Сенбі, 27 Қараша 2021
Алашорда 1558 1 пікір 15 Қараша, 2021 сағат 13:11

«Шура» журналына қазақ қаламгерлері не жазды?

 (1908-1917)

Қазақ халқы өзінің ұлттық баспасөзі толық қалыптаспағанға дейін татар басылымдары арқылы өз-ара ой бөлісіп, пікір алысып отырды. Қазақтарға қатысты хабарлар татардың алғашқы басылымы «Тәржіманнан» басталады. Кейіннен басқа да татар басылымдарында қазақтарға қатысты хабарлар, мәліметтер, оқиғалар, оқу білім, тіл туралы талқылар жазыла бастады.

Қазақ қаламгерлері түрлі тақырыпта қалам тербеген басылымдар арасында Орынбордан шығып тұрған «Шура» жуналының маңызы да жоғары болды. Осылайша қазақ халқы татар газет-журналдары арқылы өздерінің ақпараттық қажеттілігін қанағаттандырып тұрды. Бұл үрдіс қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» (1911) және жалпыұлттық басылым «Қазақ» газеті (1913-1918) жарық көргенге дейін жалғасты. Бұл мәселелер, «Халықтың қай дәреже алға кеткендігі халық арасында таралған газет, журнал һәм кітаптарынан білінеді» – деп, «Айқап» журналының тұңғыш санында журналды шығарушы Мұхаметжан Сералин айтқандай немесе «Әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек!» – деп, «Қазақ» газетінің тұңғыш санында Ахмет Байтұрсынұлының жазғандарынан анық байқалады.

«Шура» журналы Орынборда 1908 жылы 10 қаңтардан 1917 жылғы 31 желтоқсанға дейін «Уақыт» газетіне қосымша ретінде айына 2 рет татар тілінде жарық көрді. Жалпы 240 саны шықты. Баспагерлер - М.Рамиев, одан кейін З. Рамиев редакторы - Р. Фахретдинов болды. Тұрақты авторлар құрамнда қазақтардан Ғұмар Қараш есімі де жиі жазылып, алғыс білдірілді. Журнал жазбаларының негізгі бағыты Ресейдегі мұсылмандардың, ең алдымен түркі бірлігін нәсихаттау болды. Түрлі хабарлар мен ұсыныстар арасында Қазақтардың  да мұң мұқтажы қағыс қалмады. Журналдың кей сандарында қазақ тарихына қатысты жазбалар да бар. Мысалы, журналдың 1908 жылғы №4 санының бас бетіне Жәңгір ханның суреті беріліп, арнаулы мақала басылған еді. Тіптен журналда қазақ қаламгерлерінің де жазбалары көп кезеседі. Қазақ тұрмысына қатысы, оқу ағарту, жер мәселесі, түрлі хабарлар һәм қазақ кітаптарының, мұғалім іздеу туралы жарнамалар сияқты түрлі тақырыптарда жазбалар бар. Ең көп жазба авторы – Ғұмар Қараш. Одан өзге: Абдулғазиз Мұсағалиев, Ахмет Байтұрсынов, Шаңкерей Бөкеев, Сәлімгерей Жантөрин, Міржақып Дулатов, Молдағали Бектұрлин, Шаймерден Қосшығұлов, Жанұзақ Жәнібеков, Нұралдин Моллағазин, Ташен Қиямбеков, Есенқұл Маманов, Біләл Сүлеев сияқты қазақ журналистерінің жазбалары бар.

Ғұмар Әлқараши көбінесе - Мемлекет пен ұлтты реформалау, дін мәселесіндегі сенім, ақыл туралы ой, дұрыс ұждан һәм сенімді мизан туралы кеңірек жазады. «Шура» журналы арнаулы ұйымдасытырған «Тіл жарысына» да қатысады. Журналдың тұрақты авторларының ішінде қазақтар арасында жалғыз өзі болды. Әр жазбасының соңында ««Ғұмар Әлқараши» Бөкей елінде» деп көрсеткен еді. Дін туралы жазбаларын саралып қарап шығуға әбден лайық. Ал бүгін, қазақ тілі туралы жазбалар мен тартыстар туралы тоқталмақпыз.

«Шура» журналы татар тіліндегі журнал болғанымен қазақ тілі туралы талқылар мен таластарды да басып тұрды. Бұлардың арасында өз пікірін білдірген авторлар қатарында ұл ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының татарша журналға берген қазақша мақаласына айрықша тоқталуға болды. Ең әуелі қазақ балаларының татарша білім алуы һәм қазақ тіліндегі оқулықтар мәселесі көтерілген мәселелерге 1910 жыдан бастап қазақ қаламгерлері де өз пікірін айтып, жауап бере бастады. Журналдың 1910 жыл №23 санында Әбулғазиз Мусағалиев «Қазақ тілі туралы» жазбасында қазақ тілі туралы, медреседегі білім татар тіліндегі оқулықтар арқылы оқытылып, қазақ тілінің болашағы туралы алаңдаушылық білдірген жазбасы басылады. Іле-шала журналдың  1911 жылғы №6 санында Міржақып Дулатовтың «Қазақ тілі хақында» атты көлемді жазбасы жарияланды. Міржақып Дулатов қазақ тілі туралы талқылар көбейгенін айта келіп: ««Қазақ» енді әр кіме саны һәм хәлі мәлім болған бір ұлт. Бір қауымға қатысты мәселе майданға шықса, қабылдайтын немесе кері пайдасына пікір білдіруші табылуы табиғи жағдай» деп, өзінің азаматтық пікірімен ойын сабақтай түседі. «Бұл кұнде оқыған қазақ жастары да басшыға мұқтаж болған әлсіз ұлтының кемшілігін көре бастап дертіне дәрмен іздеуге кірісті: Троицкіде қазақша журнал шыға бастады, Уфада «Медресе Ғалиясындағы» қазақ шәкірттері қазірде қазақ үлгісінде әлфба, қырат кітаптарын жазып баспақшы болуда» деп, қазақ оқығандарының ұлттық ағартуы үшін істеп жатқан игі істерінен хабар береді. Соңында, татар оқымыстыларына қазақтар қазір де болашақта да шексіз алғыс білдіреді дей келе: «Заман келер, түрік қауымының бір тілде сөйлесуінің пайдасын қазақ халқы да білер һәм ол пікірді қабыл етер, бірақ қазір менше ертерек» деп, сөзін тәмәм етеді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Шура» журналыны 1913 жылғы №4 санында «Қазақша сөз жазушылар назарына» атты жазбасын қазақша жариялап, өзінің татарша білмегені һәм оқушыларға ыңғайсыз тудырғаны үшін ілтипатпен кешірім сұрайды. Бұл жазбасы арқылы – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы татарша білмегендіктен емес, қазақша жазумен де түрікке ортақ журналды өзара пікір алысуға болатынын дәлелдемек болған болса керек. Қазақ тіліндегі жалғаулар мен татарша жалғаулардан мысал келтіріп, қазақ тілінің табиғат заңдылығы негізінде қалыптасып, жазу емлесі тіл табиғилығына сәйкес бейімделуі керек екенін дәлелдейді. Сөз соңында: «Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ иә құрып жоқ болар, иә өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20  ншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас!» деп, қазақ тілі түрік тілдерінің қайнар бұлағы, таза қалыпында сақталған түбірі екенін еске салып, бабадан жеткен тіл тазалығына қиянат жасамау туралы ойымен бөліседі. Бұл кезекте, «Шура» журналы да бұл жазбаны тек қазақша басып, оқырманға ұсынуын қазақ тіліне, қазақ халқына, қазақ оқырмандарына деген құрыметі деп қарауға болады. Қазақ тілінде 1911 жылы Троицкіде «Айқап» журналының, 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газетінің шығуы қазақтың ұлттық тілі туралы мәселелерді өз ұлттық басылымдарында өзара талқылауға жаңаша бағыт беріп, жол ашады.

Сонымен қатар, «Шура» журналында шетелдегі қазақтар туралы да жазбалар кездеседі. Мысалы, Оралдың тумасы Түркияда білім алған, 1909 жылдан бастап Қытай қарастылығындағы Іле уалаятында ағартушылықпен айналысқан Молдағали Бектұрлинның Құлжа аумағындағы қазақтар туралы жазбасы бар. Молдағали: «Құлжа аумағындағы қызай қазақтары 4 сан «Уақыт» газетін, 5 сан «Шура» журналын жаздырып алып тұрады» – деп, құнды мәлімет қалдырады. Молдағали Бектұрлин кейін «Айқап» журналының һәм «Қазақ» газетінің қытай аумағындағы тұрақты тілшісі болып, газет-жунал тарату істеріне де араласады. 1932 жылы Құлжада қайтыс болып, сонда жерленеді.

Журналдың тілі татарша болғандықтан қазақ қаламгерлері жазбаларын тек татар тілінде жазды. Тек, Ахмет Байтұрсынұлы ғана «Тіл туралы» мақаласын қазақша беріп, оқырмандардан кешірім сұрайды. Арасныда кейбір қазақ қаламгерлерінің өлеңдері де қазақша басылып, төмен жағында татарша түсініктемелері беріліп отырды.

Қорыта айтар болсақ, Татардың «Шура» журналы қазақ қаламгерлерінің бүгінгі күні де маңызын жоғалтпаған мәселелер: дін, тіл, дәстүр, тәрбие туралы жазбалары арқылы қазақ қоғамына қажетті ақпарат алаңын ұсынып отырған белгілі басылм ретінде қазақ тарихында алар орны ерекше журнал болып қала бермек.

Абай Мырзағали

«Мұнара» газеті. №18 (48). 21.09.2021

Abai.kz

1 пікір