Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 6275 39 пікір 25 Қараша, 2021 сағат 12:52

Қазақ арабтан сөз алған жоқ...

Мен екі-үш айдан бері әдебиеттанушы, ғалым, прафессор Ахметбек Кіршібаевтың өзінің өтініші бойынша қазақ әдебиеті тарихына қатысты зерттеген ғылыми мақалаларының таңдамалы жинағын құрастырып жатқан жайым бар. Ғалымның еңбектерін оқып отырып қазақ әдебиетінің арғы тарихына недәуір сүңгіп, білім жауһарына қол жеткізгендей болдым.

Бұл жинақта ғалым А.Кіршібаевтың классик әдебиетіміздегі ең байырғы үлгілерін, олардың көзге көрінген өкілдерін зерттеу жағындағы табандылығын, зеректігін, ізденгіштігін дәлелдейтін еңбектері баршылық. Солардың ішіндегі уәкілдік сипатқа иелерінен VII, VIII ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақтар арасында Қорқыт ата жайында тараған аңыз-жырлардың түркі тілдес халықтардың ғұрып-әдетін, тұрмыс-салтын, ақындық дәстүрін танытатын тарихи мәдениет үлгісі екені анық көрсетілген. Қорқыт ата кітабындағы тоғыспалы дастандардың қазақ дастандарымен сабақтастығы көрсетілген. Қорқыт ата кітабындағы жырлардың қазақ дастандарымен ұқсастығын айта келіп, Қорқыт ата кітабындағы жырлар қазақ дастандарының төркіні деген тұжырымды дәлелдейді және қазақ ерте заман жазба әдебиетінің даму барысын дәуірлеуі біршама жүйелі болған. VI-IX ғасырға дейінгі әдебиетті бір кезеңге жатқызған. Х ғасырдан ХІІ ғасыр әдебиетін Қарахандылар дәуіріндегі әдебиет деп атап, ХІІІ ғасырдан XV ғасырға дейінгі дәуірді Алтын орда дәуірі деп атау тарихи дәуір шындығына үйлесімді көкейге қонымды дәйектеме. Кітапта Қазақ хандығы дәуіріндегі жыраулар әдебиет егжей-тегжейлі байымдаған. Жыраулар жырының тарихи және көркемдік мән-мәнері ашып көрсетілген, тұтас кітаптың өн-бойынан сақа қаламгердің қазақ әдебиетінің тарихына қатысты материалдар мол пайдаланылғанын, өте-мөте, шетелде жарияланған жаңа зерттеулер мен сенімді тың көзқарастарды сіңіре қабылдағанын айқын аңғарамыз.

Оған қоса «Алтын орда дәуірінің ақыны Амет Хорезмидың асыл қазынасы – «Махаббатнама» деген мақаласын ауызға алуға болады. Ахметбек Кіршібаев бұл еңбегінде Алтын Орда дәуірінде жасаған әйгілі ақын Ахмет Хорезмидың атақты шығармасы «Махаббатнаманың» жазылып жарыққа шығу барысында мәлім болған деректер негізінде ізденіп, қолға келтірген мол әрі сенімді материалдар үстінде жан-жақты тереңдей зерттеу жүргізу арқылы бұл классик шығарманың ішінде суреттелген, өзара қабысқан, қатпарлы оқиғалардың аңғарытқан аңыстарынан, білдірген деректерінен ақын Ахмет Хорезмидың ғұмырнамасы, жасампаздық қимылдары жөнінде анық мәліметтері болмаса да, шығрманың тіке өзі қамдаған деректері бойынша «Махаббатнама» атты дастанның кімнің нұсқауымен, қандай адамға арнап, қайсы уақытта, қандай жерде, қайсы тілмен, қандай оқиғаларды баяндап, қандай мазмұндарды бейнелеп майданға келгендігі сияқтыларды өте анық ашалап байымдаған. Сонымен бірге, А.Кіршібаев «Махаббатнама» бұл әйгілі поэзиялық кесек шығарманың стилдік өзгешелігі, мазмұн, пішіні жағындағы ерекшеліктерін екшеп, көрнектілендіре отырып, оның ұлтымыздың бір бүтін мәдениет және әдебиет тарихынан алған орны мен кейінгі дәуірлер әдебиетіне жасаған ықпалын көрсетіп берге. Ал «Орта ғасырдағы үш ақын» атты көлемді мақаласы А.Кіршібавтың ұзақ жыл айналысқан классик әдебиет зерттеу барысында жаратқан сүбелі, сүйікті туындыларының маңдайға басарларының бірі. Ол бұл еңбегінде Қожа Ахмет Яссауй, Ахмет Жүгнеки, Сүлеймен Бақырғани сияқты орта ғасырда жасаған, өз дәуірінде әдебиеттің алдыңғы легінен көрінген әйгілі үш ақынның өмір кешірмелері, жалпы жасампаздық қимылдар, мол еңбек жемістері, олардың орта ғасыр әдебиеті тарихынан алған орыны туралы ғылыми болжамдар жасаған.

