский туралы мақала мен оның портреті басылған жорнал қолыма тиді!»

Міне, ол болмаса, кім деген сауалдың жауабы осы емес пе?  Абайдың алғашқы баспагерін іздеу, ол іске қашама уақыт, төзім, жүйке, қаржы жұмсау Қайымнан басқа кімнің қолынан келер еді? Келген күннің өзінде зауқы барлар табылар ма еді? Әлдекімдер үшін мәні шамалы көрінер бұл дерек қазақ тарихының Абай тарауына қажет екенін ғалым Қайым, зерттеуші Қайым түсінді!

Қажуды білмеген Қайым ағаның бастаған ісін аяғына жеткізу талабы, табандылығы кім-кімді болсын еріксіз таңқалдырары және сөзсіз. Мәселен, оның өзімізден тыс жерлердегі мұрағатжайларға, басқа да орындарға жолдаған өтініш-сұрақ хаттарына жауап: араб, татар, башқұрт, орыс, т. б. тілдерде келеді. Қайым солардың бәрін бір өзі қазақ тіліне аударып, пәленбай қызметкері бар ұжымның жұмысын жалғыз атқарды. Тағы бір ерекшелігі: ол өзінің бүкіл еңбегін, оның ішінде шәкірттерінің, студенттердің жазба жұмыстарына білдірген пікірі, берген бағасы да бар, әрпін маржандай етіп қолмен жазатын. Сондай-ақ, қай материалының қай папкада жатқанынан жаңылып көрмеген. Басқа жақта жүргенінде бір материалынан дерек қажет бола қалса, үйіне дереу телефон шалып, ол материалдың қай папкада жатқанын, оның нешінші бетін қарай қоюды өтінеді екен және ешқашан қателеспепті.  Ұстазының ондай ой сергектігіне тіпті ол төсек тартып, екі өмірдің ортасында  жатқанында хал-ахуалын  білуге  келген шәкірттері куә.

Ол кітаптардағы, гәзет-жорналдардағы өзіне қажет мақалаларды қолына қарындаш алып отырып оқыған. Құп көрмеген қате тұстарына сұрақ белгісін қойып, немесе түзете түсінік жазып, аямай «шимай салады» екен. Гәзет мақалаларын қиып алып, сол тақырыптас материалды жинайтын папкасына салып қоятын, кейінде керегіне жарата сілтеме жасайтын болған.

Әдеби шығарманың қадір-қасиетін ерте түсінген, сол ыңғаймен бірнеше тілді  меңгерген, бойында құлшыныс-талап бар Қайым айтулы аудармашы да еді. Оның әдебиетке бет бұруына аудармашылық әсер етті деуге де болар. 14 жасында бір күні Ыдырыс Мұстамбаев үйіне ертіп барып, араб әрпімен жазылған қалың  қолжазбаны ұстатып: «Мынаны оқып көрші», - депті. Мұхамедханның үйінде жиі болатын кісілердің бірі Ыдырыс еді.

«Бірнеше сөйлемді  мүдірмей оқып бердім, - деп еске алады Қайым аға. - Содан соң ол:

-Осы қолжазбаны арабшадан кирилицаға түсіріп бере аласың ба? Шамаң келе ме? - деді.

-Келеді, - дедім. Қолжазбаны үйге алып кетіп, күндіз-түні дерлік әуре болып, жиырма күнде жасап, апарып  бердім.

-Ұқыпты екенсің, жақсы жасапсың,  - деді Ыдекең, шолып шығып. Шынайы риза болды. Қолымды қысып, құшақтап, арқамнан қақты. Кетуге ыңғайлана бергенімде кідіртіп, ақша ұсынды. Мен ыңғайсызданып қалып, ақшаны алудан бас тартып едім, ол:

-Мұның жарамайды. Сен еңбек еттің, ал еңбектің ақысы төленуге тиіс, - деп ақшаны алдырды. Менің ең бірінші еңбекақым сол болған».

Сөйтіп ол қаламын кәсіби аудармашалыққа да бұрды. Әзірбайжан       У. Ғаджибековтің «Аршин мал алан» музыкалық комедиясын 1940-жылы қазақ тіліне аударып, оны Семейдің қазақ драма театры қабылдап, өнер кестесіне енгізді. Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасынан да бірнеше жыл  бойы көрсетілді.

Қайым аға 1941-жылы А. С. Пушкиннің «Русалкасын» қазақшалады.

Бомаршенің «Фигароның үйленуін» қазақ тіліне аударуға ресми тапсырыс алғаны жөніндегі дерек те отбасының мұрағатжайында сақтаулы. Ол аудармасының қолжазбасы да өзі 1951-жылы тұтқындалғанда басқа еңбектерімен бірге тәркіленіп,  ол да із-тұссыз кетті. Қайым оны кейін, тұтқыннан босап келген соң, қайтадан аударған екен, өкінішке қарай, қолжазбасының үзінділері ғана табылды.

Лагерьде жүргенінде «Сормаңдай Лизаны» аударғанын айттық. Ал 1955-жылы Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасының тапсырысы бойынша Боккаччоның «Декамеронын» қазақшалады.

Ол татар тілінен 1973-жылы аударған «Қожанасыр үйленеді» атты пьеса  Семей сахнасында он жылдан астам уақыт бойы қойылды.

