Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алашорда 5866 12 пікір 26 Қазан, 2021 сағат 13:50

Түркістан легионерлерін толық ақтау керек

Тағдыры ауыр тұтқындар

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі Кеңес одағында Н.С. Хрущевтің билігі тұсында қолға алынды. Нәтижесінде, біздің елде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ільяс Жансүгіров сияқты қазақ кеңес қайраткерлерінен бастап, жазықсыз жапа шеккен жүздеген азаматтар «халық жауы» деген айыптаудан арылды. Қазақстан Республикасында 1993 жылы Президент Н.Ә. Назарбаев қол қойған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңның нәтижесінде Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан тәрізді Алаш арыстары ақталды. Ал 2020 жылы Президент Қ.К. Тоқаев қол қойған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа орай жүргізіліп жатқан іс-шаралар мейлінше нәтижелі болуға тиісті. Өйткені, республикалық мемлекеттік комиссияны айтпағанда, өңірлік комиссия мүшелеріне жабық мұрағаттар қорындағы «Өте құпия» белгісі соғылған құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат етілді. Рас, әлгіндей құжаттарды фотоға түсіруге, көшірмесін алуға, тергеушілердің сұрақтары мен айыпталушылардың жауаптарын сөзбе-сөз жазып алуға, ақталмаған азаматтардың аты-жөнін жария етуге рұқсат етілмейді. Бұл жарияланымда тергеу және сот процестері деректерін нақты көрсетпей, жалпылама баяндауымыздың себебі осы.

***

Павлодар облысы полиция департаментінің мұрағаты қорында ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде неміс әскерлерінің тұтқынында болған жерлестерімізге қатысты біршама құжаттар сақталыпты. Қордағы № 2312, 2313, 2316, 2319, 2321, 2333, 2327, 2351, 2578 істерді зерделеу барысында ұлты қазақ соғыс тұтқындарының көбі Түркістан легионында қызмет еткендер екенін анықтадық.

Легионерлердің соғыс жылдарындағы әскери іс-әрекеттері алғашқы рет 1968 жылы мемлекеттік қауіпсіздік органының полковнигі Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» деректі романы арқылы жұртшылыққа белгілі болды. Ал қазіргі кезде де көпшілікке беймәлім материалдарда легионерлердің соғыстан кейінгі жылдардағы тағдыры көрініс тапқан.

ОГПУ жүргізген қылмыстық істерден соғыс тұтқындарының тағдыр-талайы бір-бірінікіне өте ұқсас екенін аңғардық. Олар соғыстың алғашқы ауыр жылдарында тұтқынға түсіпті. Одан соң концлагерлерде адам төзгісіз қиын жағдайларда зардап шеккен. 1942-1943 жылдары неміс әскерилері тарапынан жасалған қысым салдарынан Түркістан легионының құрамына кіріпті. Сөйтіп, Германияның Нойхаммер қаласында әскери тұтқындар қатарынан жасақталған №162 дивизияда қызмет еткен. Ақыры, 1945 жылы Америка әскерлерінің қолына түсіп, соғыс тұтқындары ретінде Кеңес әскерлерінің құзіретіне өткізілген. Біршамасы қандай да бір себептермен қамауға алынбай, тұрғылықты мекен-жайларына қайтарылыпты. Бірақ 1949 жылы ОГПУ-дың Павлодар облыстық бөлімі тұтқындап, әрқайсы 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Мұрағат қорындағы қылмыстық істерде 1953-1954 жылдары Сібір мен Қиыр Шығыстағы еңбекпен түзеу лагерлерінде мерзімді жазасын өтеп жүрген соғыс тұтқындарының жоғары органдарға жазған арыз-шағымдары тіркеліпті. Тұтқынның бірі арызын КСРО Бас прокуратурасына жолдаған екен. Екіншісі Май ауданының тумасы, өтінішін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы К.Е. Ворошиловтың атына қазақ тілінде жазыпты.Бұл құжаттардан тергеушілер хаттамаға түсірмеген, сот төрағасының назарына ілінбеген көптеген жайттардың көрінісі байқалады.