Ал А.Кіршібаев «Х-ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен үш ғылама ғалым» (автордың бұл көлемді мақала Үрімжідегі Шынжаң университетінің «Шынжаң университетінің ғылым журналының» (философия-қоғамдық ғылымдар) үш санына бөліп жарияланған. №2, 2012 жыл. №1-2, 2013 жыл) деген көлемді мақаласында Х-ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен үш ғұлама ғалым Әбу Нәсір Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұын, Мақмұд Қашқари туралы, олардың өмірі мен жасампаздығы жолына, қолға келтірген орасан мол табыстарына жан-жақтылы тоқталып, олардың шығармалары, ғылыми философиялық мұралары, әдебиет теориялары жайында жалпы беттік талдау жасалады әрі ғылыми негізде баға береді. Мен осы мақалада арқау болған үш ғалымның бірі Махмұд Қашқаридың жасампаздық жолы, «Түркі тілдері сөздігі» бөлігін оқып отырып, мынадай керемет деректі кезіктім. Бұл деректе Махмұд Қашқаридың арабтарға түркі халықтардың тілін үйрету үшін осы құнды «Түркі тілдері сөздігі» еңбегін жазғаны жан-жақтылы ғылыми деректермен дәлелдей түседі. Мұны оқып отырған қазақ баласы «қазақ тілінің тең жартысынан көбі, араб тілінен келген» дейтіндердің пікірі шындыққа мүлде жанаспайтын жаңсақ пікір екеніне көз жеткізе алады. Әрі арабтар қолданып жүрген тілінің көбі түркі тілдес халықтардың тілі екеніне көз жеткізеді. Сол кезде араб тілі мемлекеттік тіл болғанымен, ал түркі тілі басым болып ұлтаралық, тіпті халықаралық тіл болғанын байқау қиын емес. Енді ғалым Ахметбек Кіршібаевтың мақаласында келтірілген деректі сөзбе сөз оқып көрелік.

«...1058 жылы ғалымның әкесі Құсайын да Ордада өлтірілді. Осыдан кейін ол Қашқар қаласын тастап шығып кетті. Ол осы беті Бағдатқа сапарға шықпай 15 жыл шамасында айланып жүріп, өзі жазуға даярланып жүрген «Түркі тілдері сөздігі» қатарлы ғылыми еңбектеріне материал жиыстырумен болады. Ол осы сапарында тоқтамай, көңілге бүгіп, бет алған Орта Азияның алып даласын аралап, Қашқардан бастап бір жағы Жетісу, Маураннахр, Хорезимге дейін, екінші жағы Ремге дейін айналып, одан Іле өзенінен өтіп, Сыр дариясының кең алқап, ұланғайыр қырларын қыдырды. Ондағы түркі тілінде сөйлейтін ру-ұлыстардың өмірімен танысып, пешенек (пешене), қыпшақ, оғыз, иемәк (жәмек), башқұрт, басмыл, қай (қоңыр ат), ябхұ, татар, қырғыз, чығыл (шыбыл), тохсы, яғма, ығырақ, чарұқ, чұмұл, ұйғыр, танғұт, қытай (кидан), табғач, арғұ (арғын), бұлғар, суар сияқты 20 дан артық түркі руларының тілін, салтын, тарихын, орналасқан жағрапиялық орнын ішкерілей үйреніп, жан-жақты зерттеп, олардың әдебиет, тарих, астрономия, этнография, дәрігерлік білімдерін жазып алып ретке тұрғызып, сұрыптаған.

Махмұд Қашқари 1072 жылы Бағдатқа барады. Бұл кезде тұтас Қарахан мемлекетімен қоса Араб ислам халифасын да Салжұқ түріктері билейтін. 1076 жылға дейінгі төрт жыл шамасындағы уақытта ғалым өзінің жинақтаған материалдарын реттеп «Түркі тілдері сөздігі» деген көлемді еңбегін жазып бітірді. Бұл шығармасын Аббасилардың 27-халифасы Абылқасым Абдоллаұлы Мұхаммед Әл Мұхтари би – Әмроллаға тарту етті.

Көрінекті ғалым Махмұд Қашқаридың бұдан басқа тіл білімі мен әдебиетке қатысты жазған тағы бір көлемді еңбегі «Жау хирун – наху филуғотит түрк» (Түркі тілдерінің синтаксис қағидалары) еді. Ғалымның бұл кітабі бізге жетпеді. Нақтылы мазмұны бізге белгісіз.

Орта ғасыр ғалымдарының ең көрнектілерінің бірі Махмұд Қашқари Бағдатта 18 жыл тұрды. Бағдат қаласының сол кездегі тарихи жағдайынан алғанда, ғалымның ғылыми еңбектерінің өнімді болуына тиімділік те бар еді. Өйткені бұл кез Бағдатта түркі тілдес ру-ұлыстарынан барып қызмет етушілер мейлінше мол болуы себебінен, Орда уәзірлері мен Орда әмір сардарларының көбі оғыз түріктерінен болатын. Сонымен бірге Бағдат қаласында түркі тілдес ру-ұлыс халықтарынан барып орналасқан ғалымдар, алуан қолөнершілер мен әр кәсіптің сауагерлері де мол болған.

