Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5802 3 пікір 18 Қараша, 2021 сағат 13:56

Ташкентті тырп еткізбеу: Мәскеудің қысымы артты

Ресей мен Өзбекстан арасы соңғы уақытта экономикалық маңызды жобалармен жақындай түсті. Өзбекстан Ресейге барынша ашық екенін көрсетуде. Тіпті Ташкент орыс тілін үйрететін курстарды барынша қолдап, санын еселеп арттырды. Ал Мәскеу жіберген ұстаздар тобы 30 мыңға жуық Өзбекстан мұғалімдерін орыс тіліне үйретіп жатыр. 

Мирзиеев билігі Кремльге кетары емес. Ең ірі әрі ауқымды жоба ретінде Ресей тарапы салатын АЭС-ті айтсақ болады. Жоспар бойынша 2 блоктан тұратын АЭС 2022 жылы салынуы басталып, 2028 жылы қолданысқа берілуі тиіс. АЭС-ті ресейлік компаниялар салмақ, ал жоба құны орта есеппен 9-11 млрд доллар деп бағалануда.

Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов ТМД аймағында «Орыс тілі жылын» ұйымдастыру керек деген ұсынысты қолдайды. Ол былай дейді: «Бұл мәселе бойынша Өзбекстан орасан тәжірибеге ие. Мысалы 70-жылдары Ташкент қаласында ғылыми орта мамандарының басын қосқан, «Орыс тілі - достық пен ұлттарды біріктіруші тіл» атты үлкен форум өтті. Сондықтан бізде нақты қадамдарды жасау тәжірибесі, аталмыш бағыттағы шараларды ұйымдастыру әдісі бар. Біз бұл ұсынысқа үлкен жауапкершлікпен, қуана қатысар едік». 

Осылайша Ташкент Мәскеуге қарсы келмейтінін аңғартқандай. Оған Мирзиеев билігі мәжбүр. Себебі Өзбекстанның 3 млнға жуық еңбек мигранты Ресейден нан тауып жүр, ал пандемиялық шектеулерге байланысты мигранттардың сыртқа шығуы қиындады. Жүздеген мың адам жұмыссыз қалды. Бұл Өзбекстанның өз ішінде билікке деген қарсылық пен наразы көңіл-күйді арттырды.

Дегенмен Мәскеуден бөлек, Ташкент өзге бағыттарды да ұстануды құп көреді. Ол қорғаныс саласында қандай да бір ұйымға мүше болудан бас тартады. Кремль сан мәрте ҰҚШҰ мүшелікке шақырса да, Ташкент «біздің заңнамамыз бойынша белгілі бір ұйымға мүше болу мен жерімізге өзге елдің әскери базасын орнату қарастырылмаған», - деп жауап қатуда.

11-12 қараша күні Түркияда өткен «Түркі мемлекеттері ұйымының» жиынында Мирзиеев келер жылы алғашқы саммитті Ташкентте өткізуге ұсыныс жасады.

Ташкенттің бұл әрекеттері Мәскеуге ұнамаса керек, 19 қараша күні Өзбекстан басшысы Ресейге сапарлап баратын болды. Ал күні кеше ғана Ресей-Өзбекстан аймақтық форумы өтті. Бұл форум үлкен маңызға ие, әсіресе Ресей үшін.

Форум аясында тараптар құны 8,9 млрд доллар болатын келісімдер жасасты. «Форумның соңғы күнінде құны 3,6 млрд доллар болатын 28 келісімге қол қойылды. Сонымен қатар тағы да 113 жоба талқыланып жатыр, олар бойынша арнайы келіссөздер әлі жүруде, олардың жиынтық құны шамамен  3,7 млрд доллар болады. Сонымен қатар форумға дайындық бойынша жарты ай ішінде инвестициялық және экспорттық мақсаттағы 450 келісім жасалды, ол тағы да 1,6 млрд доллар деген сөз. Жалпы алғанда осы форум аясында жасалатын жобалардың жиынтық құны 9 млрд долларға жуық», - дейді Ресейдің  Экономиканы дамыту министрі Решетников.

Ресей мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы соңғы жылы 6 млрд доллардан асып, өткен жылмен салыстырғанда ұлғайған. Ресей Өзбекстанды ЕЭО ұйымына кіргізу үшін барын салуда. Тіпті ол бойынша Ташкент «жол картасына» бақылаушы болып кіріп те үлгерді, алайда ұйымға мүше болуға көпшілік қарсы. Дегенмен сарапшылар алдағы уақытта Ташкент бұл ұйымға бәрібір кіреді деген ойда, ол үшін Мәскеу еңбек мигранттарын саяси қысым рычагы ретінде қолдануы мүмкін деген болжамдар да бар.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

3 пікір