Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3299 0 пікір 19 Шілде, 2012 сағат 12:09

Әміржан Қосанов. Өзi жаңғырмаған билiк қоғамды да жаңғырта алмайды

Сонымен, бiздiң боямалы бастамашылдыққа бой алдыруға бейiм билiк тағы да бiр зор жоба ұсынды. Оның негiзгi бағыттары президент Назарбаев жария еткен "Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам" бағдарламасында тiзiлген.

Ең алдымен айтарым, президенттiң "Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру" және "әлеуметтiк жаңғыртылу" туралы тезистерiн ешбiр адам ешқашан да жоққа шығара алмайды. Қарапайым халыққа қажеттi әрi көпшiлiк қашан да қолдар қағидалар. Сыры кетсе де, сыны кетпейтiн сая­си бағыт. Еңбек жолын қарапайым темiржолшыдан бастаған мен де қолдаймын. Оның үстiне, ол жағын тағы да мойындау керек, осы ойлар басқа елдерде әлеу­меттiк бағдарламалар қысқартылып, мемлекеттiк бюджеттер жетi өлшенiп, бiр кесiлiп жатқан әлемдiк қаржылық дағдарыс тұсында айтылып жатыр. Бiрақ президент өзi мо­йындағандай, дәл осы идеяны жүзеге асыру соншалықты мол қаржыны қажет етпейдi де екен.

 

ДАУДЫҢ БАСЫ - ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ

Сөз жоқ, идеялардың бiразы құптарлықтай. Бiрақ бағдарламамен мұқият танысқаннан кейiн кө­ңiл­ге кейбiр күдiк орнағаны да рас.

Мәселен, президент тұтынушы қоғамға орынды шүйлiгедi. Оны "бүлдiрушi" деп атайды. "Масылдық туындатты" және "жаһандық дағдарыстың басты себептерiнiң бiрi болды" дейдi.

Сонымен, бiздiң боямалы бастамашылдыққа бой алдыруға бейiм билiк тағы да бiр зор жоба ұсынды. Оның негiзгi бағыттары президент Назарбаев жария еткен "Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам" бағдарламасында тiзiлген.

Ең алдымен айтарым, президенттiң "Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру" және "әлеуметтiк жаңғыртылу" туралы тезистерiн ешбiр адам ешқашан да жоққа шығара алмайды. Қарапайым халыққа қажеттi әрi көпшiлiк қашан да қолдар қағидалар. Сыры кетсе де, сыны кетпейтiн сая­си бағыт. Еңбек жолын қарапайым темiржолшыдан бастаған мен де қолдаймын. Оның үстiне, ол жағын тағы да мойындау керек, осы ойлар басқа елдерде әлеу­меттiк бағдарламалар қысқартылып, мемлекеттiк бюджеттер жетi өлшенiп, бiр кесiлiп жатқан әлемдiк қаржылық дағдарыс тұсында айтылып жатыр. Бiрақ президент өзi мо­йындағандай, дәл осы идеяны жүзеге асыру соншалықты мол қаржыны қажет етпейдi де екен.

 

ДАУДЫҢ БАСЫ - ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ

Сөз жоқ, идеялардың бiразы құптарлықтай. Бiрақ бағдарламамен мұқият танысқаннан кейiн кө­ңiл­ге кейбiр күдiк орнағаны да рас.

Мәселен, президент тұтынушы қоғамға орынды шүйлiгедi. Оны "бүлдiрушi" деп атайды. "Масылдық туындатты" және "жаһандық дағдарыстың басты себептерiнiң бiрi болды" дейдi.

Бiрақ та 20 жыл бойына нақ осы психологияны дәрiптеп қана қой­май, тиiстi заңдар арқылы Қа­зақстанның iс жүзiндегi мемле­кеттiк идеологиясына айналдырған нақ осы билiк емес пе?! Нелiктен сын айтқанда бiз тек шетелден мы­сал келтiремiз де, мақтау тұс­тар­ды тек өзiмiзге қалдырамыз?

Бұл сұрақтың тағы бiр, кадрлар­ға қатысты жағы бар: яғни, кеше ғана "тұтынушылық" пен "масылдықты" қызметiнiң мәнi мен мағынасы санаған шенеунiктер өзiнiң идео­логиялық ұстанымын өзгерте сала, аяқ астынан социал-демократ бола сала ма?!