Польша драматургы Е. Юрандеттің «Заман осындай» драмасы да Қайымның сәтті аудармаларының бірі болды.

А. Фадеевтің «Жас гвардия» романы желісімен М. Граков сахналаған драманы да аударды.

1968-жылы С. Анисимовпен бірлесіп «Жас шағымның қаласы» деген киносценарий жазды. Ол Семейдің 250 жылдығына арналды. Сол мереке қарсаңында Абай мұражайын әңгімелеген жолбастауды жазып, оны орыс тіліне М. Шаталин аударды.

Қайым  телеклуб сахнасынан  ұлы отандастары хақында айына бір рет әңгіме өткізіп тұруды 1970-жылдан бастап, ол игі ісін біразға дейін мұқияттап іске асырды.

Бірнеше пьесаны, көптеген өлеңді қазақшалаған Қайым аудармашылық әсерімен өзі де пьесалар жазды. Ұзын саны жүзден асады. Бірақ ол еңбектері әзірше, өкінішке қарай, жеке кітап болып шыққан жоқ, ал шыққандары «күзеуге» ұшырады. Мысалы, Қазақстан КП Орталық комитетіне 1981-жылы жолдаған өтінішінде (жоғарыда аталған)   М. Әуезовпен жазысқан хаттарын қайтарып ала алмай отырған халіне күйінгенімен қатар мынадай жолдар бар:

"...мною в 1978 году сдан сборник избранных пьес "Комиссар Габбасов", "Майданнан - майданга", "Ер Билисай", "Перне", "Хаджа Эфенди женится" в издательство "Жалын". Однако до сих пор этот сборник не выпущен, а какая-то мизерная часть его объема, переданная издательством "Жалын" в издательство "Онер", вышла в этом году в плачевно исковерканном виде (сборник "Волшебный занавес", "Онер", 1981 г.). Грубо попирая элементарные нормы и законы об авторском праве, издатели, по существу, занялись настоящим издевательским оперированием главных сюжетных линий, ключевых сцен, центральных героев произведения, в результате дали жалкое сознательно-пародийное антипредставление моему тексту".

Сол хатында: «Шығармаларымның тағдыры шырғалаңға ұшырап, жанымды ауыртып жүр...» десе, әдеби мұрасының  ол шырғалаңнан құтылуы, арада ондаған жылдар өтсе де, әлі күнге дейін беймәлім. Орын алған қателіктер түзетілген жоқ. Қайым Мұхамедханұлының әдеби, ғылыми еңбектеріне текстологиялық зерттеу жасауды қолға алған да ешкім көрінбейді.

ІХ тарау

«АДАМ  БОЛА  БІЛІҢДЕР»

Өзінің қалауымен, әдетімен басынан асып жататын жұмысы Қайымға жайшылық жандардың ұғымындағы «жеке бас тірлігі» дегенді ұмыттырып жіберіп, дем алуға да уақытын қалдырмайтын. Үнемгі ой жұмысы, оқу-жазулар, ішкі толқыныстар, дүдәмалдар, салыстырулар оны жайшылық топтан екшеп шығарған еді. Әйткенмен, төңірегіне үңілуге уақыты болмай жүретін  «томаға тұйық» немесе «өзі мен өзі әлек» деп күлкіге айналдыруға жатпайтын ғалымның басынан кісі сенгісіз хикаялар өтетін.

Қайым ағаның асыл жары Фархинұр оған үй ішінің ұсақ-түйек шаруа атаулысын жүктемейтін. Үлкен отбасын асырап-сақтайтын қаржы тауып жүргенінің өзі қаншалық! Алайда, соғыстан кейінгі кез болар, бір күні дүкеннен нан әкелу керек болып, Қайым «мен әкеле қояйын» деп кетіп, дүкенге барып, сатушыдан бір кило нан өлшеп беруді өтінеді. Сан жылдар бойы нанды грамдап сатып алуға мәжбүр болған әдетінен әлі жаңылмаған ағаның ол қылығына сатушы мәз болып күліп, бөлке ұсыныпты.

Бірде темекісі таусылып қалады. Ол «Беломорканал» деген шылымды ғана шегеді екен және оны Фархинур апай әкеліп жүреді екен. Ол жолы апайдың қолы тимейді де, өзі баруға жиналады. Қайым аға әмиән ұстап көрмеген, үйге қажеттінің бәрін әйелі, ересек балалары сатып алып жүрген. Темекісінің бір қорабы қанша тұратынын білетін әйелі сонша ақшаны  санап ұстатады да: «Бағасын артық-ауыссыз төлегенде, керек нәрсенді кезексіз-ақ алауыңа болады», деп ескертеді. Біраз уақыт өтеді. Ерінің иститутқа баратын мезгілі таяп қалады. Фархинұр мазасызданып, дүкенге барса (дүкен өздері тұратын үйдің астыңғы қабатында екен), Қайымы балаша тымпиып, кезекте тұр! «Кезексіз алу ыңғайсыз ғой» деп күңк етеді. Сатушы елең етіп: «Аға келді де  үн-түнсіз тұрды, сізді тосатын шығар деп ойладым, жалғыз қорап темекі алуға келгенін білмедім» дейді.

