Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6837 0 пікір 19 Шілде, 2012 сағат 08:53

РЕНЕССАНС ДӘУІРІНІҢ АЛЫБЫ

Сөз басы

Ортағасырлық Италияның көгінде еуропа өркениетінің тегершігін шыр айналдырған жұлдыз пайда болады. Қылқалам шебері, инженер, механик, плотник, музыкант, математик, патологанатом, өнертапқыш деп басталатын Оның бір басындағы табиғи дарыны одан ары ...археолог, метеоролог, астроном, сәулетші... деп жалғасып кете беретін. Оны жұрт сиқыршы, «сайтанның қолшоқпары», Италияндық Фауст болмаса құдіретті рух деп шуласатын. Жер басып жүріп-ақ аңызға айналған Ол адамзат ақыл-ойының шексіздігін паш еткен-дүр. Ол - заманынан озып туған Винчилік Леонардо болатын дей келіп... бірақ Ол қарапайым адамдарша жер басып жүріпті, күйініш пен сүйінішті де сіз бен біз секілді түйсініпті деп басталады Ұлы суретшінің өмірбаяны.

 

Некесіз туған бала

Сөз басы

Ортағасырлық Италияның көгінде еуропа өркениетінің тегершігін шыр айналдырған жұлдыз пайда болады. Қылқалам шебері, инженер, механик, плотник, музыкант, математик, патологанатом, өнертапқыш деп басталатын Оның бір басындағы табиғи дарыны одан ары ...археолог, метеоролог, астроном, сәулетші... деп жалғасып кете беретін. Оны жұрт сиқыршы, «сайтанның қолшоқпары», Италияндық Фауст болмаса құдіретті рух деп шуласатын. Жер басып жүріп-ақ аңызға айналған Ол адамзат ақыл-ойының шексіздігін паш еткен-дүр. Ол - заманынан озып туған Винчилік Леонардо болатын дей келіп... бірақ Ол қарапайым адамдарша жер басып жүріпті, күйініш пен сүйінішті де сіз бен біз секілді түйсініпті деп басталады Ұлы суретшінің өмірбаяны.

 

Некесіз туған бала

Леонардо да Винчи 1452 жылы 15 сәуірде көрген жұрт сұлулығы тап суреттегідей деп мақтасатын Винчи қалашығында, Пьеро деген 25 жасар нотариус пен Катерина есемді шаруа қызының ортасында күйек астында дүниеге келеді. Леонардо өмірінің алғашқы жылдарын анасымен бірге өткізеді. Өйткені әкесі бір байдың қызына үйленіп кеткен болатын. Алайда некелі әйелінің пұшпағы қанамаған Пьеро үш жасар некесіз ұлын өз тәрбиесіне алады. Леонардо әлі жөргегі кеппеген сәби шағында тірілей айрылған анасының бейнесін сомдауға өмір бойы ниет қылып өткен деседі білетіндер. Тіпті «Мадонна Литта» картинасындағы емшектегі жасқа толмаған нәрестенің жабырқаңқы жанары суретшінің анасына деген мәңгілік сағынышы болуы керек деген де болжам бар.

Ол заманда Италияда некесіз туған баланы жатсынып, шетқақпайлау дейтін әдет атымен болмапты. Винчидің қайсы бір айтулы адамдары бала Леонардоның болашақ тағдырына тікелей ықпал етуі де содан болса керек. Бірақ тап сол сәтте сол адамдар қастарында болашақ кемеңгердің жүргенін аңғарды ма екен? Әй қайдам.

