Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3192 0 пікір 5 Шілде, 2012 сағат 08:17

ЕЛБАСЫ АТЫНДАҒЫ ДҮБІРЛІ ДОДА

Ер қанаты - Қазанат

Ер қанаты - Қазанат

Астанадағы «Ақбозат» ат спорты кешенінде 29-30 маусымда Астана қаласы күніне арналған ат спортының кедергіден секіру түрінен жасөспірімдер мен ересектер арасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Кубогі болып өтті. Алғаш рет өткізіліп отырған халықаралық дүбірлі додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан  елдері өздерінің ауыздығынан жел ескен, асыл тұқымды тұлпарларын қатыстырып, жанкүйерлерге тамаша ойын тарту етті. Жасөспірімдер арасындағы жарысқа 23 шабандоз қатысса, ересектер арасындағы кедергіден секіру спортына 26 шабандоз бақ сынады.  Дәстүр бойынша спорттық мерекені, Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасының аппарат басшысы Нұрбеков Ержанбек Ормаханұлы ыстық лебізімен ашты. Ал жарысты Қазақстан Республикасы Ұлттық Ат спорты түрлері Федерациясының президенті, Қ.Р.Еңбек сіңірген қайраткері, жеті кітаптың авторы, Ұлы даламыздың Даңқты тұлпары Құлагер ескерткішін салу идеясының авторы, белгілі жазушы, атбегі Сәдібек Түгел мен Қырғызстан Республикасы Ұлттық ат спорты федерациясының Бас хатшысы, ат спорт мектебінің директоры Жогина Ильвира Алексейқызы жүргізді. Мерекелік шараға арналған концерттік бағдарламаны Абай атындағы Респбуликалық байқаудың лауреаты, дәстүрлі әнші - Ердос Жандарұлы бастаған әншілер топы қыздыра түсті. Онда халық әнін тамылжыта орындайтын күміс көмей әншілер: Гүлзира Бөкейханқызы, Сандуғаш Жұртшыбайқызы, Зағипа Иманғазықызы, Алмаз Ақылбеков, Мереке Сайып, Алмаз Ақылбековтер жанкүйерлерді тамаша әндерімен сусындатты. «Алтын-Тұлпар» ат спорт кешенінің шабандоздары қазақ ұлттық ойындары  қыз куу мен аттың құлағында ойнайтын ер жігіттер ойынынан қызықты өнер көрсетті. Айтулы сайысты ұйымдастыруға Қ.Р. Ұлттық Ат Спорты Федерациясы, «Нұр Отан» ХДП «Бірлік» филиалы, «Астана-Өнім» акционерлік қоғамы  мұрындық болды. Ал бас демеушілікті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры жасады. Айтуыл доданы өткізудегі басты мақсат - елімізде кенжелеп қалған ат спорты ойындарын дамыту, жастарды салауатты өмір салтына шақыру.