Отбасында болсын, жолдас-жора ортасында болсын әрқашан сыпайы, биязы Қайым - он баланың әкесі - баршаға беделді болған. Үй ішінде ренжу, қатты сөйлеу дегенді білмеген.

Қайым балаларымен шүйіркелесе, ақылдаса қалған кездерінде: «Адал, әділ болыңдар. Адам бола  біліңдер!» деп отырады екен. Ол ат-атағын, беделін, еңбегін, қызметін ешкімге, ешқашан пұлдап көрмеген. Бас пайдасын ойламаған. Республикаға еңбегі сіңген зейнеткер болуы себепті мәртебесі биік емханада қаралуына, сондай ауруханада жатуына  құқы болса да, оны құнттамаған.

Мұны оқығанда кейбіреулердің: «Өй, шіркін!» деулері мүмкін. Ал Қайым аға әу баста өзінің ақыл-ойы қалыптастырған қарапайым қағидасын бұзған емес, адам бола білу ұстанымынан жаңылмады. Ақын жерлесі Қалихан Алтынбаев бірде: «Қайым қай биікке болсын ентікпей шығып жүрді...  Өйтуге өзгелердің жүрегі шыдамады» деді. Мұны Қайым ағаның табиғи  сана-сезім тазалығынан нәр, қуат алған жүрегі мықты болды деп ұққан жөн болар.

Х тарау

БАУРАП  АЛАТЫН

«Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, Қайым аға бір көрген кісіні жылы шырайымен баурап алатын. Танысып, білісіп, әңгімелері жараса кеткенде көп жылғы дос-жолдастарша шүйіркелесетін. Оның үйінде кейде бірлі-жарымды, кейде топтап мейман болмаған күн сирек шығар. Қызметтестері, шәкірттері, оны-мұны шаруамен шалғайдан іздеп келгендер...  Көбінесе бүгінде тарихта аты қалған жайсаңдар: атақты балуан Қажымұқан, жазушы Всеволод Иванов, ақын Естай жиі келетін.  М. Әуезовпен қарым-қатнасы өз алдына, Жамбыл, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Марғұлан, А. Жұбанов,  Ж. Саин, Е. Ысмайылов және басқалармен араласты. Алыс-жақын қалаларда, жазушылар қауымының Кавказ бен Қырымдағы, Мәскеу төңірегіндегі шығармашылық үйлерінде, санаторийлерде Фархинұр екеуі болғандарында қалмақ әдебиетінің классигі  Д. Құғылтиновпен, әйгілі орыс әртистер  Е. Моргунов, С. Мишулин, Е. Миронов және басқалармен небір көңілді сәттерді бірге өткізді. Көркемдеп жазылған тартымды, дәлме-дәл деректі хикаяға бергісіз естеліктерінде  сол бір күндер жайында шерткен сыры бар.

***

1938-жылы бүкіл еліміз Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына 75 жыл толуын тойлауға әзірлікті бастады. Семейге Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Сәбит Мұқанов келді. Ол тойдың қашан өтетінін, оған жер-жерден кімдердің қатыса алатынын айтты. Бір жаңалық: Жамбылға арнаған әңгімелері, ән-күйлері, өлең-дастандары арнаулы комиссиядан жақсы баға алғандар шақырылады екен. Ол бәйгеге Семей мұғалімдер институтының соңғы курс студенті Қайым Мұхамедханұлы Жамбыл» атты дастан-толғауымен қатысып, жүлде алды. Халық ақындары мен жыршыларының өнер жарысы 18-19-мамыр күндері болып, оған Мәскеуден, Ленинградтан меймандар қатысты. Мұхтар Әуезов баяндама жасап, Иса Байзақов пен Нүрпейіс Байғанин жырдан шашу шашты. Ол жиын ресми шара емес, халықтық тойға айналды.

19-мамырда Жамбылдың Ленин орденімен марапатталғаны хабарланды да, қарт жырауды құттықтауға Семейден Алматыға баратындардың тізімі жасалды. Ішінде Қайым бар. Олар қоңыр қаңылтыр шатырлы үлкен үйге ат басын тірегенде Жамбылдың әдеби хатшысы топ алдына шығып, сәл бөгеле тұруларын өтінді. Жәкең мен Орынбай Тайманов (ақын) намазға жығылған екен.

Сәбит Мұқанов Жамбылды жас ақындар атынан құттықтауды Қайымға тапсырыпты.

Сол күндер туралы Қайым Мұхамедхановтан естіген әңгімені «Абай» жорналының ғылыми қызметкері М. Сұлтанбеков былай баяндады:

«Жамбылды идеологиялық және саяси насихаттың кейіпкері еткендері жарамады. Өкінішті болды. Ал Жамбылдың намаз оқығаны, өзі жайындағы желпінді сөзге  елпілдемегені, жоғары награда алғанына мән бермегені мені таңдандырды, мен іштей қуандым. Ол ақын  Орынбайға қарап: «Осының бәрі о дүниеде маған қалай болар екен?» деп басын шайқады. Өкімет Әулие-ата қаласын «Жамбыл қаласы» деп атау жөнінде қаулы шығарғанын естігенде  бабаларына жыр арнап, кешірім сұрады. Ал Сталиннің құттықтағаны хабарланғанда уытты әжуамен жауап өлең айтты».