Арыз-шағымдарда құқық қорғау органдарында айыпталушылардың тұтқынға түсуіне себеп болған мән-жайлардың ескерілмегені айтылған. Шындығында, командирлердің қоршауда қалған әскери бөлімдерді тастап кетуі, сырттан қандай да бір көмек жасалмауы, шайқас алаңдарынан шалғайда қалған штабтармен байланыстың толық үзілуі, қорғаныс құрылғылары (окоптар, блиндаждар, т.б.) мен ірі атыс қаруларының (зеңбіректер, минометтер, пулеметтер) істен шығуы, оқ-дәрі мен азық-түліктің таусылуы, сарбаздардың жаралануы, жауынгерлік қабылетсіздікке ұшырауы, моральдық-психологиялық күйселіске түсуі тәрізді көптеген жайттар тергеу материалдарында көрсетілмепті. Сондай-ақ кейбірінің неміс концлагерінен қашып шыққаны, әйтсе де көп ұзамай ұсталып ауыр азаптау арқылы жазаланғаны да сот процесінде қаперге алынбапты. Айыпталушылар өз өміріне қауіп-қатер төніп тұрған жағдайда Түркістан легионы құрамына жазылуға мәжбүр болғанын, түпкі ойы мүмкіндік туған күні Кеңес әскерлеріне қосылу екенін айтқан. Сонда да тергеушілер хаттама қорытындысында «өз еркімен жау жағына өткен», «күманды жағдайда тұтқынға түскен», «өз ықтиярымен легионға қабылданған» деп көрсетіпті. (Айыптаушылардың арасында қазақ елінде большевиктер билігінен арылып, егемен елдікке қол жеткізу идеясын көздеген легионерлердің болуы әбден мүмкін. Келешек зерттеушілер ондай жүрекжұтқан жанкешті жерлестеріміз жөніндегі деректерді май шамның жарығымен іздейтін шығар).

Осы тұста ескеретін бір жайт, павлодарлық тұтқындар қызмет еткен Түркістан легионы бөлімдері Шығыс майданына жіберілмеген. Негізінен Батыс майданында әскери нысандарды күзету, қорғаныс құрылғыларын орнату, жүк тасымалдау, қалалардағы қоғамдық тәртіпті қадағалау тәрізді қызметтерді атқарыпты.

Партизандар жасақтарына өтіп кетіп, неміс әскерлеріне қарсы ерлікпен шайқасқан легионерлердің бейбіт кезеңде құрмет-қошеметке бөленгені рас. Солай бола тұра, өкінішке қарай, кейбірі өздерінің аңғал мінезінің салдарынан опық жеген екен. Мысалы, аман-есен ел ішіне оралған жерлестеріміздің бірі ағайындарының ортасында «Немістердің әлеуметтік тұрмыс деңгейі Кеңес халқынікінен әлдеқайда жоғары, АҚШ қарулы күштерінің әскери әлеуеті Кеңес әскерлерінікінен мықты» деген сөздер айтқан. Бұл әңгімені құпия мәлімдеушілер дереу тиісті органға жеткізіпті. Іле әлгі адам Америка барлау қызметінің тыңшысы деген айыптаумен тұтқындалып, Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін 25 жылға сотталыпты.

Арыз-шағымдарда баяндалған жайттардан ОГПУ өкілдерінің бұрынғы легионерлерге қоқан-лоқы көрсетіп, оларды бір-біріне қарсы куәлік етуге мәжбүрлегені аңғарылады. Тергеушілердің айыпталушыларға күш қолданып, алдын ала дайындаған жауап алу хаттамасына қол қойғызғаны да арыз-шағымдарда айтылыпты. Осындай азаптаудан өткен легионерлердің бірі фашистерге адал қызмет еткенін, соның нәтижесінде ефрейтор әскери атағына қол жеткізіп, бөлімше командирінің орынбасары дәрежесіне дейін өскенін және қола медальмен марапатталғанын «мойындапты»... Амал не, олардың бәрі әділдікке қол жеткізе алмай, өмірден озды.