Леонардо он үш жасқа толғанда өгей шешесі баладан қайтыс болып, екінші рет бас құраған әкесі көп кешікпей тағы да бойдақ қалады. Бірақ сол бойдақтық жер қойнына дейін жалғасыпты деп ойламаңыздар. Өйткені жетпіс сегіз жас жасаған әке төрт рет төсек жаңғыртып, 12 бала сүйген. Айтпақшы, Пьероның Франческа деген інісі бар еді де, күнделікті күйбең тірліктен қолы бір босамайтын әке орнын көп ретте жұртқа ақыл айтудан басқаға қыры жоқ сол немере ағасы басатын. Бір істі бітірмей жатып екіншісіне бас қоятын (кейін толысқан шағында да талай-талай ұлы туындылардың толық аяқталмай қалуына себеп болған) шыдамсыздық Леонардоға сол жеңіл ойлы, қияли әрі сөзуар ағасынан жұққандай. Оның үстіне әкесі нан табарлық мамандыққа баулысам деп алөкпе болғанмен, ұлының қоғамдық ортаға қойып кете бермейтін кісікиіктігі және жол бермепті.

 

Аждаһа қалқаны

Ұлы суретшінің алғашқы қарымы туралы мынандай аңыз бар. Әлдебір шаруашылықтың қожайыны Леонардоның әкесіне інжір ағашынан жасалған қалқанын табыстап тұрып, тәуірлеу суретші тауып, қалқанның бетіне өрнек салдырып беруге өтініш қылады-мыс. Ал басы артық жұмысқа бола бас қатырғысы келмеген Пьеро бұл шаруаны ұлына тапсырады. Содан, қалқанға көзі түскен кісінің зәресі зәр түбіне кетсе деген ой иектеп, Леонардо, жылан мен құбыжық кепті құрт-құмырысқаларға қарай отырып қалқанның бетіне қиялғажайып аждаһаның суретін салған екен. Ертесіне расында баласының қолынан шыққан дүниені көріп, қайран қалған әкесі оны бейнелеу өнеріндегі кватроченто тәжрибесін ұстанушы Андрео дель Верроккьоға жетектетіп қоя бермесі бар ма. Сөйтіп бозбала жігіт сол замандағы мен деген суретшінің шеберханасынан бір-ақ шығыпты.

 

Сапар басы

Ол заманда Милан, Неаполь сынды италияның ірі қалалары өз алдына жеке-дара мемлекет саналатын. Сол секілді Флоренцияны да Медичилер әулеті басқарушы еді. Дәрі-дәрмек сатудың арқасында байлық бітіп, атақ жиып, келе-келе саяси салмағы да артқан қоңды әулет. Жас Леонардо табалдырығынан аттаған Андрео дель Верроккьоның шеберханасы осы әулеттің бір мүшесі, танымал меценат Лоренц Медичидің иелігінде болатын. Ол сарайының сәнін арттыру үшін Верроккьоға картиналар, шағын мүсіндер мен ою-өрнек түрлеріне тапсырыс беріп тұрар еді. Міне осындай бұйымтайлардың арқасында Леонардоның тұңғыш туындысы - мыс шар мен Санта Мария дель Фьоре шіркеуінің айқышы (крест) дүниеге келген.

Орта ғасырларда сәулетші мен мүсіншінің өнері өнердің шыңы саналмайтын. Сол секілді суретшілерге де былайғы жұрт қарапайым құрылыс сырлаушысы деңгейінде қарайтын. Жиған білімі мен тәжрибесі жан бағудың өзіне әрең жарап, ілдебайлап күн кешетін аталмыш өнер иелері сол бағаға татитын да. Тек Верроккьодан басқасы. Өйткені Андрео таланты асса талғамына да шек қоймай, қайта қадари қалінше әне-міне жұлдызы жанғалы тұрған Леонардо да Винчи, Пьетро Перуджино, Сандро Боттичели сынды интелектуальдық қомағайлардың «қарнын тойдыруға» жанын салатын. Шебер антикалық бейнелердің «шаңын арши» жүріп, ғылым мен техниканың заманауи жетістіктерін де қаперден тыс қалдырмайтын. Тригонометрияны зерттеп, адам денесін дәл сипаттау үшін кәдімгі мүрдені көрнекі құрал етіп пайдаланатын. Сөйткен дегдар ұстаз дарынды шәкірттерінің шығармашылық тәсіліне әжептәуір әсер еткені даусыз. Бұл тұрғыда Да Винчидің күнделігіндегі адам денесінің пропорциясын дәл есептеген сурет, «Ангиари шайқасы» картинасындағы қаһарлана айқайлаған жауынгердің бет бұлшық еттерінің ойыс-кейісі, болмаса заманында адам көзінің құрылысын зерттей келіп, алыстағы нәрсені дүрбімен көруге болатыны туралы болжам айтуы, анатомиялық зерттеулерде адам денесін жарып көрудің нәтижесін қорыта отырып, осы заманғы ғылыми иллюстрацияның негізін қалауы, мүшелерді жәй түгендеуден олардың атқаратын міндетіне көшіп, ақыры организмді «табиғи механиканың» үлгісі деп қарауы... сынды ондаған, жүздеген мысалдар келтіруге болады.

