Сенбі, 27 Қараша 2021
46 - сөз 1199 5 пікір 25 Қараша, 2021 сағат 13:41

Сенің бағаңды біз бермейміз

Ол мені қатты таң қалдырған ақын еді. Өлеңін орысша жазатын. 2002 жылдар шамасы болса керек. Поэзия кештеріне мүлде адам жиналмайтын заман.

Бірде мен оның поэзия кешіне бардым.

Оның есімі – Арон Атабек еді.

Ах, нас покинул этот Тенгри,

И в сердце не вошел Аллах,

И правят нами только деньги,

И правят нами только страх,-деген өлең жолдары есімде қалыпты.

Аронның қасында еліктің лағындай болып жары Жайна жүретін. Ол нәзіктіктің символы еді. Ақын жарын ерекше сүйетін.

Сол Арон еңгезердей батыр тұлғасымен сахнаға көтерілді.

Сахнада 7-8 әр түрлі әдемі қыздар мен келіншектер отырды. Сөйтсек олар ақынның музалары екен. Арон әр қызды орнынан тұрғызып оған арнаған өлеңдерін оқыды.

Қазақ ақындары өлең арнамаған қыз жоқ шығар. Бірақ музаларын сахнаға шығарып, әр қайсысына қошамет көрсетіп, өлеңін халықтың алдында оқып берген ақынды бірінші рет көруім.

Сол жылдары менің де ең алғашқы поэзия кешім Ғалымдар үйінде өтті.

Мен кешіме Арон Атабекті шақырдым.

Ол кезде ұялы телефон енді пайда болған. Және халық арасында мүлде тарамаған кез. 100-ге жуық шақырту қағазын толтырып, соның тек жиырма шақтысын ғана аяқпен жүріп таратқаным есімде.

Шаңырақ оқиғасы әлі болмаған. Бірақ сол кездің өзінде Аронға саяси диссидент ретінде қарайтын.

Мен оның үйіне шақырту қағазын алып барғанда Аронның өзі қарсы алды.

Оның жұмсақтығы мен мейірімділігінде шек жоқ еді. Қазақша сөйлейтін. Кешіңе міндетті түрде барамын, Танакөз. Және өлеңдеріңді орысшаға аударып апарамын,-деді.

Залға адам жиналмайтын сол бір жылдары тұңғыш рет Ғалымдар үйі лық толды. Ғалымдар үйінің жылдар бойы шаң басып ашылмай тұрған балконы ашылып, балкон да адамға лық толды.

Кешіме халық көп келеді деп ешқашан күтпеп едім. Кеште қазіргі атақты математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз орын болмағадықтан түрегеп тұрып көргені есімде қалды.

Сол кеште Арон өлең оқыды. Халықтың көптігінен толқып, арқасы қозып сахнадан түскісі келмегенін көрдім.

Кейін осы Арон Атабек аударған екі өлең «Дебюттер достастығы» атты халықаралық поэзия фестивалінде жеңіске жетті. Сыйлықты Ресей президенті Д. Медведев табыстауы керек болған. Бірақ дәл сол күні Ресей мен Грузия арасында соғыс басталып, сыйлықты маған Тәжікстан президенті Эмомоли Рахмонов табыстады.

Ол маған қайта тіріліп келген Махамбет сияқты елестейтін. Өзі де сол Махамбеттің өлеңдерін орысшаға аударумен айналысты.

Талантты, эстет, джентельмен.

Ешқашан екі сөйлеуді білмейтін алашордалық ұстанымның соңғы тұяғы.

«Тірі тұрсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»-деген Әлихан қағидатын іспен жалғастырушы.

Қазақтың ары мен ұяты.

Қазақ батырының ең осал тұсы, жанды жері – отбасы. Ол сол аяулы отбасын да ұлт жолында құрбан қылды.

Сені ешкім сындыра алмады. Сүйегіңді үгітті, миыңды шашты, тіліңді қидалады, бауырыңды езді. Су бермей де сынады. Жалғыздықпен де сынады. Қараңғылықпен де сынады. Надандықтың озбыр түрімен де сынады.

Халқың сені танымады. Бірақ сен сол халықтың жолында өлдің.

Сен расында да «арыңның тұтқынысың!». Ар жолында мерт болдың.

Иілмеген баспен, бүгілмеген тіземен, майырылмаған жүзбен, сынбаған рухпен, отты жұтып, шоқ бүркіген, тасты шайнап, құм түкірген маңғаз қалпыңда көкке қасқайып қарап тұрып кете бардың!

Сенің бағаңды біз бермейміз.

Сенің бағаңды бүгінгілер бермейді.

Сенің бағаңды тарих береді.

Сенің бүгін өлген күнің, Арон! Бірақ сен тіріден де тірісің!

Расында да, Тәңір бізді тастап кеткен.

Ал Алла жүрегімізге енбеді. Дәл өзің айтқандай...

Ақша мен үрейдің құшағында енді қанша ғасыр өмір сүреміз?

Өлдің Мамай қор болдың!

Арда арысым-ай!

Кімге басымызды сүйеп жылаймыз?

Танакөз Толқынқызы

Abai.kz

5 пікір