Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3855 0 пікір 10 Шілде, 2012 сағат 11:52

Әлемге әйгілі Әнуар

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қабырғалы қаламгер Әнуар Әлімжановқа арналған «Әлем таныған Әнуар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция жазушының туған жері Алакөл ауданында өтті. Қазақтың маңдайына біткен дарабоз перзентінің мерейтойлық шарасы ретінде аталып өтілген дүбірлі той екі күн бойы Үйгентас аймағын шат-шадыман күйге бөледі.  Алматы облысы мен Алакөл ауданы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар одағының атсалысуымен өткен тойдың алғашқы күні Қабанбай ауылындағы Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану мұражайымен танысудан басталды. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған Алматыдан ат арылтып жеткен ақын-жазушылар, зиялы қауым мұндағы құнды жәдігерлер арқылы өлкенің шежіресіне қанықты.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қабырғалы қаламгер Әнуар Әлімжановқа арналған «Әлем таныған Әнуар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция жазушының туған жері Алакөл ауданында өтті. Қазақтың маңдайына біткен дарабоз перзентінің мерейтойлық шарасы ретінде аталып өтілген дүбірлі той екі күн бойы Үйгентас аймағын шат-шадыман күйге бөледі.  Алматы облысы мен Алакөл ауданы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар одағының атсалысуымен өткен тойдың алғашқы күні Қабанбай ауылындағы Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану мұражайымен танысудан басталды. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған Алматыдан ат арылтып жеткен ақын-жазушылар, зиялы қауым мұндағы құнды жәдігерлер арқылы өлкенің шежіресіне қанықты.
«Әлемнің алпыс алты елін аралаған Әнекең өзгелер секілді ел танып, жер көріп қана қайтпай, дүниежүзінің 24 жоғары оқу орнында Қазақ елі, тарихы мен танымы туралы лекция оқып, туған елін паш етіп жүрді» дейді қаламгер-ғалымдар. Әлімжановқа әлемнің түкпір-түкпіріндегі студенттер мен оқу орындары басшыларынан «Біздің елге тағы да келіп, лекциялар оқығаныңызды қалаймыз» деген мазмұндағы хаттар да келген екен. Осындай жазбалар мен басқа да құнды құжаттарды сатирик жазушы Ғаббас Қабышев жинақтап жүргенін, қаламгердің 90 жылдық мерей­тойына дейін жинақтап, жаңа, тың деректермен толықтырып басу ойында бар екенін де конференция барысында жеткізді. Жиында Нұрлан Оразалин, Сәкен Иманасов, Бексұлтан Нұржекеев, Нұрдәулет Ақыш сынды бірқатар қаламгерлердің баяндамаларынан бұл тойдың әлімжановтануға бастайтын тағылымды шара екенін байқадық. Қаламгердің қызы Динара Әлімжанова ел-жұрттың, ел ағаларының ыстық ықыласына ризашылығын білдірді.
Мерейтой шеңберінде облыста атқарылған жұмыстардың игілін ел көріп отыр. Мәселен, 94,8 млн. теңгеге Қабанбай ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді, 7 млн. теңгеге Үшқайың ауылына дейінгі жол жасалды, 21,3 млн. теңгеге Қабанбай ауылының Әлімжанов атындағы көшесі, 18,8 млн.теңгеге Әлімжанов атындағы орта мектеп жөндеуден өтті.
Мерейтойдың екінші күні қонақтар жазушының туған жері Қарлығаш ауылындағы «Ақтұма» бұлағы мен 2000 жылы Әлімжанов есімі берілген, өзі оқыған Үшқайың орта мек­те­біне ат басын бұрды. Алматы облысы әкімі Аңсар Мұсахановтың қатысуымен өткен Шұ­бара­ғаш-Ойжайлау өңіріндегі салтанатты жиын соңы ұлттық ат спорты жарыстарына ұласты.
