Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5874 0 пікір 18 Шілде, 2012 сағат 07:55

«Жанрда жазық жоқ, журналистикада жазым көп»

Жалмауыз жанр

немесе Кәкен Қамзинге хат

 

Ассалаумағалейкум, Кәкен аға. Бұл әл-Фараби атындағы Ұлттық университет, журналистика факультетінде өзіңізден дәріс тыңдаған мыңдаған шәкірттеріңіздің бірі ғой. Қолға қалам алып, Сізге хат жазуыма журналистердің қазіргі хал-ахуалы себеп. Ал, газет бетіндегі үшбу хатты басқаға емес, аға, нақ Сізге жазуымның себебі төменде түсінікті болады.

 

Әр журналист менің жалғызым

Жалмауыз жанр

немесе Кәкен Қамзинге хат

 

Ассалаумағалейкум, Кәкен аға. Бұл әл-Фараби атындағы Ұлттық университет, журналистика факультетінде өзіңізден дәріс тыңдаған мыңдаған шәкірттеріңіздің бірі ғой. Қолға қалам алып, Сізге хат жазуыма журналистердің қазіргі хал-ахуалы себеп. Ал, газет бетіндегі үшбу хатты басқаға емес, аға, нақ Сізге жазуымның себебі төменде түсінікті болады.

 

Әр журналист менің жалғызым

Кәкен аға, қазірде жұмыс барысында жүрген журналистерді тапа-тал түсте соққыға жығып, тіпті, кейде түрлі тәсіл қолдану арқылы өлтіріп жататынына таңқалудан қалдық. Бейнебір солай болуы заңды секілді мұндай жағдайға қоғамның да еті өліп кеткендей. «Әкесін сабағанды көріп едік, арбаға байлап қойып сабағанды бірінші рет көріп тұрмыз» дегендей, қалам ұстағандарды қыл аяғы көкек әншілер де қамап қойып сабаға түсіре бастады. Бұған атыраулық әріптесімнің Б. Қорған деген әншіге «Жұлдыз ауруы» жайында қойған сұрағына ашуланып, жұлқылап жүріп бөлмеге қамап қойғанын мысалға келтірсек те жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, журналистер кім көрінген басынатын, қаласа - сабайтын, қаласа - соттайтын, қаласа - көлікпен басып, қаласа - атып өлтіре салатын сұрауы жоқ сорлы нысанға айналды. Ең қызығы, осы мамандықты иеленген халықта мұздай қаруланған қарақшылардан қорғанатын қолдарынадағы қаламдарынан басқа дәнеңелері жоқ. Заңның журналистерді қаншалықты деңгейде қорғайтынын да жақсы білеміз. Иә, «Бас жарылса - бөрік ішінде, қол сынса - жең ішінде» дейтін қазақпыз ғой. Бірақ, журналиске қаратып оқ ату, тілшіге қастандық жасап өлтіру қай қоғам үшін де шегінен шыққан іс болса керек. Өкініштісі сол, мұндай сорақы жағдайлар тек Қазақстанда ғана емес екенін сіз жақсы білесіз, аға. Мысалы, өткен ғасырдың 80-ші жылдары Парижде құрылған «Шекарасыз репортерлер» ұйымының деректеріне назар аударсақ, дамығаны, дамушысы бар мемлекеттердің басым бөлігінде дерлік мұндай проблеманың бар екенін көреміз. Қазірге дейін. Десек те, мұндай жағдай дамыған мемлекеттерде өте-мөте сирек кездесетін жағдай. Жә, шет елді, бұған дейінгі деректерді былай қойып, бүгінгіні, өзіміздегі мәселе турасында айталық. Сіз жақсы білесіз, аға, 2011-2012 жылдар аралығында Қазақстанда талай журналиске жазықсыз жала жабылып, сотқа сүйрелді. Талай тілші өлімші етіп сабалды. Қаншасына қару жұмсалды. Бейшара журналистер де итжанды халық қой. Бет-аузын таңып алып қайта жұмысқа шығып кете барады. Журналистерге жасалған қысымға мысал ретінде сегіз жерден пышақталып, екі рет басынан травматикалық тапаншамен атылған «Орал апталығы» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедияровты айтсақ жеткілікті. Құдай сақтап, дәм-тұзы таусылмаған тілші, әйтеуір, аман қалды. Жұмысына оралып, өткір тақырыптарға қалам тербеп жүр... Ал, енді біздің қоғамда мұндай жағдайлардың жиі орын алуына не себеп? Біз бас қатырған мәселе, жауабын іздеген сұрақ осы еді. Ойлана келе, ақыры, сауалдың жауабы табылғандай болды. Табылғандай емес-ау, табылды. Нақты, сенімді түрде осылай десек қателеспейміз. Журналистердің өміріне қауіп төндіріп, тып-тыныш жатқан қоғамды дүрліктіретін, өткір тақырыпта мақала жазған тілші де, сол тілшіні аңдып жүріп қиянатқа қиған қарақшы-қанішерлер де емес. Журналистерге зауал болып келетін бар кесір мен кесапат - жанрда екен. Иә, кәдімгі журналистика саласына тән жанр...

