Жұма, 19 Сәуір 2024
Айқай 3092 4 пікір 27 Қазан, 2021 сағат 17:33

Министр қазақша сөйлесе қуанатын жағдайға жеттік

Аптаның алғашқы күні, 25 қазанда Парламент Мәжілісінде үкімет сағаты өтті. Депутаттар алдында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин есеп берді.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса министрге елдің алаңдаушылығын тудырып отырған Үкіметтің электрондық платформасын Ресейдің Сбербанкіне беру мәселесі және Цифрландыру саласындағы, егов платформасындағы  мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі туралы сұрақ қойды.

Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты:

Құрметті министр Бағдат Батырбекұлы!

1. Қазақстанның цифрландыру деңгейі жақсы дамуда. Оған жаңа сіздің жасаған баяндамаңыздан да көзіміз жетті. Біз БҰҰ-ның халықаралық рейтингі бойынша онлайн-қызмет бойынша 11-ші орында, электрондық үкімет бойынша 29 орында, электрондық қауіпсіздігі бойынша 31 орындамыз.

Тіпті Ресейдің алдындамыз! Ендеше бүкіл 19 млн қазақстандықтардың жеке мәліметі бар мемлекеттің электрондық үкіметін түгел шет мемлекетке - Ресейдің Сбербанкіне бере салуды қалай түсіндіресіз?!.  Бұл биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе?

Сіз «бұл келісім шарт емес, меморандум» дейсіз, бәрі меморандумнан басталады. Дауылдың алдындағы жел тұратыны секілді. Өйткені, бұл меморандумға Үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойып отыр ғой.

Өзіңіз айтқандай бұл қоғамда үлкен қарсылық туғызып, шу болуда. Бұны сіздің жауабыңыз да қанағаттандыра алмады.

Бұған алаңдаған «Ақ жол» фракциясы депутаттық сауал да жасады, оны өзіңіз білесіз.

2. Цифрландыру саласын міндетті түрде шетелге бермесек, күн көре алмайтын болсақ, онда Қазақстаннан кейінгі орында тұрған  Ресейге бергенше, неге алдыңғы қатардағы елдерге  бермейміз ашық та әділ конкурс жасап. Неге барлық жағынан Ресейге байланып қалғанбыз?!.

3. Бұл IT секторының дамуына кедергі келтіреді.  Мамандардың  шетелге ағылуына жол береді деп отыр сарапшылар. Өйткені тапсырыс беруші мемлекеттік және жергілікті органдардың тапсырысын қожайыны шетелдік платформа иесі өзі біледі кімге беруді…

4. Егер АҚШ ертең Ресейге әлемдік ең алдыңғы қатарлы бағдарламаларға қол жеткізуге тосқауыл қойса біз қайтеміз? «Екі түйе сүйкенсе шыбын өледі» дегендей, шырылдап, босқа құрбан болып кетпейміз бе?

5. Сіз Бағдат Батырбекұлы, өзіңіз министр ретінде мемлекеттік тілде  жақсы сөйлейді екенсіз, рахмет. Қазір қазақ министрі қазақша сөйлесе қуанатын масқара жағдайға жеттік Тәуелсіздігіміздің  30 жылдығының «жетістігі».

Ал цифрландыру саласындағы, E-gov платформасындағы мемлекеттік тілдің қолданылуы деңгейі қандай?

Министрдің жауабын видеодан тыңдай аласыздар.

Abai.kz

4 пікір