Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3056 0 пікір 10 Шілде, 2012 сағат 09:53

Мұңы – батпан, тағдыры – қақпан Мұхтарларым...

Халқы қарақұрым құмырсқадай құжынаған Қытайда жиі жүрегім қысылып, әралуан қауіпті ойлар мазалай береді...

Қаншама ғасыр осынау қаранөпірдің кеудесін суытып, ындынын басып отырған, қасиетіңнен айналайын, ата-бабаларымыздың батырлығы мен данышпандығына еріксіз бас иесің.

Жердің бетінде туған топырақтан, өз еліңнен қымбатты да қастерлі ештеңенің, ешкімнің болмайтындығына анық көзің жетеді. Қазақтың дархан даласын аңсайсың; қоңыр көз, кең пейіл қазағыңды сағынасың...

Қазақ шекарасына қадам басқасын, кезіккен әрбір қазақты құшақтай бергің келеді... Сөйтіп тұрып мұңы - батпан, тағдыры - қақпан Мұхтарларды ойлаппын.

Қазақта Мұхтар аз емес. Солардың дені талантты, қайсар, қатарынан көшілгері туғандар...

...Мұхтар ӘУЕЗОВ - қазақтың әдебиетін әлемге танытқан тұлға. Біртуар, толағай талант, дарабоз. Атақ-даңқы жер жарғанымен, орыстан қатын алуға мәжбүр болып, өмір-бақи саяси жүйенің қас-қабағына қараған, арнайы бөлімдердің қырағы назарынан аласталмаған, адами тағдыры аса аянышты пенде...

Алыптың ұлы Мұрат ағамыз маған ренжімесін, қызыл кеңестің кезінде тағдырың қосқан орыстың қызын «сүймедім» деп айту - өзіңе өлім үкімін шығарумен бірдей. Бәлки, кім біледі, дара Мұқаң бәйбішесін «сүйіп қосылды»-ақ дейік. Бірақ, «Абай жолындағы» қазақтың періштедей қыздарының сұлулығы мен қылығын - қазақтың табиғатын терең түсініп, ұлтын жан-жүрегімен сүймейтін адам бұлайша ғажап етіп жаза алмайды...

...Мұхтар ШАХАНОВ - өлеңі де, өмірі де бұрқасындатып, борап соққан дауыл. Абырой-беделден де ада емес. Қызметіңді көргенімен - қадірін жоғалтпады, лауазымыңды татқанымен - «ләппәй, тақсыр» бола алмады.

Қазақтың желтоқсандағы жаужүрек жастарын Кремльдің мінберінен қорғап-шырылдап, жүрегіне ота жасатты... Қазақтың аяқастына айналған ана тіліне Ақордада арашаға түсіп, бұйырған пәтерінен айырылды, күн сайын «күстаналанды»...

...Мұхтар МАҒАУИН - күллі ғұмырын қазақтың тарихы мен тіліне, әдебиеті мен сөзіне арнады. Кеңестен көрмеген құқайы қалмады, бірақ, еркін қазақтың да маңдайына симады. Жалғыз сырласы - «Жұлдыз» журналын шенеуніктер көкпарша тартқылап, тартып алды. «Алашым» деген арысың көкірегі қарс айырылып, жат ел, бөгде бөгесінге - Еуропа топырағындағы Прага қаласына кетіп қалды...

...Мұхтар ЖӘКІШЕВ - математикалық қиямпыр есептерді пісте шаққандай лезде шешіп тастайтын алғыр жігіт. Қаланың асфальтында өссе де, өресі кең, ұлтшылдығы басым, білім-білігі терең азамат. Сорына қарай, Рахат Әлиевтей әкелерінің көмегімен ғана күн көрген әлжуазбен сынаптас болыпты...

Қазір қиянат шегіп, қапасқа қамалған көпбалалы әке. Қазақтың атомын қызғыштай қорғап, өнеркәсібін әлемде бірінші орынға шығарғаны үшін «кінәға» батты. Орыстың орманынан шыққан опасыздықтың құрбанына айналған сияқты. Тағыңды да, таңыңды да талғамайтын тарпаң тарих бұл Мұқаңның ерте ме-кеш пе күнәсіздігін дәлелдеп, еңбегін ескеретін болады...

...Мұхтар ӘБЛЯЗОВ - қазақтың 90-шы жылдары кәсіпкерлікпен айналысып, айналасын жайпаған ұятсыз шенеуніктерімен ебін тауып, екі асаған пысықай бизнесмен. Қыза-қыза келгенде, министр лауазымына дейін қарпыды. Жалғыз жұтып- жей бермей, моншаға түсіп, саунада сайраңдаған әріптестері - бизнесмен жігіттердің біразын құлағынан сүйреп, мемлекет басшысына апарып, бір-бір жуан портфельдер бергізді...

Әйткенмен, саясат дегеніміз - бизнестегідей тұтынушыны алдап, алпыс есе пайда табу емес. Саясат - беті таза, түбі қоқыс тұңғиық!..

Мұхтардың менмендігі басым мәскеулік білімін - «шығыстың нәзік сыпайылығы» атынан аударып, айдалаға тастап кетті. Қиянат көріп, қамаққа да түсті...

Ант суын ішіп, ауа да жұтты. Бірақ, «ауру қалғанымен, әдет қалмады» жымқыруын жалғастыра берді. Сол сұғанақтығы жаңбырлы өлкеге тырқырай қашуға мәжбүр етті...

Қазақ болғасын, сөз жоқ, жаның ашиды, жүрегің сыздайды. Әйтсе де, қазір мен көк шайды сораптап отырған Қытайда ұрының екі қолын шауып тастайды екен. Мен ойлаймын: қазақ кең һәм кешірімшіл ғой, егер Мұхтар ӘБЛЯЗОВ бауырым қытайлық болса, қазір екі қолсыз, екі аяқсыз томар болып, домаланып жатар ме еді, қайтер еді?!

...Мұхтар ҒАБДОЛЛА - бұл менің жасөспірім балам. Оралдың сауатсыз бір дәрігері теріс укол салып, мүгедек қылып қойды...

Тағы да қазақтың ежелгі көнбістігіне салып: «Тағдырдың ісі шығар?!.» - деп, жылы жауып, жыл сайын жазда Қытайға емделуге келеміз...

Менің Мұқтар балапаным, ӘУЕЗОВ пен МАҒАУИН аталарындай әдемі сөйлей алмайды; ШАХАНОВ атасындай айқайлап, өлең оқи алмайды; ӘБЛЯЗОВ көкесіндей ешкімді алдай алмайды; ЖӘКІШЕВ көкесіндей шытырман есептерді шеше алмайды...

Менің балапанымның сөйлегісі-ақ келеді, сайрағысы-ақ келеді, қатар құрбыларымен көше кезіп, «қаңғысы»-ақ келеді...

Менің Жаратқан Иемізден жалғыз сұрар тілегім: менің Мұхтарыма аттас аталары мен көкелерінің тәлкек тағдырларын емес, таланты мен талабын, жігері мен қайратын бұйыртсын!!!«Үмітсіз - шайтан» деген...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

Үрімші қаласы,

Қытай елі

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551