Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2443 0 пікір 15 Тамыз, 2012 сағат 09:58

Ауыт Мұқибек. Көші-қонның жыры

Біздің еліміз – жас, жеріміз – ұлан-ғайыр,
халқымыздың саны болса – көп емес.
Сондықтан Елбасы ретінде елімнің
болашағын ойлап алаңдаймын.

Нұрсұлтан Назарбаев

 

Біздің еліміз – жас, жеріміз – ұлан-ғайыр,
халқымыздың саны болса – көп емес.
Сондықтан Елбасы ретінде елімнің
болашағын ойлап алаңдаймын.

Нұрсұлтан Назарбаев

 

Келсем деп ең еліңе бек тырысып,
Кесіп жолды қап-қара өтті мысық.
Қазақстан бар деуші ең шақыратын,
Қазақстан сендерді кетті ұмытып.

Қойды билік қарауды жан-жағына,
Не болады тағдырың алда мына.
Басын көштің көп-көрім бастап еді,
Аяқ жағы шидей боп қалды адыра.

Түсер емес бұл билік аттан әлі,
Жұлдыздардан ұшырдық мақтап ары.
Біріміз деп үш елдің шіренеміз,
Көп жыл болды көші-қон тоқтағалы.

Иен жатыр даламның атырабы,
«Бос жатқан жер дейді жау шақырады».
Миллион қазақ келді деп күнде айтады,
Бес миллионы шетелде жатыр әлі.

Басталған іс аяқсыз қала берсе,
Жем болады біреуге дала көркем.
Қара қытай қаптаса шығысыңнан,
Алаңдаудың көкесі болады ертең.

Мына жерге шынында аз мына халық,
Жатыр далам шөбі мол, бұлағы ағып.
Неге тоқтап қалды деп қазақ көші,
Түстім бір кез соңынан шырақ алып.

Парламентке хат жаздым, Сенатқа да,
Асланға хат жаздым, Қанатқа да.
Мәсімовқа хат жаздым, Қасымовқа,
Болған жайды түбінен сан ақтара.

«Ақжолға» да хат жаздым, «Нұр Отанға»,
Жүк болатын салмағы бір атанға.

Жаратқанға жалындым күндіз-түні,
Бере ме деп тілекті сұраса Алла.

Болмайды ғой ақында сөз жасырын,
Тіке өзіне хат жаздым Елбасының.
Жалғасын деп үзілген Көштің жібін,
Қалмасын деп анау жат жерде асылың.

Одан бері көп кектем, көп күз кетті,
Хатымды ары ешкім де өткізбепті.
Мұнайшының жаздайғы тілегіндей,
Тілегімді менің де жеткізбепті.

Тауса алмаспын іштегі айтып шерді,
Уәдеден көп мырза тайқып берді.
Иесіне жетпестен бір хатым да,
Комитеттен(1) «жауап» ап қайтып келді.

Қалғандаймын астында тек құсаның,
Қойды ашуды Отаның от құшағын.
Қалыңдығы сол хаттың үш орайды,
Мұратханның әйгілі көк кітабын(2).

Мықтылардың білем ғой мен есімін,
Табаны жер тіреген, төбесі күн.
Хаттар қайтып келген соң соры қайнап,
Астананың қақтым кеп көп есігін.

Дейін десең халқыңды жи еліңе,
Бірдемесі кетеді киеді де.
Басын қоса алмаса бес қазақтың,
Таңба емес пе елімнің сүйегіне.

Енді аша бастап ем әр есікті,
Референдум деген бір бәле шықты.

Референдум қанатын жайғанда енді,
Кезектен тыс дүркіреп сайлау келді.

Сайлау бітіп, жазғанда ел бойын енді,
Астананың дағдылы тойы келді.

Отырса да көшуді әр үй тілеп,
ОБСE-нің шуладық Саммиті деп.

Бастағанда дыр-дудан қажи адам,
Жақты алауын Медеуде «Азиядаң».

Ол аяқтап, бастасақ анау істі,
Деген кезде Көші-қон заңы ауысты.

Күз орнына қақаған қыс ауысты,
Комитеттің бастығы үш ауысты.

Заң жаңарып қақ жарар қара қылды,
Іле-шала Парламент таратылды.

Террористер бір майдан ойнақ салды,
Жиырма жылдық сонан соң той басталды.

Желінбестен қазының бір тілімі,
Жаңаөзеннен естілді мылтық үні.

Банк, дүкен өртелген, тоналған кеп,
Мұны істеген жазғырды «оралман» деп.

«Тыншығанда» Жаңаөзен бағы тайған,
Нәсихатын басталды тағы сайлам.

Іс болды ғой бала да, қарт ұялар,
Көкбалақ боп шауып жүр партиялар.

«Саналады» сайлаудың дауысы әлі,
Онан кейін Үкімет ауысады.

