Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Аласапыран 4248 10 пікір 23 Қараша, 2021 сағат 15:50

Трагедиялық статистика. Суицидшілер бізге не айтпақ?

Кеше Алматыдағы Жетісу-1 ықшам ауданында болған қайғылы оқиға Қазақстан қоғамында қызу талқы болуда. Қалалық полиция департаменті оқиғаның жай-жапсарын айтып, мәлімдеме жасаған еді.

Ол бойынша, Жетісу-1 ықшам ауданда 28 жастағы әйел 9 қабаттан әуелі үш баласын лақтырып, артынан өзі де секіріп кеткен. Балалардың үлкені 6-да болса, кішісі 2-де екен. Үш бала да, суицид жасаған әйел де қайтыс болған.

«Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның себептері мен басқа да мән-жайларын анықтау мақсатында Алматы қаласы ПД-де жедел-тергеу тобы құрылды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 105 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - делінген Полиция хабарламасында.

105 бап дегеніңіз – «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» деген бап. Құзырлы орган таратқан ақпараттарға қарағанда, бұл қайғылы оқиғаға отбасындағы жанжал себеп болуы мүмкін. Суицид жасар алдында әйел хат жазып қалдырған. Онда «өмірден шаршағанын, сынаққа төзе алмағанын», айтқан. Пәтерді жалдап тұрып жатыпты. Шетін оқиға кезінде күйеуі үйде болмаған. Ақпарат тәмам.

Ауыр қаза. Апат. Жан түршігеді. Ең қорқыныштысы – бұл бір ғана шетін оқиға емес. Биылдың өзінде суицид жасағандар саны 4 мың адамға жуықтаған. Ал өз-өзіне қол жұмсауға талпынғандар саны 5 мыңнан асады.

Алматыдағы қайғылы оқиғаның себебін қазір желідегі жұрт сан-саққа жорамалдап жатыр. Біреулері – үш баласын асқан қатігездікпен өлімге қиған ананы айыптап сөйлесе, енді біреулері – тұрмыс тауқыметі тығырыққа тіреген бұл отбасының трагедиясына әңгімесі әйбат болғанымен, әңгіме етер әрекеті жоқ, байы мен кедейінің әлеуметтік тұрмысы аспан мен жердей алшақтап, таптық теңсіздікті шарықтау шегіне жеткізген әрекетсіз Үкіметті, күллі Қазақстанның жер асты, жер үсті табиғи байлығының бар қызығын аз ғана адамның қалтасына салып берген ескі һәм қазіргі билікті, Ақорданы айыптауда. Айтарға да, жазарға да сөз көп. Барлығының да сөздерінен шындықты естуге болады.

Ал статистика не дейді? Қараңыз:

Стаистика:

Стастистика былай дейді: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстан суицид жасаушылар жөнінен алғашқы бестіктегі ел (2017 жылғы дерек). Ал 2018 және 2019 жылдардағы есеп бойынша 8 орында.

Енді биыл, 2021 жылдың қыркүйек айында шыққан тағы бір дерекке көз жүгіртіңіз: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген есеп бойынша, 2021 жылдың тек үш айында ғана Қазақстанда 834 суицид фактісі тіркеліпті. Оның ішінде 105-і жасөспірімдер екен. Осы 105-тің 50-і 2021 жылдың алғақшы тоқсанында өз-өзіне қол жұмсаған болса, тағы 200-і суицид жасауға әрекеттеніпті.

Бұл есеп бойынша Қазақстан суицид жөнінен әлімдік тізімнің алғашқы үштігіне кірген. 2019 жылы 3805 қазақстандық суицид жасаса, 2018 жылы олардың 3542 болған. Биыл суицид жасаған 834-тің 659-ы ер адам болған. Олардың дені 35-44 жас аралығында.

Құқықтық статистика комитетінің есебінше биылғы жылдың қаңтар-наурыз аралығында суицид жасаушылардың саны 834 адамды құраған. Оның ішінде 625-інің суицид жасау кезінде ақыл-естері сап-сау болса, 178-і алкогольдік ішімдікке мас болған. Тағы 30-ы психикалық дертке шалдыққан екен.

Себеп не?

Құқықтық статистика комитеті суицид жасаудың бірнеше себептерін атапты. Олар: жалғыздық, ауыр материалдық жағдай (банкроттық, қарыз т.б.), дисфункционалды өмір сүру жағдайы (тұрғын үйдің жоқтығы немесе нашарлығы), туған-туыстарымен жанжалдасау, отбасы ішіндегі жанжал, ажырасудан кейінгі депрессия, ауыр соматикалық аурулар, ең жақын адамынан айырылу, әлеуметтік статусынан айырылу, жазадан қорқу, өзгелердің табалауынан, ұяттан қорқу, тұрмыстық жоқшылық т.б.

