Жұма, 26 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 12509 29 пікір 10 Қараша, 2021 сағат 12:00

Бұққан сайын, сұққан Ресей

Ресейдің Қазақстанға қатысты саясаты әріптестік бағытынан өктемдікке көшіп бара жатқандай. Міне, оған бірнеше жылдың жүзі болды.

Ресей билігі соңғы жылдары өзінің ішкі ойын сыртқа анық көрсетумен келеді. Мақсаттары құлаған "Халықтар түрмесін" қалпына келтіру немесе соған ұқсас, жаңа форматтағы одақты жасақтамақ сыңайлы. Ресейдің Мемлекеттік Думасынан тіпті КСРО-ның құлауын зерттеу керек деген де ұрандар айтылуда. Күні кеше ғана Парламент төрағасы Вячеслав Володин "Міне, КСРО-ның құлағанына да отыз жыл болды. Тарихи датағаи жақындап қалдық. Қанекей, ол неге құлады? Неге тарады? Осыны мүмкін нақты айтып, зерттерміз" деді. Ол бұл сөзі арқылы Ресейдегі мемлекеттік институтты нығайту керектігін меңзедім десе де, түпкі ойы КСРО-ның құлауын үлкен күйзеліспен қабылдадым дегендей.

Жалпы КСРО-ның құлауын үлкен трагедия деп тек қана Ресей депутаттары емес, Путиннің өзі де солай ойлайды. 2005 жылы ол былай деген еді: "Мен өзіме қатысты үнемі бір түсініспеушілікті көремін. Халық мені КСРОның құлауына өкінеді деп айыптайды. Түсіндірейін. Біріншіден Кеңес Одағы құлағаннан кейін 25 миллион орыс халқы бір түннің ішінде өзге елдерде қалды, міне бұл сөзсіз XX ғасырдағы ең үлкен апат". Осы сөзінен бастап Путин орыс әлемі деген ұранды алға тартып, басты идеологиясына айналдырды. 16 жыл ішінде ол бұл идеологяины Ресейді біріктіруші және сыртқы саясаттағы негізгі рычаг ретінде қолдануда.

Соңғы уақытта олар Қазақстанға да аталмыш идеология бойынша ақпараттық шабуыл жасауды бастады. Қуат Ахметовтың "Тіл Майданы" қозғалысының әрекетін "орыстілділерге қысым жасау, ұлтшылдықтың асқынған сипаты" деп байбалам салып, шу шығарды. Ол туралы Ресейде жазбаған газет, көрсетпеген арна қалмады. Ресей аудиториясын Қазақстанға қарсы қою және ішкі саяси-экономикалық мәселеден назарды сыртқа бұру Мәскеу тарапынан сәтті жүрді десек те болады. Камчаткада қара нан жеп, қара су ішіп отырып, Қырымды тартып алуды бақыт санаған Ресей аудиториясы бұл жолғы билік ұсынған жалған ақпарат пен кезекті мишаю қадамын шайнамай жұтып алды.

"Орыстілділерге қысым" дегенді Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Ресей мен Қазақстан: шекарасыз әріптестік" атты мақаласында да айтып өтті. Былай дейді ол: "Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихында екі ел әріптестік пен ұлттық қатынас саясатында қоғамды біріктіру, халықтар арасындағы гармонияны сақтауды сәтті іске асыруда. Өкінішке орай соңғы уақытта біз Қазақстандағы орыстілді тұрғындарға қатысты ксенофобиялық әрекеттерге куә болдық. Жекелеген жағдайлар сырттан арнайы ақпараттық әдістеме беру арқылы іске асып, Ресеймен қатынасты нашарлату мен жергілікті ұлтшылдықты дәріптеуге бағытталған".

Ресейдің СІМ бұл әрекеттерді тез арада жою үшін Қазақстан билігімен тығыз жұмыс жасап жатқанын да айтты. "Нұр-Сұлтанмен Мәскеу арасы әрбір жағдайды жылдам реттеуге мүмкіндік береді" дейді ол. "Ол үшін бірден тікелей байланыс арналарын іске қосамыз, СІМ, құқық қорғау органдары мен президент әкімшіліктері арқылы. Үкіметтік емес алаңда да жұмыстар жүргізілуде, тілшілермен де байланыстамыз", - деді Лавров.

Лавров орыс тілінің "күші" жайлы да айта кетті. "Мықты біріктіруші күш деп орыстілді қоғамның Қазақстан мен Ресейде болуын айтсақ болады. Қос тарап та орыс тілінің біріктіруші миссиясын өте жақсы түсінеді. Қазақстанның Конституциясында орыс тілі ресми тіл статусына ие болып, қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады. Бұл қазақстандық жастар үшін үлкен плюс, себебі ТМД мен Ресейде жұмыс істейтін жастарға мүмкіндік", - дейді ол.

Бір апта бұрын Қазақстандағы "орыстілділерге қысым" ертегісін Ресей СІМ арнайы өкілі Мария Захарова да айтқан. Ол Ресейдің орыстілділерге қысым жасалмауын мұқият қарап отырғанын жеткізген еді.

Бұл ретте қазақ билігінің реакциясы таңдандырады. Ішкі ісімізге араласу ретінде бағалаудың орнына, анық жауап қатпады. Бұққан сайын, сұға беретін Ресейдің тоқтайтын ойы жоқ. Үсті-үстіне төпелеп жатыр. Лавровтың сандырағына депутат Снежанна Имашева "Қазақстанда ешқандай ксенофобия жоқ. Мен өзім беларуспын. Ешқашан да өзім ксенофобияны, теріс қарағанды сезінген жоқпын. Басты қатырмасын" деп жауап қатты. Депутаттан бөлек, біздің СІМ-нің жауабы қандай болмақ? Болса әриине.

Ресей "орыстілділерге қысым" мен "орыс әлемі" деген жалған ақпарат пен агрессорлық идеология арқылы көршілес елдерге өктемдік көрсетіп, үстемдік орнату саясатынан бас тартпасы анық. Тілі мен түрі ұқсас, бауыры Украинаға бір мезетте соғыс ашып, шырқын бұзған Мәскеу үшін, тілі де, түрі де, шығу тегі де, діні де қарама-қайшы келетін мемлекеттерге агрессия жасау түкке де тұрмас. Ал онымен жасалған келісімдердің құны белгілі, Отта фон Бисмаркша айтсақ "Ресеймен жасалған кез келген келісім, сол келісім жасалған қағаздың құнына да тұрмайды".

Ка Мырза

Abai.kz

 

 

29 пікір