Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 1602 0 пікір 23 Қараша, 2021 сағат 16:41

Алматы облысы: Қаратал ауданында жиын-терін жұмыстары мәсеге жетті

Ауданда жиын-терін жұмысы мәресіне таяды. Қазір тек қант қызылшасын жинау жұмысы ғана қалды. Диқандар тәтті түбір қазуды көп ұзамай еңсереді.

Күзгі науқанға 589 трактор жұмылдырылса, соның 71-і шынжыр табанды, қалғаны доңғалақты тракторлар. Сонымен бірге, «К-700» маркалы 32 дана және «Т-150» маркалы 12 ауылшарушылығы техникасы егістікті дүбірге бөледі. Бүгінде жаздық бидай, арпа, жүгері, күріш, күнбағыс, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары тегіс жиналды.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биыл 771 гектарға егілген күріштен 2457 тонна өнім алынып, гектар берекелігі 31,9 пайызды құрады. 788 гектар жаздық бидайдан қамбаға 1032,8 тонна астық құйылып, әр гектарға шаққандағы өнім 13,1 пайыз болды.

Өңірде ең көп егілген дақылдың бірі – арпа. Көктемде 2572 гектар жерге арпа дәні себіліп, 3652 тонна (өнімділігі 14,2 центнер) алынған. Егістікке егілген 3699 гектар жүгеріден 30576 тонна өнім жиналып, орташа өнім 87,4 центнерді құрады.

Бүгінде алқапқа себілген 1400 гектар қызылшаның 765 гектары, яғни, жартысынан астамы жиналды. Балтамырдан алынған өнім әзірге 14500 тоннаны құрап, 250 центнерден айналды. Науқан аяқталған соң бұл көрсеткіш арта түседі.

Abai.kz

0 пікір