Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақмылтық 4044 19 пікір 25 Қазан, 2021 сағат 14:01

Мусиннің «жетілігі» һәм Сбер келісімін ақтау науқаны

Қазақстан қоғамы ресейлік СБЕР-мен келісімнің саяси тұстары көп деген пікірде. Қазақстан Үкіметі мен Ресейлік Сбербанк 3 қыркүйек күні арнайы келісім жасасты. Келісім президент Тоқаевтың онлайн форматта Ресейдегі «Шығыс экономикалық форумына» қатысқанынан кейін болды. Оны Ресей және Қазақстан басшылары «өзара сенім үлгісі» деп атады. СБЕР-ден арнайы платформаны сатып алу мен цифрландыруға кететін қаржының көлемі 500 млн доллар екені белгілі. Халық бұл келісімге күмйнмен қарауда, ал сарапшылар «ақпараттық саладағы отарлау дәуірі» басталуы мүмкін дейді

Министр Мусиннің басы СБЕР келісімінен кейін дауға қалды. Әлеуметтік желі сұрақтың астына алуда, ал сайттар түрлі мақалаларды жазып жатыр. Министр Мусин де, қоғамға жобаның «пайдасы мен қажеттілігін» түсіндіріп әлек. Әне, күні кеше ғана бір топ белсенді қоғам мүшелерінің басын қосып, жиын өткізіпті. Ол туралы Мусиннің өзі де жазды.

«Қазақстанды цифрландырумен тек қазақстандықтар ғана айналысады
Біздің саладағы үрдістерге бей-жай қарамайтын қоғам қайраткерлерімен кездесу өткіздім.

Үш сағат бойы біз жобаның мән-жайынан бастап, ІТ-саланың дамуы мен Қазақстанның әлемдік цифрландыру барысындағы рөліне қатысты түрлі мәселелерді талқыладық. Осы орайда еліміз жаһандық даму үрдісінен қалыспас үшін цифрландыру қарқынын күшейту керек деген ойымыз бір жерден шықты.

Цифрлық трансформация дегеніміз, бұл – технологиялық жаңашылдықтар негізінде мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру. Бұл мемқызметтерді жай ғана автоматтандыру емес, осы қызметтердің мән-маңыздылығын зерделей отырып, функциялар мен сервистерді түгелдей қайта қарастыру. Әйтпесе бәрі де автоматтандырылған хаосқа айналып кетуі мүмкін. Ал платформа – бұл тек қана техникалық мәселе, оның үстіне цифрлық трансформация жасаудағы ең басты жайт емес.
Кездесу нәтижесінде біз барлық тараптардың ой-пікірін ескере отырып, мынадай мәмілеге келдік:

Біріншіден, біз өнімді бастапқы кодтарымен бірге аламыз. Қарапайым тілмен айтсақ, біз жасалу жолы мен нұсқаулығы бар конструктор мен құралдар сатып алмақпыз. Біз дайын құрал-жабдықтарды пайдаланып, қажет болса, оны әрі қарай дамытып, конструкторды барынша жетілдіре аламыз. Бұл конструктордан не жасау керектігін БІЗ шешеміз. «Қара жәшік», яғни түсініксіз әлдебір нәрсені сатып алғалы жатқан жоқпыз, сондықтан біз әлдебіреулердің айтқанына көніп, айдағанына жүре бермейміз. Тағы да қайталап айтқым келеді – бастапқы кодтар бізде болады.

Біз платформаның толыққанды нұсқасы бар түрлі компаниялармен сөйлестік, бірақ бәрі де тек қана пакеттік шешімдерді ұсынуда, ал мұндай жағдайда біз шетелдік мамандарға тәуелді болып қалуымыз ықтимал. Бұған біз жол бере алмаймыз.

Екіншіден, серверлер Қазақстанның жерінде және қорғалған контурларда сақталады. Бұл дегеніміз, оған ешкім, әсіресе шет мемлекеттер тіпті де қол жеткізе алмайды. Яғни біз Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талабына сай шетелдіктердің бұл процеске кірісуіне, соның ішінде техникалық сүйемелдеуіне жол бермейтініміз айдан анық.