Менiңше, ең алдымен, бiз шар­уаны өткен кезеңнiң жетiстiктерi мен кемшiн тұстары туралы ашық та жан-жақты әңгiмеден бастауымыз қажет. Өткенге лайықты баға бермей, болашақты анықтай алмаймыз. Әзiрше билiк ол өткiр тақырыптан туындайтын жауапкершiлiк­тен қашып, "болған iс болды, бояуы сiңдi, қайтемiз, болашақты ойлайық" деп, түлкiбұлаң саясат ұстанып отыр!

Ал ол әңгiменiң мәнiсi мынаған, бүгiнгi билiктiң жанына тие­тiн жайт­қа кеп тiреледi: экономикада үстемдiк еткен әлеуметке мүл­дем жат принциптердi жаң­ғырт­­пай, әлеуметтiк жаңғыртылу мүмкiн емес!

Осы күнге дейiнгi экономиканың тек қана шикiзат салаларына басымдық берiп, бюджеттiң әлемдiк нарықтағы мұнай бағасына тәуелдi болуы ешқандай да жаңғыртылуға жатпайды!

Кеңес дәуiрiнiң басында, Бейiм­бетше, даудың басы Дайрабайдың көк сиыры болса, бiзде ең басты даудың басы - ауылдағы миллион "дайрабайдың", яғни, қарапайым халықтың қара мұнайы мен сары алтыны! Яғни, пайдалы қазбаларға кiм ие және оларды сатудан түскен қыруар қаржы кiмнiң қалтасына түсуде деген сауалдар - "жаңғыртылудың жаңғыртылуының" көкесiн көрсететiн әрi... шешетiн мәселе! "Экономикалық және әлеуметтiк жаңғырту барынша синхронды жүруi тиiс" дейдi президент. Келiсемiн. Бiрақ сол синхронды, яғни бiр-бiрiмен үйлесiмдi де қатар жүруiнiң нақты механизм­дерi туралы тiс жармайды. Экономика негiздерiне қандай да бiр өзгерiстер енгiзiлетiнi жайлы бiрауыз сөз жоқ.

Оның үстiне, бiзде еңбек адамының өз құқтарын қорғау мүм­кiндiгi тым шектелiп тасталды. Ол заңдардың тiкелей лоббистерi болған - баяғы сол олигархтар. Яғни, қалталы қожайынның ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс.

Байқасаңыз, ең елеулi әлеу­меттiк кикiлжiңдер нақ осы олигархиялық құрылымдарда маңдай терiн төгiп жатқан ұжымдардың iшiнен шығып жатыр емес пе?

Әрине, президент те "кәсiп­одақтар жұмысын жандандыру" дегендi айтқан. Бiрақ ол ұйымдар шын мәнiнде тәуелсiз де тегеу­рiндi бола ма, әлде сол баяғы өткен ғасырдағы штрейхбрекерлер дәстүрiнде қожайынның алдында құрдай жорғалайтын қауқарсыз күш бола ма? Гәп сонда. Сондықтан олар ертеңгi күнi бiр басшының субъективтi сойылын соқпауы үшiн кәсiподақ­тардың өкiлеттiгiн орнықтыратын объективтi заң керек. Ондай ұйым қорғай ала алмаған жұмысшыны бiз заңмен қорғауымыз керек! Олигархтарға тiкелей тәуелдi шенеунiктер мен "Нұр Отан" дәл осындай, еңбек адамының сөзiн сөйлейтiн заң жазады дегенге мен сенбеймiн.

Президент "патернализм", "әлеуметтiк инфантилизм" жайында айтады. Дұрыс-ақ. Бiрақ бұл мәселеде де бiржақтылық - зиянды. Өйткенi нақ Қазақстан секiлдi жер қойнауы аса бай мемлекетке қатысты анықтап алатын бiр жайт бар. Яғни, "мемлекет - шетсiз-шек­сiз донор емес" деген түсiнiк сөзсiз қабылданбауы тиiс. Донор болғанда қандай донор болуы тиiс ол! Ата заңға сәйкес, Қазақстан - әлеуметтiк мемлекет. Сондықтан да мемлекеттiң әлеуметтiк мiн­детiн қысқартуға тырысу - Конституцияға қол сұғумен пара-пар! Керiсiнше, осынау дағдарыс кезiнде мемлекеттiң бұл функция­сы тiптi жаңаша қырынан көрiнуi тиiс: қиналғанда көрсетiлмеген көмектiң ертең не қажетi бар?

