Жұма, 19 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 4432 6 пікір 18 Қараша, 2021 сағат 17:02

Түркі елдеріне құлаққағыс еткендей...

18 қараша – қандастарымыздың тағдыры шешілген күн. Бұл күн – еліміз үшін де, тәуелсіздік жылдары шекара асып келіп атажұртына қоныстанған қандастарымыз үшін де, Отанға оралудың сәт-сағатын күтіп отырған алыстағы ағайындар үшін де ұлы мереке!

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа респуб­ликалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қо­ныс­тандыру тәртібі мен шарттары ту­ралы» №711 Қаулы шығартып, алыс-жа­қын шетелдердегі қандастарымызды Қазақстанға шақыруды қолға алды.

Бұл Қаулы еліміз Тәуелсіздігін жариялаудан бұрын қабылданғанымен өте құнды әрі ерекше саяси маңызға ие. Осы Қаулының негізінде 1997 жылы «Халық­тың көші-қоны туралы» Заңы қабылданды. Мемлекеттік көші-қон сая­саты қалыптасып, жыл өткен сайын кемелденіп келеді. Қазірге дейін елге 1 млн 84,7 мың этникалық қазақ оралып, бақытты тұрмыс кешіп жатыр. Сөйтіп, Қазақстан шеттегі өз қандастарын Отаны­на шақырып отырған әлемдегі санаулы ғана мемлекеттердің бірі болды.

Міне, 18 қарашада Қазақстан Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы­мен қатар, осы тағдыршешті Қаулының қабылдан­ғанына да 30 жыл толып отыр. Осыған орай 30 жылдық қарсаңында 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» деген атпен кәсіби мерекелер мен аталып өті­летін күндердің тізбесіне енгізуді сұрап, Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған едім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол өтінішімізді ескеріп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында «Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақ­ты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсы­рамын», деп тапсырма берді.

Мен Президенттің бұл шешімін Елба­сы­мыздың ұлы еңбегіне деген зор құрмет, қандастарымызға деген ерекше қамқорлық деп бағалаймын. Алдағы уақытта 18 қара­ша тек қандастарымыздың емес, бүкіл Алаш жұртының жылда дүркіретіп тұрып тойлайтын мерекесі болады деп сенемін.

XIX-XX ғасырларда билеуші империя­лар қазақ халқын атамекенінен еріксіз айы­­рып, торғайдай тоздырса, XX ға­сыр­дың соңы мен XXI ғасырдың тоғы­сында Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев сол шекара сыртында қалған қазақ­тардың басын Тәуелсіз Қазақстанда қосып, тарихи әді­­лет­тілікті қайта қалпына келтірді.

Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіз Қазақ­станды құру және әлемге таныту туралы еңбектерін еске алғанда, ең бірінші болып алыстағы ағайынды ата­жұртына оралтуға арналған осы тарихи шешімі мақтанышпен аталып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласында «Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлт­тық мүд­демізге сай келетін көп том­дық жаңа та­рихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңа­лықтардың негізінде тың­нан жаза­тын уақыт әлдеқашан келді. Бар­лық оқулық осындай іргелі еңбек­ке не­гіз­деліп әзірле­неді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғы­сынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сон­дықтан Қазақстанның академиялық үлгі­дегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек», деген болатын.

Енді Елбасымыздың осынау ұлы ең­бегін бағалау, шекара сыртында қалған қазақ­тар­дың кешегі бөліну және бүгінгі қай­та қо­сылу тарихын терең зерттеп, тарих бе­тін­де қалдыратын мезгіл де жетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жеті томдық қазақ тарихының арғы-бер­гісін жаңаша зерделенген жеті томдық ака­де­миялық еңбек әзірленіп жатқаны белгілі.

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тә­уел­­­­сіздік бәрінен қымбат» атты ма­қа­­ла­­­­сын­дағы «Кешегі өткен хандар мен қа­­ған­­­дар­­дың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жыл­да­ғы жасампаздық жолы­мыз да бүгінде тарих­қа айналып, күн са­йын алыс­­тап бара­ды. Азаттық таңын өз көзі­­мен көрген ал­дың­ғы буын болмаса, ке­йінгі жастар өткен ғ­асырдың 90-жыл­дарын­дағы тарихи оқиға­лар­дың тереңіне бой­лап, мәнін жете түсіне бер­мейді» деген сөзін еске алсақ, осы жеті том­дықтың бір томы Тәуелсіз Қазақстан дәуірі­не арналатыны сөзсіз.

Ендеше, осы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына терең толғаныспен жазылатын көлемді бір тарау – Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың қан­дастар тағ­дыры, қазақ көші туралы еңбегі болады деген сенімдемін. Бұл – бір.

