Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Айқай 4019 1 пікір 25 Қазан, 2021 сағат 14:20

Тоғжановтың жүрдім-бардым жауабынан не ұқтық?..

Әлгінде Мәжілістің бір топ депутаты ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына үшбу хат жазып, Желтоқсат көтерілісіне ресми статус беруді, «Ұлт-азаттық көтеріліс» деп тануды сұраған.

«Ақ жол» депутаттарының аталған ұсынысы Abai.kz ақпараттық порталында жарияланды.

«Ұлт мүддесін қорғап алаңға шыққан желтоқсандықтардың басты талабы – «Әр халыққа өз басшысы» деген ұран болды. Бұл 70 жылдық кеңес империясы тарихында билікке қарсы алғашқы ашық айтылған Тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді. Мыңдаған жастардың аяусыз жазаланып, қудалануы да, бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі! Ендеше неге Кеңес Одағының қызыл империясына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт-азаттық көтерілісі ретінде танылмайды?!.

Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін болған, қазақ жастарының қаһармандығынан қуат алған Баку, Тбилиси, Вильнюс қалаларындағы оқиғалар ұлт-азаттық көтеріліс ретінде заңды танылып, ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды.

Ресей 1991 жылғы 19 тамызда Мәскеуде болған ГКЧП бүлігінде топалаңда танкінің астына түсіп қалған үш адамға «Ресей Батыры» атағын берді. Ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз көтерілісте алаңға шыққаны үшін мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға «Халық Қаһарманы» атағын неге бермеске?», - делінген депутаттық сауалда.

Сондай-ақ, «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі беру, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өту, Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізу, Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер орнату т.б. ұсыныстар айтылған.

Жуырда вице-премьер Ералы Тоғжановтан жауап хат келіпті. Қараңыз:

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Құрметті депутаттар!

Сіздердің Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды құрметтеу, оларды әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты депутаттық сауалыңызға мынаны хабарлаймын.

Мемлекет басшысының Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін жоспарлы түрде насихаттау туралы тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет бекітілген іс-шара жоспары аясында кешенді жұмыстар жүргізуде.

Атап айтқанда 2021 жылғы 19 қарашада Алматы қаласында белсенді желтоқсаншылардың, Парламент депутаттарының, тарихшылардың, сарапшылардың, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Желтоқсан – Тәуелсіздіктің бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, ү.ж. қыркүйек-желтоқсан айларында «Қазақстан Тәуелсіздігінің бастауы: Желтоқсан көтерілісінің маңызы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы, «Желтоқсан оқиғасы-1986» онлайн-семинары, «Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы: Кеше. Бүгін. Ертең» республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясы өткізіледі.

Бұл іс-шаралар желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын айшықтап және оған объективті баға берілуін қалыптастыру мақсатында тарихшы-ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен пікірталас алаңын құруды көздейді.

Сондай-ақ, республика көлемінде желтоқсан қаһармандарының ерлігін насихаттау бойынша әртүрлі шаралар өткізілуде.

Оның ішінде меншік нысанына қарамастан барлық орта білім беретін ұйымдар мен жоғарғы оқу орындарында тәуелсіздікке жол салған Желтоқсан оқиғасы мен оның құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында қоғамдық-саяси іс-шаралар өткізілуде.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, жастар ұйымдары өкілдерінің, Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың туыстарының қатысуымен Желтоқсан оқиғасында қаза тапқан боздақтарды еске алу іс-шаралары, монументтерге гүл шоқтарын қою рәсімдері ұйымдастырылуда.

Желтоқсан қаһармандарының ерлігін насихаттау мақсатында деректі фильм түсірілуде, студент жастар арасында Халық қаһарманы Қ. Рысқұлбековтің құрметіне бокстан, Е. Сыпатаевтың құрметіне қазақша күрестен турнир ұйымдастырылады.

Қазақтың батыр қыздары Л. Асанованың, С. Мұхамеджанованың және К. Молданазарованың құрметіне өңірлерде оқушылар арасында шығармашылық патриоттық іс-шара өткізіледі.

Жалпы елімізде Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашу, ескерткіш, монументтер орнату бойынша жұмыс бюджеттің мүмкіндіктеріне сәйкес жүргізілуде. Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде Желтоқсан оқиғасы мен оның қатысушылары атымен 111 объект ашылды.

Бұдан бөлек, ҚР Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы № 540 Жарлығына сәйкес елімізде желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылықтан босатылды.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалған азаматтардың «ақтау туралы» анықтаманы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзінің дәлелді құжаттарын жергілікті прокуратура органдарына ұсыну арқылы ала алады. Анықтама алу тәртібі барынша жеңілдетілген. 2020 жылы Алматы қаласында ақталған желтоқсандықтардың саны 400 адам болса, 2021 жылы 516 адамды құрады.