Үшіншіден, бұл іспен (конструктордың дайын құралдарымен жасау) тек қана Қазақстан азаматтары айналысады. Оның үстіне, мен бұл норманы барлық құжаттарда бекітуге дайынмын. Бұл – жобаға бөлініп жатқан қаражаттың негізгі бөлігі Қазақстанның экономикасына құйылады деген сөз! Және қазақстандық айтишылардың жалақасына жұмсалады.

Төртіншіден, бұл жұмысқа отандық ІТ-компаниялар тартылады. Компаниялар, яғни нарықтағы бір-екі ірі компанияның монополиясы болмайды.

Бесіншіден, жалпы ІТ-саланы дамыту, соның ішінде платформаны жетілдіру үшін біз жоғары білікті кадрларды дайындау қарқынын күшейту керекпіз.

Алтыншыдан, біз алдағы іс-әрекеттерімізді ашық және жариялы етуге тиіспіз. Бұл орайда қоғам қайраткерлерінің ұсынысын толықтай қолдап, цифрлық трансформация сияқты маңызды үрдістің барынша ашық жүргізілуін қамтамасыз ету үшін Министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің құрамын кеңейту керектігімен келісемін.

Ал сарапшылардың бағасын алу үшін біз ІТ-бизнес өкілдері мен технологияны жете түсінетін мамандардан тұратын сараптамалық кеңес құрдық. Сондай-ақ бұл кеңестік құрамында белсенді қоғамның өкілі Мұхтар Тайжан да бар.

Салмақты және орынды сын айтып жатқан қазақстандықтарға тағы да алғыс айтамын. Алдағы уақытта цифрландыру барысында қандай бір түсініспеушіліктің алдын алу үшін мұндай кездесулер көбейеді деген ойдамын.

Ақпараттық вакуум біраз қисынсыз пікірлер туындатқанын мойындаймын, сондықтан біздің жұмыс жайлы жиі жазып тұруға уәде беремін», - деді министр.

Министрдің жобаны түсіндіру талқысыны журналист Ербол Мәндібек те қатысқан. Шенеуніктерді арнайы қымбат рейспен ұшады деп кезінде дабыл қаққан Ербол Мәндібек, бұл жолы былай дейді:

1.Цифрлық трансформация дегеніміз - Бағдат Мусин.
2.Тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш платформа дегеніміз - Бағдат Мусин.
3. Госоргандардың шашырап жатқан 400 базасын бір платформаға сыйғызу дегеніміз - Бағдат Мусин.
4. Үкіметтің қолмен істейтін құзыретін 80% қысқарту дегеніміз - Бағдат Мусин.
5. Ауыл мен қаланың арасын қас қағым сәтке қысқарту дегеніміз - Платформа.
6. Жұрттың түк түсінбей «Сбер» деп шулап жүргені - платформа.
7. 100 мың отандық IT маманды дайындау дегеніміз - платформа.
8. Жыл сайын жөнсіз жұмсалып жатқан Үкіметтің 250 миллион долларын үнемдеу дегеніміз - платформа.
9. Жаңа платформаға ешкім ентелей алмайтын құпия сөз дегеніміз - КОД.
10. Тұңғыш платформаны түсінбей жатқандар аз емес-көп.

Шенеуніктерді түрлі сатиралық суреттерімен сыбап алатын, қажет кезінде отты сөздерімен жонып өтетін белгілі журналист Серік Абас-Шахтың да министр ұйымдастырған жиында болғаны белгілі болды. Ол туралы өзі жазды. Кездесу хақында журналист мынандай жазба қалдырды:

- Секе, Бағдат Мусинмен кездесуге шақырсақ келесіз бе?

- Тақырып «Сбер» платформасы ма?

- Ия.

- Кез-келген сұраққа жауап бере ме?

- Ия.

- Көрейік.