Зерттеу әлде тексерім?

«Қазіргі заманғы журналистік жанрлар». Кәкен аға, бұл өзіңіз дәріс оқыған пәннің атауы. Дәл осы сабақта сіз бізді журналистика жанрларының қыр-сырымен таныстырдыңыз. Қазірде де бұл пән бойынша алдыңызда талай қаракөз іні-қарындастарымыз сізді ыждаһаттылықпен тыңдап, лекция жазып отыратынына күмәніміз жоқ. Ал, енді жаманшылықтың бастауы болып жүрген қай жанр екендігі турасындағы әңгімеге көшейік. Бұл - «Журналистік тексерім» жанры. Иә, иә, кәдімгі, қазақ тілді БАҚ-та «Журналистік зерттеу» деп аталып жүрген «Журналистік тексерілім» жанры. Бұл жанрдың «жазығына» оның не «бүлдіргеніне» тоқталмас бұрын «зерттеу» мен «тексерім» турасында өзіңіз түсіндірген дәрісті тағы бір қайталап жіберген дұрыс секілді. Себебі, бүгінге дейін республикалық деңгейдеге кейбір отандық БАҚ «зерттеу» мен «тексерілімнің» ара жігін ажырата алмай жүрген сыңайлы. Сонымен, санамызға сіңдіріп айтқаныңыз бойынша, «журналистік зерттеу» (орыс тілінде - «журналисткое исследование») жанрындағы мақала негізінен тарихты ақтарып, мұрағаттық деректерге сүйеніп отырып, зерттеліп-зерделеніп жазылады. Ал «журналистік тексерім» (журналисткое расследование) түбінде жемқорлық, зорлық-зомбылық, алдау-арбау секілді қылмыстық элементтері бар тақырыпты қаузап жазудан туындайды. Демек, «журналистік тексерім» жанры құқық қорғау органдарының қылмысты ашу барысындағы әдіс-тәсілдерін (детектив жанрына ұқсас) қолдану арқылы жүзеге асады. Дұрысы, жазылады. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл жанрға қалам тербейтін тілші аз. Оның негізгі екі себебі бар. Біріншісі, тексерілімге құрылған мақала жазуға мемлекетік деңгейде жағдай жасалмаған. Яғни, құзырлы мекемелер журналистермен ақпарат бөлісуге құлықсыз болып келеді. Түбінде шикілігі бар деректерді бермек түгілі әрнені сылтауратып, осы жанрда мақала жазуға құлық танытқан тілшімен сөйлесуден қашады. Ал, дерек-дәйек бұл жанрдың өзегі екені белгілі. Яки, нақты деректер болмаса, бұл тақырыпта мақала жазу мүмкін емес. Екіншісі, қиыннан-қиыстырып, әзер дегенде шынайы дерек пен дереккөзін тауып, мақала жазуға тырысқан тілшіні қандай жағдай күтіп тұрғанын жоғарыда айтып өттік... Сондықтан, бұл жанрда қалам тербеуге екінің бірі бара бермейді... «Журналистік зерттеу» мен «Журналистік тексерім» жанрлары жайында сіз берген дәріс міне, осындай-тын.

Кәкен аға, көзіме мақтады дей көрмеңіз, бірақ, Сіз білім-білігіңіздің арқасында журналистика саласында жүрген талай жақсы мен жайсаңға өз мамандығының жай-жапсарын толық түсіндіре білдіңіз. Алайда, «таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл жақсылықтың кері жағы да бар екен. Тек, айып ете көрмеңіз, ағасы. Мен тек түйгенімді ғана тілге тиек етіп отырмын...

Өлген жерім осы ма?

Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың аты-шулы шығармасы - «Шерлок Холмс туралы жазбалар» кітабы. Атауы айтып тұрғандай кітаптың бас кейіпкері атақты ізкесуші - Шерлок Холмс. Кітап желісі бойынша шексіз білімінің, криминалистикадағы мол тәжірбиесінің және жағдайға байланысты айла-тәсілді айрықша тиімді қолдана білетінің арқасында тәуелсіз детектив қолға алған қылмыс ашылмай қоймайды. Міне, дәл осы басты кейіпкер біздің «журналистік тексерім» жанрына деген махаббатымызды оятты. Есіңізде болса ол былай басталған-тын. Бізге дәріс оқып тұрып сіз Шерлок Холмстың қайыршылардың өмірін зерттеу үшін редакциядан тапсырма алғаннан кейін із-түссіз жоғалып кеткен лондондық журналист турасында айттыңыз. Қателеспесем, әңгіменің атауы - «Қоянжырық адам». Осы әңгімеде Шерлок Холмс бір айда табатын жалақысы қайыршылардың бірнеше күндік табысымен тең екенін біліп, ақырында, қайыршы болып кеткен журналисті іздеп табатыны турасындағы әңгімені дәріске арқау еттіңіз. Әлбетте, бұл әңгімені журналистік тексерілім жанрының табиғатын түсіндіру үшін айтқансыз. Осыдан бастап менің «Журналистік тексерім» жанрына деген қызығушылығым оянды. Оны өзіңізге айттым да. Сөйтіп, сізге өзімнің қайыршының кейпіне еніп, Алматыдағы қайыршылардың өмірін зерттегім келетінін айттым. Сонымен не керек, алдымен А.К.Дойлдың «Шерлок Холмс жайындағы жазбаларын» бастан-аяқ оқып шықтым да, үстіме қайыршының киімін киіп, бетті көкала етіп бояп, Көк базар, Орталық мешіт, Саяхат автобекетінде жүретін қайыршылардың арасында бір күн жүріп келдім. Қайыршымыз дегенмен, көбінің күніне неше мыңдап ақша табатынын, мені жандарына отырғызғылары келмей, жағамнан алып жұлқылағаны, жас-кәрісі қосылып мені қарғап-сілеп қуғаны маған біртүрлі қызықты болған. Өмірлері қиын ғой деп жұрт аяйтын адамдардың мен аямай тұрғандарына қарап таңқалғаным да есімде.

Айтпақшы, қалтамда «Редакция тапсырмасы бойынша қайыршылардың өмірін зерттеп жүр» деген атыма жазылған газет редакциясынан берілген анықтама қағазы да болды. Тіпті, полиция алып кетпесі үшін мені сырттай бақылау үшін қазірде танымал тележүргізуші шәкіртіңіз Дастан Шымырбай да жүрді. Біз ол кезде екінші курстың студенті едік. Сондықтан, осындай тақырыпқа мақала жазу өте-мөте қызықты болған-ды. Сонымен, әйтеуір, таңнан кешке дейін қайыршы-қаңғыбастардың арасында жүріп, бар көрген-түйгенімді өзіңізбен ақылдаса келе мақала етіп жаздым. Осылайша, «Журналистік тексерім» жанрында жазылған тырнақалды туындым сол кезде Алматы қаласында шығып тұратын ІІМ-не қарасты «Сақшы» газетіне «Қайыршылық ойыны» деген атпен басылды. Газет шыққан бойда өзіңізге барып, сүйіншіге 200 теңге алғаным да әлі есімде, аға. Кезінде жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Кәкеннің мына әңгімесі үшін бір үйір жылқы берер едім» дегеніне сіз қалай қуансаңыз, мақаламды талқылап, курстастарымның алдында абыройымды асқақтатып, мақтағаныңызда менің де дәл солай төбем көкке екі елі жетпей қалған-ды. Осы мақтаулардан кейін мен кинода көрсететін, ақпаратқа жету жолында басын бәйгеге тігетін нағыз журналист болуға белді бекем будым. Осы мақсатта өзімше зерттеу-тексеріммен айналысып, балгерлерге бардым, түнгі клубтардағы өмір жайында қалам тербеген болдым. Тәртіп сақшыларына еріп, түнгі рейдтерге жиі шағатынды шығардым т.с.с. Әрине, қоғамның ең кедей, қарапайым тобы турасында жазылған мақалалар біз айтып отырған жанрдың талаптарына соншалықты жауап бермейтіні түсінікті. «Көш жүре бара түзеледі» демекші, уақыт өте келе ауқымды тақырыптарға тісім бататынын сезінгендей болдым. Сөйтіп, тәуелсіз телеарналардың біріне жұмысқа тұрып, адалдық танытып жүрген жанрға қалам тербеп, сюжеттер жасай бастадым. Ақырында не болды дейсіз ғой, аға. Ақтау қаласында іссапарда жүрген мені және қасымдағы оператор жігітті бейсбол таяғымен сабап, травматикалық тапаншамен атып кетті. Дәл сол сәтте көлікте отырғанмын. Шығып үлгермедім. Тек есік ашылып, көлік ішіне еніп келе жатқан тапаншаны ғана көрдім. Кезенген қарудың атылатынын да тез ұққандаймын. Қуықтай көліктің алдыңғы орнында отырып, артқа айналып үлгергенімше болған жоқ, гүрс етіп дауыс шықты да, артынша сарт етіп омыртқа тұсымнан бір оқ тиді. Ойдан жүйрік ештеңе жоқ қой, аға. Бірнші оқ тигенде: «Өлген жерім осы ма?» деген ой басыма бірінші келді. Ал екінші оқ атылып, жауырынға келіп қадалғанда: «Адамдар өстіп өледі екен ғой...» деген ойдың құшағына ендім. Травматикалық қарудың екі оғы мені есеңгіретіп тастады. Ал мен оны кәдімгі, адам өлтіретін қорғасын оқ деп топшыладым. Сөйтіп, Құдай оңдап, қалың киініп шыққанымның арқасында екі метр қашықтықтан атылғанның өзінде сүйек сындыратын қуаты бар тапанша оғынан аман қалдым... Қарақшылардың бізді аңдып жүріп қапыда осылай шабуылдауының себебін, аға, сіз жақсы білесіз. Айтпайтынды айтып, жазбайтынды жазғанбыз. Сөйтіп, әлдекімдердің алдын кескенбіз. Басқалай бұны түсіндіру мүмкін емес. Бірақ, бізге қарақшылар сендерді тонауға келіпті деп түсіндірді. Міне, аға, «Журналистік тексерім» жанрының жалмауыздығы дегенде осыны айтайын деген едім. Сөйтіп, әу, бастағы бұл жанрға деген қызығушылығым басылғандай болды. Дұрысы, жанрға деген құрметім бұрынғысынша, тек біздің қоғамда зерттеу-тексеріммен айналысып, арамтер болудың қажеті шамалы екенін ұқтым...