ҚР Конституциясының бірінші бабында, бірінші тармағында: «Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - деп жазылған. Өкініштісі сол, жазылуы әдемі болғанымен, шындығында Қазақстан төрткүл дүниеге суицидтан алдыңғы қатарға шығып отыр. Статистиканы көрдіңіз.

«Суицид» терминін бірінші рет итальян психологы 1947 жылы қолданған екен. Бұл - «өз өмірін қиюға ниеті бар мінез-құлық» дегенді білдіреді. Демек, бұл - күрделі, әдейі жасалатын мінез-құлықты акт, бұл әрекет әлеу­меттік, психологиялық, психо­физиологиялық факторлармен үндеседі, негізгі детерминанты тұлғаның әлеуметтік-психоло­гия­лық дезадаптациясы, өмірлік жағдайлардың жағымсыз сипатта өтуі. Ал нақтылайтын болсақ, суи­цид­тар 3 топқа бөлінеді: шынайы, жасырын, демонстративті.

Бір емес, екі емес, Құдайдың құтты күні өз-өзіне қол жұмсауға асығып, өмірден баз кешкендер көбейіп барады. Соңғы кезде суицид жасаушылар неге көбейіп кетті? Біз осы экономикалық қана емес, рухани дағдарысқа ұшыраған жоқпыз ба? Суицидтің алдын алу үшін не істеу керек? Бұл қоғамға наразылықтың белгісі емес пе? Шүберекке түюлі шыбын жанын шырылдатып, ұшырып жібергендер нені дәлелдемек? Сіз бен бізге не айтпақ?..

Желідегі жұрт пікірі:

Адам өмірінен арзан не қалды?

Жанкелді Ғапбасов:

- Үш баласын 9 қабаттан лақтырып, кейін өзі де секіріп бақилық болған ана жайлы.

Бұған кім кінәлі? Шаршаған ана ма? Шаршатқан жүйе ме? Ретімен тарқатайықшы. Негізі үш баланың анасы мың жерден шаршап, өзегі талса да «шаршау» деген ұғымның не екенін ұқпайтын, оң-солын танып үлгермеген үш бірдей баланың өмірін қиюға хақысы жоқ еді. Баланы тудың деген сол үшін шешім шығарып, оны өлтіруге құқығың бар деген сөз емес. Яғни ол ананы еш ақтап ала алмайсыз. Осыны ұғынайық.

Жүйе. Қазақстандық отбасылардың өмірі туралы.

Тоқаев келгелі екі жыл. 2019 жылдан бері жағдай қиындамаса жақсарған жоқ. Жүйе халықты әлі алдаусыратып келеді. 2030 бағдарламасы деді, енді 2050 деп отыр. Әйтеуір бітпейтін уәде.

Елу жылдық бағдарламалардың жемісін күтіп жүргенде ел шашылып қалмаса болды. Халықтың әл-ауқаты жақсарды деуге келмейді. Ауылдардың қаншамасы жабылды.

Ауылдардағы қарапайым су, жарық мәселесі шешілмеген соң қаншама ел көшуге мәжбүр болды. Бұл мәселелер 30 жылда әлі шешілмеген. Кей ауылдарда әлі күнге дейін не су, не жарық жоқ. Не дұрыс аурухана жоқ.

Байтақ даламызға шоғырланған қаншама ауылдың адамдарын Астанаға жинап алып отырған түріміз мынау. Бос жер жау шақырады.

Елдің экономикалық мәселесі шешілмесе өткізген саммиттен, ЭКСПО-дан, олимпиададан не пайда? Халыққа күн көріс керек. Мұнайы бар, бидайы бар елде отырып 1 бөлке нанды 120 теңгеден аламыз. Жанармайдың бағасы болса белгілі. Көліктердің бағасы шарықтап кеткен. Арзан не қалды бізде, адам өміріне басқа?

Міне, жоқшылықтың салдары. Қазақтың көп балалы қатындары көшеде жүр. Көшеге шығуға арланғандары шыдап, ақыры болмаған соң терезеден өзін, өзегін жарып шыққан балаларын лақтырып өліп жатыр.

Ал осындай кезде әкімдер мен депутаттар миллиондап алатын айлығын айтқан кезде, аш жалаңаш отқан балалардан, күйзелген аналардан кішкене болсын ұялмайды. Себебі олар халықтан алыстап кеткен.

Аш бала тоқ баламен ойнаушы ма еді? Біреу тоңып, біреу тойып секіреді деген. Езуі тілінген, тозған мына қазақ біреуге керек пе осы? Әлде қазақтың қазынасы ғана керек пе? Көнбіс қазақ көнді екен деп қойша айдай бергенді қашан қояды?

Халықтың жағдайы әбден нашарлады

Мұхтар Тайжан:

- Алматыда ана мен үш баласы қаза тапқаны бәріміздің жүректерімізге ауыр тиіп тұр. Миға симайтын жағдай. Үлкен қасірет, трагедия. Жандары жәннатта болсын.