Кешкі 18.00-дер шамасында айтылған жерге бардым. Алты-жеті адам шақырылыпты. Министр уақытында келді (почти). Отырдық. Әрқайсымыздың қасымызға бір-бір баклажка су қойылыпты. Үндеместен ішіп алдық. Таныстық үшін алып қоялық деп тост-тілек айтпақшы болдым да айтпадым. Шақырылған кісілердің бірін он-он бес минуттай күтуге тура келді. Қарап отырмайық деп денсаулық туралы әңгіме қозғадық (шынымды айтсам, бастаған мен едім). Жүгіретінімді айтып мақтанғансып едім, министр де жүгірумен кәдімгідей айналысқанын, бірақ бір себепке байланысты уақытша тоқтатқанын айтып берді. Оған себеп болған «сбер» емес екен (әрине). Бірақ бәрібір «сбер» тақырыбына ауыстық. Өйткені кешіккен кісі келді. Әңгімеміз жарасты болсын деп баклажкадағы судан тағы да бір-бір жұтып алдық.

«Солтүстік Европада, Америкада, Сингапурде осы салада қаншама мықты компания бар. Неге «Сбер» таңдалды?» дедім (жымиғансып). Мұны шамамен 149-шы рет естіп, әбден ығыр болған сұрағы болса да министр оны байыппен түсіндіріп, «мұндай технологиялар шетелдің алпауыт компанияларда болғанмен, олар өздері қолданып жүрген технологиясын ешкімге бере салмайтынын, оны үлкен қаражатқа сатып алғанымызбен ашық кодтарын өздеріне қалатынын, егер платформаны ашық кодсыз алсақ, әлгілердің бизнес модельдеріне бағынышты күйімізде қалатынымызды, ал «сберліктердің» оларға қарағанда сәл-сәл ақкөңілдеу екенін, сондықтан біз сұраған нәрселердің бәрін қолжетімді түрде беретінін, тіпті платформа компоненттерінің бастапқы кодтарын көрсетіп беретінін» айтқан кезде, көңілшектігім ұстап жылап жібере жаздадым. Көз жасымды әрең тежедім ғой. Мусин болса тоқтар емес, көсіліп сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Қатты қызғаны сонша, мемлекеттік тілден орыс тілге қалай өтіп кеткенін білмей де қалды(қ). «Сбердікі» ең қолайлы жүйе» екенін және оның «ҰҚК талабына сәйкес келетінін» шабыттана талдаған кезде, орнымыздан тұрып қол шапалақтап кете жаздадық. Сосын «Қазақстан азаматтарына қатысты мәліметтердің ресейліктерге қолжетімді болмайтынын, бұл жерден ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқтығын, бұл шешімге технологиялық тұрғыдан қарау керектігін» қайта-қайта айтып жатты. Шу шыққалы бері бұл әңгімені біз сияқты «түктүсінбестерге» шамамен 138-ші рет айтып берген шығар? (деп ойладым ішімнен). Алғашқы сұрақтың иесі болғандықтан ба, жоқ әлде ол да, мен де жүгіруді ұнатындықтан «хоббилас» деп жақын көрді ме, білмеймін, Бағдат мырза кездесудің алғашқы жарты сағатында маған қарап сөйлеп отырды. Санамызға бірдеңелер сіңіруге тырысып ақ бақты (обалы не керек?!) Қазақшасы тәп-тәуір екен. Тек сөз арасына мақал-мәтелдер қосып отырса ғой деп ойладым ішімнен. Бірақ айтпадым. Осы жазбаны оқитын болса, ертеңнен бастап мақал жаттайтын шығар (деп үміттенемін).

