Сенбі, 20 Сәуір 2024
Аймақ 7517 1 пікір 22 Қараша, 2021 сағат 14:03

Манаш Қозыбаев есімін ел болып ұлықтадық

Өткенде Қызылжарда айта қалғандай оқиға болды. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Қозыбаев оқулары. Білім мен ғылымды дамытудың жаңа бағыттары және заманауи көзқарастар» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Осынау үлкен әрі маңызды ғылыми жиынға Қазақтың адал ұлдарының бірі, атақты ғалым әрі зор қайраткер Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың туғанына 90 жыл толуы арқау болды.

Салтанатты шаралар университет ректоры Е.Н. Шоланов бастаған университет ұжымы мен қонақтардың Манаш Қозыбаев ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды.

Бұдан кейін жиналғандар Қазақстан Республикасы Президентінің архиві ұйымдастырған «Архив және қоғам: Тәуелсіз Қазақстанның тұлғалары:  Манаш Қозыбаев» атты көрмені тамашалады. Көрмеге  М. Қозыбаевтың жеке қорындағы материалдар қойылып, ғұламаның шығармашылық өмірбаянынан қызықты деректер ұсынылған екен. Сондай-ақ, университеттің өз күшімен ұйымдастырылған «Академик Манаш Қозыбаев – 90» деген кітап көрмесі танымдық жағынан құнды көрінгенін де атап өту керек.

Бүкіл әлемді жайлаған  жұқпалы дерттің таралып кету қаупінен сақтанып, бейнеконференция түрінде өткен жиынға Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен қайраткерлері, шетелдегі отандастырымыз қатысып, Тәуелсіздігіне 30 жыл толып   отырған Қазақстанымыздың білімі мен ғылымындағы жаңалықтар және келешек бағыттары туралы кеңінен ой бөлісті. Әрине, сөйлегендердің бәрі мүшелтой иесі марқұм Манаш Қозыбаевтың есімін құрметпен ауызға алып, мына жағдайда Манаш Қабашұлы былай істеп еді, мына мәселедегі пікірі мынадай болып еді дегенге оралып отырды.

Жаппай ықыласты, Манаш Қозыбаевтың өзі қатысып отырғандай, көтеріңкі көңіл серпіні, марқұмның кісілігі мен еңбегіне деген зор құрмет пен риясыз сүйіспеншілік сезімі жарқырап көрінген конференцияны Қозыбаев университетінің ректоры Ерлан Нұрлыбекұлы Шоланов бастау сөзбен ашты.

«Біз Манаш Қозыбаевтың атын иеленіп отырған Солтүстік Қазақстандағы бірден-бір университеттің студенттері, қызметкерлері, профессор-оқытушылары қазақтың Манаш Қозыбаев сынды ардақты перзенті, ұлы ғалымы, Тәуелсіздік жолындағы айтулы күрескерінің аты мен атағына, азаматтығына лайық болуға ұмтыламыз, деді ол. - Манаш Қабашұлының 90 жылдық мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұстас келіп, университет дамуының жаңа кезеңіне көрік бергеніне куә болып отырмыз. Кезінде осында болып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев батасын берген жоғары оқу орыны, Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың қамқорлығы арқасында мүлде жаңа өзгерістерге аяқ басқан университет халықаралық  деңгейге шығып, тың бастамаларға себеп болып отыр. Биыл Америка Құрама Штаттарының  озық оқу орындарының бірі – Аризона университетімен байланыс бастап, жаңа жоспарлар құрдық. Біздің университетті бітіргендер екі диплом алатын күн де алыс емес. Қозыбаев университетінің жаңа зәулім ғимараты, жайлы жатақханалары  салынып жатыр. Осы заманғы озық зертханалар мен аспап-құралдар сатып алудамыз.

Конференцияға қатысушыларға облыс Әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың құттықтауын  орынбасары Ғани Нығыметов оқып берді.

Бұдан кейін конференция жұмысын М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Е.Н. Шоланов пен ректордың кеңесшісі тарних ғылымдарының докторы, поофессор А.Ғ. Ыбыраева жүргізіп отырды.