Сол тарихи кездесу күндерінде жас жазушылар қарт Жамбылды ортаға ала суретке түсті. Жазушылар одағының Жамбылға арналған салтанатты пленумы кезінде  (20-22-мамырда) Қайым қазақ әдебиетіндегі қаламдас аға-інілерімен, құрбы-құрдастастарымен де суретке түсіп,  жырауға арнаған дастанын биік мінберден оқыды. «Мен дастанымды оқып болып, оны президиумда отырған Жамбылға апарып ұсындым. Ұлы ақын ерекше риза болып, қатты құшақтап, батасын берді, - деп еске алады Қайым аға. - Бұрылып кете бергенімде Сәбит Мұқанов тоқтатып, екеуіміз Семейде түскен фотоны қалтасынан алып, сыртына қолма-қол бір шумақ өлең жазып, залдағыларға оқып берді де, фотоны маған силады. Ол шумағындағы ой-тілек  Жамбылдың  шыншыл болу, өлеңнің қадір-қасиетін білу туралы жыр-тілегімен  үндес еді, тегі Сәбит соны ескерген де болар.

Қайым одан кейінгі салтанаттарда: жазушылардың құрылтайларында, ақындар айтысында  Жамбылмен бірнеше рет кездесті, жырларын тыңдады. 1945-жылы Жәкеңді ақтық сапарына аттандырысты.

***

Жамбылға арналып өткізілмек салтанатты жиынға аттанған Қайым онда тағы бір құрметті кісімен - ақын Жұмағали Саинмен танысамын, одан арыда дос болып кетеміз деп, әрине, ойлаған жоқ. 1938-жылдың мамырында семейліктердің делегациясын Алматыда Саин қарсы алып, әр жердегі кездесулерде, жиналыстарда - салтанатты шаралардың бәрінде бірге жүрді. Жай ғана таныстықтың ақыры екі ақынның өзара түсіністігіне, достығына ұласты. Ал бір жылдан соң, 1939-жылдың көкек айында, Жамбылдың ең дарынды шәкірті Саяділ Керімбеков пен Жұмағали Саин Семейге келді. Қуана табысқан сол күндердің бірінде Жұмағали мен Қайым қала сыртына шығып  дем алып қайтуды ұйғарысты. Табиғат жаңа оянып келеді. Кең дала бусана керіліп жатыр. Тап-таза көгілдір аспан шексіз күмбез тәрізденіп көз тартады. Үйлесімді  ғажап  көрініс  көңілді желпіп, қиялыңды тербейді. Бір сәтте Жұмағали қарындаш сұрап алды да, бірдізерлей қалып, ақ параққа әлдене жаза бастады. Сәлден соң көтеріліп, ол қағазын Қайымға ұсынды. Өлең екен. Қайым қастерлеп сақтаған ол өлең мінеки:

ҚАЙЫМҒА

Құлпырып жастық шақта жайнап тұрған,

Аспанда алтын күнге құлаш ұрған.

Қартайып жас жеткен соң талай жүйрік

Қайтадан келер ме деп арман қылған.

 

Біреулер өзі сүйген сұлуды айтқан,

Біреулер көппен ойнап-күлуді айтқан.

Біреулер құрыш қанат көк дауылдай,

Аспандап шарқ ұрып жүруді айтқан.

Балғындай балаусалы кезін айтқан,

Торғындай үлбіреген ақ маралдың

Гауһардай жалтылдаған көзін айтқан.

 

Ал, біз айтсақ қызыл гүлдей күнді айтамыз,

Жүректен ақтарылған сырды айтамыз.

Ақыннан Саяділдей толқып шыққан,

Балауыз, шырын дәмді жырды айтамыз.

 

Семейден Алматыға біз кеткенде,

Сағынар, сағынысар күн жеткенде,

Қайым-ау, сен де бізді еске аларсың,

Досыңмен жүрек сырын тербеткенде.

 

Өрен жүйрік Саяділ, ақын Қайым,

Өткізген біз бұл жерде жаздың айын

Әр кезде сағынышпен ойласын деп,

Өлең ғып бір-екі ауыз жазған  -  Саин.

 

Жұмағали САИН.

 

Семей, 28-көкек, 1939 ж.

 

***

1939-жылы маусымның 21-інде Қазақстан жазушыларының екінші құрылтайы ашылды. Оған республика жазушылары ғана емес, Кеңес Одағының шартабынан меймандар келді. Мұхтар Әуезов, Иван Шухов, Леонид Соболев қатысты.

Құрылтайға Семей облысы делегациясының құрамында барған Қайым Мұхамедханұлына повлодарлық ақын Естай Беркімбаев ерекше әсер етті. «Кең маңдайлы, көзіне ой тұнған, қас-кірпігі қалың, қияқ мұртты, шоқша сақалды кісі екен, - деп жазыпты  Қайым аға естелігінде. - Жанына жақын бару қиын болды. Делегаттар, ақсақал ақын-жазушылар, әнші-күйшілер,  жорналшылар қоршалап ала қояды. Ол домбыраны келістіре тартып, ән шырқайды...