 

Ұстаздың жеңілуі

ХV ғасырда антикалық идеалдарды қайта жаңғырту үдей түседі. Флоренция Академиясына жиналған Италияның ең ақылды қаушақтары жаңа өнердің теориясын қалыптап, творчествадағы жастар осы тарапта жақ-жақ болып кеңірдектері жыртылғанша керілдесумен уақыт өткізетін. Бірақ бала жастан бойына сіңген кісікиіктік Леонардоны бұл кезде де қара қазандай қайнаған қоғамдық өмірден аулақ әкеткен. Оның үстіне ұстаздың шеберханасына бас сұғуыды да сиретеді. Өйткені өзінің төл шеберханасының іргесін көтеруге талпынып жүрген шәкірттің теориялық талас-тартыстармен бас қатыруға, шынын айтқанда, уақыты да жоқ еді.

Бірде «Шоқындыру» («Крещение Христа») деген картина дайындауға міндеттелген Верроккьо, сондағы қатар тұрған екі періштенің бірін Леонардоға жүктейді. Ұстаздың картинаны шәкіртерімен қосылып салуы, кейде тіпті бүтін бір фрагментті ең таланты һәм еңбекқор шәкіртке тапсыру сияқты тәжрибелер сол кездегі шеберханаларда кездесіп тұратын жайт. Соныменен не керек, картинаны аяқтап болып ес жиған ұстаз, екі адамның ойында түзіліп, екі адамның қолымен кенепке қонған қос періштенің адам айтса нанғысыз үйлесімді бейнелерін көріп шалқасынан түсіпті. Флоренциялық суретші әрі архитектор, кейін өнер саласындағы өзінен бұрынғылар мен замандастары туралы біраз естеліктер қалдырған Джорджо Вазаридің айтуынша, сол сәтінде қылқаламын жерге атып ұрған Андрео дель Верроккьо, содан қайтіп сурет өнеріне жоламай кеткен көрінеді.

 

Сүреңсіз «сурет»

1472 жылы жиырма жасар Леонардо флоренциялық суретшілердің «Гильди» (саяси әлде діни) қоғамының мүшелігіне өтеді. Бұл әлі күнге өзінің жеке шеберханасының болмауы себепті ұстазының қамқорлығына «алғыс» айта алмай жүрген кезі еді. Сөйтіп жүріп 1476 жылы Леонардо сот залынан бір-ақ шығады. Өйткені онымен қоса тағы үш адамға Джакопо Сальтарелли атты 17 жасар зергермен гомосексуальды қатнас жасаған деген айып тағылады. Бірақ қарсы тараптың айғақтарының жеткіліксіздігінен аман қалған Леонардо да Винчи мен Сандро Боттичелли содан кейін де екі рет осындай келеңсіздікке шатылған... Кейіпкеріміздің атына жолданған аталмыш қаралаулардың қаншалықты шындаққа жанасары белгісіз. Белгілісі - Оның қандайда бір дәрежеде гомосексуализмге деген қызығушылығының болғаны. Сосын тағы ...өмірден бойдақ күйінде өткен ұлы суретшінің еш уақытта әйел затына еміренбегені айтылады.

