Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Деп жатыр 4615 2 пікір 3 Қараша, 2021 сағат 13:18

Тайвань: Қытайдан сақ болыңдар!..

Қытай мен Тайвань арасындағы шиеленіс соңғы 40 жылдағы ең үлкен межеге жетті. Тараптар арасында әне-міне соғыс басталып кетуі де мүмкін. Сарапшылар Қытайдың соңғы екі айдағы әрекеті «соғыс алдындағы дайындық» дейді. Қытай Тайвань әуе кеңістігін 140 ұшақпен бұзып кіріп, барлау жүргізген. Ал кемелері ұдайы шекараны бұзып, қауіпті маневрлар жасауда. 

Қытай билігі Тайваньды батыл шешім қабылдаудан аулақ болуға шақыруда. Үш апта бұрын Қытай төрағасы Си Тайваньды қайтарып алу туралы жалынды сөзін жұртқа арнады. Бұл Қытайдың ішіндегі кезекті патриоттық толқуларды оятты. Қазіргі таңда «Қытайдың үстемдігі мен Тайваньға жасырынған Батыстық агенттер» жайлы түрлі мақалалар мен сюжеттер шығуда. Әрине ол ішкі аудиторияға арналған. Қытай билігі ішкі және сыртқы аудиторияға негізделген ақпараттарды қатаң сүзгілеп, аражігін ажыратып отырады. Мысалы ішкі аудитория үшін АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетуі жеңіліс ретінде сипатталса, шынайы тұрғыдан олай еместігін Бейжің жақсы біледі. Тайвань мәселесінде де дәл солай. Бейжің Тайваньды өзінің басты идеологиялық құралы етуге тырысуда. Төраға Си тарихта орталықтанған біртұтас Қытай жүйесін құрған тұлға ретінде қалуды армандайды. Оның Шығыс Түркістандағы әрекеті, Гонконгты жаншуы мен Тайваньға ауыз салу ниеті соның айқын дәлелі.

Тайвань билігі де қарап жатқан жоқ. Олар 2025 жылға қарай Бейжің жаттығудан шынайы әскери қимылға көшеді деп болжауда. Сондықтан қазірден бастап әскери дайындықты күшейткен. Нақтылап айтқанда жағалауды қорғау, зымыранға қарсы жүйені күшейту және заманауи ұшақтар санын арттыру бойынша жұмыстар жасалынуда. Тайвань билігі алғаш рет АҚШ әскери жаттықтырушылар сарбаздарды дайындап жатқанын ресми мойындады. Олар арнайы жасақтың ұрысқа дайындығын күшейту үстінде.

Тайвань елінің сыртқы істер министрі Джозеф У әлем елдерін Қытаймен қатынаста барынша сақтыққа шақырды. «Егер сіздер Қытайға тәуелдіміз деп санасаңыздар, онда сіздердің сыртқы саясаттарыңызда түрлі мәселелер пайда болады. Егер сіздер Қытайға тәуелдіміз деп ойласаңыздар, онда өте сақ болуға тиіссіздер, себебі сіздер өздеріңіздің мүмкіндіктеріңізді жоғалтуларыңыз мүмкін», - деді ол.

Бұл ескертулері Қазақстанға да қатысты екенін ұмытпаған жөн. Қытаймен шекаралас ел ретінде Қазақстан сауда және экономикалық байланысын арттыру үстінде. Алайда Қытайдың экономикалық үстемдігі де Орталық Азия елдерінде артып келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы 50-ден астам зауыт салу мәселесі де экономикалық, экологиялық және саяси сұрақтар бойынша барынша сақтықты талап етеді.

«Қытай үнемі парақорлық әдісіне жүгінеді, олар парақор саясаткерлердің қалтасына қомақты қаржы салып, уәдені үйіп-төгеді. Алайда ол уәдесінің орындалуы мүлде көңіл көншітпеуі мүмкін. Олар қатысқан көптеген жобалар көбіне сапасыз болады. Егер осының бәрін жинақтасақ, онда Қытаймен бизнес жүргізгісі келетін кез келген елге сабақ болары анық», - дейді У.

Тайваньдық министр Қытайдың демократияны бұзу және қатынастарды нашарлатуға талпыну әрекетіне қатысты былай дейді.

«Тайвань сыртқы саясатта қандай да бір жетістікке жетіп, дипломатиялық қатынастар орната бастаса болды, Бейжің жеңіліс табамыз деп қорқып, Тайвань елінің мүмкіндіктерін шектеуге тырысады. Сондықтан халықаралық аренада Тайвань мен Қытай арасында бәсекелестік жүріп жатыр. Соғыс қазір ешкімге керек емес, әсіресе ақылды басшыларға. Алайда біз Бейжіңде отырған биліктің ақыл-парасатына күмәнмен қараймыз. Әсіресе қазіргі уақытта, өйткені олардың ішкі қайшылықтары да көп қой. 

Қытайдың қалағаны бір ғана дүние, ол Тайваньды халықаралық саясатта жалғыз, қолдаусыз қалғанын көргісі келеді. Әрине мен Тайвань елінің сыртқы істер министрі ретінде біздің достарымыздың көп болуына жауап беремін», - дейді У.

Ол сөзін былай деп қорытындылайды: «Тайвань мүлде бөлек. Біз өзімізді қорғауға барымызды саламыз. АҚШ-тың ресми билігі біз өзімізді барынша қолдайтындай, қолдай алмайтынын айтады. Ауғанстанда көпшілік өзі үшін күрескісі келмейтіндей әсер қалдырды, алайда Тайвань халқында жағдай мүлде басқа. Біз өзіміздің өмір сүру аямызды қорғағымыз келеді. Біз бостандықты, демократияны, суверенитетімізді қорғаймыз».

Әрине, Қытай мен Тайвань арасындағы қатынас тараптардың өздеріне ғана тән болып көрінгенімен, қақтығыстың шешілу көрінісі әлемге, оның ішінде Орталық Азия елдеріне де тікелей әсер етері анық.  Бүгінде Тайваньда 15 елдің ғана дипломатиялық корпусы бар, ал қалған елдер Қытаймен қатынасын суытып алмау мақсатында Тайваньмен қатынас ұстаудан қашқақтайды.

Қазақстан мен Қытайдың арасындағы шекарада ондаған мың көлік кезек күтіп, қаңтарылып тұр. Сарапшылар оны тараптардың келісе алмауынан дейді, алайда қандай сұрақ бойынша екенін нақты айту мүмкін емес. Тайваньдағы қытайдың Қытайдан сақтануға шақыруы да тегін емес.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

2 пікір