«Бәке,- дедім сосын,- Мен қазір «сберді» таңдағандарыңыз Кремльдің саяси қысымына байланысты емес пе?» деп сұрасам, «жоқ» деп жауап беретініңізді сезіп отырмын. «Ресейлік бизнестің лоббиі емес пе?» десем, оның жауабын да «жоқ» қыласыз. Сосын «кодты» өз қолымызда ұстаймыз деп жұбатып жатырсыз. Жұбандық делік. Сендік делік. Бірақ мұхиттың арғы жағында жатқан державаға анда-санда «кибершабуыл» ұйымдастырып жүрген көршімізге жақпай қалсақ, бір күні қараптан қарап жем болып кетпейміз бе?» дедім тағы да өтірік жымиғансып. «Жоқ, ондайға жол берілмейді» деді министр кішкентай баклажканы қолына алып жатып. Өз-өзіне сенімді сияқты. Бірақ жауабы сенімсіздеу көрінді. Шөлдеп бара жатпасақ та ол да, біз де су ішіп алдық.

Басқалар сұрақ қойып жатыр. Тілек айтып кеткендер де болды. Кей сұрақ(тар) қайталана бастады. Бағдат жүйкесі мықты жігіт екен. Қабақ шытпастан (қайталанған сұрақтарға) қайтадан жауап бере бастады. Арқасы ұстап кетті ме, басқа себеп пе, білмеймін, кей сұраққойғыштар сұрақ қоюдың орнына өздері тақтаға шығып, министрдің орнына өздері әңгіме айтып кетті. Су болса ішіліп жатыр. Кейбір сұраққойғыштар екінші, үшінші баклажканы тауысып тастады. Үндемей су іше бермекші едім, тілім қышып ұсыныс (дұрысы тілек) айтқым келіп кетті. «Бағдат, қазақтар ойлап таппаған «яндекс таксиге» мініп, өзіміз ойлап таппаған «каспи» арқылы төлем жасап жүргендіктен, сізге «сбер-ді» елге жолатпа ойбай» деп ақыл айта алмаймын. Біздікі осы жасалғалы отырған платформа - кремльдің қажет кезде қара басына пайдалана қоятын құралы болып кетпесін деген тілек қой (әшейін). Олай болмайтынына уәде беріп, жауапкершілікті мойныңызға ала алсаңыз, өз басым ары қарай сөз көбейткім келмейді» дедім (тағы да өтірік жымиғансып). Министр ондай жауапкершілікті мойнына ала алатынын жеткізді. Шын көңілімен айтты. Жігіт қой, өз сөзіне жауап бере алатын шығар?! Солай деп сенгім келеді. Бұлар да осы елдің азаматы ғой, өз еліне жамандық ойламайтын шығар?»

Кездесуде болған журналист Тоқтар Жақаш өз жазбасында «Бағдаттың сөздері ерекше энтузиазмге, патриотизмге, іскерлікке тұнып тұр», -дейді.

Кездесуде сондай-ақ, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов те болғаны айтылуда. Алайда Мұрат Әбенов бұл кездесу жайлы әлі пікір білдірмеді. Министрмен кездескендердің арасында Ресейдің агрессиялық саясатын қатаң сынап жүрген Руслан Түсіпбековтың болғаны да көпшілікті таңдандыруда. Сонымен қатар Аида Жексенова да аталмыш кездесу жайлы өз ойын білдіріп, табақтай етіп Facebook-тегі парақасында пост жазыпты.

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан аталмыш кездесуге барғанын және СБЕР-мен келісімге қарсы екенін орыс тілінде нақты жазып, былай дейді:

-Вернувшись с рыбалки вижу, что живо обсуждается пятничная закрытая (без прессы) встреча министра Багдата Мусина по вопросам дальнейшей цифровизации, на которой я тоже присутствовал и выступал.
Вот главные пункты моей позиции:

1. Я против того, чтобы государственной цифровизацией Казахстана, тем более нашим E-Gov, занимались бы российские или китайские или американские или европейские или какие-либо другие организации (банки, фирмы и тд). Я считаю, что мы в достаточной степени развиты, чтобы дальнейшей государственной цифровизацией Казахстана занимались наши собственные компании.

2. Я никогда не соглашусь с тем, чтобы базы данных наших граждан были доступны иностранным государствам, банкам, фирмам и тд. Наши базы данных должны быть надежно защищены от иностранного вмешательства, влияния или даже просто доступа. Храниться наши базы данных должны только на специальных защищенных серверах и только на территории нашей страны на режимных, охраняемых спецслужбами объектах, причем без выхода в интернет (через который и идут утечки информаци и хакерские атаки).

