Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
1678 14 пікір 26 Қазан, 2021 сағат 13:11

СІМ: "Талибанмен" саяси келіссөз жүргізу ойымызда жоқ

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қазір Ауғанстан билігімен саяси келіссөздер жүргізу мүмкін емес екенін, тек ауған халқына көмек көрсету мәселесі талқыланып жатқанын айтыпты.  

Оның айтуынша, жаңа үкіметті халықаралық қауымдастық әлі мойындаған жоқ. Ол үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары қажет. Министр бұған дейін Қазақстан билігі ауған халқына 5 мың тонна ұн гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылдағанын еске салды.

Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрлігінің басшысы Ресейдің «Талибан» қозғалысын террористік ұйымдар тізімінен шығару туралы бастамасына қатысты пікір білдірді.

«Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде мәселе көтеріп, «Талибан» қозғалысын террористік ұйымдар қатарынан шығару туралы қарарды қарастыру және қабылдау мүмкіндігін көтереді. Мұның бәрі тәліптердің халықаралық құқық нормаларын, басқа елдер алдындағы міндеттемелерін сақтауына байланысты: және қозғалыс діни терроризм мен экстремизмнің таралуына ықпал етпеуі, көрші мемлекеттерге қауіп төндірмеуі үшін қажет», - деп түсіндірді Мұхтар Тілеуберді.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей президенті Путиннің «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар қатарынан алып тастауға күш салатыны туралы жазған болатынбыз.

«Талибанды» террористік ұйымдар тізімінен алып тастау туралы шешім қабылдаймыз. Меніңше, біз бұған бірте-бірте келе жатырмыз. Ресейдің ұстанымы – осы бағытқа қарай жүру. Біз бұл ұйымды террористік ұйымдар тізіміне қосарда қалай шешім қабылдасақ, қазір де тізімнен алып тастауға қатысты тура солай шешім қабылдауымыз керек», - деді Путин.

Ал, Қазақстанда талибанды террористік ұйым деп танығанын ескерсек, бұл тұрғыда Қазақстан билігінің әрекеті қандай болмақ?

Abai.kz

 

14 пікір