Біз үйге қайтқанда бір пойызда, бір вагонда болдық. Жолаушы жұрт жол бойы біздің вагонға жиналып, Есекеңді ортаға алып, әңгімелесіп, ән салғызып мәз-мәйрәм болысты. Ақын ақсақал, жасы 70-те  болса да, жігітше  көңілденіп, көріктеніп отырды. Мен одан Семейде түсіп, менің үйімде біраз уақыт мейман болуды өтіндім. Ол келісті.

Үйде оны сөзбен, әңгімемен мазалаған жоқпын. Дем алуына, тынығуына жағдай жасадым. Өте қарапайым кісі екен. Күй-күтім талғаған жоқ. Қоңыр үнді домбырасын анда-санда қолына алып, баяулата ән салады».

Әрине, екеуі сырласа әңгімелесті де. Жас ақын, ғалым Қайым өзіне ғажап ұнаған ағасының өмірі мен шығармашылық жолын білуге құмартты. Бірде ең алғашқы әні туралы айтып беруді өтінді. Естай сәл аңтарылып, содан кейін ойға шомып біраз отырды да, пәстеу қоңыр үнмен әңгімесін бастады. Қайымның естелігіне үңілелік: «Алғашқы әнімнің аты  - «Хорлан». 20 жасымда шығардым. Ол ғашықтықтан туды. Сұңқар болысындағы Қыпшақ-өрік руы сұлтанның  Хорлан деген қызы бар екен. Мен оны бір тойда байқап қалдым. Ән шырқап отырғанмын. Ынталана тыңдаған топтан ерек екі қызға көзім түсті. Көркемдеуінің аты  Хорлан екен. Тойға сіңлісі екеуі келіпті. Мен бірден ғашық болып қалдым. Сол кеште таныстық, сөйлестік. Ол да мені ұнатып қалыпты. Сөйтіп... екеуіміз табыстық. Айрылмасқа серттестік. Келесі жылы қызды алып қашатын болдым, себебі менде  айттырар мал жоқ. Бірақ алып қаша алмадым. Әкесі қалайда біліп қойып,  басқа біреуге ұзатып жіберді...».

Арада алты жыл өткенде Естай Хорланды әдейілеп іздеп барып, көріп қайтқан. Олар 1931-жылы, жастықпен хош айтысқан, кәрілікке аяқ басқан кездерінде, соңғы рет көрісіпті.

Естай  Қайымның үйінде екі апта құрмет-қошемет көріп, үйіне кемемен қайтқан. Екеуі содан кейін 1945-жылы - Абайдың 100 жылдығына арналған салтанатты жүздесіпті. Тойды өткізу жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы Қайым оны құрметті мейман ретінде әдейілеп шақырған. Естай сол жолы Қайыммен хоштасу өлеңін және фотосуретін кейін Ахмет Жұбановқа табыстап, олар сазгердің «Замана бұлбұлдары» кітабына енгізіліпті.

Қайым Естаймен кездесулерін, оның «Хорлан» әнінің тарихын дос-жолдастарына айтып беріп жүрген. Сол әңгімелері бір күні гәзетте жариялансын.  Басқа біреу өзінің көріп-білгені етіп қымсынбастан жазыпты. Оны естіген Қайым аға ашу шақырмай, сәл жымиып: «Е, мейлі. Әннің шығу тарихы жұртқа тарай берсе болды емес пе?» дей салыпты.

**

1948-жылдың маусымы... Семейлік ақын-жазушылардың бір тобы ұшқыр қайыққа отырып, Ертісті өрлей әуежайға жол тартты. Көрнекті орыс жазушысы Всеволод Ивановты қарсы алмақшы. Қайықтың соңында қайнағандай бұрқырап қалып жатқан суға қызыға қарап тұрғандарында  жолаушылардың бірі Всеволодтың Максим Горькийге оқып берген бірінші әңгімесі «Ертісте» деп аталғанын еске алды.

Олар кешіккен ұшақты әуежайда ұзақ күтсе де, құрметті мейманды қуана қарсы алды.

«Оның сол алғашқы жүздесудегі әлпеті маған қалайда ерекше ұнап, өмір бойы көз алдымда тұрды. Дархан даланың баласына тән кесек тұлға, кең маңдай, сәл таңқыш мол мұрын, - деп жазыпты Қайым аға, «Партизан хикаяларының» авторын еске алуында. - Көзәйнегі қалың болса да, көзінің күлімдеп тұрғанын  байқадым. Ол бізбен өзінің жиі кездесіп жүрген байырғы таныстарын көрген кісіше жайдары амандасты. Жасы 53-те болса да,  жігітке тән шалт қимылды. Жайдары. Жүрісі ширақ».

Малды ауылды, ірі кәсіпорындарды аралағанда, жергілікті гәзеттердің редакцияларында болғанда, қысқасы: «совет әдебиетінің ту ұстаушылары» көруге тиіс жерлердегі кездесулердің бәрінде Қайым Мұхамедханұлы құрметті мейманмен бірге жүрді. Ол Семей қаласын аралағандарын, әсіресе мұражайларда, оның ішінде Абайдың мұражайында болғандарын ерекше ілтипатпен еске алатын еді. Өйтпегенде ше?! Абай мұражайын ашу үшін ұлы ақының киім-кешегін, бұйымдарын, қолжазбаларын іздестіруге қаншама уақыт, қаншалықты күш-жігер жұмсалды десеңізші! Мұражай шағын-шағын бес бөлмесі бар ағаш үйде орналасқан. Ол кезінде кемеңгер ақын Семейге келгенінде қонып жүрген үй болатын. Всеволод  Иванов қызыға, құмарлана аралап көрді. Алған әсерін кейін М. Әуезовтің  «Абай» романы хақында жазған мақаласында тұщына айтыпты.