 

Алғашқы аһ ұрғызу

1478 жылы Леонардо алғаш рет жеке тапсырыс алады. Оған Синьории сарайындағы Әулие Бернард капелласының тұғырнамалық бейнесін (алтарьный образ) жасау жүктелген. Жас маэстроның біраз ақша табумен қатар өзінің кім екенін танытар бір мүмкіндік осы еді. Бірақ, тұғырнама тазалай бітпеген күйі қалады. Сонымен қатар, 1481 жылы қолға алған, Флоренцияға жақын Скопетода тұрған Сан Донато моностырьіндегі «Бақсылардың бас иуі» («Покланение волхвов») де осының аяғын құшады.

...Сөйтіп Әулие Бернард капелласындағы тұғырнаманы басқа бір шебер аяқтайды. Ал Леонардо болса осы секілді әлденеше жұмысты жұртқа тастап, Флоренциядан кете барады. Осы орайда атақты шебердің айтулы дүниені аяқсыз қалдырарлық шалағайлығына не себеп болды дегенге келсек. Ол уақытта тапсырыс беруші мен суретшінің арасындағы келісім бойынша жоспарлы жұмыстың ақысы бөліп-бөліп төленуі себепті, шеберлердің көбі уәде етілген еңбек ақының келесі жарымына жеткенше әбден титықтап бітер еді. Сондай бір кеппен жырымдап берілетін болмашы қаражат тәңірі алқаған талантты Леонардоның да жұмысқа деген құлшынысын оята қоймаса керек. Бір хатында миландық герцогтан несие сұраған ұлы суретшінің қадірі артық, қалтасы жұқа болыпты.

 

Аяқталмаған «Атты алып»

1482 жылы Леонардо Флоренциядан Миланға қоныс аударғанын айттық. Милан ол жылдары қару-жарақ жасаудың ірі орталығы. Әмбе Италия жеріндегі мемлекетсүрей қалалардың арасында кіші-гірім соғыстар болып тұратындықтан, соғыс құралын жасаушы шеберлер мен әскери құрылысшылардың қаны жерге тамбаушы еді. Да Винчиді де Миланға жетелеген - осы тараптағы қарудың тың сызбасын ұсынып, әмбебап әскери техника жасасам деген мақсат болатын.

Терісінің қаралығына қарай «Мавр» («Иль Моро») атанып кеткен Миланның герцогы Лодовико Сфорца өлген әкесі Франческо Сфорцаға арнап атты адамның алып мүсінін жасап беретін сәулетші іздеттіріп жатқан. Іздегенге сұраған. Бұл хабарды құлағы шалған Леонардо герцогке дереу хат түріндегі резюмесін жолдайды. Онда өзін әрі тәжрибелі әскери инженер, әрі қару-жарақ жасаудың білгірімін деп көрсеткен шебер хат соңын: «...Менің қолымнан шыққан атты адамның қола мүсіні сіздің әкеңіз тұрмақ, күллі Сфорцалар әулетінің даңқын ғасырдан ғасыр асырмақ» - деп түйіндейді. Және отызға келгенше бірде бір мүсін жасап көрмесе де «Сурет өнері - өнердің өнері, ал сәулет - қаққанда қаныңды, сыққанда сөліңді алатын қара жұмыстың нағыз өзі» деген пікірден таймаған Леонардоның, қызық болғанда қоладан құйылар атты туралы айтқаны құр сөз емес еді. 1491 жылы Ол саздан жасаған қару-жарақ модельдерін сарайдың алдына әкеп қойғанда көрген жұрт көзін жұмып, аузын ашыпты. Тіпті соған дейін әлемдік мүсін өнерінің озығы саналып келген Рим императоры Марк Аврелидің ат үстіндегі бейнесі де Да Винчи тек көрме үшін жасаған қару-жарақ үлгілерінің жанында жіп есе алмай қалыпты деседі.