Әйтпесе, өз басым кей сәтте осы бiр екiұшты тезистердi пайдаланып, бiздiң аса қу билiк, бая­ғыда өзi бiр айтып қалған "өз күнiңдi өзiң көр" принципiн қайта орнатқысы келе ме деп ойлап қаламын. Оған, әрине, жол бер­меу­ге тиiспiз.

 

ТАПСЫРМАСЫЗ ТIРЛIК ТАНЫТПАЙТЫН ҮКIМЕТ

Бiздiң президенттiң бiр әдетi бар - ол жыл сайын өз қарамағындағыларға үйiп-төгiп тапсырма берiп жатады. Басшы болған соң, онысы дұрыс та шығар. Бiрақ тиiстi уақыт өткеннен кейiн, сол тапсырмалардың орындалуы туралы ешбiр ақпарат жоқ. Сондықтан болар сол тапсырмалардың ел iшiндегi беделi де түсiңкiреп кеткен. Оның үстiне көпшiлiкте "тапсырма болмаса, тiрлiк танытпайтын үкiмет" деген де терiс пiкiр қалыптасып жатқаны тағы бар.

Бұл жолы да солай болды. Бiр сағаттың iшiнде бiрден 20 тапсырма берiлдi.

Бәрiн тiзе берудiң керегi жоқ болар. Кейбiрiне ғана тоқталайын.

"Жұмысы бар халықтың үштен бiр бөлiгiн "өзiн-өзi еңбекпен қамтығандар" дейтiн топтар құрайды" деп президент, олардың санын анықтау тәсiлдерiн сынға алады. Яғни, "мал ұстайтын жеке аула иелерi, өз автокөлiктерiмен жеке тасымал жасаушылар, бiрнеше пәтер ұстап, соларды жалға берушiлер" туралы айтады. Менiңше, мұның бәрi - осы топтарды болашақта "жұмысы, яғни күн көру көзi барлар" қатарына қосып, елдегi жұмыссыздық дең­гейiн одан сайын төмендету үшiн жасалып жатқан алғышарттар. Өйткенi екi жарым миллионға жуық "өзiн-өзi еңбекпен қамтамасыз етушiлер" билiктiң "жағымды" статистикасына көлеңкесiн тү­сiрiп тұрғаны анық. Заңды өз­гертiп, билiктiң көзiне шыққан сүйелдей боп тұрған осы әлеу­меттiк топты жоқ қылса, "әлеу­мет­тiк жаңғыртылудың" мықты нәтижесi сол болмай ма?

Бiр ғана мысал. Үкiметтiң есебi бойынша, үдемелi индустриалды-инновациялық даму жоспарына сәйкес 2010 жылы ғана 800 миллиард теңге жұмсалып, 24 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Яғни, әрбiр жұмыс орны 33,3 миллион теңге тұрады екен. Тым қымбат емес пе, мұғалiмi айына 33 мың теңге алып отырған қоғам үшiн?!

Оның орнына бiз айтып жүргендей, шағын және орта бизнестi бес жылға салық төлеуден босатсақ, жер-жерде, әсiресе, ауылдық жерде, қаншама жұмыс орны ашылар едi. Бiр тиын бюджет шығынысыз.

Ретi келгенде осы статистика туралы айтсам. Бiзде ол сала тым саясиланғаны белгiлi, яғни өкi­метке ыңғайлы әрi жайлы көрсет­кiштер дабырайта көрсетiлiп, "ыңғайсыз" пайыздар айтылмай жатады. Санаудағы сәйкессiздiк­тен шығудың бiр тиiмдi жолы бар, ол - өркениеттi дүниеде қабылдан­ған нормаларға жүгiну. Мәселен, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы белгiлеген бiр стандарт - Адам дамуының индексi бар. Оны анықтауда мынадай маңызды критерийлер басшылыққа алынады: өмiр сүру сапасы, сауаттылық, бiлiм беру деңгейi, өмiр жасының ұзақтығы. Басқа да қосымша тұстары бар. Қазiр Қазақстан осы көрсеткiш бойынша 187 елдiң iшiнде 68-орында. Жылдан-жылға өзгерiс қалай болады, соған байланысты үкiметтiң жұмысына баға берейiк.