Қадірлі мейманы мен екеуінің қаланың көрікті жерлерін аралап, көп әңгіме-дүкен құрғандарын Қайым ризашылықпен еске алып отыратын.

«Достоевский тұрған үйде болғанымызда, - дейді Қайым, - Всеволод Вячеславұлы маған:

-Қайым, сен ғой Абай мұражайының директорысың. Олай болса, сен Федор Михайловичті ұмытпауға тиіссің. Ол Шоқан Уәлихановтың өмір бойғы досы болды емес пе? Қолжазбаларын Шоқан сиға тартқан, таңдаулы қайың тозынан жасалған жәшікте сақтағанын білесің, - деді. Мен ол жәйтті білмейтін едім, сәл абдырап қалдым да:

-Иә, екеуі шынайы дос болған, - дедім.

-Бұл үйді мұражайға айналдыру керек, мен облыс басшыларымен сөйлесейін, - деді Всеволод».

Қайың тозынан жасалған жәшік туралы мағлұматты кейін, Анна Григорийқызы Достоевскаяның естелігінен оқыдым. Болашақ әйелімен әңгіме сәттерінің бірінде Федор Михаилұлы: «Мына ғажап жәшікті қарашы! Мұны маған сібірлік досым Шоқан Уәлиханов силады. Бұл - менің ең бағалы бұйымым. Қолжазбаларымды, хаттарды, өзге де  қымбат нәрселерімді осы жәшікте сақтап жүрмін», депті.

Всеволод Вячеславұлының бір көргенін, бір оқығанын есінде сақтау қабілеті күшті екен. Достоевскийдің үйін, жераударылған петрашевшілердің үйлерін аралап шығып, телеграф ғимаратына бет алдық. Оған жақындай бергенімізде мейманым:

-Омбы мен Семейді жалғастырған телеграф сымы 1872-жылы тартылды, - деді...

Екі-үш күннен кейін Ертісті өрлеп, Өскемен қаласына барып қайтуды әңгімеледік. Всеволод сәл жымиып отырып:

-Семейден Өскеменге, одан ары Зайсанға пароход алғаш рет 1863-жылы жол тартқан болатын. Пароходтың аты «Ура» еді. Қызық, ә?! «Ура», - деді де, қарқылдап күлді.

Всеволод Иванов Семейде болған күндерінде Қайымның үйінде жатты. Фархинұрдың қолынан дәм татып, алты жастағы Розамен бала мінездене сөйлесіп жүрді. Қайымның құлдыраңдаған қызы ақ-сұр костюм киген, жымиып отыратын мейманға: «Міне, менің ауылым. Міне, менің үйім» деп басталатын әңгімені оқып берген-ді.

Мейман мейлінше дем алды. Ал Қайым екеуінің әдебиет, тарих, көркем өнер жайындағы әңгімелері  таусылмастай болатын. Қайым ол туралы да жазыпты:

«...ол бір кеште қазақ әдебиетіне қатысты ойларын ортаға салды. Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов үшеуінің «Аманкелді» фильмінің сценарийін жазу жайында пікірлескендерін еске алды. Өзі туралы аздап айтты. «Мен көзім жетпеген жәйтті мандытып жаса алмаймын...  Осы Семей облысында туып-өстім. Қазақ ауылдарына жиі барып жүрдім, қазақ балаларымен бірге жүріп, бірге ойнадым. Ол кезде қазақша жап-жақсы сөйлейтінмін... 1916-жылғы көтерілісті білемін. Оған қатысқандармен сөйлестім. Ол турады кітап жазуға да кіріскенмін...» деді».

Екеуінің одан кейінгі әңгімесі қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аудару жайына ойысты. Всеволод Вячеславұлы жолма-жол аударма дегенді  ұнатпайтынын айтты. Ол аудармашы Маршакты ерекше құрметтейді екен. Маршак Шекспир мен Бернстен аударма жасағанда жолма-жол аударманы неге керек етпеді? Ал Абайдың туындылары, біразына ақынның өзі, кейбіріне басқалар ән шығарған ғажап дүниелері де,  орыс тіліне  аударылмай, кең тарамай жатыр...