Бәлесінен аулақ...

Рас, Кәкен аға, бұл жанрдың «оңай шағылатын жаңғақ» емес екенін сонау шәкірт кезімізде ескертіп айтқансыз. Десек те, өз басынан өткермей, көп нәрсені түсіне бермейтін пенденің әдеті емес пе?! «Журналистік тексерім» жанрының жалмауыздығын көзбен көріп, қолмен ұстаған соң ғана біліп жатырмыз. Бұған дейін соққыға жығылған, тіпті, қаза болған журналистердің басым бөлігінің оқыс оқиғаларға тап болуына дәл осы жанр кінәлі екенін аңғара қоймаппыз. Тәуелсіздік алғалы бері мамандығына адалдық танытқан қанша тілші қысым көріп, қаншасы өмірден озды. Өкінішке қарай, бұл жаман үрдіс әзір тоқтамайтыны байқалады. Мысал келтіре кетелік. Биылғы 1-ші қаңтар мен 31-ші мамыр аралығында қоғам белсенділері мен журналистерге жасалған қысым туралы «Қадір-Қасиет» қоғамдық бірлестігі зерттеу жүргізген екен. Нәтижесінде, бес айдың ішінде Қазақстанда 32 журналиске түрлі деңгейде қысым көрсетілгені белгілі болды. Яғни, алдағы уақытта да «аңдамай сөйлегендер ауырмай өледі». Ендеше, аға, «Бәледен машайық қашып құтылыпты» дегендей, журналист атаулыға зауал болған жалмауыз жанрдан жүз жылға бас тартайық. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген. Мүмкін, бір ғасырдың ішінде қоғам біршама өзгеріп, баспасөзде өзіне қаратып сын айтылған адамдар тілшіні төпегеннен түк шықпайтынын, оның орнына журналистер шүйлікккен қателіктерді болдырмауды үйренетін шығар?! Оның үстіне, қазақ журналистикасы бұл жанрсыз-ақ кеңес өкіметі кезінде өмір сүрді ғой. Сол кездегідей тиіп-қашып, бұғып жүріп күнелтерміз. Есесіне, әріптестеріміз аман, бауырымыз бүтін болады. Ал, жанрдан бас тартқанымызды жалпақ жұртқа жариялау үшін жасы бар жасамысы бар барлық журналистердің басын қосып, арнайы дөңгелек үстелдер ұйымдастырайық. Баспасөз мәслихатын, брифингтер өткізейік. Жанрды жамандап көлемді-көлемді мақала жазайық. Тіпті, Қазақстанда жылына бір мәрте өтетін «Медиа форумға» барып, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін журналистердің алдында осы мәселені көтерейік. Амалдың жоқтығынан жанрдан жүз жылға қол үзетінімізді айтайық. Мұндай проблема барлық елде барын олар да жақсы біледі. Қолдаулары тиіс. Қажет болса, осы ойға қосылатын өзге елдің тілшілерін де қатарымызға тартайық. Осы ретте сіз журналистік жанрлар жайындағы кітаптарыңызды жұрттың оқуына тиым салыңыз. Біздіңше, осылай жан-жақты әрекет еткеннен кейін ғана журналист атаулыға қайғы-қасірет сепкен жанрдан бас тарта аламыз. Дұрысы осы секілді. Өз басым мұнан басқа тура жол көріп тұрғаным жоқ. Бәлесінен аулақ... Ал, сіздіңше қалай, аға?..

 

Өркен ЖОЯМЕРГЕН

«Жанрда жазық жоқ, журналистикада жазым көп»

немесе Өркен Жоямерген шәкіртіме жауап хат

 

Өркен, айналайын, хал-жағдайың қалай? Астанадағы тіршілік ше?.. Мынау - саған жазған жауабым. Еш жеріне қол тигізбеулеріңді өтінемін, шеттен келген ұғымдар мен терминологияны әдейі қолдандым. Ойымды дәл беріп тұрған соң. Шамамыз келгенше,  жалған дүниеге күле қарайық. Үй-ішіңе сәлем де. Кәкен Қамзин.

