Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 19714 0 пікір 1 Тамыз, 2012 сағат 11:51

Қазтуған бабам айтыпты...

Он бесінші ғасырда өмір сүрген жырау Қазтуған бабамыздың «Қонысымен қоштасуы» деп аталған жырын оқығанда-ақ сол бір ел басына күн туған алмағайып заманның елесі көз алдыңызға келгендей болады.

Адыра қалған көк Жайық,

Аңырап қалған қонысым!

Қонысымнан ауған соң,

Кетпегей еді ырысым.

Таудағы тарлан бөрі едім,

Тарылған сынды тынысым.

Кейінгі өскен жас бала,

Ақ балтырын түрініп,

Басарына ерініп,

Көкірегі күйініп,

Тек тірлікке сүйініп,

Ықтиярсыз жүгіріп,

Аузы түкті кәпірдің

Етпегей еді жұмысын!

Бұл қоныстан кетпесең,

Мұны талақ етпесең,

Екеу-екеу сөйлесіп,

Біздің кейінгі өскен жас бала

Аузы түкті кәпірдің

Соқпаса екен пайдасын!- деп күйініп, көкірегін қарс айырып, запыран жырын төгіпті-ау ұлы жырау! Бұл жырдың шыққанына арада аттай алты ғасыр өтіпті. Біз шүкіраман - өзімізше еркін елміз. Алайда Қазтуған атамыздың: «Біздің кейінгі өскен жас бала, аузы түкті кәпірдің соқпаса екен пайдасын!» деп аса қауіп қылып, сақтандыра айтқан өсиетінің өміріміздің көп тұсында орын алып жатқанын сезіп-білген сайын қабырғаң қайысады. Бұған мысал іздесеңіз алысқа көз салудың қажеті шамалы, біздің Орал қаласы әбден жарап қалады.

Он бесінші ғасырда өмір сүрген жырау Қазтуған бабамыздың «Қонысымен қоштасуы» деп аталған жырын оқығанда-ақ сол бір ел басына күн туған алмағайып заманның елесі көз алдыңызға келгендей болады.

Адыра қалған көк Жайық,

Аңырап қалған қонысым!

Қонысымнан ауған соң,

Кетпегей еді ырысым.

Таудағы тарлан бөрі едім,

Тарылған сынды тынысым.

Кейінгі өскен жас бала,

Ақ балтырын түрініп,

Басарына ерініп,

Көкірегі күйініп,

Тек тірлікке сүйініп,

Ықтиярсыз жүгіріп,

Аузы түкті кәпірдің

Етпегей еді жұмысын!

Бұл қоныстан кетпесең,

Мұны талақ етпесең,

Екеу-екеу сөйлесіп,

Біздің кейінгі өскен жас бала

Аузы түкті кәпірдің

Соқпаса екен пайдасын!- деп күйініп, көкірегін қарс айырып, запыран жырын төгіпті-ау ұлы жырау! Бұл жырдың шыққанына арада аттай алты ғасыр өтіпті. Біз шүкіраман - өзімізше еркін елміз. Алайда Қазтуған атамыздың: «Біздің кейінгі өскен жас бала, аузы түкті кәпірдің соқпаса екен пайдасын!» деп аса қауіп қылып, сақтандыра айтқан өсиетінің өміріміздің көп тұсында орын алып жатқанын сезіп-білген сайын қабырғаң қайысады. Бұған мысал іздесеңіз алысқа көз салудың қажеті шамалы, біздің Орал қаласы әбден жарап қалады.

Патша заманғы салынған көне ескерткіштерін мақтан қылған, Жайық жағасындағы қаланың бет-бейнесі әлі күнге шейін қазақы қалыпқа келмей отырғаны жасырын емес. Сәулет өнері ақсап тұр. Салынып жатқан үйлер мен қаптаған сауда орталықтары да ескінің ізін қайталаудан қашпаған. Көбінің фасады сол патша заманғы ғимараттардың көшірмесі дерсің. Не арыстанның, не жартылай жалаңаш еркектің, нағыз болмаса жұмыр бағаналы күйі еш өзгеріссіз ой-санаға бұрынғыны еске түсіре береді. Бірақ біздің бұрынғыны емес, жаттың бұрынғысын. Мәселе осында. Азат елміз. Көшедегі үйлеріміздің де түр-тұрпаты соған сәйкес болса, қане?!. Оның үстіне маңдайша біткен орыс пен ағылшын тілінде. Мемлекттік тілге шүйірілген мұрын сол күйі көкке қарап тұр. Аңдағанға, осының бәрі Қазтуған бабам айтқан жаттың шаруасын соғу, өзгенің жұмысына жегілу емей немене?