Қайым Мұхамедұлының ақжарқын мінезді, білімпаз әңгімешіл Всеволод Ивановты керімсал кейіпкер еткен естелік-жазбалары мейлінше көркем тілмен көсілте жазылған, бас алмастан оқисың. Оны жазушының жары Тамара Владимирқызы Иванова жоғары бағалапты. Қайым ағаны туған күнімен құттықтаған жеделхатынан, Переделкиноға дем алуғы шақырған хатынан  ризашылығы анық аңғарылады (Вс. Ивановтың семейлік досы жазушылардың Мәскеу маңындағы Переделкино шығармашылық үйіне бір барып қайтуға уақыт таба алмады). Айта отырар бір жәйт: Т. Иванованың  Қайым Мұхамедханұлы еңбектеріне назар аударып жүргендігі (Қайым аға ондай  ниетті жерлестерінен де көрмеген). Ыстық ілтипатқа бір куә мына үзінді:

"Пишу Вам второе письмо. Первое написала, когда дошла до меня "Звезда Прииртышья" с Вашей статьей "Всеволод Иванов в Семипалатинске". А теперь пишу, прочитав Вашу статью в газете "Иртыш" - "Одним дыханием со степью", - деп жазыпты  Тамара Владимирқызы 1973-жылы. - Я Вас от всего сердца благодарю за обе эти статьи, и мне очень, очень бы хотелось, чтобы, объединив их в одну, Вы опубликовали бы свой труд в журнале... Такая статья была бы очень уместна на страницах журнала "Дружба народов". Я знакома с главным редактором и могла бы предложить ему Вашу статью, если Вы этого хотите и пришлете мне ее. Простите, коли мое предложение не к месту..."

Өзіміздің мәдениет қайраткерлерімізбен, әдебиетшілермен, тарихшы қауыммен әңгімелерінде, сұхбаттарында Қайым Мұхамедханұлы ортаға салған мәселелер, қамтыған тақырыптар қыруар. Әрқайсысы жеке-жеке зерттеу жұмыстарына арқау, өзек екені анық. Бәрі де көркем тілмен тұжырымды жазылған.

Төңірегіндегі көпшілік Қайымды ғалым деп қана емес, Қазынаны сақтаушы деп  те бағалайтын. Басқалардың өзінде сақтаулы қолжазбаларын ғылыми зерттеулерге қажет қазына деп Қайымша күтіп ұстаған, ұқыптап сақтаған жан сирек шығар! Абай немересі Мәкеннің (Тұрағұлқызы) өздерінің ататегі жазылған көне дәптерді Қайым ағаға сеніп тапсырғаны сондықтан деп ойлаймын. Ол кісі Қайым Мұхамедханұлын кіршіксіз қадірлейтін. Жасы сексенге толғанда тойын әдейілеп шақырып, құрметтілерінің құрметтісі ете силап, қасына отырғызып, көпшілікке: «Міне менің жанымда Қайым отыр, Гүлнәр Дәулетова отыр!» деп масаттана жар салғаны бар.

...Арада жылжып жылдар өтті. Қайым аға естелік кейіпкеріне айналды. Онымен таныс-біліс, қызметтес, сапарлас болған адамдар ғажап қарапайым, кішіпейіл, ақ көңіл ғалым-жазушының жүріс-тұрысын, кісіге қарасын, жылы жымиысын, әдеппен ақырын ғана күлетін әсем әдетін, ойлана сөйлейтін әрбір сөзін  еске түсіріп, сағынышты сезіммен жазып жүр. Қайым Мұхамедханұлының шағын да қарапайым бейнесі бүгінде таутұлғаға айналып,  көптеген шәкіртеріне шапағатты үлгі-өнеге бола бастады. Бұл құбылыс - мәдениетіміздің, әдебиетіміздің кешегі мен бүгінгі, ертеңгі тарихын өзара жалғап, тоғыстырып тұратын сетінемес өрнек  деу ләзім.

***

ОЙ  ТҰЖЫРЫМЫ

КӨҢІЛ   КӨГІНДЕГІ   СҰХБАТ

Менің осындай сұхбат жасау тілегіме Қайым Мұхамедханұлы қалай қарар еді деген ой кештім. Оның өзгелерден бір ерекшелігі: ойдың орнықтылығын, сөздің нақтылығын, деректің барынша дәлелділігін, шындықтың шырайлылығын  қалайтын. Иә... енді ортамызда жоқ ақсақалмен әңгімелесу мүмкін емес. Алайда ойланып көруге болады! Оның толып жатқан ғылыми еңбектері, көсемсөз мақалалары, естеліктері, аракідік қағаз бетіне түсіре салып жүрген ой түйіндері - қандай сұрағымызға болсын жауап тауып алуға жәрдемдесетін байлық көзі. Рас, кезінде көп сұрағымызға жауап алғанбыз. Дегенмен,  алынбай қалғандар, бүгінге қажеттер бар. Мәселен:

-Ұзақ та ой-шұңқырлы болған өткен жолыңызға көз жіберіп отырып, көрген-білгендеріңізді қорытындылап бере аласыз ба?

-Өмірде әркімнің өз тағдыры, өз жолы бар. Қорытынды жасайтын кез де көп күттіре қоймайды. Өкінгеніңді елемей жетеді...  Ғылыми-зерттеу және әдеби жұмыс ауқымындағы еңбегім аз ба, көп пе, сапалы ма, сапасыз ба, - оған өзім төреші бола алмаймын. Десем де, айызымды қандыра еңбек еткен жылдарым аз емес сияқты. Дүниеге қақаған қаңтарда келсем де, өмірімде аяз бен бораннан гөрі жылы, сәулелі, нұрлы күндерім көп болды.

-Небір елеулі ғылыми еңбектеріңіз жеткілікті. Көбі - академиктік деңгейдегі ғылыми-зерттеу жұмыстар.  Солай бола тұрса да, докторлық диссертация  қорғамағаныңыз  қалай?