Өңірдің табиғат тамашасынан, көне Қойлық қаласының тарихынан, Жоңғар шапқыншылығы, Кеңес үкіметінің орнауы, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы тарихи кезеңдеріндегі Үйгентас аймағының хал-ахуалынан сыр шертетін залдармен қатар Әнуар Әлімжановқа арналған жаңа залдың орны бөлек. Мұндағы ең құнды жәдігер - 1980 жылы жазушы өз қолтаңбасын жазып қалдырған, Әбу Насыр әл-Фараби жайындағы «Возвращение учителя» атты шығармасының қолжазбасы. Қаламгердің жазу машинкасы, қаламы секілді өзі тұтынған бірқатар дүниелері мен туындылары осы залдан орын тепкен. Мұнан соң сол ауылда қайраткердің мүсіні орнатылып, жерлестері Әлімжановтың есімін беруді қалаған саябақ салтанатты түрде ашылды. Жазушы мүсінінің авторы - Меруан Азмағанбетов.
Бір жасында анасынан, 11-ге толғанда әкесінен айырылып, жетімдік тауқыметін көріп өскен Ән-ағаны тағдыр теперіші ширықтырып, шынықтырды, тек алға ұмтылуға үйретті. Лепсі педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын «Алма-Атинская правда», қазіргі Алматы облыстық «Огни Алатау» басылымында бастаған Әлімжанов кейін «Литературная газетаның» Орта Азия және Қазақстан бойынша арнаулы тілшісі болды. «Ленинская смена», «Правда» газеттеріне де қаламгерлік қолтаңбасын қалдырды.
Негізінен орыс тілінде жазған Ән-ағаның әл-Фарабидің отырарлық, қазақ топырағының тумасы екенін дәлелдеуі, ұлт азаттығын аңсаған «Махамбеттің жебесін» жазуы, Мұстафа Шоқайды даттаушылардан арашалап, «Литературная газетаның» айқарма бетіне мақала беруі, тағы басқа да толып жатқан қаламгерлігімен ұштасқан қайраткерлік тұлғасы туралы конференция барысында кеңінен айтылды.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Кәкен Хамзин Әнуар Әлімжановты «Еліміздегі алғашқы және әзірге соңғы да халықаралық журналист, әлемдік әдеби-публицистикалық кеңістікте қазақтың намысын жыртқан ірі қайраткер» деп бағалады. Және тағылымы мол мына бір әңгімені тілге тиек етті: «Әнекең бірде қазақтың абзал азаматы Болатхан Тайжаннан Қазақстанға тың игеруге баратын Кеңес Одағының азаматтарына жасалынатын көмек туралы қаулыда «жергілікті халықтан басқаларға» деп атап көрсетіліп, қазақ халқының жәрдемнен шеттетілгенін естиді. Бұл туралы Әлімжанов Бүкілодақтық әдебиет институты өткізген кездесуде арнайы сөйлеп, одан кейін газетке мақала шығарып, қазақ халқының мүддесін ашық айтып, батыл жазады. Осы азаматтығы Әнекеңнің Лениндік сыйлыққа ұсынылғандар тізімінен түсіп қалуына себеп болған. Бұл жағдайға «әттеген-ай» дескендерге «Мен атақ үшін емес, елге қызмет ету үшін өмір сүріп жүрмін» деген екен.
Еліміздегі ғана емес, дүниежүзіндегі қоғам­дық-саяси оқиғаларда үн қосып, азаматтық ұстанымын айқын аңғартатын. Қай мінбеде де, қай лауазымда да қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, Мұхтар Әуезов қудаланған шақта Мәскеуге аттануына жәрдем берген, Семей полигонын жабуға атсалысқан, Қазақстан Жазушылар одағын басқарған шағында, тіпті Алматыда Азия мен Африка елдері жазушыларының V конференциясын өткізген КСРО Жоғарғы Кеңесі Республика Кеңесін басқарған шақта Кеңес Одағының ыдырауы туралы құжатқа қол қойған да Ән-ағаң еді.

Сағыныш НАМАЗШАМОВА
Алматы облысы

«Ана тілі» газеті

0 пікір