 

Аса қадырлі Өркен! Расын айтсам, баспасөз бетінен сенің  жолдау хатыңды оқимын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Десе де сол хаттың дәл өзіме арналғанына еш таңданғаным жоқ. Қазіргі қазақ қоғамын тану жолындағы жастың, өсу үстіндегі индивидтің, азаматтық позициясы мен көзқарасы жетілген жанның теория мен практика тұтастығы мен әрқилылығы туралы күндердің күні «осы қалай?» дей бастайтыны, әлеуметтік құбылыстарды безбендеуге бой ұратыны ешкімге жасырын емес. Осы соқтықпалы соқпақта, студенттер қауымының зерттеушілік, талдамалық, тексерімдік пайымы мен қасиеттерін қалыптастыру траекториясында біздің де ізіміз қалған екен деген тоқтамға келдім. Пайымға ешкім шек қоя алмайды, ойлы адам, түйсігі мол жан қашанда креатураға қауіпті. Соның үшін біздегі жауырды жаба тоқитындар креативті тұлғаларға көрген жерде жылыұшырай сәлем бергенімен, былай шыға бере тұзағын құра жүретінін жақсы білемін. Өйткені бағзы замандардан бері қарай келе жатқан ақ пен қара, қараүзетіндер мен қарабайырлар дәстүрлі айқасының сюжеті осы. Осындай жан алысып, жан беріскен арпалысты көркемөнерден тамашалсаң - айызың қанады, өз басыңнан өткерсең - жаның түршігеді. Көркем шындық пен өмір шындығының айрылысар тұсы да, журналистика мен өнердің енші алысар жері де, міне,  осы. Журналистикадағы сыншыл реализм де осы тұстан басталады. Жалған дүниенің қыспағына шыдай алмай цикута ішіп, о дүниеге аттанып жүре берген Сократтың: «Мен дәнеңе білмейтінімді білемін. Бірақ менің білетінім көпшіліктен көш ілгері», - дейтіні бар.  Құдайшылығымды айтайын,  саған өз мүмкіндімше, алды-артыма, оң мен солыма, заман дизайнына қарайлай жауап берейін. Қазақтың оқыған баласы қатпар-қатпар лексиканың астарында не жатқанын әбден түсінуге бек қауқарлы емес пе. Әйтпесе: «Журналистердің өміріне қауіп төндіріп, тып-тыныш жатқан қоғамды дүрліктіріп, өткір тақырыпта мақала жазған тілші де, сол тілшіні аңдып жүріп қиянатқа қиған қарақшы-қанішерлер де емес. Журналистерге зауал болып келетін бар кесір мен кесапат жанрда екен. Иә журналистика саласына тән жанр...», - деп қауіп-қатері мол журналистік тексерім (журналистское расследование) жанрына базына айтып, әрі қарай: «Ақтау қаласында іссапарда жүрген мені және қасымдағы оператор жігітті бейсбол таяғымен сабап, травматикалық тапаншамен атып кетті. Қуықтай көліктің алдыңғы орнында отырып, артқа айналып үлгергенімше болған жоқ, гүрс етіп дауыс шықты да, артынша сарт  етіп омыртқа тұсымнан бір оқ тиді. Ойдан жүйрік ештеңе жоқ қой, аға. Бірінші оқ тигенде: «Өлген жерім осы ма?» - деген ой басыма бірінші рет келді. Ал екінші оқ атылып, жауырынға келіп қадалғанда; «Адамдар өстіп өледі екен ғой...» - деген ойдың құшағына ендім. Травматикалық қарудың екі оғы мені есеңгіретіп тастады. Ал мен оны кәдімгі адам өлтіретін қорғасын оқ деп топшыладым. ...Қалың киініп шыққанымның арқасында екі метр қашықтықтан атылғанның өзінде сүйек сындыратын қуаты бар тапанша оғынан аман қалдым», - деп, менің алдыма осынау төтенше оқиғаны репортаждағыдай жайып салар ма едің, жайып салмас па едің. Басыңнан өткен осы жайларды ізі суымай газеттерден оқығанда, радиоэфирден естігенде, телеэкраннан көргенде,  студенттеріміздің табандарыңа кірген шөгір біздің маңдайымызға қадалсын деп жүрген ұстаздарыңның барлығының жаны шырқырап кетті. Расында да, періштең қаққан екен. Тәуба делік. Бірақ журналистикада, оның ішінде тексерім мен репортажда тәубадан бұрын тәуекел жүреді. Бұрынғы Югославиядан, Қап тауының айналасынан, араб елдеріндегі азаматтық соғыстан тікелей репортаж жүргізушілер кәсіби міндеттерін, керек десеңіз, кәсіби парыздарын адал атқаруды көздейді. Әрине, біз бұл арада басын бәйгеге тіккен журналистерді мемлекет тарапынан саяси және қаржылық қолдауды, олардың отбасын әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуді де естен шығармаймыз. Ендеше, журналистиканың бар болмыс-бітімі «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» максимасына келіп тіреледі.