Мен бастаған түрі осы бастаманың,
Одан ары тойы бар Астананың.

Болып кетті биліктің бабы қиын,
Одан да ары тағы той, тағы жиын...

Істемейміз шаруалар неге мәнді,
Қазақ керек күзетер шегарамды.
Шырқауменен барады Қазақстан,
«Тойың тойға ұлассын...» деген әнді.

Жүргеніне қарамай жарты құрсақ,
Той дегенде қазақтар шалқығыш-ақ.
Іштен тынып өткіздім соның бәрін,
Жаңаөзеннің сенделген халқы құсап.

Таңдап алды біздің ел осы жолды,
Не қылады мұндайда көші-қонды.
Артымызға бір адым шегінбесек,
Халқымыз да жатқан жоқ өсіп оңды.

Үзілмейді қонақтар есік-төрден,
Бізге Құдай осындай несіп берген.
Он жиыннан ашылған атақ үшін,
Он қазағым артық қой көшіп келген.

Сайрандасын елімнің құсы көлде,
Ұшсын түзу тағы да түтіне өрге.
Шегараны бекітті, оның енді,
Толтыруы керек қой ішін елге.

Туа ма күн бас қосар Алашыма,
Қояр ма екен елімнің бағы ашыла.
Алыстағы жөңкіліп келсе қазақ,
Алаң қоңіл түспей ме сабасына.

Неге керек той-жиын мұнша жалған,
Аяқ алып жүргісіз шыршалардан.
Еститұғын сөзіңді бір құлақ жоқ,
Көретұғын барлық көз тұмшаланған.

Жасалатын жыл сайын «Жолдау» ғажап,
Шақ тұрады басыңа орнауға бақ.
Қазақстан дейтұғын елі тұрып,
Қытай болып кететін болды-ау қазақ.

Жасалатын жыл сайын «Жолдау» ғажап,
Шақ тұрады басыңа орнауға бақ.
Қазақстан дейтұғын елі тұрып,
Орыс болып кететін болды-ау қазақ.

Осы ел еді сенгенің, сүйенгенің
Толтырсақ деп қазақтың иен жерін.
Жөні жоқ-ты Нұрекең ұмытатын,
Туған Қызай әпкеден жиендерін.

Ойлантпай ма осы елдің жайы бір сәт,
Аллам өзі түзетсін қайырын сап.

Не боламыз Ай-Күннің аманында,
Бес миллион қазақтан айырылсақ.
Мақтаудан ел билікті ерінбейді,
Онсыз қаран қазағым, жерім дейді.

Арғы бетте қандасым бар еді-ау деп,
Елді ойлаған бір пенде көрінбейді.

Қоныстанса не бопты ел Атырау кеп,
Құшағына алады батыр әулет.
Ашсам деген көш жолын жоқ мұсылман,
Қазақтарым келе алмай жатыр-ау деп.

Қартым қалды ар жақта еңкілдеген,
Шөкті бурам шудасы желпілдеген.
Бір ауыз айтпайды партиялар,
Қазақ көшіп шеттегі келсін деген.

Қазақстан қызықпас жеріне кім,
Алғаны жөн шашылған теріп елін.
Жете алмадым өзіне Елбасының,
Ептеп-септеп тырбанып көріп едім.

Ән салуға жасынан бейім бала,
Ұлы өнерде топ жарған кейін де ана,
Шығады екем мен байқұс шырқап әрең,
Бекболатқа депутат дейін ғана.

Біліп болды бұл күнде кейпімді ел де,
Келді қазақ шын опық жейтін жерге.
Шеше алмаған Бекболат бұл шаруаны,
Жамбыл(3) келіп шешеді дейсіңдер ме?

Бітірмейміз бір істі толық істеп,
Істететін кісі анау оны күштеп.
Қол сыбанып «Нұр Отан» шешпегенді,
Дейсіңдер ме шешеді «Коммунист»(4) кеп.

Көші-қонды қажыдым сынай-сынай,
Ешкім маған бермеді былай шырай.

Ақсап қалды шетелден келетін көш,
Балтырынан оқ тиген мұнайшыдай.

Оққа ұшты боздақтар, қиылды арман,
Жоқтауларға толтырып үйін қалған.
Астанада топырлап күнде ашылған,
Өнімі жоқ шаршадық жиындардан.

Өзен анау атыстан ойрандалған,
Шығар бізге бар әлем қайран қалған.
Тойдың жөні бір бөлек жиырма жылдық,
«Кезектен тыс» шаршадық сайламдардан.
-----------------
(1)Комитет - Көші-қон комитеті
(2)Көк кітап - Мұратхан Шоқан құрастырған «Тәуелсіздіктің жемісі».
(3)Жамбыл - Жамбыл Ахметбеков, ҚР Коммунистик партияның хатшысы.
(4)«Коммунист» - Қазақстанның Комунистік партиясы.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3567