-Оған себеп те жеткілікті. Оның неғұлым дәлелдісін айтсам, ол:  ойда жоқта, жазықсыздан жазықсыз репрессияға ұшырап, жаныма да, тәніме де тым ауыр соққы тигені; ғылыми және қоғамдық жұмыстарымның  шамадан тыс көп болғаны; жастың  да, денсаулықтың да мұрша бермегені; отбасыма қарайлап, он баламды өсіріп-жеткізуге көп алаңдағаным; КСРО Жазушылар одағының мүшесі болған соң, шығармашылық жұмысқа ден қойғаным.

-Негізгі болмаса да, қоюым қажет сұрағым: етек-жеңі жиылған көп те саналуан еңбектеріңізді өмір бойы неге жарыққа шығармай сақтадыңыз? Ол әлде кейінгілер керек ақиқатына көздерін жеткізгенше іздесін деп «тығып қойған»  педагогтік  бір тәсіліңіз бе?

-Қолжазбалар ақпардың ақиқатын анықтау үшін сақталуы қажет.

-Абайдың әдеби мектебін қалыптастыру, сондай-ақ, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын  адал, әділ зерттеу жолында ғылыми-зерттеушілік ұстанымыңызды дәлелдеуге көп жылыңызды жұмсадыңыз. Сол үшін Сізді түрмеде азаптады, қинады, лагерьге айдады. Ғылыми идеяларыңыздың өтемі сол болғаны  ма?

-Мұхтар екеуіміз идеямызды қорғай алдық. Әріптестеріміздің, дос болғандарымыздың көбі сатылып, жалақорға айналды. Олар Мұхтардың отыз жыл бойғы еңбегін жоққа шығаруға тыраштанды; мені Әуезовтің құйыршығы деді; Шәкәрімді қарақшы деді. Тағдыр бізді төкпештеді, бірақ жасыта алмады. Мені қойшы...  Абай, Мұхтар, алашордалықтар әділетсіздік тауқыметін көп тартты. Әсіресе Мұхтар  пәлеқор-жалақор тобырмен өмір бойы дерлік  алысты-жұлысты...   Иә, біз ғылыми идеямыздан ауытқымадық. Уақыт -төреші деген рас. Ол бәрін де өз орнына қойды. Біздің идеямызды бүгінде ұлтымыз қуаттап, мақтаныш етіп отыр.

-Замана өзгерді, жаңарды, жақсарды. Абай мен шәкірттерінің шығармаларын жан-жақты ғылыми зерттеу енді әрі кең түрде әрі неғұрлым әділ жүргізілетін болар?

-Абай идеологиялық мақсаттарға пайдаланылып келді. Ұлы ақынның философиясы әлі зеттеліп болған жоқ. Мұхтар да жоқ. Кейбір академиктер Абайды әлі күнге түсіне алмай жүр. Менің төртомдық болсын дегенім ескерілмей, екітомдығы шығарылды. Әрине, ғылыми түсініктермен шықты. Бірақ  жұмыс әлі көп. Абайды әбден білу, жете түсіну қажет. Бүгін де бар жалған ғалымдық жаңылыстарды, бұрмалауларды түзету үшін зерттеу ғылымының  өзін жетілдіру шарт. Абай: «адасқанның алды -жөн, арты -соқпақ» деген. Өмір - алдамшы. Біз бүгін қандай мемлекет құрудамыз? Идеологиямыз қандай? Халқымыздың тарихы жазылып жатыр...  Кейбір рулардың өмірде болмаған батырлары ойдан шығарылып, беталды әспеттелуде. Ондайлар шын  батырларды көлеңкелеп, тарихты бұрмалауға жол ашты. Мен тарихшы емеспін, алайда ұлттық әдебиетіміздің өзіміз өмір сүріп отырған дәуірдегі тарихын таза жазуға ғалым қазақ ретінде міндеттімін. Біреулер  өтірікті жазады. Біреулер сол өтірікке сенеді. Біреулер жалған атаққа құмар. Сондайға жол беруіміз халықтығымызға сын емес пе?

-Сіз Абайға қатыстының бәрін білетін сияқтысыз. Бәрін болмаса да, көбін білесіз. Поэтикалық парасатты сөз әлемін Сіз жақсы көріп қана қоймай, жақсы зерттеп білгенсіз. Егер Ұлы жолбасшыңызға  бір сұрақ қоюдың сәті түссе, ол сұрағыңыз қандай болар еді?

-Онда Абайға қарапайым ғана сұрақтың бірін: «Сіз қалай ақын болдыңыз?» дегенді қояр едім, ал ол күліп: «Адам жүре ақын бола алмайды, ақын болып туады» дер еді.

-Бақыт деген не? Сіз оның не екенін білесіз  ғой?

-Меніңше, нағыз бақыт - еркін, азат болу, ақиқатты айту, ештеңеден, ешкімнен қорықпау. Тек осылай өмір сүру керек! Адам - осындай болғанда ғана адам!

Алла БЕЛЯКИНА,

филолог, жорналшы.

Орысша нұсқасынан еркін аударған -  Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

жазушы, жорналшы.

«Абай-ақпарат»

0 пікір