3. Никто не против платформенного подхода в развитии гостеха страны, но мы должны иметь свои собственные исключительные ключи доступа, особенно исходные коды от всех баз данных, цифровых платформ, систем и тд, применяемые или планируемые к применению в гостехе страны. Без этого говорить о сохранении цифрового суверенитета невозможно.

4. Выделяемые деньги на государственную цифровизацию в основном должны остаться в нашей стране через наем на работу в основном граждан Казахстана и наших казахстанских IT компаний.

5. Впредь мы должны быть ограждены от принятия не обсуждаемых с обществом постановлений правительства, тем более это требование Закона РК. Любые меморандумы, если их подписание требует принятие постановления правительства, также должны заранее вывешиваться на соответствующие правительственные сайты и открыто обсуждаться.

6. Я напомнил министру Багдату Мусину о его публичном обещании включить меня в Экспертный совет по цифровизации. Я хочу быть лично в курсе всех принимаемых решений в этой важнейшей сфере.

Мне показалось, что министр с пониманием отнесся к моим и другим пожеланиям и опасениям. Так ли это - покажет дальнейшее развитие событий, за которым мы будем внимательно следить.

«СБЕР-мен келісім Қазақстан халқының жеке бас дерегіне кері нұқсан келтіретін жоба» дейтін жандар жетерлік. Басым көпшілік неге платформаны IT саласы бойынша артта қалған Ресеймен емес, Эстония, Литва, Сингапур, Оңтүстік Корея мен Израиль сынды көшбасшы елдермен жасаспағанына таңдануда. Және келісім құнының өте жоғары екені де көпшіліктің көкейіндегі күдікті арттырып отыр.

Қоғам белсендісі Санавар Закирова болса, келісімді заңсыз деп атап, премьер Маминді сотқа бергенін айтады.

«03.09.2021 жылы Шығыс экономикалық форумы аясында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин мен СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Греф Қазақстанның цифрлық трансформациясы бойынша жобаларды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы, цифрландырудың платформалық моделі мен  Data-Driven Government туралы Меморандумға қол қойған еді.

Аталған құжат Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу бойынша әріптестіктің негізгі тәсілдерін, мемлекеттік басқарудағы цифрлық трансформация мен реинжинерингті, мәліметтерді талдау әдістері мен жасанды интеллектті қолдануды қамтыған. Цифрлық архитектураның бұл платформалық молделі халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділі мен жылдамдығын арттырады.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин мен СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Греф қол қойған Қазақстанның цифрлық трансформациясы бойынша жобаларды жүзеге асыру туралы Меморандумды ҚР Конституциясына қайшы және ҚР Азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп есептеймін»- деп жазылған.

Ол өзінің Facebook-тегі парақшасына «Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминнің Қазақстанның цифрлық трансформациясы бойынша жобаларды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Грефпен Меморандумға қол қоюын заңсыз деп тану туралы шағым түсірдім», - деп жазба қалдырған еді.

СБЕР келісімі ақпараттық қауіпсіздік саласының бір ұшын Ресейге ұстатумен қатар, Ресейге салынған санкциялар арқылы еліміздің жеке деректеріне де қауіп төндіруі мүмкін. Ресей мен Батыс арасындағы қырғи-қабақтық артып келеді. Қазақстан көпвекторлы ел ретінде, әлем елдерімен тең қатынас ұстануда. Алайда Ресейге салынған санкциялар оны түрлі мүмкіндіктерден айырып жатыр, соның ішінде  жоғары IТ технологияларына қол жеткізу мәселесі де бар. Батыс Ресейдің IT саласына қыспақты арттырса, платформаларды қолдау жағынан да қиындықтар туындауы мүмкін. Бұл өз кезегінде Қазақстанға да кері әсерін тигізеді.

Ка Мырза

Abai.kz

19 пікір