Да Винчи Франческо Сфорцқа арналмақ атты адамның мәселесін қолға алады. Бірақ жасалу технологиясы күрделі әрі ойға алған дүниені жеріне жеткеруге сол кездегі күш-қуаттың жітімсіздігінен жұмыс тым баяу өрбиді. Ал 1499 жылы Миланға француздардың шабуыл жасауы себепті мүсін өнеріне деп дайындалған мыстың бәрі зеңбірек құюға кетеді де, соның кесірінен жұмысты біржола тоқтатуға тура келеді. Бұл Леонардоның миландықтардың арасында майталман музыкант, декоратор, сарайдағы салтанатты кештердің режиссері деген атпен де таныла бастаған кезі болатын.

 

«Құпия бас қосу»

Миланда Леонардо ғасыр туындысы - Санта Мария Грация монастырі асханасының қабырғасына «Құпия бас қосу» фрескасын салады. Кейбір куәгерлердің айтуынша, Леонардо сондағы он бір апостолды қаланың қарапайым адамдарына қарап бейнелеген. Ал Исаның елесін қайдан алғаны белгісіз. Шебер Иуданы сомдау үшін қаланың сауық құру орындарын аралып, үлгіні қылмыскерлердің арасынан іздепті-мыс. Бұл әрине монастыр басшысына ұнамасы хақ. Сөйтіп онымен сөзге кеп қалған Леонардо «Олай болса Иуданың орнына священниктің өзі тұрсын!» деп бір-ақ қайырыпты дейтін сөз бар.

Иса шәкірттеріне көп кешікпей олардың бірі сатқындық жасайтынын жария қылар құпия бас қосу тақырыбының драмалық көрінісіне Леонардодан бұрын да талай суретші бас қойған. Алайда солардың ішінде компазициясы математикалық дәлдікпен есептелген әрі мәселенің өміршеңдігін тап басуы тұрғысынан тек осы Да Винчидің түйсінуі авторды әлемдік даңққа бөлегені адамзат баласына аян. Ол кватроченто дәстүрін дамыта отырып, діни сюжеттерді адамзаттың алуан түрлі сезімдерінің айнасына айналдыра білді. Ал оған дейін «Құпия бас қосу» сюжетіне қалам тербеген шеберлер қатып қалған қағидаттан аспапты. Көбінде Иуда өзге апостолдардан бөлініп, жеке жайғасатын, болмаса көрерменге арқасын беріп, төрге - төрдегі топқа қарап отыратын.

 

Тиранның қол астында

1499 жылы Миланды француздар басып алып, Лодовико Сфорца шетелге қашып кетеді. Сөйтіп «қамқоршысыз» қалған Леонардо алдымен Мантуға, содан соң Венецияға барып, герцог Чезаре Борджинаның қол астында бірнеше ай әскери инженер қызметін атқарады.

Ренесанс дәуірін улаумен аты аңызға айналған Борджина Рим папасы Александр VІ заңсыз ұлы. 17 жасында әкесінің ықпалымен кардинал атанып, 27 жасында зұлымдық пен қанішерлігін алға салып, жарты Италияны дәрегейіне келтірген. Леонардоны әскери кеңеске қабылдаған атаққұмар тиранның тағы біраз дүниені тақымға бассам деген арам ойы болатын. Чезаре Борджинаның қол астында жүрген кезде Леонардо Имола қамалының бөлшектенген картасын жасап, герцогтың билігін кеңейту мақсатында батпақты жерді суландырудың жолын табады. Көп кешікпей Александр VІ көз жұмып, жақсы әкенің атын қырық жылдық азық қыла алмаған жаман бала тақтан таяды да, жұмыссыз қалған Леонардо етегін беліне түрініп, баяғы Флоренциясына жол тартады.

 

Алыптар айқасы

1504 жылы флоренттіктер Леонардоға Палаццо Веккьоға арнап фрескаға тапсырыс береді. Тақырыптың арқауы - 1440 жылғы Ангиари түбіндегі шайқаста Миланды тұқыртқан Флоренция. Фрескадағы соғыс көріністері тұрмақ, оның сыртқы масштабының өзі үлкен таңданыс тудырады - тігінен 6,6 метр, көлденеңінен 17,4 метр. Бұл уақытта сарайдың қарсы қабырғасына жас Микеланджело Буонарротидің де қолтаңбасы түсіп жатқан. Қос алыптың айқасы күлі Флорецияның назарын өздеріне аударады.