Төрт түлікте жылқы жануарын ерекше бағалаған ата-бабаларымыз:   «Қазақ - жылқы мінезді»,- дейді. Жылқы жануарын алғаш рет қолға үйреткен бабаларымыз ат ел қорғаны, ердің жан серігі деп дәріптеген. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімділерін қазанат деп атаған. Сондай-ақ, күнделікті тұрмыс тіршілкте "мiнсең көлiк, iшсең ас" деп қазы, қарта, жал, жая, т.б. дәмді тағамдар әзірлеп, терісі мен қылын да шаруашылыққа пайдаланған.  Ал бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Олар паңдық, тектіліктің нышаны деп есептеген. Көне тарихымызға көз жүгіртетін болсақ, Қобыланды батырдың Тайбуырылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, Ер Тарғынның Тарланы, Шақшақ Жәнібектің Қаракөгі,  Исатайдың Ақтабаны, Қабанбайдың Қубасы секілді тұлпарлар «ер серігі» ретінде ел аузында қалған асыл тұқымды жануарлар. Бәйгеге қатысып, ел аузында қалған Ақан Серінің Құлагерінің өзі шежірелі-жыр. Ал алысқа бармай-ақ, беріге келер болсақ, осылардың алтын сынығы, асылдың тұяғы - Абсент. Бұл тұлпар қазақ халқын әлемге танытқан сәйгүлік. Үш Олимпиада ойындарына қатысып, қатарынан 3 рет жүлдегер болды. Бұл дегеніміз  - қазақ халқының болмысы жылқы малымен ұқсас. Қазақтың бойындағы тектіліктің өзі осы жануармен тығыз байланысты. Ат спортын дамыту қазақ халқын қайта жаңғыртумен бірдей. Ел тәуелсіздігіне 20 жыл толғанымен ат спорты әлі де үлкен қамқорлықты қажет етіп тұр. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Кубогы ат спортын дамытуға деген ұлы мақсат пен алғашқы қадам. Егер осындан кейін мұндай дүбірлі додалар жалғасын табатын болса, ат үстінде қонған елдің ертеңгі ұрпағы қайта Олимп шыңын бағындыратынына сенім мол. Оны аталмыш жарыс айқындап берді. Классикалық ат спорты ойнына жастар мен жасөспірімдердің қызғушылығы өте күшті. Осы тұрғыда Президенттік ат спорты кешенінің жетекшісі Берік Оразалиевты әңгімеге тарттық. Берік Пуланұлы 1970 жылдан бері Жамбыл облысындағы Лугавой жылқы зауытында еңбек еткен. Осы зауыттан шыққан аты аңызға айналған Абсентті бағып-қаққан атбегі. Асыл тұқымды тұлпарларды 45 жылдық бойы баптап жүрген тәжірибелі атбегі бүгінде Елбасының сәйгүліктерін баптайды. Мұнда ағылшын, араб, түркіменнің атақты Ақалтекелері және тағы басқалары бар. Президенттік Ат спорты кешенінің қасынан ат спорты мектебі ашылған. Бүгінгі додада аталмыш мектептің жас шабандоздары өнер көрсетті. Берік Пуланұлының айтуынша әлемде ағылшын аттарына тең келер тұлпар жоқ. Себебі, бұл арғымақтың жүрегі басқа жүйрік сәйгүліктердің жүрегінен екі келіге үлкен көрінеді. Сондықтан бұл жылқыда қан айналымы өте жылдам.

Екі күнге созылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Кубгында жасөспірімдер аарасында өткен сайыста 5 орынға жүлде тағайындалды. Онда 5-ші орын алған Қырғызстандық шабандоз Камиль Сабитовқа 20 мың теңге, 4-ші орын иеленген қырғыз бауырымыз Андрей Тряпицинге 35 мың теңге, 3 орынға тұрақтаған астаналық Рустам Нургаяновқа 50 мың теңге, екінші орынды қанағат тұтқан «Астана-өнім» шабандозы Герман Пономоренкоға 80 мың теңге, ал бас жүлдені астаналық Алина Молдазиятова жеңіп алды. Ал ересектер арасындағы бәсекеде 5 орын мен 3 орын алматылық Александар Тишковқа, 4 орын «Интер-прайс» АҚ шабандозы Олег Попеляевқа, 2 орын алматылық Әсет Толкумбаевқа,  ал бас жүлде айыр қалпақты ағайындарымызға бұйырып, Ринат Галимов  қанжығасына байлап қайтты.

Қырғызстаннан келген атбегінің сөзіне қарағанда, ол елде жалғыз ғана ұлттық ат спорт мектебі қалыпты.  Осыған қарамастан бүгінгі бас жүлдені олжалауы бекер емес. Ал біздің елімізде қаншама ат спорт мектептері жұмыс жасап жатқанмен, бүгінгі нәтиже көп ойлануға түрткі...

Өз тілшімізден

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3519