Жырау: «Бұл қоныстан кетпесең, мұны талақ етпесең...» әлгіндей болып сорлайсың, қамытсыз-ақ басқаның дегеніне көніп, қор боласың десе, біз Әбілқайырдай батыр ханымыз патшаға: «Жайық құрғап кеткенше, ақырзаман жеткенше бұл арадан қазақ ешқайда көшпейді!» деп айбат, сес көрсеткеніндей ата қонысты жауға бермей қорғап қалдық, ұрпаққа мирас еттік. Бұл жер үшін қаншама жойқын шайқастар өтті. «Жайық үшін жандасқан» Исатай мен Махамбеттер көксеген күн төбемізде. Бірақ жырау айтқан жаттың ырқына құлау, соның жұмысын істеу алдымыздан кес-кестеп шыға береді. Бұл Оралда тіпті күні өткен, еш мән-мағынасы қалмаған Миша Гаврилов сияқтылардың ескерткіші мен балға-орақты, машина жөндеу зауытының ауласында міз бақпай тұрған «күн көсемнің» бейнесін көзден таса қыла алмай күн өлтіріп жатырмыз.

Соңғы екі-үш жылда ата-бабаларымыздың қанатты сөздері жазылған, бейнесі салынған билдордтарымыз тұратын, өткенде ол жойылды, орындары бос, есесіне үлкен-үлкен ғимараттар қабырғасы оның көкесіндей жарнамаға толып барады. Орал құдды қазақтың емес, басқаның қаласына көбірек ұқсайды.

Қала ортасындағы Абай атамыз бен Сырым батырдың ескерткішінен басқа ұлттық келбет беріп тұрған бір жөні түзу көше, не ғимарат жоқ. (Оқай-соқай мүсіндерді санап отырғанымыз жоқ. Санасаң да жалғыз Жұбан атамыздың мүсінінен өзге қазақтан шыққан тұлғаға мүсін бар ма? Жоқ!) Сырым батырымыздың ескерткіші тұрған орталық даңғылымыздың атауы «екі жүзді». Ұялмай-қызармай: «Достық - Дружба» дейміз. Соны неге Абай, немесе Сырым батыр есімімен атамасқа? Соңғы кезде сол Сырым баба ескерткіші де әлдекімдерге ұнамай жүргенін біліп, бір сілкіндік.

Оралдағы Абай көшесі бір түкпірде, бар болғаны жиырма шақты үйден тұратын, жан адам біле де бермейтін бір шетте. Осыдан соң айтып көріңіз: «Тек тірлікке сүйініп, ықтиярсыз жүгіріп, басқаның пайдасына шаппадым» деп, айта алмайсыз. Біліп те білмей, сезіп те сезбей өзгенің ұпайын түгендеп жатсың.

М.Гаврилов ескерткішінің қарсы бетінде Махамбет атындағы БҚМУ тұр. Құлағалы тұрған ескерткішті биыл да майлап, сайлап тастады. Талайдан айтып келеміз, сол орынға Исатай мен Махамбеттің ескерткіші орнатылса деп. Былай әрекет болатын сықылды, бірақ... бірақ... Сосын қаланың өсіп келе жатқан шет аумағында «жетінші», «сегізінші», тіпті «тоғызыншы» шағын аудандар түзілді. Міне, сол тұсқа Еділ (Атилла) патша мен Тұмар ханымға (Томирис) арнап келісті ескерткіш орнатылса деген арман іште от боп лаулауда. Құрманғазы атамызға Астана мен Ақтауда және Астраханьда ескерткіш қойылды, ал туған жерінде, яғни Оралда кішігірім мүсін де жоқ. Сол сияқты толып жатқан: Дина, Дәулеткерей, Сейтек, Мәмен сынды асылдарымызды да ұмытуға қақымыз жоқ. «Ауруын жасырған өледі» деген, біздің осындай-осындай шеріміз бар, ағайын.

Осыған ел ағалары, қолына сеніп тапсырылған билігі, әлуеті бар азаматтар бейжай қарамай, жұмыстанса, бұқара қолдайды, екі дүниеде ондай азаматтарға алғыс жауып, аруақты ата-бабаларымыз да риза болады. Орал қаласы Екініші Екатерина таңған атауымен әлі келе жатыр ғой, сонысы да жетер, қазақы атудай тілге оралымды болып кеткен, халық солай қылып алған. Ал айтылғандар біртін-біртін іске асуы керек. Еркін елдің әр қаласы мен ауылы еркіндікті сезініп, «жаңа киіммен» көрінгені орынды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қаламыздың кескін-келбеті тәуелсіз Қазақстанға сай өзгерсе, «Еділ менен Жайық боп, ешкіммен де ұрыспай» өмір сүріп жатқан халқымыздың рухы асқақтай түсер еді! Бұл ең алдымен Қазақстан үшін қажет. Осыны ұғынатын уақыт жетті.

Мұнайдар БАЛМОЛДА

Орал қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір