Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 4714 1 пікір 15 Қараша, 2021 сағат 12:52

Қара сопы

(А.П. Чехов «Черный монах»)

Әлемдік әдебиеттің ұлы суреткерлерінің бірі Антон Павлович Чеховтың «Черный монах» әңгімесі зиялы орталарда күні бүгінге дейін талқыланып, театр сахналарында қойылымы жүріп келе жатқан терең мағыналы, тіпті қайшылықты, содан да болар, өте бір күрделі ерекше туынды.

Уақыт пен замандар, орта мен қоғамдар өзгергенімен, адамның түпкі жаратылысының, болмысының, ең ақыры жан-дүниесінің соншалық өзгере қоймайтыны мәлім. Иә, осыдан сан мың жыл бұрын да, қазір де адам болудың мәнісі адамша өмір сүру, ұрпақ өсіру, амандығын қамтамасыз ету, санамен, оймен отбасында, қоғамда ғұмыр кешу, белгілі бір жетістіктерге жету жолымен өзіне, ортасына, ақыры еліне пайда тигізу болса керек. Сондықтан адам баласы бүгінгімен қатар әрдайым өткенге оралып, адамзаттың бұған дейінгі тіршілік тәжірибесін ой елегінен өткізіп, зерттеп, зерделеп отыратыны табиғи қажеттілік. Оның ішінде көркем әдебиеттің орны бөлек, әрине.

Көзіқарақты оқырманға «Черный монах» әңгімесінің жалпы желісі мәлім болар. Болашағынан көп үміт күткізген жас ғалым, магистр-философ қоғамда өзіне лайық орнын алу мүддесінде үздіксіз оқудың, ізденудің жолында жүріп, жүйкесін шаршатып алады. Сондықтан біраз тынығып демалу үшін балалық шағын өткізген аулына келіп, жастайынан жетім қалған кезінде өзіне қамқоршы, тәрбиелеуші болған, ендігі жалғыз қызы Танямен бірге тұратын Песоцкийдің иелігіне оралады. Бұл мекеннің ерекшелігі қолдан өсірілген алма бағы мен оған жалғасатын табиғи бақ-тоғай. Песоцкийдің тіршілік көзі, анығы оның бүкіл өмірінің мәнісі өзі қожалық ететін алма бағы, одан түсетін пайда. Қоластындағы қызметші-шаруалардың әлгі бақтағы, тіпті, жалғыз түп алма ағашына дұрыс қарамауы ол үшін ақырзаман, апаттай көрінеді. Алма бағында (біздегі сансыз мекемелердегідей) күні-түні тыным жоқ, ары-бері бітпейтін қозғалыс, қап-қара, қою ащы түтін, жанталасқан жұмысшылар, айғай-шу. Ал, оған жалғасатын табиғи «мұңлы да қатал» тоғайда бәрі мүлде керісінше, үнсіз тыныштық, мөлдіреп аққан өзен, құстардың шырылы, мұндағы көңіл-күй өлең, симфония жазуға шақырғандай. Бұл арада жасанды ұсқынсыздық пен пайда қуушылықтан шығатын жанталас жоқ, сабырға шақыратын тылсым да рахат дүние. Коврин тап болған орта оның өзінің де екіге бөлінген  болмысындай, бірі өзі ғана сезіне алатын поэтикалық, философиялық құпия ішкі әлемі, екіншісі айналасындағылар көре алатын сыртқы бейнесі, оқығандығы, ақыл-қабілеті, «жарқын келешегі». Оған жету үшін Ковринде де әлгі алма бағындағыдай тыным жоқ, күн-түн демей оқу, төңірегіне өзінің артықшылығын дәлелдеу. Бақтағы қою түтін тәрізді оның өмірінің осындай қиын жолы да мұның ой-санасын жаулап, тұншықтырып барады.

Балалық шағы өткен жерлерге қайта оралуы, қатыгездіктен, түрлі арамдықтан ада балалық кезеңнің естеліктері, табиғаттың шынайылығы, тоғайдың тазалығы Ковриннің қажи бастаған көңілін көтеріп, жанындағы адамдарды да жақсы көргізіп, бойында сергектік пайда болады. Алайда ойында сол әдеттегідей мазасыздық, жоғары мансапты, «жарқын келешекті» болу үдесіндегі жанталастан бұл да құтыла алмайды.

Осындай арпалысты кезеңде бұрында бір естігендей болған «Қара сопы» туралы аңыз оның есіне түсе береді. Ол жайында өзімен жиі тілдесе бастаған Танямен бөліседі, алайда оқуы аз жас қыздың түсінігіне бұл мүлде бөтен жайт еді. Осылайша өзіне ғана мәлім күйде жүрген күндерінің бірінде Коврин өзіне алыстан құйын ретінде пайда болып, жақындағанда анық бейнеге айналған қара сопыны көріп, көп ұзамай онымен кездеседі. Екеуінің әңгімесі біршамаға созылып, Коврин айналасындағы адамдардан таба алмаған түсіністікті, өзінің ойымен үндестікті қара сопының айтқандарынан табады. Екеуара әңгіменің көңіліне жаққаны соншалық, жаны жай тауып рахатқа бөленеді. Одан сайын көп ізденіп жұмыс істеуге ұмтылысы күшейеді. Қара сопы Коврин шешімін, мәнін таба алмай жүрген мәңгілік шындықтың бар жоғы, адамзаттың жарқын келешегі, жеке адамның еркіндігі, азаттығы тәрізді тақырыптарда оның ойымен сәйкес келетін пікірлерді айтып мұның сенімін әбден қуаттай түседі. Елеспен келетін қара сопымен әрбір сұхбаттан соң Коврин өзін шексіз бақытты сезінеді. Оны ұлындай көретін Песоцкийді қатты силап, тіпті Таняға өзіне күйеуге шығуға ұсыныс жасайды.

Әрине, Коврин қара сопымен кездесуінің қиял екенін, шын мәнісінде оның жоқ екенін түсінеді, бұл күйіне қатты алаңдайды да. Бірақ өзінің ой-санасына, жан-дүниесіне жақындық пен рухани ләззатты қара сопымен сұхбаттан ғана алатын болғандықтан одан айырылғысы келмейді. Көп ұзамай күйеуінің жүйке ауруына шалдыққанын Таня да, әкесі де біліп, Ковринді емделуге көндіреді. Әртүрлі ем қабылдау сәтінен бастап оған қара сопының келуі де азайып, ақыры біржола жоғалады. Алайда сопыдан айырылған күннен бастап Ковриннің де көңіл-күйі түпкілікті күйреп, денсаулығы, болмысы мүлде қарама-қайшы жаққа қарай өзгереді. Білім қуып ізденудің, еңбек етудің, тіпті өмір сүрудің мәнісі жоғала бастайды. Алдымен Песоцкиймен арақатынасы әбден ушығып, ақырында Танямен ажырасуына әкеліп соғады. Күйікке шыдамаған әкесінен айырылған Таняның бұған аса жиіркенішпен жазған хаты Ковриннің онсыз да қираған болмысын одан ары құлдыратып, кезекті бір емделу сапарында қара сопымен соңғы мәрте кездесіп, ең ақырғы рет шексіз бақытты сәтті басынан өткізіп барып өзі де о дүниеге аттанады.

Зерттеушілер А.П.Чеховтың шығармашылығының кейінгі кезеңінде философиялық, біздің ойымызша, әлеуметтік-қоғамдық тақырыптың астарына психо-философиялық жағынан тереңдей барғанын айтады. Бұл қатарда «Дом с мезонином», «Палата №6», «Попрыгунья» туындылары, солардың ішінде «Черный монах» повесі бөлек аталады. Мұның себебі, жоғарыда айтқанымыздай, шығарма сюжетінің ерекшелігінде, мистика мен реализмнің тығыз араласып, тіпті оқырманның өзіне олардың аражігін ажырату қиынға соғатынында. Реалистік кейіпкер Ковриннің мистикалық кейіпкер қара сопымен кездесуі қиял екені білінсе де, онымен сұхбаты екі адам арасындағы кәдімгі әңгімеден ешқандай айырмасы жоқ. Тек қана қара сопы айтатын ой-пікірлердің ғана мазмұны бөлек. Олардың мәнісі білім мен ізденудің ауыр азабын бастан кешіп, жеке басының ғана емес, «барша адамзаттың жарқын келешекке жетуінің» жолын таппай күйзелісте жүрген Коврин тәрізді көп жас таланттардың өзіне сенімін шексіз күшейту, алған бағытының дұрыстығын сездіріп, ынта-жігерін арттыру, ақырында бұларды «құдайдың өзі таңдап алған» ерекше жандар екеніне көзін жеткізуде. Әрине, мұның түбінде үлкен трагедияға апарып соғатын адасушылық, өз қабілеттерін асыра бағалаушылық екені түсінікті. Десек те, кез келген адам баласының алдымен тойынып тамақ ішу, бүтін киім кию тәрізді тән қажеттілігін қанағаттандырған соң, Ковриндер сияқты енді айналасына, қоғамға, ақырында барша әлемге өзін мойындату, танылу, тарихта атын қалдыру сынды алдамшы болса да жан қажеттілігі бас көтеретіні белгілі. Қазақ мақалы бұл жөнінде - «Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді». Ендеше, әрбір адамның ойы мен бойында әртүрлі нысандағы өз «қара сопысы» бары кәміл.

Білімі, таланты, еңбегімен белгілі бір жетістіктерге жеткен адамдарға түрлі лауазым, атақ, марапаттардың беріліп жататыны осындай мойындалудың бір нысаны. Анығына келгенде, мұндай марапат-атақтардың да көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын ойдан, қиялдан туындаған жасанды ұғым екендігі түсінікті. Оның бар мәнісі - адамдардың қызмет, еңбегін бағалағанды білдіргендей болып, одан әрі қарай үміттендіру, ынталандыру, қайрау. Басқаша айтқанда – алдау.  А.П.Чеховтың повесіндегі жас ғалымның қара сопы сынды қияли кейіпкермен бірнеше мәрте сұхбаттасуының, одан айрықша қанағат, рахат алып, өзін шексіз бақытты сезінуінің де мәні осында. Мұндай сенімге қиял түрінде жеткендей болған Ковриннің «иә, ауру екенімді білемін, бірақ одан ешкімге ешқандай зиян жоқ қой» деген қарсылығына қарамастан зорлықпен емделуі, ақырында одан айырылған соң түпкілікті күйреуі шығарманың кульминациялық сәті, түйіні дейміз. Адамзат өмірінің сан салаларында жекелеген тұлғалардың ұлы жетістіктерге жетуі де ойдың, қиялдың, өзгелерге көрініп сезіле бермейтін тылсым дүниелердің нәтижесі екендігі жиі кездесетіні, олардың басым бөлігі сол үшін құрбандыққа шалынғандары да тарихтан жақсы мәлім.

Шығарманың өн бойында өріліп отыратын біріне-бірі мүлде қарама-қарсы категориялардың, яғни, жасанды сұрықсыз бақ пен табиғи тылсым тоғай, қолдан жасалған ащы қою түтін арасында жүріп айналасындағы табиғи әдемілікті көріп сезінуден қалған топ, кәрілік пен жастық, материалдық дүние мен рухани әлем, тар шеңбердегі орта мен философиялық ойлар т.б., бітіспес қайшылығы мен қатал шындығы әлгіндей «шексіз бақыттың, жарқын келешектің, мәңгілік өмірдің» болуын қабылдай алмайтын ортада  мүмкін еместігін білдіреді.

Мұхтар Кәрібай

Ош қаласы

Abai.kz

1 пікір