Қос кемеңгердің бір өнерге деген көзқарастары екі басқа. Леонардо сурет өнерін интелектуальды өнер, ал мүсін өнерін - қара жұмыс санаса, Микеланджело керісінше, мүсін жасауды өнер атаулының ең биік формасы деп, күнге теңеп, кескіндеме өнерін айға балайды. Екі алыптың бұл күнге сөзбе-сөз жеткен мынандай шарпысуы бар. Леонардо: «Сендер, мүсіншілер, бетіне әйнекей сепкен тоқаш секілді төбелеріңнен төмен мәрмәрдің шаңы басқан. Үйлерің бітпей жатып паршасы шыққан мүсіндердің қоқымы мен сынықтарынан аяқ алып жүргісіз!» - деп тоңқылдайды. Есе-теңдік бергісі келмеген Микеланджело да: «Миландағы атты Сфорцаны шала бітірген мен бе, сен бе?» - деп дүйім жұрттың көзінше жар салатын көрінеді.

Алыптардың айқасы аяқсыз қалады. Өйткені жарты жылда «Кашин шайқасының» нобайын ғана келтірген Микеланджело папаның сағанасымен айналысу үшін Римге кеткен. Леонардо да қапалы еді. Өйткені сурет салу техникасына енгізген тың эксперимент соңы бұлдырай бастағаннан-ақ торыққан Ол, бұл жолы да қолды бір сілтеп жүре беріпті.

 

«Моно Лиза»

(болжамдар мен аңыздар)

«Ангиари шайқасымен» айналыса жүріп, Леонардо бейнелеу өнерінің тарихындағы ең танымал портрет - «Моно Лизаны» да бастаған болатын. Бір қызығы автордың мұқым 7000 бетке жуық күнделігінде атаулы портреттің қалай салынғаны туралы бір ауыз сөз жоқ. Картинаға кім тапсырыс берді? Ләм-мим. Суретші куә боларлық бірде бір құжат қалдырмаған.

Бұл тараптағы ең танымал болжам Джорджо Вазариға телінеді. Ол өзінің «Атақты суретшілер, мүсіншілер мен сәулетшілер өмірінен» атты еңбегінде: «Леонардо да Винчи флоренциялық бай саудагер Франческо дель Джакондаға арнап әйелі Моно Лизаның суретін салған» деп жазады. Және бір болжам герцог Джулиано Медичидің ойнасына қарап салған дегенді айтады. Полотно кейіпкерлеріне үміткерлердің тағы бірі - герцогиня Мантуи Изабелла д'Эста. Суретшінің танысы. Қайсыбір зерттеушілердің пайымдауынша кейіпкердің кескін-келбеті сол кездегі тірі жүргендердің ешқайсына тиесілі емес. Леонардо да Винчи «Джакондада» бақилық болған анасын бейнелеген.

Бәрін айт та, бірін айт. Ең талассыз пайым - «Моно Лиза» ұлы суретшінің бейнелеу өнеріндегі мәңгілік қолтаңбасы.

Өнер зерттеушілерінің ойынша Леонардоның «Моно Лизасы» мен «Джакондасы» екеуі екі басқа дүние. 1505 жылы Да Винчиде қонақта отырып Рафаэль Санти салған көшірмеде әйел бейнесінің ту сыртында антикалық діңгектер тізбегі асқақтап тұрыпты. Ал бізге белгілі түпнұсқада мұндай дүние атымен жоқ. Зерттеушілердің Леонардо бір біріне ұқсас екі картина салыпты деп жүргендері содан-ау. Не де болса ұлы суретшінің өз қолынан шыққан түпнұсқа теңдессіз еді. Соның үшін Миланда да, Римде де, тіпті мына жалғандағы соңғы тұрақ-мекені - француздардың Амбуаза қорғанында да Леонардо да Винчи «Моно Лизасын» жанынан тастамапты.