Қазақстан Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар және қорғаныс істері жөніндегі комитетінің төрағасы Мұхтар Абрарұлы Құлмұхамметтің  сөзі ерекше  ықыласпен тыңдалды. Сенатор Манаш Қозыбаевтың шәкірті, онымен  жиырма жыл бойы қызметтес, қанаттас болған кезінде ғалымның белсенді азаматтық ұстанымына, Отанға деген берілгендік сезіміне  суарылған қайраткерлік қуатына, азамат, басшы, аға ретіндегі ғажайып қасиеттеріне тоқталды. Мұхтар Абрарұлы конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтауын мына сөздермен аяқтады: «...Ғұлама біткен дүниауи  тірліктен ада, жан мен тәні тек тазалықтан, тұнықтықтан тұратын жан болмайтын ба еді. Академик Манаш Қозыбаев та сондай кіршіксіз сезім иесі болып өтті дүниеден».

Франция мемлекетіндегі қазақ мәдени орталығы атынан ғалым-зерттеуші Халифа Алтайдың ұлы Әбдісәмит Алтай «...Алыста жүрсек те, жүрегіміз, тілегіміз Қазақстанмен бірге, деп бастаған Отандасымыз, М. Қозыбаев пен өз әкесі Халифа Алтайдың ғылым жолындағы жемісті ынтымағын әдемі әңгімелеп жеткізді. -Академиктің 90 жылдығы үстінде бас қосып отырған бәріңізді Қазақстанымның 30 жылдығымен құттықтаймын. Гүлдене берсін, менің елім, қазақтар зор бақытқа жетсін!» деді ол.

Стамбулдан тіл қатқан профессор Әбдіуақап Қара тарихшы ретінде Манаш Қабашұлының шәкірті екенін, сол үшін оқымыстының әруағы алдында әрқашан бас иетінін айтты. «Алыста жатсам да, менің қолымнан біраз нәрсе келеді,- деген ол, - осы конференцияның қазақша хаттамасын жіберіңіздер, мен түрікшеге аударып, баспа беті арқылы таратайын», деген ұсыныс білдірді.

«Қазақстан инижиниринг» ЖШС бас директорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант А.Б. Тасболатов академик Манаш Қозыбаевтың  әскери тарихты Отан тарихының, ұлт-азаттық күрестің маңызды тарауы деп қарап, үлкен қамқорлық көрсеткенін нақты мысалдармен кестелеп, тебірене сөйледі.    Сонымен бірге,   Еуразиялық даму орталығының директоры, экономика және саясаттану ғылымдарының докторы Т.А. Мансұров пен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Е.Б. Сыдықовтың жазбаша түскен құттықтауларының мәтіні оқылды.

Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов,  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универсиетінің профессоры З.С. Тайшыбай, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, Х.М. Әбжанов, Қазақстан Білім және ғылым министрлігі бақылау комитетінің төрайымы Г.І. Көбенова, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры М.Қ. Сырлыбаев, Еуразия гуманитарлық институтының проректоры Қ.Ә. Ахметов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті тарих факультетінің деканы Т.Садықов, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы А. Күзембайұлы, М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Л.М. Кәрімова, Литва Республикасы Муколас Ромерис университетінің профессоры Саулиус Нефас   Манаш  Қозыбаев мұрасының ғылымдық, танымдық, тәрбиелік құны қымбат екенін айтты. Сөйлеушілер осынау шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізгені үшін универсиет басшылары -  Ректор Ерлан Шоланов пен ректордың кеңесшісі профессор Ақмарал Ыбыраеваға алғыс сезімдерін білдірді.

Конференция жұмысы кезінде академик М. Қозыбаевтың туғанына  90 жыл толуына арнайы шығарылған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өткізіліп, басылымдар жұртқа таныстырылды. Манаш Қозыбаевтың ұлы Ілияс Манашұлы Қозыбаев құрастырған «Тарихшы және оның заманы» деп аталған  кітапты Қазақстан Республикасы Президентінің архиві директорының орынбасары,  профессор Әлімғазинов Қайрат Шәкәрімұлы таныстырды.

Ал, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институты шығарған  осы мүшелтой қарсаңында  «Академик Манаш Қозыбаев және Тәуелсіздік белестері» деген ғылыми жинақ тарихшыларға, магистранттар мен студенттерге, жалпы Отан тарихына қызығушы көпшілікке арналған.

Нұргүл Ахметова,

М. Қозыбаев атындағы СҚУ журналистика кафедрасының оқытушысы, журналистика магистрі

Abai.kz

1 пікір