Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Анық 5244 2 пікір 1 Қараша, 2021 сағат 15:35

Қазақстан резервтік әскері: нақтылық қандай?

Қазақстан резервтік әскери жүйені енгізбек. Запастағы әскери қызметті енгізу бейбіт уақытта әскер санын ұлғайтпай, оқытылған және дайындалған әскери қызметшілердің қосымша санын алуға мүмкіндік береді.

ҚР Қорғаныс министрлігі Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің өкілі подполковник Берік Сүлейменов резертвтік қызмет түрінің ерекшеліктеріне тоқталды.

"Шетел елдерінің тәжірибесін талдау, запастағы қызмет Қарулы Күштердің санын көбейтпей-ақ оның жауынгерлік ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Сондай-ақ, резервтегі қызметті енгізу әскерлердің кепілдік берілген жасақталуын қамтамасыз ету үшін қажет. 

Өз кезегінде, запастағы қызметті енгізу әскери бөлімдердің шығу уақытын айтарлықтай қысқартады, жұмыссыз азаматтарды, сондай-ақ жұмыспен қамтылған азаматтарды қосымша табыс алуға мүмкіндік береді", - деді ол.

Ол заң қабылданғаннан кейін резервтегілермен оқу-жаттығу жиынын өткізу мерзімі туралы да айта кетті. "Заң қабылданғаннан кейін 3 жыл мерзімге запастағы әскери қызметшілермен келісімшарт жасалады. Резервтер жыл сайын 60 күн бойы оқытылатын болады. Оның ішінде 30 күн әскери дайындықтан және ай сайын екі-үш күндік жауынгерлік дайындықтан өтеді", — деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, резервшілерді ұстау шығындары республикалық бюджет есебінен ұсынылып отыр. "Әрине, бұл қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына сәйкес резервтегілерге ең төменгі жалақыны ай сайын төлеу жоспарлануда. Ол көрсеткіш 2022 жылдың қаңтарынан бастап 60 мың теңге болмақ.

Сондай-ақ әскери дайындық кезеңінде негізгі жұмысы бар запастағы әскери қызметшілерге запастағы қызметкердің орташа айлық жалақысы көлемінде төлемақы беріледі", - деді Берік Сүлейменов.

Подполковник запастағы сарбаздардың басқа қалаларға қызмет өткеру үшін жіберілу-жіберілмейтініне де түсінік берді. "Запастағы қызметтің өзі аумақтық, яғни запастағы өзінің тұрғылықты жері бойынша әскери қызмет болғандықтан, басқа қалаларға әскери қызметке жіберілмейді. Өйткені бұл запастағы сарбаздың әскери бөлімге тезірек келуіне мүмкіндік береді", - деді ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары бөлімінің өкілі.

Сүлейменов әскери борышын өтеуге жататын азаматтардың запастағы әскери борышын өтеудің қандай артықшылықтары бар екенін атап өтті. "Запастағы әскери қызмет идеясының Қарулы Күштер үшін де, азаматтардың өздері үшін де артықшылығы бар. Азаматтар үшін запастағы әскери борышын өтеу кезінде олар жұмыс орнымен қатар, атқаратын лауазымы да сақталады. Әскери дайындық кезеңі, сондай-ақ екі-үш күндік жауынгерлік даярлық сабақтары өткізілген кезде олар нысанды киіммен, тамақпен, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары өтетін жерлерде тұрумен қамтамасыз етіледі.

Осы кезеңде оларға медициналық көмек көрсетіледі және бұл кезең олардың еңбек өтіліне қосылады. Ал жоғарыда айтқанымдай, төлемдер запастағы қызмет өткеру үшін келісім-шарт жасасқан кезеңге қарастырылған", - деп қорытындылады ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары басқармасының өкілі подполковник Сүлейменов. Қазақстан 2023 жылдан бастап резервтік әскери жүйені іске қосуға ынталы.

Abai.kz

2 пікір