Жұма, 29 Наурыз 2024
Әне, көрдің бе? 3374 2 пікір 29 Қараша, 2021 сағат 16:01

Әлемді әбігерге салған «Омикрон»: Цой не дейді?

Короновирустың мутацияланған жаңа түрі «Омикрон» вирусы әлемді әлекке сала бастады. Жаңа вирус Африка құрлығының Боствана мемлекеті мен Оңтүстік Африка Республикасында 9 қараша күні анықталған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Мария Ван Керкхове: «Штамның қалай пайда болғаны белгісіз, бірақ болжамдардың бірі: вирус жұқтырып иммундық жүйесі әлсіреген, аурудан толық айықпаған адамның ағзасында белгілі бір уақыт аралығында вирус көбейген, содан пайда болған», - деген пікір білдірген.

«Омикрон» басқа вирусқа қарағанда тез таралады әрі қаупі жоғары екені айтылып жатыр. Қауіпті вирус Африка аумағынан шығып әлемге жайылып үлгерді. Қазірге дейін Белгия, Израил, Гонконг, Чехия, Германия, Ұлыбританияда кездесіп отыр. Аталған вирус қазір Ресейге де жетіп үлгерген.

«Африкалық «Омикрон» штаммы қазірдің өзінде Ресейде бар, оның таралу көзі Египетке барған ресейлік туристер болуы мүмкін», - деді сенатор Владимир Кругли.

Ресейде кешеден бастап ОАР, Боствана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Эсватини, Танзания, Мадагаскар және Гонконг елдеріне шығуға тыйым салынды. Еуропа елдерінде де тыйым салу шаралары қолға алынған.

Малави елінен оралған бір тұрғыннан ауру табылып, «Омикрон» белгісі бар тағы жеті тұрғын анықталған соң, Израиль үкіметі шетелдіктерге шекарасын жабуды ұйғарған. Ел ішінде Оңтүстік Африкадан келгендерге шұғыл іздестіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Еурокеңестің басшысы Урсула Фон дер Ляйен Еуропа Одағы елдеріне «Омикронның» пайда болуы және таралуы туралы нақты мәліметтер беруін сұрады.

АҚШ дүйсенбіден бастап халықтың Африканың бірнеше елдеріне баруына тоқтау салды. Вирустың жаңа нұсқасы туралы мәлімдемесінде президент Джо Байден Дүниежүзілік сауда ұйымын ковидке қарсы вакцинаға патенттен бас тартуға шақырды. Бұған дейін Вашингтон бұл үндеуді әлем елдеріне жолдаған болатын, бірақ ол Еуропада қолдау таппады.

«Бұл жаңа вирустың түрі әлем толық вакциналанбайынша пандемияның аяқталмайтынын анық көрсетеді», - деді Байден.

Бірнеше күн бұрын Амстердамға оралған алпыс шақты жолаушыдан короновирус белгісі бар екені анықталған. Бірақ, ковидтің қай түрі екені туралы ақпарат берілмеген. Нидерланды елінде дәл қазір ковидпен ауырғандар саны күрт көбейген. Ел басшылығы карантин талаптарын күшейткен.

Австралия сенбі күні Оңтүстік Африка, Намибия, Зимбабве, Ботсвана, Лесото, Эсватини, Сейшел аралдары, Малави және Мозамбикке қарай екі аптаға рейстердің тоқтатылатынын хабарлады. Бұл мемлекеттерде болған адамдар Австралияға кіре алмайды (өз азаматтарын қоспағанда).

Жапония билігі: «Африка құрлығының оңтүстік аймағынан келгендер 10 күнге карантинге жабылып, 4 рет сынақ тапсырады», - деді.

Ал, Үндістан билігі ОАР, Боствана, Гонконгтан келген жолаушыларды қатаң тексерістен өткізіп, сынақ тапсыруды жүктеген.

Иранда Африканың бірнеше еліне баруға тыйым салып, бұл елдерден қайтқан Иран азаматтарын екі рет сынақтан өткізетінін хабарлады.

Бразилия Африканың алты еліне, Тайланд сегіз еліне кіруге тыйым салды.

Канада соңғы 14 күнде Африканың Оңтүстік Африка, Намибия, Зимбабве, Ботсвана, Лесото, Эсватини және Мозамбикте болған жолаушыларды елге кіргізбейді.

Бірақ ОАР билігі елдердің тыйым салу әрекеттерін дұрыс емес деп санайды. Оңтүстік Африка елдерінің денсаулық сақтау министрі Джо Фаахла:

«Жол жүруге тыйым салу және басқа да осы секілді шектеулерді асығыс енгізіп жатқан елдердің іс-әрекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормалары мен стандарттарына қайшы келеді», - деді.

Ұлыбритания үкіметі кеңесшілері ғылыми тобының докторы Майкл Тинсли: «ОАР халқының 24 пайызы ғана вакцина салдырған, бұл ендігі вирустың өте жылдам таралуына жол ашып береді», - дейді.

Вакцина шығарушы бірнеше фармацептикалық корпорациялар «Омикронды» зерттеуді бастап кеткен, олар препараттар құрамын қажеттіліке қарай өзгертуге дайын екенін жеткізген. «Pfizer және Biotech» компаниялары «шамамен 100 күн ішінде «Омикронға» қарсы арнайы бейімделген вакцинаны жасауға және шығаруға» ниетті екенін айтты.

«Спутник V» вакцинасын шығарушы Мәскеулік орталық та Ресейлік ғалымдардың вакцинасын жаңа вирусқа қарсы бейімдеуге дайын отырғанын айтады.

Ал Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың «Омикрон» штаммы туралы пікір білдірді.

Facebook-тегі парақшасында: «Омикронның» басқа нұсқалармен салыстырғанда қаншалықты тез тарайтыны әлі белгісіз. Иә, қазір ол Оңтүстік Африкада өршіп тұр. Дегенмен эпидемиологиялық зерттеулер аяқталмайынша ол туралы нақты қорытынды жасауға болмайды», - деп жазған.

Ол сондай-ақ, «Омикронның» қаншалықты ауыр ауруларға әкелетіні туралы да тоқталды.

«Әзірге «Омикрон» белгілері COVID-19-дың басқа нұсқаларынан өзгеше болады деген дерек жоқ. Тек дерттің осы түрімен ауырғандарға кортикостероидтар мен интерлейкин-6 ингибиторлары тиімді. Басқа дәрілердің емдік қасиетінің қаншалықты екені зерттеледі», - деді Цой.

Айжан Темірхан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1579
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606