Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
5048 30 пікір 24 Қараша, 2021 сағат 13:02

Қазақ тілін күшейтуге қарсылардың бірі - қазақтар!

"Біз өзіміз қазақ тілін менсінбеген соң, басқа ұлттар да солай қарайды". Бұл ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалидің сөзі. Белгілі саясаттанушы Есен Елеукенмен “Yesti Podcast”-та тіл төңірегіндегі талай өзекті мәселенің басын қозғады. Бұл сұхбатта ұлтаралық қақтығыс туралы әңгіме де тыс қалмады.

"Бұға берсең, сұға береді дейді. Біз қазақ тіліне басымдық береміз деп біраз мүмкіншілігімізді жоғалтып алдық. Енді күшейтейік десек қарсылық білдіріп жатыр. Бірінші - өзіміздің ішіміздегі қазақтар. Халыққа, еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне де қазақ тілі - тұрақтылықтың кепілі екенін түсіндіру керек", - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Оның ойынша қазақтардың өзі қазақ тілін менсінбегесін, еліміздегі өзге ұлттар да солай немқұрайлы қарайды екен. Қақтығыс содан басталады дейді. Саясаттанушы бұл мәселенің жалғыз шешімі ретінде өз ішіміздегі ұлттық саясатты, тіл саясатын ретке келтіруді ұсынды.

"Әр азамат өзі тұратын елдің тілін білуі керек. Біздің ішімізде бәлен жылдан бауыр боп кеткен, қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері бар. Олар бұдан қазақ болып кеткен жоқ. Тек қазақша түсінген соң, біздің дінімізді, ділімізді түсінеді. Егер бәрі осындай болғанда бұл мәселе туындамас та еді, Ресей де біздің ішкі мәселемізге араласа алмас еді. Бар мәселе өз ішімізде боп тұр", - деп қорытты Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар Берік Әбдіғали Елбасы ұсынған “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында қолға алынған "Сакральды Қазақстан" жобасы, парламент мәжілісіндегі міндеттері туралы да кеңірек айтып берді.

Бұл туралы толығырақ “Yesti Podcast”-тан көре аласыздар.

Abai.kz

30 пікір