Жалпы, елімізде өз-өзіне қол жұмсау көбейіп кетті. Әлем бойынша тізімнің жоғары басында тұрмыз. Бұның себептерін өз басым экономикадан көріп отырмын. Халықтың жағдайы әбден нашарлады. Әлбетте бұл жүйеге реформа керек. Ол үшін ниет пен жігер керек.

Жарың мен перзентіңе сая бол, қазақ жігіті!  

Дастан Қастай:

- Несін айтасыз, Түркияға қоныс тепкелі 5 айдың жүзі болды ғой. Өскен өңір, туған жер сағындырмай қоймайды. Алыстағы ағайынның әрбір қам-қарекетіне көз күзіп, құлақ түріп отырсың. Қызық қуғаннан емес, қам жегеннен… Онсыз да қазіргі тұтас кеңістік - бүтін ақпари әлем даланыңда ізін суытқан іс, бетін көрбілтелеген кілтипан аңдаусыз қалмайды. Әшкерелеуші - масс медиа… жедеғабыл желілер… Тұс-тұстан ағылған ақпаратты қырнап, сырлап оқуға тырыссақ та елден жеткен кілең негатив жаңалықтардан кейде көз аша алмай қаласың. Жарылыс. Ішіп-жеу. Өлім-жітім. Қымбатшылық. Бетімен кеткен ұрпақ, тағысын тағылар…

Ілкі себеп, көңіліңізге тимесін, бірақ батыс ғалымдары болжамымен келіспеске болмайды. Өз алдына мемлекет болуда осы уақытқа дейінгі Орта Азияда өскен, санасы артқан қоғамның тәжірибесін жойып алдық. Елдің бұлай дал болуы, алдымен, өз алдына мемлекет болу тақырыбындағы тәжірибесіздіктен. Алғашында байқалмады. Кейіннен арасы айшықтала бастады. Сондықтан да дәл қазіргі қоғам сілкіністі қажет етіп тұрғандай. Бірақ қандай сілкініс? Елді ақылдылардың билеп, қазақ санасының шынымен жаңғыру көшіне бет түзейтін сілкініс.

Екінші себеп… «Тұтас қазақ қоғамы торығып тұрғандай…» деп жазыпты бір ағамыз. Онысы рас. Мен кінәмшілікдікті ұнатпаймын. Бірақ, біздің әрбірімізге ең алдымен адамияттық қабілет-қасиеттерді сіңіру керек. Мен бес айда бір кезекке таласып, автобустағы орын үшін ұрсысқан, бірінің бетін бірі тырнаған түрікті көрмедім. Бәрі жайдары. Жайбарақат. Ешкім ашу шақырмайды. Қоғамдық мекемелерге кірерде мінезін қалтасына салып кіреді. Бірде «бір-біріңе тым суықсыңдар. Аз күлесіңдер»,- деп еді қытай досым… Күлген былай тұрсын, біз бір-бірімізге қамқор да бола алмай қалдық. Қазақ қазаққа жат жамағиеттың адамы секілді қарайды.

3. Жауапсыздық. Кез келген істі жүрдім-бардым жасауға, беткөбігін сүзіп өтуге бейімделіп алдық. Түбегейлі, тандырымды іс атқаратындар қазір аз, шынымен бас алмай оқитындар - сирек. Атқа теріс мінген телпекбай, шалағай шолақбелсендінің даңқы озған заман…

Істегі, шаруашылықтағы бұл «кесір дағды» күшейіп, ендігі тұрмыс-тіршілігімізге, отбасымызға ойысты. Сөйлескен, араласқан, достасқан, тіпті, сөз байласқан адамының өмірін, оның тағдырын жауапкершілікпен өз мойнымызға алатынымызды қабылдамақ түгілі, түсінбейміз. Бір жанды жар ретінде алу - жыныстық әжетіңді өтеу емес, оның тұтас өмірін, болашағын, құндылықтарын жауапкершілікпен қабылдау деген сөз.

4. Экономика, саяси себептер өздігінен-ақ менмұндалап тұр…

Жалпы, жақсылық жасау, ізгілікке бас бұру, қамқорлық таныту азайған қоғамды торығу мен депрессия басады. Күні кеше биіктен құлаған жандардың басынан сипап, шерменде көңілін басатын бір жанның табылмағанына нақ сенімдімін. Әйтпесе…

(Жалпы, әйтпесе мен өмір сүруді доғарып, жетеміз, боламын, өсемізбен өмір сүретін кез жетті)…

Қазақ азаматы, алған жарың мен туған перзентіңе сая бол! Үйлегенде, не ұсынысыңды қабыл алғанда жарың бүтін өмірін саған аманаттап, соңыңнан ереді. От пен суды қатар кешуге бел байласады… Сенеді… Біз айналамыздағы әрбір жанның тағдырына жауаптымыз… Қолыңнан келмей ме, үйленбе!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

10 пікір