Екіншіден, «Қазақстан халқы Ассам­блея­сы туралы» Заңның 6-бабында демография және көші-қон саласындағы жоспарлар мен іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу, сондай-ақ шет­ел­дердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мә­дениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, оның тарихи Отанымен бай­ланыстарын нығайту мәселелерінде қол­дау көрсету – Ассамблея қызметінің не­гіз­гі бағыттары ретінде көрсетілген. Көші-қон, шеттегі қазақтар үшін атал­ған екі норманың екеуі де табылмас мүмкіндік.

Өкінішке қарай, Қазақстан халқы Ассамб­леясы да, «Отандастар қоры» да және Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы да аталған заңның осы мүмкін­дігін өз деңгейінде толық пайдалана алмай келеді. Себебі үшеуін біріктіретін заңды немесе нормативтік құжатпен бекі­тілген тетік жоқ. Егер, үш отау­дың басы біріктірілсе, алыстағы ағайын­дармен жұмыс істеуге жол ашылар еді.

Құдайға шүкір, қандастарын Отаны­на оралту жағынан Қазақстан – Орта­­лық Азияда да, Түркі мемлекеттері арасында да көшбасшы мемлекет. Бірақ алты-жеті миллион қазақтың әлі шетелдерде жүргенін ескерсек, еліміздің көші-қон саясатының маңыздылығы мен көтерер жүгінің әлі де ауыр екені белгілі. Біз Отанға оралған қазақтар үшін қаншалықты қуансақ, арғы бетте қалған қандастарымыздың ертеңгі тағдыры үшін одан екі есе артық алаңдаймыз.

Түркі мемлекеттері дегенде ойға оралады, қандастарының көп бөлігі шекара сыртын­­да қалған тек Қазақстанның ғана емес, бұл жағдай Кеңес Одағының құра­мы­нан бөлініп шыққан Түркі мемлекет­тері­нің бәріне ортақ қасірет. «Жұмыла көтер­ген жүк жеңіл» дейді қазақ, осы қасі­рет­тен құтқаратын күш – енді Түркі мемле­кеттерінің ұйымы болмақ.

Кеше ғана Түркияда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен ғасырдың ортасында Гималай асып Анадолы жеріне барған мыңдаған қазақ отбасын еске алуы, оларды өз бауырым деп құшақ жа­йып қарсы алған Түркияның сол кездегі Үкімет басшысы Аднан Мендерестің аруағына тағзым етуі тегіннен-тегін емес.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзі бүкіл дүние жүзінің назарын аударды. Түркі мемлекеттері ұйымның ең бір маңызды түйіні ретінде бағаланып, жұрттың ыстық ықыласын қозғады. Бір жағынан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шеттегі қандастарымыздың кешегі ауыр халін еске алу арқылы Отанынан шет жерде жүрген түркі ұлттарының ертеңгі тағдырын қалай шешу мәселесін Түркі мемлекеттері ұйымының басшыларына құлаққағыс еткендей әсер қалдырды бізге.

Осыдан барып, біздің көкірегімізде Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше мем­лекеттер қандастарын еліне шақыру, қоныс­тандыру мәселесін бірінші орынға қоюы мүмкін деген үміт оты тұтанды. Әрине, бұл ұзақ жолды, ортақ мәмілеге келуді және батыл шешімдер жасауды талап ететін шаруа.

Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, өз қандастарын еліне шақырып алуға дәр­мені толық жетпей отырғанымен, Қырғыз Респуб­ликасы депутат Өмүрбек Теке­баев­тың бастамасымен «Кыргыз Респуб­лика­сынын чегинен тышкары жашаган кыргыз­дар башка мамлекеттин жа­раны болгон­дугуна карабастан жөнөкөй­лөш­түрүл­гөн тартипте Кыргыз Республика­сынын жаран­дыгын алууга укуктуу» деген нор­маны өздерінің Конституциясына ертерек кір­гізіп қойған екен. Қырғыз бауырлар­дың бұл жомарттығы Түркі мемлекет­терін­ің ұйы­мына мүше елдердің бәріне үлгі боларлық бастама.

Ал Отанына оралған қандастар үшін Аднан Мендерестің «Түркияның сіздерге берері – туысқандық мейірім. Сіздер Түркияға келген күндеріңізден бастап бес жыл салық төлемейтін боласыздар. Ел ішінде жүріп-тұру ісінде де сіздерге ар­наулы арзан бағамен билет беріледі. Ауыл шаруашылығымен шұғыл­данамын деуші­лер­ге ауылдық жер­лер­ден егістік жер бері­леді. Ал сауда және қолөнер ісімен шұғыл­данамын деу­ші­лерге қалалық жерден тегін үй бері­леді. Жұмыс істеймін дегендеріңізге мемлекет меншігіндегі фабрика-зауыттардан жұмыс беріледі» деген сөзін атқарушы билік естеріне берік сақтаса, жеткілікті...

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған нұрлы көш көлікті болсын!

Ауыт Мұқибек

Дереккөзі: Егемен Қазақстан гәзеті

Abai.kz

6 пікір