Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5564 26 пікір 29 Қазан, 2021 сағат 14:24

Пенжім прецедент емес!

Мұндай оқиғалар Қазақстанның жаңаша тарихында бұрын да болған. Өз басым нақты оқиғаға әділ баға беру үшін оны бүге-шүгесіне дейін зерттеп, барлық тараптың уәждерін ескеріп барып, қорытынды шығару керек деп санаймын. Сондықтан асығыстық жасағым келмейді. Құзырлы органдар өз қызметін атқарсын, бірақ алаңдаған жұртшылық өкілдерін де сол жұмысқа қатыстырсын.

Солай дегенмен, осы тектес бұрын болған оқиғалардың түпкі себептерін кезінде тізіп бергенбіз, өйткені географиясы әрқилы болғанмен, ол шиеленістердің «биографиясы» бір.

Қысқаша айтсақ, олардың екі басты алғышарты бар. Біріншіден, біздегі ұлт саясаты кешегі «пролетарлық интернационализм» қалыбынан шыға қоймаған. Аты өзгергенмен, заты өзгере қоймаған. Ең бастысы – біздегі билік басындағылар «мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп бар дауысымен айтуға бата алмайды. Әлі де, совет заманындағыдай, басқа ұлттың (және де басқа елдің!) қабағына қарап қалған. Әлі де бір түрлі жалтақтық бар.

Сөз жоқ, заң алдында барша азамат бірдей, басқа ұлттардың құқын таптауға ешкімнің қақы жоқ. Бірақ бір нәрсе анық – қазақ ұлты тек өзі жерінде, өз мемлекетінде ғана жан-жақты өсіп-өніп, өркендей алады. Оның басқа барар жері, басар тауы жоқ.

Екінші себепті «Сананы болмыс анықтайды» деп Карл Маркс баяғыда-ақ айтып кеткен. Яғни, кез келген, соның ішінде, этносаралық қақтығыстардың негізінде экономикалық қарым-қатынастар, мүдде мен қызығушылық, қаржы мен байлық, меншік пен мүлік, кәсіп пен қызметтегі теңсіздік, билік пен ықпалды топтардың бір-бірімен ымыраласуы жатады!

Сол себепті мектептегі не көшедегі тұрмыстық кикілжің тек қана сылтау болуы мүмкін, бірақ басты себеп – әрқилы мүдделер мен мақсаттардан түзілген болмыста!

Авторитарлық һәм жабық жүйеге тән осы кеселдерден айықпай, мемлекеттік саясаттың бәр бөлігі - ұлттық саясат та өркениетті әрі әділетті түрде жүзеге асырылуы мүлдем мүмкін емес!

Билік қимыл-әрекетінде әлі де көзге ұрып тұрған кемшіліктер бар.
Мәселен, белгілі бір оқиға орын алады. Билік «болған істің анық-қанығына көз жеткізейік, асығыс баға бермейік» деп басу айтып, жұртты үгіттейді де, өзі сол күні, зерттеу не тергеу жұмыстары аяқталмай-ақ: «бұл оқиғаның ешқандай да ұлтаралық себебі мен астары жоқ» деп кесіп-пішіп айтады. Бұрқ-бұрқ қайнап жатқан қоғамсыз-ақ мәселенің анық-қанығына бір күнде жетіп қойған ба? Қисын қайда?!

Шенділерді ұзақ жыл бойына қалыптасып қалған бір фобия бар. Мәселеге терең үңіліп, нақты елді мекенде қордаланып, шешімін таба алмай жатқан проблемалар туралы ашық әңгімеден ат-тонын ала қашады. Әлде жағдайдың қиын екенін мойындаса, арттары ашылып қап, таяқтың бір ұшы өздеріне тиіп кететінін сезе ме?

Сондықтан осындай оқыс оқиғалардың экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық себептері туралы еш айтылмайды. Оның үстіне олайша мойындау билік 30 жыл бойына мақтаныш етіп келе жатқан «Қазақсандағы ұлтаралық келісім мен тұрақтылық» туралы ресми ұстанымға қарама-қайшы келеді.

Қоғам белсенділері үшін де заңнамалық, әкімшілік-қылмыстық деңгейдегі қауіп бар. Белгілі бір жердегі оқиғаның «ұлтаралық астары бар» десе, бірден «арандатушы» боп шыға келеді!

