Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Шолу 6536 8 пікір 15 Қараша, 2021 сағат 16:27

БАҚ-қа шолу: Путин Ердоғанға оңбай жеңілді...

Түркияның Стамбұл қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті өткені белгілі. Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан мен Мажарстан елдерінің басшылары қатысты.

Қабылданған шешімдерге байланысты бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Аталған жиында қандай шешімдер қабылданғаны жайлы Abai.kz ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жаздық.

«Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» 2009 жылы Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан арасындағы келісім бойынша құрылған болатын. Кейін Түркі кеңесі күшейіп, 2019 жылы құрамына Өзбекстан кірді. Ал, Мажарстан бақылаушы мемлекет ретінде бекітілді.

Кеңестің құрылуына түрткі болған әуелгі мақсат – бауырлас түркі тілдес халықтардың сауда-саттық, экономика, көлік қатынасы, энергетика, туризм, мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты күшейтіп, аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту болды. Жылдар өте кеңестің жұмысы жанданып, бүгінде «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің» атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім» қабылданып отыр.

Әлгінде ғана өткен Түркі елдері ұйымының саммиті жайлы ұйымға мүше мемлекеттердің ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Түркі мемлекеттерінің арасындағы достық байланыстың кеңейе түсуін қауіп санап, сөзталқы еткен орыс ақпараты бұлқан-талқан болуда. Сонымен қараңыз:

«Армументі и факты»: «Түріктер бауырластығын естеріне түсірді. Түркі кеңесі Ресейге қандай қауіп төндіреді?», - атты мақала жариялапты.

Онда Керім Хас дейтін саясаттанушының сөзін ілік етіп, «Түркі кеңесі Анкараның саяси жобасы» деген ойды алға тартады.

«Ердоған Түркияның ықпал ету аймағын кеңейтуге өте мүдделі. Бауырлас түркі халықтары тұратын Орта Азияда бұл ойын жүзеге асыру оңай әрі қисынға келеді. Екіншіден, Анкара Мәскеуге мүмкіндігінше көп қысым көрсетуі қажет. Ресеймен шекаралас елдердегі ықпалын арттыра отырып, Түркия барлық мәселелер бойынша Кремльмен келіссөздерде мықты позицияға ие болады. Ал, олар өте көп. Бұл Сирия, Ливия, түрлі экономикалық жобалар және оңтүстік Кавказдағы жағдай», - дейді сарапшы.

«Орталық Азияда Түркияның беделінің артуы Ресейге ешқандай жақсылық әкелмейді. Анкара мен Мәскеу арасындағы бәсекелестік тереңдей түседі және қарама- қайшылықтар арта түсуі мүмкін», -  деп санайды Керім Хас.

«Аргументі и факты» басылымы Түркияның өзге түркі елдерімен байланысын арттыруының бір сыры – ОА-дағы әскери әлеуетін арттырып, пантүркілік армия жасақтау дегенді сөз етеді.

«Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар Қазақстан және Өзбекстанмен әскери-техникалық қарым-қатынас жайын талқы жасаған. Биыл жаздың басында ҰҚЫҰ-ға мүше Қырғызстан Түркиямен келісім жасасып, «Байрактар» сатып алатын болды. Қырғызстанның ЖІӨ-нің 3/1-і Ресей ақшасымен құралып отыр. Сөйте тұра, Мәскеу Қырғызстанда бірнеше орыс тілді мектеп аша алмай отырғанда, Түркия өз жобаларын оп-оңай жүзеге асырып отыр. Биыл қазанда ҰҚЫҰ-на мүше тағы бір мемлекет – Қазақстан да Түркияның ANKA-S ұшқышсыз басқарылатын аппараттарын сатып алуға келісім жасасты», - деп жазады орыс басылымы.

«Газета.ру»: «Ұлы түркі халқы: Түркия Орталық Азияның басын қосуда. Тоқаев Түркі мәдениетін модердизациялауға шақырды», - атты мақала жариялаған.

Онда Ресейлік сарапшы Виктор Надежин-Раевский дейтін адам: «Саммиттің саяси шешіміне таңырқаудың қажеті жоқ. Бұл шынында, пантүркілік жобаның жүзеге асырылу процессі», - деп пікір білдірген.

Сарапшы 1990 жылдары пантюркизмді жұмсақ күшпен алға жылжыту әрекеті туралы еске сала отырып:

«Содан кейін уағызшы және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қазіргі басты жауы Фетхуллах Гүлен түрік жастарын Азиядағы түріктерге (олар барлық түркі халықтарын осылай атайды) тәлім беруге шақырды. Орта Азия елдерінде де, Башқұртстан, Татарстан, Бурятияда да көптеген түрік лицейлері құрылды. Ресей мемлекеті ұзақ уақыт бойы пантюркизм идеологиясының мұндай орталықтарына назар аудармады. Атап айтқанда, олар түрік тілін жақсы оқыды, бірақ сонымен бірге әлеуметтік ғылымдарда Ресейге қарсы идеялар таралды. 2008 жылға қарай түрік лицейлері бүкіл Ресейде жабылды. Бірақ Татарстанда олардың бір бөлігі жай ғана өзгертілді және мұғалімдердің көпшілігі өзгерді, олар Гүлен лицейлерінің түлектері еді», - дейді Надежин-Раевский.

«Правда.ру»: «Путин Ердоғанға жеңілді. Бұл қауіпті!», - атты мақала жариялапты.

«Владимир Путин Әзірбайжанның одақтастарды таңдау құқығын мойындап жатқанда, Ердоған оларды белсенді түрде өз жағына шығарды», - дейді басылым.

«Түркия президенті үшін «дәл қазіргі сәт» өте маңызды. Әзірбайжанның Қарабақ соғысында жеңіске жетуі, АҚШ-тың Ауғанстандағы күшін жоғалтуы, Қытай тарапынан Сирия мен Шығыс Жерорта теңізіне жаңа бастаманың пайда болуы оған (Түркияға) мүмкіндіктер терезесін ашты. Анкара Кавказда (Армения, Әзірбайжан және Грузия, Ресей, Иран және Түркия) «үш плюс үш» желісі бойынша және Қара теңізге — Балкан — Украина — Беларусь — Польшаға дейін әсер ету аймағын құруға белсенді жұмыс істейді», - деп жазған басылым сөз соңында Ресейдегі түркі ұлттары мен мемлекеттерінің Түркі ұйымына қосылуға ниетінен қауіптенеді. Қауіптенеді де: «Келесі саммитке Ресей Федерациясының түркі мұсылман республикаларының басшылары келсе, не болмақ?», - деп алаңдаушылық танытады.

Дайындаған Айжан Темірхан

Abai.kz

8 пікір