Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақмылтық 3569 3 пікір 2 Қараша, 2021 сағат 20:49

Райымқұлова отставкаға кетпейтін болды

Ақтоты Райымқұлованың отставкаға кету туралы өтінішін Үкімет қабылдамады. Неге?

2021 жылы 22 ақпанда ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков «букмекерлік кеңсе мен жалпы патронат саласындағы мүдделерді лоббилеу үшін пара алды» деген күдікке ілінді. Оны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Нұр-Сұлтан-Дубай бағытындағы рейсте ұстаған. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталы бұған дейін егжей-тегжейлі жазған.

2020 жылдың наурыз айында мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, басшысы өз еркімен қызметтен кетуі тиіс деген Заң күшіне енген болатын. Жаңа ережеге сай қарамағындағы қызметкері пара алған басшы сот үкімінен соң 10 күннің ішінде қызметін босатуы керек. Осыған орай, 2021 жыл 14 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің орынбасары Сәкен Мұсайбековтің пара алу фактісі бойынша қамауға алынуына байланысты сұраққа жауап беріп, егер Мұсайбековтің кінәсі дәлелденсе отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді.

«Мен Конституцияға сәйкес кінәсіздік презумпциясы бар екенін айтқым келеді. Ең алдымен, кінә дәлелденуі керек. Егер кінәсі дәлелденсе, онда, әрине, заңға сәйкес мен жұмыстан кету туралы өтініш беремін. Бірақ бұл кінә дәлелденген жағдайда болады», - деді министр Райымқұлова. Бұл кезде вице-министрге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатты.

2021 жылдың 12 тамыз күні Алматы қаласының Түркісіб аудандық соты Сәкен Мұсайбековке үкім шығарып оны кінәлі деп тапты. Ол 190 баптың 3-бөлігі, 1-тармағы (аса ірі көлемде алаяқтық жасау) бойынша айыпталған. Сот Мұсайбековты 2021 жылдың 18-21 ақпаны аралығында (вице-министр лауазымында бола отырып) меншікке қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп таныған.

Кінәні Мұсайбековтің өзі де мойындады. Мұсайбеков пен Алматы прокуроры орынбасарының арасында жасалған кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімге сәйкес, прокурор Мұсайбековке алған пара сомасынан он есе көп мөлшерде айыппұл (62 394 000) салуды сұраған. Сот шенеунікті кінәлі деп танып, оған прокурор сұраған 62 394 000 теңге көлемінде айыппұл салған.

Біраз уақыт үнсіздіктен кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі өз еркімен отставкаға кету туралы өтініш береді. Бірақ Үкімет оның өтінішін қабылдамаған екен.

Үкіметтің жауап хатында «Мәдениет және спорт министрлігінің ақпараты бойынша, министр Ақтоты Райымқұлова бұрынғы вице-министр С.Ж. Мұсайбековке қатысты сот үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 60-бабына сәйкес, отставкаға кету туралы өтініш берді. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша отставка қабылданған жоқ. Заңның 60-бабының 2-тармағына сәйкес «отставкадан бас тартылған жағдайда саяси қызметші қызметтік өкілеттіктерін атқаруды жалғастыруға тиіс», деп жауап берген.

Премьер-министр Асқар Маминнің атына жолданған өтінішке неге бұлай жауап берілгені белгісіз.

2020 жылдың наурыз айында қабылданған жемқорлыққа қатысты заңға орай, қарамағындағы қызметкері пара алған басшы сот үкімінен соң 10 күннің ішінде қызметін босатуы керек еді. Бірақ неге екені белгісіз үкіметтің Райымқұлованы орнынан босатқысы жоқ...

Айжан Темірхан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530