 

Қоңылтақсу

1506 жылы Леонардо француздардың иелігіндегі Миланға барып, ол жерде әйгілі «Әулие Анна Мариямен және нәресте Исамен бірге» полотносын сызып, қайық жүзерлік арықтың жобасын жасаумен қатар табиғаттың құпиясын зерттеуді жалғастырады.

1513 жылы Римге табан тіреп, баяғы Медичилер әулетінен шыққан Лев Х қамқорлығына бөленеді. Шебер онда Сикстин капелласының басты фрескасы - «Қорқынышты сотқа» тапсырыс алармын деп үміттенген. Бірақ ол байырғы бәсекелес Микеланджелоға бұйырады. Ал Буонарроти болса істі бастауға асығар емес. Осынау ұрымтал тұсты мүлт жібермеуге ұйғарған Леонардо ешкімге білдірмей «Қорқынышты соттың» эскизін жасауға кірісекен. Әткенмен Ватиканнан тапсырыс күтумен сарғайған суретші ақыр соңында күнделігіне: «Медичилер мені асырап-бақты, есесіне түбіме де жетті!» - деп жазыпты.

Жалпы «жанашырлары» Да Винчидің тұлғалық қасиетіне мән бермей, Оның кемеңгерлігін өздерінің бір сәттік қажеттіліктеріне ғана жаратқандай. Мәселен, ұлы суретші герцог Сфорцаға той-томалақтың ұйымдастырушысы ретінде жіпсіз байланса, Чезаре Борджина бар болғаны саяси һәм әскери амбицияны іске асырудың құралы көрген. Есесіне Леонардоның өткінші өмір, кей адам мәңгілік меншігім санағанмен бүгін бар да ертең жоқ аумалы атақ-даңқ туралы өз түйгені бар. «Мына жалғаннан қаншама император, қаншама княз өтті, бірақ олар туралы ешқандай естелік жоқ. Бейбақтар артына атақ қалдыру үшін мемлекет құрып, байлық жиумен траштанған еді» - деп жазыпты данышпан.

 

Соңғы сапар

Людовик ХІІ-нің орнына таққа отрыған король Франциск І Леонардо да Винчидің соңғы жанашыры. Ел қатарлы Франция да өнерімен гүлдесе екен дегенді армандайтын монарх, заманында Микеланджело мен Рвфаельді де сарайына шақыртқан екен, бірақ өтініші орындалмапты. Әуелі Леонардоның өзі кәрілік меңдегесін амалдың жоқтығынан шақыруды қабыл алып, сүйікті шәкірттерінің бірнешеуін қасына ертіп сапарға шығыпты-мыс.

Франциска І-дің резиденциясы Париждің оңтүстің батысындағы Амбуаза қорғанында. Леонардо сол жердегі тұрған орнына байланысты Клу аталып кеткен қамалдан сыйлыққа шағын үй-жай алады. Обалы қанекей, жас монарх алпыс төрт жасар данышпанды «Әке» («mon pere») деп атап, барынша құрмет тұтыпты. «Мен жалпақ әлемде Одан асқан ғылым мен өнердің білгірі жоғына сенімдімін». Бұл Франциска І-дің Леонардо да Винчи туралы пікірі.

Францияда Леонардо сурет салмақ тұрмақ, оң қолынан әл кетіп, біреудің көмегінсіз жүріп-тұрудан да қалған. Сөйтіп қатарынан үш жыл төсек тартып жатқан Да Винчи алпыс сегізге шығады. Ары қарайғы тіршіліктен үміт жоқ. Сырқат суретші 1519 жылы 23 сәуірде бар дүниесін сүйікті шәкірті Франческо Мельциға аманаттап, арада тағы сегіз күн өтіп, тоғызыншы күні фәниден бақиға аттанып кете барыпты. Сүйегі сол Амбуаз қорғанының іргесінде жатыр.

Көркем аударма жасаған - Нұрлан ҚАБДАЙҰЛЫ

«Абай-ақпарат»

0 пікір