Кейбірінің ұрпақтары ҚР прокуратурасына әкелерін, аталарын ақтау жөнінде өтініш жазыпты. Бірақ өтініштері қанағаттандырылмаған. Өйткені прокуратура соғыс тұтқындарының қылмысы қылмыстық кодекстің тиісті бабына сәйкес саралануының дұрыс-бұрыстығын ғана тексереді. Ал сотта куәлардың айтқаны және айыпталушының өз қылмысын мойындауы оның қылмыс жасағанының бұлтартпас дәлелі ретінде назарға алынады. Бұл жағын ОГПУ тергеушілерінің тастай қылып қатырып қоятыны белгілі.

«Немістердің тұтқынында Кеңес жауынгерлері жоқ, тек сатқындар ғана бар» деген бір ауыз сөзімен миллиондаған адамдардың тағдырын сындырған Сталин өлген соң соғыс тұтқындарына рақымшылық жасалса да, олардың кеңестік қоғамдағы жағдайы қиын болды. ГУЛАГ мекемелерінде мерзімді жазасын өтеп жүргенінде кейбірінің әйелдері басқа адамдарға тұрмысқа шығып кетті. Неміс концлагерлеріндегі азапты бастан кешірген олар Кеңес концлагерлерінде қылмыс әлемінің қандыбалақ серкелерімен тартысты жағдайда тірлік кешті. Жұртшылық олардың ата-анасына, бауырларына, балаларына «сатқынның туысы» деген оймен суық қарады. Солай бола тұра, сотталған, қудаланған, ар-ожданы қорланған азаматтар туған жерлеріне оралған соң халық шаруашылығында аянбай тер төге еңбек етіп, елдің экономикасы мен әлеуметтік тұрмыс деңгейін көтеруге өз үлестерін қосты.

Әуелде жауынгер, сонсын тұтқын, кейін жұмысшы болған олар Н.С. Хрущевтің «жылымығы» кезінде де, М.С. Горбачевтің қайта құру жылдарында да ақталған жоқ. Еліміз егемендікке қол жеткізген кезеңде де соғыс тұтқындарын ақтау мәселесі күн тәртібіне қойылған емес.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық комиссия енді соғыс тұтқындарын саяси қуғын-сүргін құрбандарының санатына жатқызатын заңның қабылдануына ықпал етсе дұрыс болар еді. Соғыс тұтқындарына РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының саяси реңкі бар тармақтары 58-1 (Отанға опасыздық), 58-10 (Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат) бойынша айып тағылды ғой. Демек, оларды әскери қылмыскерлер емес, саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде тануға құқықтық негіз бар. Сондай-ақ өткен ғасырдағы қазақстандық кеңестік соттардың соғыс тұтқындарына қатысты шығарған әділетсіз үкімдерінің күшін жоятын заң да керек деген ойдамыз.

Кейбіреулер Түркістан легионерлерінің іс-әрекеттерін моральдық тұрғыдан қарастырып, «Олар қазақтың қас батырлары: Әлия мен Мәншүкке, Бауыржан мен Рақымжанға қарсы оқ атқан ата жауларымыздың қатарында жүрді ғой, демек оларды ақтау қателік!» – деп наразылық білдіруі ықтимал. Рас, солай болды, бірақ...

Біздің бабаларымыз ІІ дүниежүзілік соғысқа дейін де, қилы тарихи кезеңдерде бір-бірімен талай рет шайқасты ғой. Олар соғыс жағдайында бірін-бірі аяған жоқ. Отырар ойранында, Бейбарыс сұлтан мен Кетбұға ноянның шайқасында, Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның, тіпті Кутузов пен Наполенның ұрыстарында жауынгер бабаларымыз бір-біріне қанды қылыш сермеді. Кенесары хан мен аға сұлтандардың арпалысында қазақ сарбаздары бірін-бірі бауыздап өлтіруге дейін барды! Азамат соғысы жылдарында да бірін-бірі қанға бояды! Сондай қырғындардың қақ ортасында жүрген қаһармандардың қайсысын мадақтап, қайсысын айыптайық?.. Бірін асқақтатып, екіншісін төмендетуге моральдық құқымыз бар ма?

Уақыт барлығын өз орнына қояды.

Біздің міндетіміз – өткен шақтан сабақ алып, егемен елдігіміздің іргетасы болып тұрған ынтымағымызды бекемдей түсу емес пе?

Арман Қани,

Павлодар қаласы

Abai.kz

12 пікір