Осыдан жиырма жыл бұрын өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, қазақтың басына бақ қонды, енді әділдік, теңдік, бостандық әне-міне орнай қалады деп бөркімізді аспанға аттық. Әділдік энергетикасы қазақ даласына өздігінен жайылады деген романтизм буына жаппай мас болдық. Бірақ тәуелсіздік принципі планетарлық тәуелділікке, өзара ықпалдастыққа, геосаяси мүдделерге қарайлайды екен. Яғни бүткіл қазақ бүкіләлемдік тартылыс заңына бағынышты.

Өзің білесің, жаһандағы барлық жаңалық, өзгеріс, тіпті әрі-сәрі бұлғақтардың өзі балталасаң бұзылмайтын ақихатқа, елдің аузынан түспейтін брендке күмәндана қараудан басталады. Есіңде шығар, мен сендерге: «Біз аудиторияда әділдік, адалдық, ұлттық намыс туралы максималистік сарында тіл безейміз, ал Тимирязев көшесіне аяқ басқаннан кейін тіршілік реализмі басталады», - дейтінім. Сондықтан осындай сауал күндердің-күнінде алдымнан шығарын өзім де сезіп жүргенмін. Сен айтқан проблемалардың барлығы көпшіліктің, журналист қауымының көкейінде жүрген түйткіл ғой. Бірақ батылың жетіп сен айттың, сен тіл қаттың. Ол сауал жалғыз маған ғана қойылып отырмағанын жақсы түсінемін, эпистолярлық жанрдың заңдылығы «келінім саған айтам, қызым сен тыңда» емес пе? Өзің тілге тиек етіп отырған шертіктердің мемлекеттік құрылыс, сан салалы басқару тетігі, қоғамдағы қарым-қатынас мәселелерімен ішек-қарны араласып жатыр. Байқаймын жылымшы, езбе журналистикадан әбден жеріген екенсің. Жаныңа да, тәніңе де әбден батқан-ау. Бұл - батылдықтың басы деп түсінемін, әлбетте, аяғы емес. Сүлеймен пайғамбар жүзігінің сыртындағы графика мен ішіндегі жазудың мағынасы жақын болғанымен, философиялық-публицистік танымның екі деңгейін көрсетпей ме. Сыртындағы ою:  «Бәрі де өтеді», - деп жалпылық жағдайға қарай икемдей бастаса, ішіндегі бәдіз:  «Бұлда өтеді», - деп нақтылыққа қарай бет бұрады. Соңғысы заманға да, адамға да қарата айтылғанын жалпақ жұрттың бәрі де біледі.

Қазақтың ары да, бары да - ұлы Абай: «Адам деген даңқым бар, адам қылмас халқым бар», - деп бекер зарламаған-ау. Елден озу -  көңілді көркейтеді, санаңды желпіндіреді, алайда халықтан безіп, қай Балқаннан береке табасың? Осыған тоқтасақ, қазақ журналистикасы ағартушылық қызметінің жүгі әлі де зіл-батпан. Журналистика - қоғамдағы бәсекелестік сипаты айқын құбылыс. Осы шығармашылық жарыс дүйім жұрттың көз алдында өтеді. Яғни кімнің кім екенін халық бағалайды. Сондықтан қазақ журналистикасының миссиясы -  өз бойында бар бәсекелестік қасиетін әлеуметтік алаңға шығару. Шынайы бәсекелестікте сәйгүліктер ғана  суырылып шығады. Оның үстіне журналистика сынды пәнде жауапкершілікті сезіну, ел үшін, болашақ үшін қызмет істеу міндеті басым. Жұртшылық алдына қандай құндылықтарды қорғап шығасың? Кез келген жанрды пішіндеуде біз тарихи шындық, өмір шындығы деген категорияларға жүгінеміз. Шындықтың тарихилығы арақашықтық принципіне негізделеді, яғни шындық кейіпіндегі әділдік әманда кешігіп жүреді.