Президент заңнамаға "ең­бек дауларын әдейiлеп туын­дат­қаны үшiн жауапкершiлiктi енгiзу туралы" және "әлеу­меттiк өштесудi қоздырғаны, ереуiлге мәж­бүрлеген­i, еңбекақыны дер ке­зiнде төлемегенi, ұжымдық шартты орын­да­ма­ғаны және басқа да құқық бұзушылықтар үшiн әкiм­шiлiк және қылмыстық жауап­кершiлiктi күшейту туралы".

Жаңаөзеннiң жаңғырығы деп осыны айт! Маңғыстауда аузы күйген билiктiң Астанада үрiп iшкенi емей не бұл ендi?!

Менiңше, билiктiң осынау, бiржақты репрессиялық сипаттағы бағыты мүлдем қате. Яғни, алдын алып, тиiстi экономикалық шараларды қарастырып, еңбек дауларын болдырмаудың орнына, сол дауларға қатысуы мүмкiн белсендiлердi қатаң жазалау керек дейдi. Бұл деген - себептермен емес, салдармен күресу.

Бiле бiлсек, қазiргi заманның басты трендiнiң бiрi - еңбек адамының әлеуметтiк-саяси белсен­дiлiгiнiң күрт артуы. Грекия, Испания, Португалияны айтпағанда, Жаңаөзеннен басталып, Жезқаз­ғанға ұласып жатқан бiздегi тенденциялар бар. "Сақтықта қорлық жоқ", Ақорда да өзiне қауiп төн­дiретiн осы процестердiң өршiп бара жатқанын сезген болар.

Президент құнттылық туралы айтады: "Еуропа неге бай тұрады? Өйткенi ондағылар атам заманнан берi құнт­тылық өнерiне үйренген. Ал бiзде болса әйтеуiр көз қылып жүре бергiлерi келедi. Мұндайда құнттылық қайдан болсын". Және де "құнттылықты әркiм өзiнен бастауы керек" дейдi.

Құп делiк. Бiрақ құнтсыздық кiмнен шығып жатыр? Жалғыз айлығы мен атасының зейнетақысына күн көрiп, тоңып секiрген миллиондардан ба? Оларда құнтсыздық қайдан болсын. Құнтсыз болам дегеннiң өзiнде, олар бола алмайды! Құнтсыздар жер байлығы мен жемқорлықтың рахатына бөленiп, тойып секiрген мил­лио­нерлер емес пе?

Әлде жоғарғы билiктiң өзi құнтты ма? Жылына бiрнеше дүркiн өткiзiлетiн "ысқырығы жер жарған" әлемдiк конгрестер мен форумдарға тым әуес бас билiк "құнттануды" өзiнен неге бастамайды? Облыс не аудан орталығында ең зәулiм үй мен ең қымбат машина кiмдiкi? Шағын бизнес­мендiкi емес, сот, прокурор, әкiм не кеденшiнiкi екенiн президент бiлмейдi дегенге мен сенбеймiн.

Осы жылдар бойындағы дардай аты бар да, зардай заты жоқ әртүрлi "мемлекеттiк бағдарламалар" да - сол құнтсыздықтың бiр жалғасы. Оларды да кешендi түрде қайта қарап, "құнттандыратын" уақыт келдi. Қаншама бюджет қаржысы үнемделер едi.

Билiк ақпараттық жұмыстың маңызын да түсiнедi. Сондықтан рет жағынан 18-шi болса да, маңызы жағынан алдыңғы қатарлы: "Журналистiк этика кодексiнiң жобасын әзiрлеу" тапсырмасы бе­рiлiптi.

Ол Кодекс қандай болады, мәселе сонда.