Осындай себептермен түркі тілі мен мемлекет тілі болған араб тілі бәс таласқан бір жағдай қалыптасқан еді. Осыдан келіп арабтық мәнсаптылар мен кәсіпкерлерде түркі тілін үйрену қажеті туылған болатын. Ғалым өзінің тіл білімі мен әдебиетке қатысты көлемді де, күрделі осы ғылыми еңбектерін түркі тілін үйренудей шұғыл қажетке бірлестіріп, өлмес еңбек, өміршең туынды «Түркі тілдер сөздігін» жазып шықты.

Кітаптың нендей мақсатпен жазылғаны туралы ол: «Түркітілі мен араб тілімен бәсекеге түскен, екі ат сықылды тең шауып бара жатқанын айқын көрсету үшін... Мәңгілік ескерткіш, таусылмас қазына болып қалсын деп... Бұл кітапты құрастырдым, әрі оған «Түркі тілдері сөздігі» («Диуани – ат – түрк»), – дейді. Міне бұдан ғалымның «Түркі тілдері сөздігіә» атты бұл шығармасын арабтарға түркі тілін үйрету мақсатымен жазғанын байқау қиын емес. Бұл үшін ғалым түркі сөздеріне араб тілімен түсіндірме беріп отырған. Онымен қоса түсіндірме сөдерді ғылыми жүйеге жіктеп, түркі тілінің грамматикасы жөнінде анық, түсінікті сауат берілген. Бұл әрине дүниедегі түркі тілі грамматикасынң тұңғыш сауаты еді.

Көрінекті тіл ғалымы Махмұд Қашқари өз кітабын қалай жазғандығын, жазу барысында қандай әдіс қолданып, не нәрселерге мұқият аударғандығы туралы былай дейді:

«...Мен тілде түріктердің ең білгір адамдарымен, ең үлкен мамандарынан, көрегендерінен, байырғы тайпаларынан шыққан, соғыс істерінде мықты найзагерлерінене едім. Оларға беріле ден қойғаным сондай, маған түріктер, түркімендер, оғыздар, шігілдер, яғмалар және қырғыз тайпаларының тілдері түгелдей көңіліме қонып жатталып қалды. Солардың бәрін мұқият реттеп, ұйқастарын анықтап, керегіме пайдаланып, бір негізде тәртіпке түсіріп жүйелеп шықтым. Бұл кітапты хикіметті сөздер, ұйқасты қара сөздер, мақал-мәтелдер, бәйіт-өлеңдер... Және қара сөзді өлең үзінділерімен беріп, арнайы әліппе тәртібімен құрастырдым, сөйлеміне түркі халықтарының көрген-білгенін бейнелейтін өлең-жырларынан, қайғылы, қуанышты күндерінде айтқан терең мәнді мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Сөйтіп бұл кітап жаңалық жағынан биік өреге, көркмдік жақтан шеберлік шегіне жетті».

Жоғарыда келтірілген мысалдармен жүйелеулерден көрінетін түйін мынадай: Махмұд Қашқари «Түркі тілдері сөздігін» жазуда, бір жақтан, түркі тілінің араб тілінен қалыспайтын өзіндік ерекшелігін көрсетуді мақсат қылған. Тағы бір жақтан, түркі мәдениетімен танысуды үміт ететін арабтардың бұл тілді үйренуге болған қажетінен шығуды мақсат еткен.

ХІ ғасырдың атақты тіл ғалымы Махмұд Қашқаридың бұл кітабы арабтарға түркі тілді халықтар тілін үйрену мақсатында жазылғаны мен сол кездегі түркі халықтарының тарихын экономикалық жағдайын, мәдениетін, әдебиет-көркемөнер үлгілерін, ғылым-пән жетістіктерін, әдеп-салттарын, мұрат-моральдық ережелерін, философиялық, діндік ұғымдарын, этнографиясын, материалдық мәдениетінің бұйымдары мен тағам сусындарының атарына шейін түгел қамтыған. Сондықтан бұл кітапты түркі тілдес халықтардың ортақ ғылымнамасы – энциклопедиясы деуге болады.

Түркі тілдес халықтардың ортақ ардагер тіл ғалымы Махмұд Құсайынұлы Қашқари 1105 жылы 97 жасында қайтыс болады» [1].

Түсінген адамға бұл деректер түркі халықтарының және оның тілінің біркезде әлемде маңызды орын алғанын көруге болады. Және осымен мақтануға болады.

Әлімжан Әшімұлы

Пайдаланған әдебиет:

Ахметбек Кіршібаев. Х-ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен үш ғұлама ғалым. «Шыңжаң университеті ғылыми журналы» (философия-қоғамдық ғылымдар) №2, 2013 жыл, 3-4-бет.

Abai.kz

39 пікір