Бұл ретте Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс жоспары аясында арнайы Заң жобасын әзірлеу көзделгені белгілі. 

Осы Заң жобасын әзірлеу барысында Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мәселелері де талқыланатын болады.

Cаяси қуғын-сүргіндер құрбандары ретінде танылған азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңында айқындалған. Осы Заңда ақталған азаматтардың қамауда болған әр айы үшiн біржолғы ақшалай өтемақы төлеу белгіленген.

Жергілікті әкімдіктер бюджет мүмкіндіктеріне қарай Желтоқсан қатысушыларына Тәуелсіздік күніне орай жыл сайын біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын табады.

Сонымен қатар, желтоқсан оқиғасына қатысушыларды әлеуметтік қолдау, қоғамдық-саяси іс-шараларға кеңінен тарту, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мерекелік медальдармен марапаттау жұмыстары ұйымдастырылуда.

Жалпы Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін жоспарлы түрде насихаттау, оларды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілуде және Үкіметтің тұрақты бақылауында.  

Талқы:

1986 жылы әлемдік алпауытқа айналып тұрған қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, Азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл 35 жыл. Осы атаулы күннің қарсаңынды Мәжілістің бір топ депутаты Үкіметке нақты талап қойды. Желтоқсан көтерілісіне ресми статус беруді һәм Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға «Халық Қаһарманы» атағын беруді сұрады.

Әсілі, бұл жалғыз депутаттардың талабы емес, қоғамның, халықтың талабы. Оған вице-премьер Тоғжанов жүрдім-бардым жауап беріпті. Тоғжанов мырзаның жауабын да жариялап отырмыз. Оқыдыңыз. «30 жылды 111 обьект ашылды», «іс-шаралар өтеді», «деректі фильмдер түсіріледі», «конференция өтеді», «семинар өтеді», «дөңгелек үстелдер өтеді» т.с.с. Вице-премьер Ералы Тоғжановтың осы берген жауабына қатысты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса былай дейді:

Неге Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтерілісі ретінде танылмайды?!.

- ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа белгіленге мерзімде берген жауабына рахмет айтамыз. Тағы да басты назар аударатынымыз:

1. «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалындағы «1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Кеңестік қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс» ретінде танылып, бағалануы қажет.

Желтоқсандықтарға «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі берілуі керек», - деген ең бірінші нақты ұсынысымыз өзіңіздің жауабыңызда айтылғандай, алдағы қаралар Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс жоспары аясында арнайы Заң жобасын әзірлеу барысында нақты шешімін табады деп сенеміз.

Өйткені, бүкіл Желтоқсандықтардың күтіп отырғаны - осы ақталу мен Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде анықтама алу. Бұл ешқандай жеңілдетілген жоқ, әлі сол әуре-сарсаңы көп азапты шаруа болып тұр. Бүгін, 23 қазан күні Алматыдағы «Желтоқсан» қоғамы мүшелерімен кездесуде ең басты мәселе болып осы айтылды.

2. Депутаттық сауалда жазылғандай, «Ресей 1991 жылғы 19 тамызда Мәскеуде болған ГКЧП бүлігінде топалаңда танкінің астына түсіп қалған үш адамға «Ресей Батыры» атағын берді. Біз неге ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз көтерілісте алаңға шыққаны үшін мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға «Халық Қаһарманы» атағын бермеске?», - деген ұсынысымыздың жайы қалай болуда?

3. Біздің депутаттық сауалда көтерілген Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Желтоқсан атындағы жалғыз көшенің атын алып тастаған мәселе бойынша қандай шешім қабылданғаны туралы нақты жауап күтеміз.

Қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңес империясына қарсы алаңға жан үшін шыққан жоқ, нан үшін шыққан жоқ, Намыс үшін шықты! Пұл сұрап шыққан жоқ, Тіл сұрап шықты! Жоғалып бара жатқан Ұлттық Рухтың атойлап, алаңға шыққан аттаны еді бұл!

Қазақ жастары қызыл қанын төгіп жүріп, Қызыл империядан талап еткен Ұлт мүддесі қазір Тәуелсіз Қазақ елінде қорғалып жатыр ма?

Ең бастысы – сол Тәуелсіздік жолында құрбан болып, ауыр зардап шеккен Желтоқсан қаһармандарының қазіргі жағдайы қалай?

Желтоқсан көтерілісінің Тәуелсіз ел тарихындағы зор маңызын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айқын көрсетіп берді. «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – деді мемлекет басшысы.

Ендеше неге Кеңес Одағының қызыл империясына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтерілісі ретінде танылмайды?!.

Abai.kz

1 пікір