Біз Кеңес заманының идеологиялық зорлық-зомбылығын да, социалистік формацияның тәп-тәуір өнегесін де көріп өстік. «Қисық айналар елінде» көркем фильміндегі Йагупоп-77 деген кейіпкерге, «Каин ХҮІІІ» фильміндегі король қызметшілеріне, «Алиса ғажайыптар елінде» ертегісіндегі «Чем дальше - все страньше и страньше» деген сөздерге мән бере күлетінбіз.  «Ағайынды Карамазовтардағы» Иванның Алешаға өз ұстанымын былай деп білдіретіні де  әлі есімізде: «Понимаешь ли ты это, когда маленькое, существо, еще не умеющее даже осмыслить, что с ним делается, бьет себя в подлом месте, в темноте и в холоде, крошечным своим кулачком в надорванную грудку и плачет своими кровавыми, незлобивыми, кроткими слезками к «боженьке», чтобы тот защитил его, - понимаешь ли ты эту ахинею, друг мой и брат мой, послушник ты мой божий и смиренный, понимаешь ли ты, для чего эта ахинея так нужна и создана! Без нее, говорят, и пробыть бы не мог, человек на земле, ибо не познал бы добра и зла. Для чего познавать это чертово добро и зло, когда это столько стоит? Да весь мир познания не стоит тогда этих слезок ребеночка к «боженьке»... Пока еще время, спешу оградить себя, а потому от высшей гармонии совершенно отказываюсь. Не стоит она слезинки хотя бы одного только того замученного ребенка, который бил себя кулачонком в грудь и молился в зловонной конуре неискупленными слезами своими к «боженьке»!»  Данышпан қаламгердің пікірін нақтыласақ, әлем үйлесімділігі сәбидің көз жасын құрғатудан, жарлы-жақыбайларды жарылқаудан басталады.

Меніңше, адамзат өркениетінде жоғары математиканың тылсымдары мен формулаларынан артық ұлы үлгі бар. Ол адамзат баласы тіршілігінің шартты формуласы: «Абай+Әйгерім = Махаббат». Қоғамдық қарым-қатынас сппутнигі осының орбитасында айналады. Сүйіспеншілік пен махаббаттан туындайтын әдемілік, көркемдік, сұлулық деректі журналистикаға да жат емес. Ф.М. Достоевскийдің «Кеще» романында он сегіз жастағы Ипполит Терентьев  жиырма алты жасар князь Лев Николаевич Мышкинге:

« - Правда, князь, что вы раз говорили, что мир спасет «красота»? Господа, -   закричал он, громко всем, - князь утверждает, что мир спасет красота! А я утверждаю, что у него оттого такие игривые мысли, что он теперь влюблен. Господа, князь влюблен; давеча, только что он вошел, я в этом убедился. Не краснейте, князь, мне вас жалко станет. Какая красота спасет мир», - деп сылтың қыла тіл қатады. Ал, менің ойымша, дәл қазір әлемді һарамдықтан тек журналистика мен журналистер арылтады, саналы жандар жайлаған жұмыр Жерді Сент Экзюперидің кішкене ханзадасындай  журналистер ғана тазартады.

Біздің заманымыз  альтруистер мен филантроптар заманы емес. Дегенмен адамгершілік пен ар-ұят есеп-қисаптан да жоғары тұрғаны абзал. Осы арада журналистиканың қоғамды жаңғыртуға бағытталған екі тәсілін есіңе сала кеткенді жөн көріп отырмын. Біріншісі - жағымды мысалдар, өнегелі адамдар арқылы көпшілікті тәрбиелеу. Екіншісі - мінеу, сынау арқылы қоғам кем-кетігін түзеу. Бұларды жасампаз журналистиканың қос қанаты дейікші. Осы екеуінің балансынсыз ешқандай үйлесім де, ешқандай гармония да болмайды. Көзі ашық әлеумет осы нәзік тепе-теңдікке бас-көз болуы керек. Бірақ, бір қызығы, асыра мақтап қойғаны үшін соққыға жығылып, зардап-жапа шеккен не шенеунікті, не журналисті көрген де, естіген де емеспін. Бәрі таным деңгейіне байланысты-ау, шамасы. Биліктің таным биігі, басқару мәдениеті журналистикадан аласа болса, қоғам авангардынан төмен жатса, тіршілік гармониясы тас-талқан болады. «Соқыр десең Құнанбайдың жақтастарының қырына ілігесің, таз десең Азнабай партиясы ашу шақырады, көсемге көз алартсаң, Маркстің жамағайын-жекжаттары бақанаға жармасады»  демекші...

Жоғары мәртебелі Журналистика алдында, Конституция алдындағыдай,  билік басындағылар да, қарашалар да тең. Демократияның, есейген елдің  сипаты - баламалы пікірге құлақ түру, жарыспалы ойдан үрікпеу. Журналистика өз еңбегі үшін шен-шекпен дәметпейді. Олардың жалақысы да мәз емес. Баспана іздеп, тентіреп жүрген де - солар. Әлеуметтік сөздің балы мен запыранын, бұқаралық сипаты мен даралық «менін» көкірегіне тоқыған адам ғана осы кәсіптің етегінен ұстайды. Ол өмір бойы содан қол үзбейді.

