Жұма, 26 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 5314 11 пікір 26 Қазан, 2021 сағат 11:23

Мәсімов саясаттан жазушылыққа бет бұрды

Жуырда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің тағы бір кітабы жарық көрмек. ҰҚ қызметкерлерінің еңбегі туралы жазылған бұл кітап Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған екен.

«Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар», «Мемлекеттік шекара» деп аталатын бұл кітапта ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мемлекеттің шекарасын қорғау ісіне лайықты үлес қосқан жедел қызметкерлер мен шекарашылардың қызметі туралы жазылыпты.

«Басылымдарға қазіргі уақытта құпиясыздандыруға болатын жайттар ғана енгізілді. Оның негізінде – нақты адамдар, оқиғалар мен фактілер, оған тікелей қатысушылардың эмоциясын жеткізетін қатаң деректі стильде мазмұндалған», - делінген ҚР ҰҚК хабарламасында.

Ал, Мәсімовтің өзінің айтуынша, азаматтардың бейбіт өмірі үшін күресіп жүрген ҰҚК қызметкерлері туралы халық аз біледі. Ол осы олқылықтың орнын толтыру үшін қолына қалам алыпты.

Бір жарым минутқа жуық видео үндеуде Кәрім Қажымқанұлы қазақшаға тілі күрмеліп тұрып былай дейді:

- Құрметті оқырмандар! Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшыларымен бірге еліміздің барлық аймақтарын және мемлекеттік шекараны араладық. Жұмыс сапары аясында жедел қызметкер мен шекарашының ерен еңбегі туралы халықтың аз білетінін байқадым. Сондықтан, борышын мінсіз орындап жүрген жандар туралы айтатын уақыт келді деп ойладым.

Негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған, нығайту бағытын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келе жатқан мемлекет егемендігіне олардың қосқан үлесін айтқымыз келді.

Азаматтардың бейбіт өмірі үшін біздің қызметкерлер күні-түні, ыстық-суыққа қарамай қызмет атқарады. Олар - біздің батырларымыз! Бұл кітап солар туралы жазылған. Оның негізінде нақты адамдар, құпиясы ашылған оқиғалар мен деректер бар. Кітап өз оқырманын табады деп сенемін.

Бұл Мәсімов мырзаның биылдыққа шығарып жатқан екінші кітабы. Наурыз айында оның «Келешектің әміршісі жасанды интеллект» атты кітабы шыққан.

Кітап мұқабасында оның ата-бабалары туған Ақсу жері көрсетілген. Ал, аталған туындыны жазуға Нұрсұлтан Назарбаев шабыттандырғанын айтқан болатын.

Ал 2019 жылы өзінің әкесі, марқұм Қажымқан Мәсімов туралы кітап шығарған. Кітап «Тамыр» деп аталады. Оған алғысөзді Мырзатай Жолдасбеков жазған.

«Өзіңіз білесіз, қазақ халқы шежіреге көп мән береді. Ата-бабаң кім, әке-шешең қандай болған? Бұл балаларға аманат болып қалады. Соның ішінде әкеге сағыныш бар. Сондықтан әулеттің тарихын терең жалғайтын кітап «Тамыр» деп аталады», - дейді автор.

Айта кетейік, Мәсімов 1999 жылы «Қазақстан Республикасының өнеркәсібін құру проблемалары және оны шешу жолдары (теория және практика)» атты докторлық диссертация қорғаған. Экономика ғылымдарының докторы. Халықаралық құқық маманы.

Қазақ, ұйғыр, орыс, ағылшын, қытай және араб тілдерін меңгерген.

Ол екі мәрте Қазақстан Үкіметін басқарды. Ал, 2016 жылы экс-президент Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасы болып тағайындалды.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

11 пікір