Менiңше, қазiргi қалыптасқан қатқыл жағдайда мұндай құжат Қазақстанда шынайы сөз бостандығына жол ашады, тәуелсiз журналистиканың дамуына жаңаша серпiн бередi деп сену тым ағаттық болады. Ақорданың дiттегенi мүлдем басқа нәрсе: осы Кодекстiк күшiмен "БАҚ туралы" заңға тиiспей-ақ, тым еркiнсiп кеткен БАҚ-тарды тiзгiндеуге тырысу. Мәселен, оппозициялық саясаткерлерге қарсы қолданылып келген "әлеуметтiк араздықты қоздыру" туралы бап арқылы ендi журналистердi де жазаға тартуы мүмкiн.

Сондықтан осы күдiктi Ко­декстi дайындауға журналистiк қауым қатыстырылуы тиiс, әйтпесе шенеунiктiк шеңгелдiң шырмауынан шыға алмай қалуы мүмкiн кейбiр билiкке жақпайтын БАҚ-тар.

Шынымды айтсам, бiзге мүлдем басқа Кодекс керек. Оның аты - жұмыс берушiнiң жұмыс iстеушiнiң алдындағы мiндеттерiн бұлжытпай орындауы туралы кодекс. Әлеуметтiк әдiлеттiктiң мықты iргетасы сол болар едi.

Барлық тапсырмаларда нақты цифрлар мен көрсеткiштер келтiрiлген. Бiрiне сенемiз, бiрiне сенбеймiз.

Осының өзi бағдарламаның концептуалдық бiр кемшiлiгiнiң айқын көрiнiсi.

Яғни, әлеуметтiк жаңғыртылу тек қана сан мен пайыздар­ға негiзделетiн үдерiс емес. Ол дегенiңiз - қоғамдағы моральдық-психологиялық ахуал­ды түбегейлi өзгерту деген сөз.

Еңбек адамына деген құрмет шынайы болуы үшiн ол прези­денттiң баяндамасының бетте­рiнен күнделiктi өмiрге көшуi керек. Ондай құрмет жоғарыдан түскен жарлық не қаулымен салтанат құра алмайды. Ол жөнiнде де президент айтқан, бiрақ бәрi сол баяғы "соцреализм" сипатында боп көрiндi маған.

Директивалық түрдегi шығармашылық бiр бөлек, ал елiмiзде әлеуметтiк саланың басымдығын нақты түрде паш ететiн, оған тиiстi құқықтық-нормативтiк негiз қалап беретiн салиқалы стра­тегия­ның орны бiр бөлек. Әлеу­меттiк және рухани мәселелер ылғи да экономикалық мақсаттардың шылауы боп келе жатқаны рас емес пе?

Менiңше, осынау терең де түпкiлiктi шаруаларды шешiп алмайынша, президенттiң "Жалпыға ортақ еңбек қо­ғамы" туралы идея­сы дәл сол "Егемен Қазақстан" бетi мен "Хабардың" экранынан ары асып кете алмайды.

 

ҚОҒАМНЫҢ ҚОЛДАУЫНСЫЗ ҚАЙДА БАРАРСЫҢ?

Кейбiр жұрт осы бiздi, оппозицияны "тек қана сынауға әуес, балама ой қосуға қауқарсыз" деп сынап жатады.

Президент сөзiн тыңдап отырып, мен өзiмнiң 14 жылдық оппозициялық өмiрiмнiң бiраз кезеңiн ерiксiз еске түсiрдiм. Өйткенi осы мақалада аталған кейбiр ұсыныстарды кезiнде бiз өз бағдарламаларымызда келтiрiп едiк.

Мәселен, әлеуметтiк жаңғыртылу - классикалық социал-демократия талап ететiн нәрсе. Бiздiң "қазiргi Қазақстанға нағыз социал-демократиялық саясат керек" деп келе жатқанымызға қаншама жыл болды. Партиямызды да осыдан алты жыл бұрын солай атадық.

Әлеуметтiк саясаттың басым болуы, еңбек адамына деген құрмет, жұмыссыздықпен күрес, жастарға жалдамалы үй беру, өндiрiс кадрларын дайындау, медицина мен бiлiмнiң қолжетiмдiгi және тағы басқа жайттар бiздiң сол жылдардағы бағдарламаларымызда тайға таңба басқандай жазылған.

