Жұма, 19 Сәуір 2024
Дей салдым-ау 4875 4 пікір 29 Қараша, 2021 сағат 16:39

Бозымбаев һәм АЭС құрылысы

«Қанат Бозымбаев Алматы облысына әкім болып сайлануының АЭС салу жоспарына қатысы бар ма?» Бұл сұраққа сарапшылар жауап беріпті. «Orda.kz» сайты жазады.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың орнына 24 қараша күні Қанат Бозымбаев сайланды. Ол бұрын Жамбыл мен Павлодар облыстарының әкімі қызметімен қатар, Энергетика министрі, «KEGOC» АҚ бірінші вице-президенті және басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары кезінде электр энергиясының тапшылығын сөз етіп, Қазақстанда атом электр станциясының салынуы мүмкін екенін айтқан болатын.

«Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан, болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау», - деп мәлімдеген Президент.

Алматы облысының әкімі қызметіне келген Қанат Бозымбаев АЭС құрылысына жетекшілік етуге құлықты ма?

Саяси шолушы Ғазиз Әбішев атом станциясын салу туралы шешім баяғыдан қабылданып қойылған, ал Бозымбаевтың жаңа қызметі осыған қатысты болуы мүмкін деп есептейді.

«Электр станциясын салу туралы шешім қабылданғаны белгілі, бірақ кімнің станциясын салу туралы шешім әлі қабылданбады. Бұл тек Ресей болуы міндетті емес, Франция, Қытай немесе Америкалық станция. Кореялық станция да қарастырылып жатыр. Құрылысты кім жүргізетіні алдағы келіссөздерге байланысты болмақ.

Біз Бозымбаевтың  «KEGOC» бірінші вице-президенті, Энергетика министрі, екі облыстың әкімі, соңғы екі жылда Тоқаевтың көмекшісі болып жұмыс істегенін білеміз. Тоқаевтың атом энергетикасы туралы айтқаны Бозымбаевтың өзі жасаған сараптамасы болуы керек. Егер оны сол жерге жіберсе, бұл АЭС құрылысына байланысты болуы әбден мүмкін», - дейді Ғазиз Әбішев.

Саясаттанушы Оразғали Селтаев бұл тақырыпқа нақты жауап бермеген, бірақ Бозымбаевтың басшылық дағдысын жоғары бағалайды.

«Мен оны тәжірибелі басқарушы, Президент жоғары бағалайтын, өз ісінің шебері деп айта аламын. Сондықтан, осындай маңызды аймаққа тағайындалуы әбден қисынға келеді», - деді саясаттанушы.

Ербол Еділов АЭС құрылысы мен Бозымбаевтың аймақ әкімі болып тағайындалуы арасындағы байланысты тек болжам деп санайды.

«АЭС тақырыбы бойынша мәселе әлі шешілген жоқ. Халықтың пікірі тыңдалады деп айтылған болатын», - дейді Ерлан Еділов.

Қазақстанда АЭС салына ма? Ол туралы не білеміз?

2019 жылы Ресей президенті Владимир Путин атом электр станциясын салуда әріптес болуға шақырған. Президент Тоқаев әуелі халық пікірін біліп барып, жобаны ойластыруға болатынын айтқан. Бірақ Алматы облысындағы Үлкен елді мекенінде атом электр станциясын салуға орын бөлініп қойылған. Бұл қоғамның ашуын туғызып, АЭС салуға қарсы митингтер ұйымдастырылды. Алайда, аудандық әкімдік ешқандай қарсылықтың болмағанын жеткізеді.

2021 жылы мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясына қатысты тақырыпты мүлде жауып тастау ерте әрі қате шешім екенін айтты.

«Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына сүйенеді. Одан қорқу орынсыз. Бірақ азаматтар арасында тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Біз атом станцияларын салуға асықпаймыз, бірақ бұл іске кешікпеуіміз керек», - деді Президент.

2021 жылдың жазында бұрынғы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Үкімет электр станциясын салу туралы халықпен пікірлесетінін мәлімдеді.

«Халықтан сауалнамалар алынады, семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Қоғам белсенділері мен блогерлер тартылады. Алдымызда «жасыл экономикаға» көшу жоспары бар. Сондықтан елдің қалай қарайтынын білуіміз керек», - деген еді Ноғаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында Үкімет пен «Самұрық-Қазынаға» қауіпсіз экологиялық энергетиканы дамыту мүмкіндігін зерделеуді тапсырды. Сондай-ақ, Президент Үкіметке «жасыл сутегі» және сутегі энергетикасын өндіру бойынша ұсыныстар дайындауды міндеттеді.

30 қыркүйекте Қазақстан мен Ресейдің «Өңіраралық ынтымақтастық форумы» аясындағы бейнеконференцияда Путин АЭС құрылысына тағы да қолдау көрсететінін еске салды.

Abai.kz

4 пікір