Жұма, 29 Наурыз 2024
Ел іші... 3845 17 пікір 21 Қазан, 2021 сағат 16:51

Президент Тоқаев Ассамблея жиынында не айтты?

Бүгін Ақорда резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс форматында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы еліміздегі ұлтаралық татулықты сақтаудың қажеттілігін атап өтіп, мемлекеттік тұрақтылықтың маңызына тоқталды. Жалпы Ассамблеяның тізгінін президент Тоқаев 2021 жылы алды. Тоқаев жиын барысында Ассамблеяға берілген бағаның бір жақты екенін де атап өтті.

Ассамблеяға берілген баға бір жақты

«Кейінгі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы әртүрлі этникалық топтарды қорғауға және олардың мүдделерін ілгерілетуге бағытталған деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұл – еліміздегі оның мәні зор екеніне берілген біржақты түсінік. Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналды және барлық азаматты ортақ мемлекеттілік идеясының төңірегіне жұмылдыра алды. Ассамблеяны құрудың арқасында өте күрделі проблеманың – этникалық мәселені саясиландырудың алдын алу тетіктері пайда болды», – деді мемлекет басшысы.

«Ит үреді, керуен көшеді»

Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың басым міндеті ретінде әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды атады. Президенттің пайымдауынша, этникалық астамшылықтың барлық көрінісі, қандай да бір кемсітушілікке, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермей, ішкі тұрақтылықты заңға сәйкес қамтамасыз етуі керек.

«Біздің бірлігімізге зиян келтіруді көздейтін сырттағы және ішкі теріс пиғылды адамдардың, түрлі авантюристердің, жауапсыз әрі қабілетсіз саясаткерлер мен сарапшылардың жетегінде кетпеу маңызды. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Біртұтас қоғам ретінде біздің ұстанымымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Алайда бұл әрекет етпей отыр дегенді білдірмейді. Біздің қоғамға және мемлекетімізге қарсы арандатушылықтың барлық түріне құқықтық әрі ақпараттық құралдар арқылы тойтарыс беру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент, ең алдымен, мүмкіндіктердің тең болу қағидатына негізделген аймақтық дамуды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Соның ішінде этникалық анклавтардың туындауына, мәдени және тілдік кедергілерге, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстарға әкеліп соғатын әлеуметтік-мәдени оқшаулануға қатысты қатерлерге тоқталды.

Мемлекет басшысы мұндай қатерлердің алдын алу үшін еліміздегі қалалар мен ауылдарда, оқшауланған этникалық аудандар мен кварталдардың қалыптасуы сияқты жағымсыз тенденцияны еңсеруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, бірқатар аймақта этникалық топтардың қазақстандық шынайы өмірден алыстауына байланысты "ішкі эмиграция" үрдісі байқалып отырғанына назар аударды.

Арандатушылармен күресеміз және оларға аяушылық болмайды

«Бұл үрдіс этникалық топтардың Қазақстан қоғамына толық интеграциялануына кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай күрделі әрі проблемалы жағдайлар туралы ашық айтылуы керек деп ойлаймын. Бұл проблемаларға көз жұмуға болмайды. Әйтпесе, бұл келеңсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін және туындаған мәселелерге шынайы баға бере алмаймыз. Мемлекет этникалық топтардың әлеуметтік-экономикалық интеграциялану саясатын жүргізіп, осы негізде кез келген шиеленістің жанжалға ұласпауы үшін алдын алатынын ерекше атап өткім келеді. Мұндай жанжалдардың бәрі теріс пиғылды арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Ондай арандатушылармен күресеміз және оларға аяушылық болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде ҚХА жұмысына көңіл толмаушылық соңғы уақытта артты. Ол 2020 жылғы Жамбыл облысындағы қақтығыстан кейін күшейе түсті. Ел халқы қыруар қаржы бөлінетін аталмыш ұйымның саяси басымдығы мол деп санайды.

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594