Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Одақтастың ойы 5025 24 пікір 22 Қазан, 2021 сағат 13:00

«Цифрлық валюта»: ЕАЭО тағы да ортақ ақшаны сөз етті

Тағы да ЕАЭО. Тағы да одақтағы «ортақ ақша» деген әңгіме. Ресей президенті Владимир Путиннің көршілес, одақтас елдермен ортақ ақша енгізсек деген арманы бұрыннан бар. Әрісі ТМД, берісі ЕАЭО елдерінде ортақ валюта болса дейді. Ресей басшысының бұл сөзді айтып жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Оның атауы да айтылды. Түрліше. Бірде – «алтын» деді. Енді бірде – «евраз» деді. Бұл жолы ше?

Бұл жолғы гәп сәл өзгешелеу. Бұл жолы «ортақ цифрлық валюта» жайлы сөз бола бастады.

Әуелі, биыл жазда Сергей Глазьев деген адам ЕАЭО мен Латын Америкасы арасында сауда-саттықты реттеу үшін цифрлық тәсіл-амалдарды пайдаланайық деп ұсыныстады. Сөйтті де: «ЕАЭО мен Латын Америкасы арасында бизнесті реттеу үшін цифрлық амалдарды қолдану керек. Соның ішінде цифрлық ақша енгізу керек. Бірақ, бұл ұсынысты әуелі сол бизнес өкілдері айтуы керек», - деген.

Бұл Глазьев Путиннің экс-кеңесшісі. Кейіндері Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграция және макроэкономика бағыты бойынша министрі болды. Ресейдің Сыртқы байланыстар жөніндегі экс-министрі. Думада бірнеше рет депутат болған. 2004 жылы тіпті, Ресей президенттігіне үміткер де болған көрінеді.

Хош, сонымен, Сергей Глазьевтің аузымен айтылған бұл әңгіме, көп талқы болған жоқ. Айтылды. Айтылған жерінде қалды.

Енді сол әңгіме (ортақ цифрлық валюта) қайта сөз бола бастапты. Бұл жолы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) ресми өкілі Ия Малкина дейтін адам «ортақ цифрлық валюта» жайла сөйлепті.

«ЕАЭО дәл қазір ортақ цифрлық валюта енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Алайда, бұл бұл тақырыпқа біз нақты шарттарды қарастырған соң қайтып оралуымыз мүмкін», - депті Малкина.

Одан әрі: «Ортақ цифрлық валюта енгізуден бөлек, ЕАЭО елдерінде цифрлық активтерді, криптовалютаны пайдалану үшін құқықтық орта қалыптастыру мәселесінде де ортақ позиция жоқ», - депті. Депті де ЕАЭО-ға мүше екі мемлекет өз валюталарына балама ретінде, өз елдерінде жеке-жеке цифрлық валюта енгізіп жатқанын айтыпты. Олар: Қазақстан мен Ресей екен.

«Біздің комиссия (ЕЭК)  бірнеше жылдан бері бұл мәселе бойынша біздің ұсыныстарымызды қабылдауды сұрады. Алайда одаққа мүше мемлекеттер бұған дайын болмай шықты. Сөйтіп, біздің ұсыныстарымыздан бас тартты. Десе де, одақтас елдердің Орталық банктері ұлттық цифрлық валюта мәселесін өз ішінде қарастырып жатыр. Мысалы, былтыр Ресей Орталық банкі «цифрлық рубль» туралы баяндамасын жариялады. Ал ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстанның Ұлттық банкі «Цифрлық теңге» туралы баяндамасын ұсынды», - депті Малкина.

ЕЭК ресми өкілі Ия Малкина жоғарыдағы айтылған деректер негізінде, одақта ортақ цифрлық валюта енгізу тақырыбына қайтып оралуымыз мүмкін екенін нақтылап айтқан.

«Бұл мәселелер ЕАЭО мемлекеттерінің ұлттық құзыретіне қатысты. Бірақ одақтас тараптардың бұл бастамасы мен сол елдерде ұлттық цифрлық валюта технологияларын сәтті қолданған жағдайда, комиссия бұл мәселеге қайта оралуы мүмкін», - деп түйіндейді Малкина.

Одақта ортақ ақша енгізу идеясының авторы – Ресей президенті Владимир Путин. 2014 жылдан бастап айтылып келе жатыр. Путиннің өзі де айтты. Оның маңайында топтасқан түрлі лауазымдағы шенділер де айтты. Тіпті, қайсыбір жылы Қазақстан Парламентінің депутаты, экс-коммунист, қазіргі «халықшыл» депутат Айқын Қоңыров та қолдап сөйлеген.

Ал 2015 жылы одақтағы ортақ ақша – «алтын» болатыны айтылды. Дәл сол жылы долларды аластамаққа асыққан Ресей президенті Владимир Путин Думаға арнайы заң жобасын әкеп ұсынған. Ол – ЕАЭО мен ТМД-ға ортақ валюта шығару туралы ұсыныс еді.

Онан соң, Ресейлік саясаткер Леонид Слуцкий ЕАЭО елдері үшін ортақ валюта енгізу жұмыстары баяу болса да жүріп жатқанын айтып, валютаны «еураз» деп атауға ұсыныс жасаған.

Ортақ ақша жайлы Қырғыздың бесінші президенті Сооронбай Жээнбеков те, Белаурсь президенті Александр Лукашенко да қолдап сөйлеген. Жээнбеков: «Мен ортақ валютаның болашағына үлкен үмітпен қараймын», - десе, Лукашенко: «ортақ валюта – рубль болады», - деп айтқан. Ал Қазақстан билігі әлгіндей әңгімелерді жоққа шығарып келеді.

Ал 2018 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Бізге бұл тақырыпқа дейін әлі қайда?..Ол үшін әуелі барлық одақтас елдердің экономикасын теңестіру керек. Ол үшін шарттар да, экономика да тең дәрежеде болуы керек. Ол үшін барлық одақтас елдердің келісімі болуы керек. Ниеті жақсы болғанымен, біз бұл тақырыпқа жақын арада оралмаймыз», - деген.

Түйін. Ұлттық валюта – теңге. Ал төл теңге – Тәуелсіздіктің атрибуты. Одан саналы түрде бас тарту – Тәуелсіздікті тәрк етумен пара-пар.

Ортақ валюта тәуелсіздікке қауіпті екені айтылғанымен, бұл ұсыныстың тамырына әлі толық балта шабылған жоқ. Сол үшін ТМД-ға, ЕАЭО-қа мүше елдер осы бастан қатаң түрде қарсылық танытпаса, Ресей ерте ме, кеш пе ортақ валюта енгізу мақсатына жетуі мүмкін...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

24 пікір