Жұма, 26 Сәуір 2024
Ақордадағы кездесу 3879 21 пікір 17 Қараша, 2021 сағат 16:31

Бір құлағы естіп, екінші құлағы естімейтін өкімет

Ұлттық кеңестің кезекті жиыны өтті. Көңіл екіұдай.

Біріншіден, қанша оппозиция болсақ та, мына жайтты мойындауымыз керек: Ұлттық кеңес қоғамда талқыланып жатқан өткір мәселелердің біразы ашық түрде талқыланып, соларға қатысты «президент тапсырмасы» секілді саяси-бюрократиялық деңгейге дейін көтеріліп жатқан мінбеге айналып келеді. Рас, алғашында оған деген сенім көп болмады. Біраз жұрт: «бұл биліктің кезекті бір ойыншығы», деген сыңайда сын айтып жатты. Бірақ сол күмән бұлты біртіндеп сейіліп келе жатқан сияқты.

Бұл жолы да, несін жасырайық, көпшіліктің көкейінде жүрген біраз мәселеге қатысты Президенттің кесімді пікірін естідік. Солардың ішінде, Президент өз сөзінде айтқан 7 бағыт: ауыл әкімдерін сайлау институтын жетілдіру, білім беру саласының өзекті мәселелерін шешу, цифрлық технологияны  барынша енгізу, банктердің кепілдік саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу, бюджет саясатының тиімділігін арттыру және адам құқығын қорғау жүйесін одан әрі нығайту – шын мәнінде өзекті.

Мәселен, Президенттің: «арнаулы орта білімі бар азаматтарға ауыл әкімі лауазымына сайлануға мүмкіндік беретін норманы бекіту», «қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек», «мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жеке меншікке беруге заң жүзінде шектеу қою», «кепілдіктегі үйді сатуға мүлікті кепілге алушы, яғни банктер, сондай-ақ оның қызметкерлері, сенімді тұлғалары және банкке қатысы бар өзге де адамдар қатыстырылмауға тиіс», «жалғыз басты ата-аналардың қашықтан және қысқартылған режімде  жұмыс істеу құқығын заң жүзінде қарастырған жөн», «шекара маңын бос қалдыруға болмайды», - деген тұжырымдарымен қалай келіспейсің?

Бір сөзбен, айтқанда қоғамда талқыланып жүрген көптеген көкейкесті мәселелер Президент құлағына жеткен сияқты. Өйткені сол проблемаларды шешу туралы нақты тапсырмалар оның өз аузынан шығып отыр.

Бұл, сөзсіз, бүкіл қоғам болып қолдарлық нәрсе.

Бірақ екінші мәселе тағы бар. Өзін «еститін» санайтын өкіметтің екінші құлағына әлі де қоғамның біраз бөлігінің сөздері жетпей жатқан сияқты. Солардың екеуін мен айтайын.

Сөйлеген сөзінің кіріспесінде-ақ, Президент өзінің реформашылдығы туралы ел пікіріне тікелей әсер ететін екі маңызды нәрсе айтты.

Ол: «Біздің мақсатымыз барлық саланы жаппай реформалау емес», - деді.

Өз басым бұл тұжырымын бізге, саяси оппозицияға, қатысты айтты деп санаймын. Өйткені, ҰК құрылғалы біз ол құрылымның түбегейлі экономикалық және саяси реформа мәселелерін тыс қалдыра беретінін айтып, сынап келеміз. Бұл сөзімен Президент бізге өз жауабын беріп отыр.

Бір ғана уәж: барлық саланы реформаламай, 30 жыл бойы өз шешімін таппай келе жатқан проблемаларды қалай шешеміз? Тұтас қоғамды, мемлекетті қалайша жаңартамыз? Және барлық саладағы өзгерістерді мемлекет басқарып отырған Президент реформалағанда, кім реформалайды?

Келесі тұжырым да билікті қатты-қатты сынап жүрген бізге қатысты сияқты.

Ол: «Мағынасыз диалогтың да ешкімге қажеті жоқ», - деді.

Иә, диалогтың да диалогы бар. Тек сынап, мінеп, нақты ұсыныс айтпайтындарды біз де жақтырмаймыз.

Бірақ Президент бір нәрсені айқын түсінуі тиіс: елде өзін «оппозиция» санап жүрген қауым да біркелкі емес. Ол жақта «анадай бар, мынадай бар».

Билікті мойындамай, ешбір диалогты қаламайтын, не болса, атойлап көшеге шыққыш, радикалды ұрандар мен қадамдардың ел Тәуелсіздігіне, жер тұтастығына, ұлт бірлігіне қандай қауіп төндіретінін біле тұра, сондай әрекеттерге баруға құштар күштер бар. Ол жақта Елбасы мен Президентті жеке жауы санайтын, саяси вендеттамен айналысып, халық мүддесінен гөрі өзінің жеке амбициясын биік қойып жүрген кекшілдер де бар.

Сонымен қатар, мемлекет пен ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қойып, сонымен бірге, биліктің сөздері мен қимыл-әрекетіне сыни көзбен қарап, мағыналы ой айтып, балама ұсыныстар бере алатын, ұлтшыл, интеллектуалды, отансүйгіш, центристік демократияшыл күштер де бар.

Меніңше, мемлекет пен ұлт мүддесіндегі диалог туралы сөз еткенде, Президент осы жайтты ескеруі тиіс.

Әміржан Қосан

Abai.kz

21 пікір