Мұндайда атам қазақ «ауруын жасырған арам өледі» деп дәл айтқан. Бұл дана сөз ұлттық саясатқа да тікелей қатысты.
Ассамблея өкілдері де мәселенің байыбына бармай-ақ, сол күні таңертең «ешқандай да ұлтаралық астары жоқ» деп пікір таратып жатыр. Бізге осындай оқыс оқиғалардың алдын-алып, болдырмайтын Ассамблея керек пе әлде болар іс болып, бояуы сіңгеннен соң комментарий беретін Ассамблея керек пе?

Иә, кеше ғана президент Ассамблеяға қатысты сын айтты.
Бірақ оны ескеріп, өзгеріп, қоғамда қалыптасқан ахуалға бейімделіп жатқан Ассамблея көрінбейді. Сол баяғы сайда саны, құмда ізі жоқ түсініксіз қимыл-әрекет, даңғаза, театрландырылған қойылымдар, түкке де қажеті жоқ отырыстар...

Десек те, осы жолғы оқиғаның, мен үшін, біраз ерекшелігі боп тұр.
Біріншіден, белгілі бір этнос өкілдері шоғырланған аумақта төбелес не басқа қақтығыс боп қалса, аяқ астынан ұлтаралық қатынастар жөніндегі сарапшы боп шыға келетін білгіштер мен диванда жатып ап, елді дүрліктіруге бейім қызуқанды комментаторлар табыла қалып, асығыс-үсігіс баға беріліп қойылатын. Бұл жолы олай бола қоймады. Не болса содан хайп табушылар азайған сықылды.

Ешбір билік цензура жасай алмайтын әлеуметтік желілердегі реакция, баға біршама ұстамды, байсалды да байыпты болғандай көрінді маған.

Рас, оқиғаның мәнісіне бармай-ақ, хабарды ести сап, аттан салуға шақырғандар да табылып жатты. Бірақ олардың соңынан өре түрегелген жұртты көре қоймадым.

Мұны мен Тәуелсіздік алғаннан бері ел ішінде боп жатқан ұлтаралық астары бар оқиғалардың неден болып, неге әкелуі мүмкін екенін ұққан қазақ қоғамының толысуынан, кемелденуінен деп білемін. Өз күшіне сенімді, ісіне мығым үй қожайыны сөйтеді ғой.

Екіншіден, билік те қоғамдық пікірге құлақ аса бастаған сияқты.
Осыдан біраз уақыт бұрын өткен Қазақстан халқы Ассамблеяның жиынында сөйлеген сөзінің кейбір жаңаша, бұрын-соңды айтылмаған «ымдарынан» байқадым (президенттің ымын түсінбеген сарапшылар дымды түсінбейді).
Мәселен, осы жолы президент ұлтаралық қатынаста бар мәселенің бүкпесіз, ашық талқылануы қажеттігі және бір жерде шоғырланып өмір сүріп жатқан этнос өкілдері мен жалпы қоғам арасындағы қиғаштықтар туралы айтты. Қанша оппозиционер болсам да, дәл осы екі тұжырымды қолдаймын. Бірақ бізде «президент айтса, айтады ғой, бірақ оның сөзі нақты істерге ұласпайды» деген принцип орнығып келе жатқан сияқты! Мемлекет басшысының бастамасы не тапсырмасының орындалуы туралы ешкім де есеп беріп жатқан жоқ. Тіпті орындалмай жатса да, ешкім жауапқа тартылып жатқан жоқ.

Әлеуметтік-экономикалық саладағы тапсырмалардың баянды не баянсыз болуын нақты цифрлармен өлшеуге болар. Ал ұлттық саясаттағы олқылықтар мен орашолақтықтардың зардабын немен өлшейміз? Жарылған бас, өртенген үй, қираған машина санымен бе?!

...Қайталап айтайын: мұндай оқиғалар Қазақстанның жаңаша тарихында бұрын да болған.
Егер де осы айтқандардың бәрінен тиісті қорытынды шығармасақ, болашақта ондай оқиғалары қайталана беруі хақ!

Әміржан Қосан

Abai.kz

26 пікір