Журналистика қазақ халқының рухани потенциалын көтеруге қызмет етеді. Талдамалы журналистикаға тәнті болу, тамсана сөйлеу жат. Аналитика дегеніміз - жағымды тәжірибенің түп-тұқиянына үңілу, жағымсыздың бетін ашу, сөйтіп қоғам модернизациясына ат салысу. Мен осы ретте ақпараттық-ғылыми айналымға «Жасампаздық плюрализм» терминін енгізгім келеді. Әлбетте, журналистік зерттеуге кабинеттік стиль, тарихи таным тән. Ал журналистік тексерім ағымдағы қылмыстық істердің астарына үңіледі, заң органдарымен параллель іс-әрекет атқарады. Әрі қарай кетсек, осы ретте мамандану бағытында журналистерге заң негіздерін тереңдете оқытқаннан еш ұтылмаймыз. Оның үстіне болашақта журналистік тексеріммен айналсушыларға шығыс жекпе-жек тәсілдерін де үйрету артықтық етпес еді. Батыстық танымның, Батыс мәдениеті диктатурасының  ыңғайына жығылып бара жатқан қазіргі журналистика кадрларын дайындау жүйесіне де жедел өзгеріс енгізу қажет. Бұл концептуалды мәселе бойынша мен «Түркістан» (7.04.2011) және «Қазақстан-Zaman» (29.12.2011)  басылымдарында өз пікірімді жеріне жеткізе білдірген сияқтымын.

Қазіргі журналистиканың әттегенайы - газет, журнал беттерінен, телерадио хабарларынан қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін ұшырата алмайсың. Олар бұл дүниеде жоқ, тіпті болмаған да сияқты. Бұл - бір. Екіншіден, бір тарап жеткен жерімізді көкке көтеріп дәріптеп жатса, екінші жақ жермен жексен етіп сүмірейтіп бағады. Менің, топшылауымша, басылым басшылары да біртектес материалдардан әбден зәтті, әбден ерқашты болғанға ұқсайды. Адам да жалығады. Үшіншіден, моностиль орныққан жерде басқа райда сөйлейтіндер модадан шығып қалады. Әйтпесе сенен кейін тексерім, талдамалы репортаж жанрларының көсегесін көгертеміз деп, ұлттық баспасөзде өз ізімізді қалдырамыз деп білек сыбанып шыққан шәкірттеріміз Арман Әубәкір, Қанат Әбілқайырдың үндері неге шықпай қалды?

Қазақстандағы орыс журналистеріне тас атса, бүкіл киберкеңістік ұлардай шулап, әлемдік арналар боздап қоя берер еді. Бізде жанашырлық, бір-бірімізді қолдаушылық жоқтың қасы. Кез келген қылмыстың астарында мәдениетсіздік, тәрбиесіздік, тексіздік жатады. Тексіздерді  тек тексіз ғана қолдайды. Бәріміз де - тірі жанбыз, әрқайсымыздың өзіндік ерекшеліміз, күйінішіміз бен сүйінішіміз бар. Бірақ журналист қаумы басқалардан гөрі сергек, басқалардан гөрі сезімтал, басқалардан гөрі адамиятты. Жылаған бала, қол жайған қарттар, қазақтың тілі мен ділі, талан-таражға түскен қаржы, берекесіздік пен белсенділік иммитациясы туралы біз айтпасақ, кім айтады? Ойға, түйсікке, жанрлар қызметіне мораторий жариялай алмайсың. Кезіндеамерика ақыны Ричард Эберхард (біз оның сөзін Бруно Ясенскийге теліп жүрміз)  былай деген: «Жауларыңнан қорықпа - азар болса, олар сені өлтіріп тынар. Достарыңнан қорықпа - азар болса, сені сатып кетер. Қорықсаң, құлықсыздан қорық, тек солардың жақ ашпай қалуы салдарынан жер бетін сатқындық пен өлім жайлайды».

Осының бәрін өзімнің де есіме түсіріп, сенің де есіңе салып отырғаным былайғы жұртқа  ақылды, білгіш образында көріну мақсаты емес. Әмісе жүрегімнің түкпірінде жүретін шәкірттерімнің бірі болғандықтан, үміт арқалаған жылдарыңды, ұмытылмас күндеріңді, дәріс алған аудиторияңды, №5 жатақханадағы базарлы шақтарыңды есіңе түсірейін деген бір ойым. Екінші ойым -  буыныңды бекіту, торығудан, қамығудан арылту. Тарихи оптимизм жолына салу.

Күпірлік шығар, бірақ расы - сол, қарапайым халықты қорғау міндетін Жасаған ием журналистердің пешенесіне жазып қойған. Журналистика мен журналистер эгоистік мүддеден әманда ада. Есті ел, есті билік  расшыл журналистикасын дамытады. Идеал қоғам жоқ. Оның әр сатысына сәйкес журналистиканың да әдіс-амалдары өзгеріп отырады. Қазіргі кезде, менің ойымша, көзсіз батырлықтан гөрі ақылды батылдық керек, бауырым.

Сәлеммен, өзіңе қашанда тілектес жазушы ағаң, филология ғылымдарының докторы - Кәкен ҚАМЗИН.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577