"Жеңiстiң авторлары көп болады". Бiз президентпен авторлық үшiн таласпай-ақ қоялық. Тек айтылған жақсы ойлар жүзеге асса болғаны.

Бiрақ осы бағдарлама жүз пайыз орындалады дегенге мен аса қатты сенбеймiн. Оның да өз себебi бар.

Өйткенi өзiн-өзi жаңғырта алмаған билiк қоғамды да жаң­ғырта алмайды.

Бiздiң билiктiң ахиллес өкшесi - оның қоғамға, яғни әлеуметке ешбiр түрде тәуелдi еместiгiнде. Сондықтан да әдемi ұрандар көп, ал соларды жүзеге асыра алмай жатқан үкiметке әй дейтiн әлеумет, қой дейтiн қауым жоқ.

Ғылыми әдебиетте "әлеу­меттiк жаңғыртылу" - "экономикалық, демографиялық, психологиялық және саяси өз­герiстердiң жиынтығы" ре­тiнде анықталған. Ал бiзде сол саяси жағы қайда?

Қарап отырсам, өзiнiң идеясын баянды етуде президент тек қана өз қарамағындағы шенеунiктерге иек артады. Тапсырмалар да тек соларға жүктелген. Заңдарды да, кодекстердi де тек солар әзiрлейдi екен. Ал нақ сол Жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналуға тиiс... қоғамның өзi қайда? Оның мүмкiншiлiгi неге молынан пайдаланылмайды?

Әлеуметтiк жаңғыртылу - ол тек қана шенеунiктердiң ғана емес, ең алдымен, сол әлеуметтiң, яғни ауылдағы ағайыннан бастап қаладағы қаймана қазаққа дейiнгi баршаның төл iсi.

Бұрнағы күнi президенттiң өз министрлерiмен өткiзген кеңесiнiң толық теленұсқасын көрдiк.

Бiр байқағаным, екiлiк алған оқушы секiлдi бастарын төмен түсiрген шенеунiктер тарапынан бұл идеяны шығармашылық жағынан дамыту не толықтыру, орынды да орайлы ой қосу болмады. Тек қана "Нұреке, Сiздiң идеяңыз болмағанда не iстер едiк? Қандай ғаламат! Бүкiл халық орнынан тұрып кеттi қол соғып, қолдап" дегенге саятын өтiрiк-шыны аралас қолпаштау. Кеңесте әрқайсысы бiр саланың тiзгiнiн ұстаған, iргелi мемлекеттiң министрлерi емес, ортаңқол бiр колхоздың ферма жетекшiлерi отырғандай. Iшiм қыж-қыж қайнағаны-ай! "Сенген серкем сен болсаң, күйсегенiңе болайын...".

Келiсiп пiшкен тон келте болмас. Менiң ұсынысым мынадай.

Сөз жоқ, президент ел өмiрiн­дегi аса бiр маңызды мәселенi көтердi. Бiрақ та ол идея қоғам тарапынан қолдаусыз билiктiң осыған дейiн басында бұрқылдап басталып, соңында сұйылып тынатын тоқсан тоғыз бастамасының кебiн кимесiне кiм кепiл?

Сондықтан әлеуметтiк жаңғыртылу iсiне әлеумет тiкелей атсалысуы тиiс.

Идеяны талқылау, қосымша ұсыныс айту, одан сайын байыта түсу тек қана шенеунiктердiң шағын шоғырының шаруасы емес екенiн билiк ұға ала ма? Әсiресе, әлеуметтендiрiлу саласындағы саясаттың халықаралық тә­жiрибесiн зерттеп, ең ұтымды тұстарын Қазақстан болмысына ендiре бiлу аса қажет. Бағдарламаның орындалуын бақылау да Ақорданың ғана емес, баршаның iсi болуы тиiс.

Президенттегi кеңес өтуi мұң екен, жер-жерде жамырай пысықтық танытып, жұртты жұмылдыруға тиiс жиналыстар басталып та кеттi. Сол ескi сарын, сол баяғы жауыр болған штамптар.

Тағы да сол таптаурын да түк нәтиже бергiсiз сүрлеуге түсiп кеттiк.

 

Әмiржан Қосанов, "АЗАТ" ЖСДП партиясының бас хатшысы

«Абай-ақпарат»

0 пікір